Зертханалық сабақ № 5 (2 сағ.)
Сабақ тақырыбы. Рефлекторлық доғаны талдау.
Сабақ мақсаты. Рефлекторлық доғаны талдау және зерттеу.
Тапсырма. 1. Рефлекторлық доғаны талқылау.
Қажетті құрал-жабдықтар. бақа, хирургиялық құралдар жинағы, 0,5% күкірт қышқылының ерітіндісі, 0,1% кокаин ерітіндісі немесе хлорлы калийдің 1% ерітіндісі, қысқышы және тығыны бар таған, суы бар стақан, спирт, мақта, сорғыш қағаз.
Әдістемелік нұсқаулар. Орталық жүйке жүйесінің негізгі қызметі - рефлекс (reflecsus - латын сөзі - тойтарыс беру) тітіркендіруге жауап беру деген мағынада. Рефлекс сөзін тұнғыш рет қолданған француз философы Рене Декарт (1664 ж.), оған ғылыми сипаттама берген чех ғалымы Я. Прохаска (1817 ж.). Рефлекс туралы ілімді одан әрі дамытып, рефлекстік теорияны пайымдағандар: орыс ғалымдары - И.М. Сеченов, И.П. Павлов, П.К. Анохин.
Рефлекс дегеніміз орталық жүйке жүйесінің сыртқы немесе ішкі тітіркендіргіштерге беретін күрделі жауабы. Рефлекске мысал ретінде ауыз қуысындағы сезімтал жүйке ұштарын тітіркендіргенде сілекейдің бөлінуін, көздің қасаң қабығына әсер еткенде кірпіктің қозғалуын, т.б. атауға болады. Рефлекстің морфологиялық негізі- рефлекторлық доға, яғни қозуды рецепторлардан жүйке орталығына, одан шеткі ағзаға (эффекторға) жеткізетін жол. Рефлекс доғасы қарапайым, екі нейронды жалғыз синапсты және күрделі - көп нейронды, бірнеше синапсты болып бөлінеді. Рефлекс доғасының күрделілігі оның құрамына енетін аралық нейрондар санымен байланысты. Ең қарапайым доға бес бөлімнен, атап айтқанда:
1) қабылдаушы құрылым - рецептордан;
2) қозуды орталыққа жеткізетін афференттік жүйкеден;
3) аралық нейрондардан тұратын орталықтан;
4) қозуды орталықтан эффекторға апаратын эфференттік жүйкеден;
5) жауап беруші құрылым - эффектордан тұрады.
Рефлекторлық доға бүтін болған жағдайда ғана рефлекс қызметін атқарады, яғни доғаның бүтіндігі бұзылса рефлекс біржола жоғалып кетеді. Соңғы кезде рефлекторлық доғамен қатар рефлекторлық шеңбер деген ұғым қолданылады. Рефлекторлық шеңбердің доғадан бір бөлімі артық болады. Оның алтыншы бөлімі эфференттік ағзадан орталық жүйке жүйесіне рефлекстік әсерленіс туралы хабар, яғни кері байланыс (афферентация) арқылы орталыққа жеткізіледі. Кері байланыс рефлекторлық доғаны бекітіп, оны шеңберге айналдырады.
Кейінгі жылдары жеке функциялардың рефлекс түрінде реттелуін қамтамасыз ететін рефлекс доғасы жайлы түсінік айтарлықтай толықтырылды. Кез келген рефлекс атқарушы құрылымның тітіркеніске қайырған жауабымен аяқталмайды. Тітіркенуге жауап берілгеннен соң эффектордан (атқарушы мүшеден) орталық жүйке жүйесіне афференттік сигналдар - қайтарымды тітіркеністер жіберіледі. Осы тітіркеністер арқылы орталық жүйке жүйесі эффектор қызметінің тітіркеніс сипатына сәйкестігін анықтап, оның әрекетін бақылап, қажет болса қосымша тітіркеністер жіберіп, түзетулер енгізіп отырады. Осыдан рефлекске сақиналық сипат тән деген тұжырым пайда болып, рефлекс доғасы деген ұғым рефлекс сақинасы деген ұғыммен алмастырылды. Рефлекс сақинасы рефлекс доғасынан қосымша буындардың болуымен ерекшеленеді. Сақина қосымша афференттік жолмен аралық нейрон арқылы тұйықталады. Бұл құрылымдар арқылы тітіркеніс мүшенің өзіндегі рецепторлардан қозғағыш нейрон орталығына қайта оралуын қамтамасыз етеді.