1
Сақ Қайрат Өмірбайұлы.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті
ф.ғ.к., доцент, ЕҰУ профессоры
www.enu.kz
АЛАШ КӨСЕМСӨЗІ – ҰЛТТЫҚ
ИДЕЯ ҚАЙНАР КӨЗІ
Тақырыпты терең талдап, жан-жақты ашу үшін, әуелі, «идея» ұғымына
сипаттама беру қажеттігі тіленіп тұр. Өкінішке қарай, осы «идея» турасында
тыңғылықты зерттеу жүргізген ғалым еңбегін қолымызға түсіре алмадық.
Соның салдары болу керек, оны әркім әр қалай түсіндіріп, қилы мағынада
қажетіне жаратып келе жатқаны байқалады. Тіпті кейбіреу оны «идеология»
ұғымымен шатастырып, тым адасушылыққа жол беретін секілді. Біздіңше,
бұл екеуі, яғни «идея» мен «идеология» екі бөлек ұғымды білдіретін болуы
керек. Біріншісі – шыр етіп жарық дүниеге келген пенденің өмір сүру
мақсаты мен мұратын айқындайтын ұғым да, екіншісі – соны жүзеге асыру
тетіктерін іске қосатын әдіс-тәсіл жиынтығы болуға тиіс.
Мәселеге осы қырынан келгенде әр халықтың ұлттық идеясы біреу, ал
идеологиясы заман ағымына қарай өзгеріске ұшырап отыратын күрес
қағидалары деп ұғынсақ, қателікке ұрынбайтын секілдіміз.
Қазақ халқының арғы-бергі тарихынан ой көзімен терең бойлап
қарайтын болсақ, бір ғана ұлттық идея ұстанымында болғанын аңғару
қиынға түспейді. Ол – ұлттың тарих сахнасында аты өшпей, сақталып қалуы,
өзге елдермен терезесі тең түрде өсіп-өркендеуі. Жер жаһанға тәуелсіздігін
жария еткен, бәсекелестік көрігін қыздырып әкеткен бүгінгі Қазақ елі –
Қазақстанның да ең басты ұлттық мұраты осы деп білеміз.
«Қазақ деген қашаннан өз алдына ұлт болып, Еділден Ертіске, Оралдан
Ауғанға дейін тұтас тұрған халық еді, Арамызға әр түрлі жұрт кіріскенде
солармен қатар, атымыз жоғалмай, қазақ ұлты болып тұра аламыз ба? Осы
біздің төсекте дөңбекшітіп, ұйқымызды бөлетін нәрсе», - деп жазады
ұлтымыздың рухани ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы 1913 жылдың 10-
ақпан күні «Қазақ» газетінде жарияланған бас мақаласында /1/. Бұдан үш
мәселенің мәнісіне терең қануға болады. Біріншіден, жоғарыда тілге тиек
еткен қазақ халқының ұлттық идеясы – «тарих сахнасында аты өшпей, өзге
елдермен терезесі тең түрде өсіп - өркендеуі» деген ғылыми тұжырымымыз
Алаш арысының осы сөзінен нәр алып тұрғанынан сыр тарқатады.
Екіншіден Алаш публицистикасы – ұлттық идея қайнар көзі екендігін
тапжылтпай танытады. Үшіншіден, Алаш азаматтары, түн ұйықтамай, күндіз
күлмей, қазақ санасын ояту мақсатында қолдары қабара жазған мәселелер
бүгінгі таңда да өзекті екендігіне көзімізді жеткізе түседі.
«Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта
адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп
болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де
жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың
2
тілін аздыруға тырысады. Егерде біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек,
қарнымыз ашпас қамын ойлағанды, тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау
керек» /2/ Бұл – осыдан атандай тоқсан бес жыл бұрын Ахаңның, Ахмет
Байтұрсынұлының ұлт қамын жеп, алаң көңілде айтқан сөзі. Тіліміздің
қазіргідей мүшкіл халге ұшырауына себеп болған дерттің дәл «диагнозын»
қоюымен құнды. Аталы сөздің қадіріне жетсек қане?! Дәл бүгінгі таңның да
ең өзекті мәселесін көтергеніне сол мақаласында баяндаған мына қисындары
нақ дәлел: «Қазақтың осы күнгі ісінің бетіне қарағанда һәм мұнан былай
ісіміздің беті осы болса, қазақ тілі азып жоғалуға ықтимал. Біз келімсек
жұрттан кем болмас үшін оқымай тұра алмаймыз. Оқығанда ісіміз осы
қалпында болса, тіліміздің азып жоғалуы да анық. Қазақтың балалары қалай
оқып жүр? ...Рус школында оқитыны русша кітап, үйренетіні русша жазу,
қазақша көбі оқи да, жаза да білмейді. ...Русша оқығандарымыз қазақ тілімен
пікірімізді толық айта алмаймыз, жетпейді, русша жазғанымыз оңай дейді.
Бұлардың өз тілінен қорынып, жиренетін себебі не? Менің ойымша, бұл
әдеттенуден. Әдетінде жоқ нәрсе қалыптан тысқары болып, басында ерсі
көрінеді. Қазақ тілімен жазу әдетінде болмаған соң русша оқығандарымыз
қорынады». Дәл бүгінгі күннің кейпін, дәлірек айтқанда, орысша оқыған осы
күнгі қазақ қалпын бұдан тоқсан бес жыл бұрын дәл қалай аңғарып жазған
дейсіз?! Бір ғасырдан кейінгі сәл ғана өзгеріс бүгінде ағылшын тілінде
оқитын ұлт жастарының қазақша ойлап, қазақша жазудан қорынатыны келіп
қосылуда. Тарихтан сабақ алу деген бізде бола ма осы? «Мұнан былай да
осы бетімізбен жүре берсек, ақтығында қазақ тілі азып - тозып, бірте - бірте
тұтынудан шығып, әуелі қазақша жазу ұят көрінер, сонан соң қазақша
сөйлеу ұят көрінер, онан әрі не болары белгілі. Оқыған жастарымыз қазақ
тілінен жиренсе, қарттарымыз мың жасауға болмаса, қазақ тілі жан
сақтайтын орын жоқ. Сондықтан бұлтақтамай осы бастан істің бетін тура
жіберу үшін анықтап ашатын нәрсе мынау: қазақ тілін сақтау керек пе,
болмаса русша болсын, басқаша болсын сөйлеуге жараған соң бәрі тіл ғой,
қазақ тілі жоғалса жоғала берсін дейміз бе?» /3/. Құдды қазіргі қазақ
зиялыларына сауал тастап тұрғандай әсерге бөлейді екен. Әрине, сақтау
керек деп жанұшыра жауап береріміз хақ. Тек сөзіміз бен ісіміз бірі - бірімен
ұштасып жатса игі еді.
Осы орайда, алты алаштың ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының ұлттық
идеяны жүзеге асыруда қолға алған ісі, ұсынған жолы қайсы деген заңды
сауал туындайды. Оған жауапты көсемсөз өнерінің қазақтан шыққан тұңғыш
теоретигінің өз пубдицистикалық мұрасынан табасыз: «Жалаң аяқ, жалаң
бас, жеңдеріміз қиюсыз, етектеріміз жиюсыз, ашылып - шашылып, қамсыз
жатқан халықпыз. Күннің не боларына көзіміз жетпей тұр. Дауылды жауын
ету қолымыздан келмесе де, үйлеріміз қирамай, үйішіміз шашылмай
қалуына амал ету керек емес пе? Сол амалға кіруге жұртқа мұрындық
болатын нәрсенің бірі - газет» /4/, - деп бір түйеді ХХ ғасыр басында ұлттық
сана ұйытқысы болған «Қазақ» апталығын шығарудағы мақсатын баяндаған
басылымның беташар бас мақаласында. Сөйтеді де, газеттің төрт қызметін
тәптіштеп түсіндіріп береді: «Әуелі, газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі.
3
Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек.
Екінші, газет – жұртқа қызмет ететін нәрсе, олай болатын мәнісі жұрттың
білімді, пікірлі, көргені көп көсемдері, оқығаны көп адамдары газет арқылы
халықтың алдана түсіп, жол көрсетіп, жөн сілтеп, басшылық айиып тұрады.
Үшінші, газет – халыққа білім таратушы. Олай дейтініміз, газеттен жұрт
білмегенін біліп, бірте - бірте білімі молайып, зейіні өсіп, пікірі ашылып,
парасаты жетпекші. Төртінші, газет – халықтың даушысы. «Жұртым» деп
халықтың арын арлап, зарын зарлап, намысын жоқтайтын азаматтары газет
арқылы халықтың сөзін сөйлеп, пайдасын қорғап, зарарына қарсы тұрып,
қарғаға көзін шоқытпасқа тырысады».
Алты жылға таяу ғұмырында осы тәмсілінен танбаған «Қазақ» газетінің,
оның төңірегіне топтасқан, қазақ қамын жеген көсемсөзшілердің ұлттық
идеяны жүзеге асырудағы қызметін әрине бір мақала көлемінде тауыса
талдау мүлдем мүмкін еместігі түсінікті. Оны жан-жақты түгесе зерттеу,
толыққанды зерделеу болашақта атқарылатын мақсатты ісіміз десек те, бұл
жолы «теңіздің дәмі тамшысынан білінеді» дегендей, шын мәнінде ұлттық
сана ұйытқысы болған Алаш публицистикасының өміршеңдік мәнін –
бүгінгі арайлап атқан тәуелсіз қазақ таңымен өзектестігін ашуға
талаптанғанымызды місе тұттық. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне
келсек, «Қазақтың бітіп, тынып тұрған нәрсесі жоқ. Әркім әлі келетін жұмыс
алсын. Жадымызда болсын, аз нәрсе көпке сеп болмақшы. Сәл демеу, зорға
сүйеу болады. Ұлық іс ұсақтан ұлғаяды, кірпіш зор емес, қаласаң қандай зор
үй шығады», /5/, - деген Ахмет Байтұрсынұлы ақыл-кеңесін көңілге түйсек,
ісіміз ілгері басарына сеніміміз кәміл.
Достарыңызбен бөлісу: |