Байланысты: Саба Аспан сферасы ж не астрономиялы координат ж йесі Аспан с
Бірінші экваторлық координаттар жүйесінің негізгі жазықтығы ретінде аспан экваторы жазықтығы алынады. Негізгі нүктелер ретінде Əлемнің аспан экваторының жоғарғы нүктеcі жəне солтүстік полюсі алынады. Бірінші координат ретінде шырақтың полюстік қашықтығы р немесе ауысуы (еңкеюі) δ алынады. Екінші координат ретінде шырақтың сағаттық бұрышы t алынады.
Берілген шырақтың полюстік қашықтығы деп сағаттық шеңбер бойымен Əлемнің солтүстік полюсінен бастап сол шыраққа дейінгі доғаны немесе Əлем осі мен шыраққа дейінгі бағыттың арасындағы бұрышты айтамыз (1.8 сурет). Полюстік қашықтық 0º ÷ 180º аралығындағы мəндерді қабылдайды. Шырақтың полюстік қашықтығы 90º кіші болса ол аспан сферасының солтүстік жартысферасында, үлкен болса оңтүстік жартысферасында жатады. Берілген шырақтың ауысуы (еңкеюі) деп шырақ арқылы өтетін сағаттық шеңбер бойымен аспан экваторынан бастап сол шыраққа дейінгі доғаны немесе аспан экваторы жазықтығы мен шыраққа дейінгі бағыттың арасындағы бұрышты айтамыз. Еңкею -90º ÷ 90º аралығындағы мəндерді қабылдайды. Шырақтың ауысуы 0º ÷ 90º арасында болса (солтүстік полюске қарай өлшенеді) ол аспан сферасының солтүстік бөлігінде, 0º ÷ - 90º арасында болса (оңтүстік полюске қарай өлшенеді) оңтүстік бөлігінде жатады.
Шырақтың полюстік қашықтығы мен еңкеюі арасында мынадай қатынас орындалады.
р+ δ =90º
Бір аспан параллелінде жатқан шырақтардың полюстік қашықтары мен ауысулары бірдей болады. Шырақтың сағаттық бұрышы деп аспан сферасының айналу бағытында (батысқа қарай) аспан экваторының жоғарғы нүктесінен бастап аспан экваторы бойымен шырақтың сағаттық шеңберіне дейінгі доғаны немесе аспан меридианы жазықтығы мен шырақтың сағаттық шеңбері жатқан жазықтық арасындағы бұрышты айтамыз. Сағаттық бұрыш градуспен алғанда 0º ÷ 360º, сағатпен алғанда 0h ÷ 24h аралығындағы мəндерді қабылдайды. Кейде сағаттық бұрышты батысқа қарай 0º ÷ 180º (0h ÷ 12h ) аралығында (батыс сағаттық бұрыш), шығысқа қарай 0º ÷ –180º (0h ÷ -12h ) аралығында (шығыс сағаттық бұрыш) өлшейді. Бір сағаттық шеңберде жатқан шырақтардың сағаттық бұрыштары бірдей болады. Бірінші экваторлық координаттар жүйесі негізінен дəл уақыт өлшеу үшін қолданылады. Бұл практикалық астрономияның ең маңызды мəселелерінің бірі болып табылады.