Мақсаты: Студенттерге адамзат мәдеиетінің бастамасы туралы түсінігін қалыптастыру.
Сабақ бойынша сөздер мен терминдер: Архаикалық мәдениет, Миф, Магия, Сиқыр, Анимизм, Фетешизм, Тотемизм
Жаңа тақырып
Архаикалық мәдениет. Миф-мәдениеттің бір түрі.
Архаикалық мәдениет — адамзат мәдениетінің бастамасы. Архаикалық мәдениет қашан және қай жерде пайда болды? Бұл сұрақтарға нақты жауап беру оңайлыққа соқпайды, өйткені адамңың қалыптасу процесінің тарихы тереңде, сонау көне заманда жатыр. Ақиқатқа жүгінсек, қазіргі антропология ғылымының өзі де адамзат баласының қалыптасып, дамуына байланысты туындайтын көкейтесті мәселелерге егжей-тегжейлі жауап бере алмайды. Алғашқы қауымдық құрылыс адам баласының өсіп дамуындағы, адамдық жолға түсе бастауының ең алғашқы кезеңі болды және оның жүздеген мыңжылдықтарға созылғаны ақиқат. Оған басты дәлел ретінде адамдардың ең алғашқы еңбек құралдарының пайда болғанына 2,5 миллион жылға жуық уақыт өткендігін айтсақ та жеткілікті.
Дүние жүзінде жүргізіліп жатқан археологиялық жұмыстардың нәтижесінде алғашқы адамдардың қоныстары ашылып, олардың тастан жасалған құрал-саймандары көптеп табылуда. Олай болса, археология ғылымының ғылыми зерттеулерінің дәл осы тас құралдардан басталуы да тегіннен-тегін емес сияқты. Ғалымдардың пікірінше, алғашқы қауымдық құрылыс үш дәуірге бөлінеді. Олар: тас дәуірі, қола дәуірі және темір дәуірі. Тас дәуірінің өзі дүниежүзілік гылымда бірнеше кезеңдерге бөлінеді. Көне тас дәуірі (палеолит) «Палеолит» термині гректің «палайос» — көне, «литое» — тас деген сөздерінен алынған, орта тас дәуірі (мезолит), жаңа тас дәуірі (неолит). Археология ғылымы саласындағы мұндай ғылыми тұжырым XIX ғасырда қалыптасқан. Тас дәуірі бұдан 2,5—2,6 миллион жылдай бұрын басталып, біздің заманымаздан бұрынғы екі мыңыншы жылдықтың басына дейін созылған.
Өз кезегінде тас дәуірінің өзі үш кезеңге бөлінеді: бірінші тас дәуірінің ең алғашқы кезеңі — б.з.б 1—2 миллион жыл мен біздің заманымаздан бұрынғы 140 мыңыншы жылдар арасын қамтыса, ал екінші — көне тас дәуірінің орта кезеңі біздің заманымаздан бұрынғы 140 мыңыншы жылдан біздің заманымаздан бұрынғы 40 мыңыншы жылдар, ал үшінші кезеңі — көне тас ғасырының соңғы кезеңі — бұл біздің заманымаздан бұрынғы 400 мыңыншы жылдан — 10 мыңыншы жылдың арасын қамтиды. Кейінгі палеолиттің басты дәуірлері олжа табылған қоныстардың атымен аталады. Енді кейінгі палеолит дәуірі мәдениетінің әр кезеңдерде қандай өзгерістерге ұшырағандығын қысқаша қарастырып көрейік.
Перигорд кезі (35—20 мың жыл). Орта палеолиттен кейін іле-шала басталған бұл дәуірдің басты ескерткіштері мынандай: шеттері өңделген шақпақ тас құралдары, сүйектен жасалған біздер, найзаның ұштары және тағы басқалары Бастапқы Перигорд кезеңінде салынған бейнелер кездеспейді, бірақ оның есесіне әсемдік заттар және бояу түрлері кеңінен таралған. Кейінгі Перигорд кезеңінде тасқа қашалып жасалған аңдар мен адамдардың бейнелері кездесе бастайды.
Ориньяк кезі (30—19 мың жыл). Бұл дәуірде адамдар мекендеген үңгірлердің қабырғаларынан саусақтарын кең жайып, оны бояумен айналдыра жүргізіп, шеңбермен қоршаған қолдардың таңбаларын кездестіреміз. Демек, алғашқы қауым адамы өз ізін таста қалдыруға, өзін мәңгі, әрі көрнекі етіп көрсетуге, өзінің өмір сүргендігін болашақ ұрпаққа жеткізгісі келген сияқты. Палеолит дәуірінің үңгірлерінен ерінге жағатын қызыл бояулар салынған ыдыстар табылған. Қауым адамдары гримге қажетті бет бояуларының 17 түрін білген және оларды түрлі діни мейрамдарда пайдаланатын болған. Ориньяк дәуірі адамдарының көркемдік тәжірибесі онша бай емес, бірақ соған қарамастан олар бейнелеу өнерінің қыр-сырын игеруге талпыныстар жасады. Жұмсақ тастан және пілдің азу тістерінен жасалған әйел мүсіндері пайда бола бастады. Бейнелеу өнерінің бұл алғашқы туындылары «Венералар» деп аталды. Ол кезде әйел қауымның бүкіл тұрмыс-тіршілігін басқарған және туыстық жағын да әйелдер айқындайтын матриархаттың, яғни ана тегінің үстем кезі болатын. Әмірші ана ұрпақтың есен-саулығы мен оның өмір тіршілігінің сарқылмас қайнар көзі болып саналады. Палеолит әйелдерінің («Венераларының») 150-ден астам мүсіндер дүние жүзінің эр елдерінде, оның ішінде Италияда, Австралияда, Чехияда, Ресейде табылған. Олардың басым көпшілігінің бет әлпеті ишарамен ғана бейнеленген, оның есесіне әйел денесінің жекелеген мүшелері нақты, әрі шамадан тыс үлкейтіліп көрсетілген. Соған қарағанда алғашқы қауым суретшілері әйел денесінің сұлулығы мен сымбаты, нәзіктігі мен табиғилығынан гөрі ұрпақты көбейтер қасиеті — әйелдің салмақты күшін, алар орнын басымырақ көрсеткісі келген сияқты.
Миф – 1) көне аңыз, әңгіме; 2) тарихи-мәдени сананың ерекше күйі. Ежелгі мифтер мен аңыздар алғашқы адамдар тіршілігінің маңызды бөлігі болып, олардың рәміздік (символдық) мазмұны арқылы адам қоршаған ортаны игеріп, жете түсінді.