Қылмыстық жауаптылықтан көрінеу заңсыз босату (345-бап)
Бұл норма Қазақстан Республикасының жаңа Қылмыстық кодексінде жеке құрам ретінде тұңғыш рет көрсетіліп отыр. Бұрыңғы кодекс бойынша мұндай әрекеттер қызмет бабына қиянат жасау ретінде сараланатын еді. Бұл тұрғыдағы қылмыстың қоғамға қауіптілігі орасан, мұндай әрекеттер жауапсыздық сезімін туғызумен бірге, қылмыспен қарсы күрес шараларына кесірін тигізеді, құқық қорғау органы қызметкерлеріне іріткі салып, олардың беделін аяққа басады. Қылмыстың тікелей объектісі-прокуратура, тергеу және анықтама органдарының дұрыс қызметі, қосымша тікелей объект-жәбірленушінің мүддесі. Қылмыс объективтік жағынан алғанда прокурордың, тергеушінің немесе алдын ала анықтауды жүргізетін адамның сезікті немесе қылмыс жасады деп айыпталған адамды қылмыстық жауаптылықтан көрінеу заңсыз босатуы арқылы сипатталады.Бұл қылмыс тек әрекет арқылы-қылмыстық істі қорғаудан бас тарту немесе қылмыстық істі қысқарту туралы тиісті құжат қабылдау жолымен жүзеге асырылады. Қылмыс осы уақыттан бастап аяқталған деп танылады. Сезік деп-қылмыс жасады деп күмән келтіріліп, соған байланысты қылмыстық іс қозғалған немесе ұсталған не айып тағылғанға дейін бұлтарпау шарасы қолданылған адамды айтамыз, ал айыпталған адам деп-Қылмыстық іс жүргізу кодексінде белгіленген тәртіппен өзіне қатысты айыпкер ретінде жауапқа тарту туралы қаулы шыққан, сондай-ақ оған қатысты анықтаушы органның бастығы айыптау хаттамасын жасап, бекіткен адамды айтамыз. Қылмыстық кодекстің Жалпы және Ерекше бөлімдерінде көрсетілген заң нормаларының шарттарын бұзып, қылмыстық жауаптылықтан негізсіз босатуды заңсыз босату деп айтамыз. Қылмыстық іс жүргізу кодексінде қылмыстық ізге түсуді болдырмайтын жағдайлар тұжырымдалған (37-бап). Осы көрсетілген жағдайлардан басқа негізде қылмыстық істі қозғаудан бас тарту немесе қылмыстық істі қысқарту заңсыз деп танылады. Бұл қылмыс формальдық құрамға жатады және ол заңсыз босату туралы қаулы шығару орын алған сәттен бастап аяқталған деп танылады. Қылмыс субъективтік жағынан тікелей қасақаналықпен істеледі. Қылмыстық ниет және мақсат сан алуан болуы мүмкін: танысына жәрдем ету, туыстарының өтінішін орындау, аяушылық бүлдіру т.с.с. Егер қылмыстық жауаптылықтан көрінеу заңсыз босату заңсыз сыйақы алуға байланысты болса, онда кінәлының әрекеті қылмыстардың жиынтығы (311, 345-баптар) бойынша сараланады. Қылмыстың субъектісі-арнаулы. Ол заңда тізбектеліп көрсетілген. Құқық қорғау органдарының қызметкерлерін (прокурор, тергеуші, анықтама жүргізуші адам).
Достарыңызбен бөлісу: |