1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Қазақстан халқы Ассамблеясының құқықтық мәртебесі
1. Қазақстан халқы Ассамблеясы (бұдан әрі – Ассамблея) – заңды тұлға түрінде құрылмайтын, Қазақстан Республикасының Президенті құратын, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты әзірлеуге және іске асыруға ықпал ететін мекеме.
2. Ассамблея өз қызметін Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жүзеге асырады.
3. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) ассамблеялары — облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) әкімдері жанындағы заңды тұлға құрылмай, қызметін Ассамблея үйлестіретін мекемелер.
2-бап. Қазақстан Республикасының Ассамблея туралы
заңнамасы
1. Ассамблея туралы заңнама Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
3-бап. Ассамблеяның мақсаты
Ассамблеяның мақсаты қазақ халқының топтастырушы рөлін арқау ете отырып, қазақстандық патриотизм, Қазақстан халқының азаматтық және рухани-мәдени ортақтығы негізінде «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясымен біріктірілген қазақстандық азаматтық біртектілікті және бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыру процесінде Қазақстан Республикасында этносаралық келісімді қамтамасыз ету болып табылады.
4-бап. Ассамблеяның негізгі міндеттері
Ассамблеяның негізгі міндеттері:
1) этносаралық қатынастар саласында мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам институттарымен тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету, қоғамда этносаралық келісімді және толеранттықты одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдайлар жасау;
2) «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының негізінде Қазақстан халқы бірлігін нығайту;
3) қоғамдағы экстремизмнің және радикализмнің көріністері мен адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына қысым жасауға бағытталған әрекеттерге қарсы тұруда мемлекеттік органдарға жәрдемдесу;
4) азаматтардың саяси-құқықтық мәдениетін қалыптастыруға қатысу;
5) Ассамблеяның мақсаты мен міндеттеріне қол жеткізу үшін этномәдени және өзге де қоғамдық бірлестіктердің күш-жігерін біріктіруді қамтамасыз ету;
6) Қазақстан халқының ұлттық мәдениетін, тілдері мен дәстүрлерін өркендету, сақтау және дамыту болып табылады.
|