Сабақ тақырыбы. Кіріспе. Омыртқасыздар зоологиясы жеке ғылым ретінде. Сабақ жоспары



бет16/56
Дата17.04.2023
өлшемі177,48 Kb.
#83523
түріСабақ
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   56
Байланысты:
tezis lektsii po zoologiya

Дәріс № 9


Сабақ тақырыбы. Тікентерілілер типі (Echinodermata).
Сабақ жоспары:

  1. Тікентерілілер типіне жалпы сипаттама.

  2. Тікентерілілерге тән құрылысы мен физиологиясындағы ерекшеліктер.

  3. Тікентерілілердің дене қуысы, амбулакральді жүйесі.

  4. Тікентерілілердің қозғалуы.

  5. Тікентерілілердің ас қорыту жүйесі.

  6. Тікентерілілердің зәр шығару жүйесі.

  7. Тікентерілілердің тыныс алуы және қан айналу жүйесі.

  8. Тікентерілілердің жүйке жүйесі мен сезім мүшелері.

  9. Тікентерілілердің жыныс жүйесі, көбеюі және дамуы.

  10. Тікентерілілердің экологиясы мен таралуы.


  1. Тікентерілілер типіне жалпы сипаттама.

Тікентерілілер радиальді - симметриялы құрылымды, теңіздердің түбінде бекініп немесе жай қозғалып тіршілік ететін жануарлар. Жануарлардың басқа типтеріне қарағанда құрылымы жағынан бұл айқын бөлектенген тип. Ежелгі гректер оларды, терілерінде ізбесті тікендері болғандықтан тікентерілілер деп атаған. Денесі қап сияқты, шар, диск, жұлдыз және құрт тәрізді болып келеді. Денесінің осындай түрлі пішінді болғанымен барлық тікентерілілерде оральді немесе актинальді деп аталатын төменгі және оған қарама-қарсы аборальді немесе абактинальді деп аталатын жоғарғы жағын айқын ажыратуға болады. Оральді жағының ортасында ауыз тесігі және сәулелерді бойлап өтетін амбулакральді аяқтары орналасқан, ал аборальді жағында аналь тесігі, жыныс тесігі және мадрепор (мадрепорит) тақтасы бар. Сондай-ақ, тікентерілілердің денесі орталық бөлімінен немесе дисктен және одан тарайтын радиустардан немесе амбулакралардан құралады. Соңғыларын сәулелер немесе қолдары деп те атайды. Радиус, ол орталық дискіден сәулелердің артқы ұшына дейін кететін вертикальді (тік) сызық. Радиустар бойында орналасқан мүшелер радиальді мүшелер болып саналады. Радиустар аралығында интеррадиус немесе интерамбулакралар аймағы жатады (дисктің ортасынан шетіне дейінгі сызық), сондағы мүшелер интеррадиальді. Егер, амбулакралар денесінің орталық бөлімінен бос жағдайда орналасса, онда денесі жұлдыз тәрізді болып келеді. Мысалы, теңіз жұлдыздары, жыланқұйрықтылар, теңіз лалагүлі. Ал, амбулакралар бос болмай орталық бөліміне қосылып кетсе, онда денесі қап тәрізді, шар, диск және құрт тәрізді болып келеді. Мысалы, теңіз кірпілері, теңіз қияры. Тікентерілілердің ересек түрлерінде сыртқы және ішкі мүшелерінің орналасуы тәртібінде сәулелі симметриясы (радиальді) айқын көрінеді және де бұл симметрия жануардың тіркеліп тіршілік етуіне немесе баяу қозғалуына байланысты екінші реттік симметрия деп қаралады. Бұлардың дернәсілдері еркін қозғалатын билатеральді симметриялы болып келеді. Радиальді симметрияның ішінде бес сәулелі симметриялық формалары сан жағынан басым. Тікентерілілер типінде радиальді симметрия ұзақ тарихи процесі барысында билатеральді симметриядан қалыптасқан.
Тікентерілілерге негізінен карбонат кальций мен магнийден (CaCO3 және MgCO3) құралған әр түрлі формадағы тақта тәрізді қаңқалары, инелері мен тікенектерінің болуы тән. Қаңқалары терінің астында беткейлік орналасқанынан қарамастан іштей қалыптасып дәнекер ұлпадан пайда болады.
Денесі бір қабатты кірпікшелі эпителимен қапталған, ал оның астында кутистің қалың қабаты немесе дәнекер ұлпасы және бұлшықеттері орналасқан. Жүйке (нерв) жүйесі ганглиозды емес, нерв сақинасынан және радиальді жүйкелерден тұрады. Сезім мүшелері жетілмеген. Ішегі көбінесе түтік, ал кейде қап тәрізді.
Тікентерілілерге тән амбулакральді жүйесі сыртқы ортамен бір гидропора немесе мадрепориттың көптеген тесіктері арқылы байланысады және олар дененің екінші реттік қуысы немесе целомның туындысы болып есептеледі. Амбулакральді жүйе ауыз айналасындағы сақина тәрізді өзектен немесе түтіктен және одан шығатын бес радиальді өзектері мен тас өзегінен тұрады, олардан басқа, ауыз айналасындағы өзектің өсінділері - полийлік көпіршіктер мен тидеманды денешіктері болады. Амбулакральді аяқшалары қазіргі тікентерілілердің көпшілігінде қозғалу мүшелерінің қызметін атқарады, егер қозғалысы қимылдағыш қолдары (офиураларда) арқылы жүзеге асса, онда амбулакральді аяқшалары көбінесе сезу мүшесінің қызметін атқарады.
Зәр шығару мүшелері жоқ, оның қызметін амебоцит клеткалары атқарады. Зат алмасу процестеріне, бір-біріне ұқсас әрі құрамы жағынан теңіз суына жақын дене қуысының, қан айналу жүйесінің және амбулакральді жүйенің сұйық заттары қатысады.
Тікентерілілер - дара жыныстылар. Жыныстық диморфизмі оларда сирек кездеседі. Гермафродиттер өте аз, кейде аномалия түрінде кездеседі. Бекініп тіршілік еткен қазба тікентерілілердің көпшілігінде және голотурияларда жыныс безі мен жыныс тесігі қосарланбаған, олар ауыздың жанында орналасады. Қалған қазіргі кластар мен кейбір қазба түрлерінде жыныс бездерінің саны радиустың санына тең, жыныс тесіктерінің саны да соған сәйкес. Тікентерілілердің көбеюі жынысты жолмен өтеді, дамуы күрделі метаморфозды, билатеральді симметриялы дернәсілдері болады. Сирек те болса, метаморфозсыз дамуы да бар. Тікентерілілердің ішінде жыныссыз жолмен (дискілердің бөлінуі арқылы) көбеюі де кездеседі және регенерацияға жиі ұшырайды.
Тікентерілілер тек қана теңіз жануарлары, міндетті түрде қатаң стеногалинді. Көп жағдайда сары, қызғылт-сары, көгілдір түсті болады, әр түрлі топырақтарда (грунт), су толқындарының жағаға соғу аймағынан бастап 7000 м-ге дейін тереңдіктерде мекендейді. Көпшілігі қозғалмалы, бірақ түрлері бентостың эпифауналық және инфауналық жануарлары, кейбіреулері топтасып тіршілік етеді. Көпшілігі жануарлармен, ал сирек жағдайда өсімдіктерді қорек етеді, кейбір түрлері детритпен, құммен және балшықпен қоректенеді. Паразиттері жоқ. Дене көлемі бірнеше миллиметрден 5 метрге дейін. Қазіргі тікентерілілердің түрлерінің саны шамамен 5000-ға дейін.

  1. Тікентерілілерге тән құрылысы мен физиологиясындағы ерекшеліктер.

Дене қабырғасы жабынды эпителиден, үш қабатты кутистен немесе кориумнан және кірпікшелі перитонеальді эпителиден тұрады. Жабынды эпителий типке тән, бір қабатты болып қалыптасқан. Жабынды эпителий мен кутистің арасында базальді мембранасы жоқ. Сыртқы эпителидің астында кутистың немесе кориумның қалың үш қабаты жатады: бірінші - мезодерманың сыртқы қабатынан пайда болатын қаңқалық қабат; екінші - көбінесе схизоцельді лакунасы және амебоциттері бар дәнекер ұлпалы қабат және үшінші - мезодерманың ішкі қабатынан пайда болатын бұлшықетті қабат.

  1. Тікентерілілердің дене қуысы, амбулакральді жүйесі.

Тікентерілілердің целом қуысы жақсы дамыған және кірпікшелі эпителимен астарланған. Целом қуысы дернәсілдің сол және оң жақтағы артқы целом қуыстарынан пайда болады және де дернәсіл метаморфозға ұшырағанда сол жақ қуысы актинальді немесе төменгі жағына, ал оң жақтікі абактинальді немесе жоғарғы жағына орналасады.
Денесінің жалпы екінші реттік қуысынан (целомынан) басқа, тікентерілілерде кірпікшелі эпителимен астарланған түтіктер (каналдар) жүйесі де бар. Солардың бірі - перигемальді (псевдогемальді, гипоневральді) жүйе, ол қан тамырларымен және нерв жүйелерімен тығыз байланысты. Қалыпты жағдайда перигемальді жүйе ауыз айналасындағы нерв сақинасы мен амбулакральді сақинаның арасында орналасқан перигемальді сақинадан және бес радиальді перигемальді өзектерден тұрады. Голотуриялар мен теңіз кірпілерінде перигемальді сақинасы жоқ. Перигемальді жүйе қан тамырларын қоршап тұрады және нерв жүйесіне жанасып орналасқанына қарай олар нервтерді қоректендіруге қатысатын болу керек деп жорамал жасауға негіз береді.
Теңіз жұлдыздарында ішкі перигемальді сақинаны немесе сақина тәрізді өзекті ажыратуға болады, ал біліктік (осьтік) синуспен өзара байланысып, қиғаш септамен сыртқы перигемальді сақинадан бөлінеді, ал соңғысынан перигемальді өзектер қолдарға жалғасады, бұлар вертикальді септамен бөлінген. Офиураларда білікті синуспен қатысатын перигемальді сақинадан әр қолға бір перигемальді өзек шығады. Онтогенездік дамуда офиураларда теңіз жұлдыздарындағыдай әр қолға екі өзек шығады да, кейін ересек дәрежесіне жеткенде олар бірігіп кетеді. Теңіз кірпілерінде радиальді перигемальді өзектер перифарингеальді целомның қасында тұйықталып бітеді және бұлардың да онтогенезінде екі өзек қалыптасып, кейін бір өзекке ұласады.
Амбулакральді жүйе тікентерілілерге айрықша тән. Дернәсілдің сол жақ ортаңғы целомының немесе гидроцельдің туындысы. Амбулакральді жүйе бір түтікті гидропора немесе көп саңылаулы мадрепориттен, тас өзегінен, ауыз айналасындағы сақина тәрізді өзектен немесе түтіктен және одан шығатын бес радиальді өзектерден құрылған.
Амбулакральді жүйенің қуысы мадрепориттен құйылатын теңіз суымен толықтырылып, амбулакральді сақинадан радиальді өзектерге айдалады. Бүйіріндегі бұтақтары арқылы сұйық зат ампулаларға жетеді. Ал бұлар бұлшықеттердің жиырылуымен сұйықтықты амбулакральді аяқшаларға айдайды, аяқшалар енді күмпиіп, қатты ұзарып, табанымен субстратқа бекінеді. Аяқшаның табаны ұзына бойғы бұлшықеттердің жиырылып қысқаруынан ойыстанады, соның нәтижесінде бос кеңістік пайда болады да, ауа мен судың қысымынан табаны субстратқа берік жабысатыны сондай, жәндікті одан тартып ажыратпақ болғанда аяқшалар субстраттан ажрамай, үзіліп кетеді. Ампулалар біршама босаңсығаннан кейін аяқшалардағы сұйық зат қайтадан соларға құйылады. Ампулалардағы қақпақшалар (клапандар) олардың бір кезеңде сұйық затқа толуын, екінші кезеңде босауын реттеп тұрады.

  1. Тікентерілілердің қозғалуы.

Негізінде бентос тобына жататын тікентерілілерге қозғалудың ең көп тараған жолы бауырымен жылжу (дәлірек - еңбектеу), ол горизонтальді жантайма және вертикальді қалыптарда бола беруі мүмкін. Осындай жылжу аяқшаларымен, қолдарымен, тікенектерімен, мұртшаларымен, ауыз қармалауыштарымен, тері-бұлшықет қапшығымен, терісіндегі зәкіршесімен бола береді. Кейбір тікентерілілер балшықты және құмды қазбалап өмір сүреді (теңіз кірпілері мен голотуриялардың бір түрлері). Тікентерілілердің кейбіреулері ғана жүзіп жүреді, мысалы, Pelagothuriidae-лар планктондық организмдер. Офиуралар мен кейбір теңіз лалагүлдері ғана шапшаң қозғалады, тікентерілілердің қалғандары өте баяу жылжиды. Тікентерілілер радиальді симметриялы емес, билатеральді симметриялы жануарлар сияқты қозғалады, сонда да болса, тітіркендіргіштердің әсеріне қарай қозғалыс бағытын да өзгерте алады, яғни қозғалыс бағыты көбіне белгілі бір радиуспен болмайды. Тек голотуриялардың көпшілігінің қозғалысы алға қарай бағытталған.

  1. Тікентерілілердің ас қорыту жүйесі.

Теңіз жұлдыздарының сақиналы және радиальді бұлшықеттерімен қоршалған және терімен қапталған перистоманың ортасында ауызы орналасқан. Ауызы жұтқыншақ арқылы немесе тікелей қап сияқты қарынға жалғасады, ал ол сақиналы қаптармен кең бесқалақты төменгі және одан кішірек жоғарғы бөліктерге бөлінеді. Соңғысы қосарланған ұзын әрі тұйық «бауырлық» өсінділерді құрайды, олар қолдарына ұласады және қолдардың қабырғасына мезентерилер арқылы бекітіледі. Қарынның жоғарғы бөлімі ректальді өсінділері бар қысқа артқы ішекке жалғасады. Артқы ішегі дискінің абактинальді жағында аналь тесігімен аяқталады. Ауыз қаңқасының қозғалмайтындығының есесіне теңіз жұлдыздарының қарындағы ас қорыту бездері күшті дамыған және де денесіндегі сұйық заттардың қысымымен қарынды сыртқа шығарып, жемтігін ішіне орап алу қабілеті де бар. Қосарланған бес бұлшықет - ретракторлардың күшімен қарын қайтадан денесінің ішіне тартылады. Кейбір формаларында, мысалы, Luidia-да артқы ішегі, ректальді өсінділері және аналь тесігі жоқ.

  1. Тікентерілілердің зәр шығару жүйесі.

Тікентерілілерде арнайы зәр шығару мүшелері жоқ. Несеп шығаруды (эксрецияларды) көбінесе амебоцит клеткалары атқарады. Органикалық қосылыстардың ыдырауының нәтижесінде сұйық та, қатты да өнімдері пайда болады. Сұйық өнімдері жөнінде деректер аз, олар ішектің эпителий және тыныс алу мүшелерінің қабырғалары арқылы сыртқа шығарылады. Ал қатты өнімдері не сыртқа шығарылады, не дененің ішінде бөлек жинақталады. Несепті шығаруда көптеген амебоциттері бар перивисцеральді сұйықтық үлкен рөл атқарады, онда несеп қышқылы мен птомаиндер табылған.

  1. Тікентерілілердің тыныс алуы және қан айналу жүйесі.

Жалпы алғанда тікентерілілердің тыныс алу физиологиясы жеткіліксіз зерттелген. Теңіз жұлдыздарының тыныс алу қызметін тері желбезектері немесе папиллалары атқарады, олар жұқа қабырғалы қапшықтар түрінде жұлдыздың көбінесе үстіңгі, ал кейде астыңғы жағында орналасқан. Жұқа қабырғалы ұсақ төмпешіктер сыртынан да, ішінен де кірпікті эпителимен жабылған әрі бұлшықетті қабаты бар. Офиураларда дискінің оральді жағында қолдарының түбінен сыртқа ашылатын бурсалар немесе жұқа қабырғалы қапшықтар тыныс алу қызметін атқарады.
Тікентерілілердің қан айналу жүйесі күрделі, бірақ гистологиялық және физиологиялық жіктелуі онша жоғары емес. Ол дәнекер ұлпасында қуыстықтар немесе саңылаулар түрінде пайда болады, яғни дененің алғашқы реттік қуысының немесе бластоцельдің қалдықтарынан пайда болады. Қан тамырларының немесе синустардың өзіндік қабырғалары жоқ борпылдақ дәнекер ұлпада қалыптасады. Олардың сұйықтық заты - «қан» - ішектің қабырғаларынан сүзіліп шығатын қоректің сұйығы - эксудат.
Тікентерілілердің қан айналу жүйесі басқа жүйелері сияқты радиальді симметрия түрінде құрылады. Ол ауыз айналасындағы немесе оральді қан айналу сақинасынан және амбулакраларға тарайтын бес радиальді қан тамырларынан тұрады, ал теңіз жұлдыздарында, кірпілерінде және офиураларда одан басқа, оральді сақиналы білікті мүшемен байланысқан, аборальді қан айналу сақинасы бар. Теңіз жұлдыздарының ауыз айналасындағы немесе оральді қан айналу сақинасы сыртқы және ішкі перигемальді сақиналы түтіктердің арасында орналасып, ішкі перигемальді сақинаның қуысына кіріңкіреп тұрады. Одан, перигемальді түтіктердің септасында жататын және қолдар мен аяқшаларға бүйірлік қан тамырларды тарататын радиальді қан тамырлары шығады. Білікті (осьтік) жиынтығының интеррадиусында орналасқан ауыз айналасындағы қан айналу сақина білікті мүшеге ауысады да, ал ол дискінің абактинальді жағындағы аборальді қан айналу сақинасымен жалғасады. Ал, бұл асқорыту жүйесінің үстіңгі қабырғасында орналасып, жыныс бездеріне бес жұп қан тамырларын береді. Ішек қан тамырлары екі бағана түрінде білікті мүшенің аборальді ұшымен жалғасады. Бұл тамырлар ішектің қабырғаларында лакуналар мен синустарға ажырайды.

  1. Тікентерілілердің жүйке жүйесі мен сезім мүшелері.

Тікентерілілердің нерв жүйесі радиальді симметриялы және үш бөлімнен тұрады: эктоневральді, гипонервальді және энтонервальді немесе апикальді. Алдыңғы екі жүйе дененің оральді, ал соңғысы - аборальді жағында орналасқан. Эктонервальді жүйе - сезімдік, гипонервальді және апикальді - моторлық (қозғалыстық) қызметін атқарады. Осындай функциональді сипатта болғандықтан олар бір-бірімен байланысты болады, онсыз, әрине, олар сезу-қозғалыстық рефлексті атқара алмас еді. Бұл жүйелердің әрқайсысы нерв сақинасынан және ганглиялары жекеленбеген радиальді нервтерден құралады.
Дене қабырғасының астында эктоневральді немесе сезімтал жүйесі жатады, ол жабынды эпителимен байланысты, яғни шығу тегі жағынан эктодермальді құрама. Гипоневральді жүйесі перигемальді түтікшенің эпителиімен, ал апикальді жүйесі дене қуысындағы перитонеальді эпителимен байланысты. Көбіне бұл жүйелер пайда болу жағынан целомдық деп есептелінеді. Сезімдік нерв жүйесі ең тұрақтысы. Гипоневральді жүйе тікентерілілердің әр түрлі кластарында формасы және даму деңгейі жағынан соншалықты тұрақты емес, ал ең өзгермелісі - апикальді жүйе. Сезімдік немесе эктоневральді жүйе тікентерілілердің барлық кластарында ауыз айналасын немесе жұтқыншақты қоршап тұратын сақинадан және радиальді нервтерден тұрады. Соңғылардың саны амбулакралардың санына сай. Ол амбулакральді сайлардың сыртқы эпителиінде орналасқан, бұл теңіз лалагүлі мен теңіз жұлдыздарында байқалады.
Тікентерілілердің сезім мүшелері нашар дамыған және жеткілікті зерттелмеген. Әр жерде шашырап орналасқан сезім клеткалардан басқа, көпклеткалы сенсиллалары кездеседі. Теңіз лалагүлдерінде эктоневральді нерв жүйесімен нервтенділетін көп клеткалы сенсиллалары диск мен қолдарының аборальді жағында орналасқан. Сенсиллалар теңіз жұлдыздардың, офиуралардың, кірпілердің және голотуриялардың амбулакральді аяқтарында да бар, олар сезім мүшелерінің қызметін атқарады. Теңіз лалагүлдерінің, жұлдыздарының және офиуралардың амбулакраларының ұшында терминальді орналасқан - ұзын және жіңішке қармалауышы да сезім мүшесі деп саналады. Голотурияларда кездесетін ауыз маңындағы қармалауыштары немесе өзгерген амбулакральді аяқтары - басқа қызметтерімен қатар сезім мүшелік қызметін де атқарады және денесінің үстіңгі жағындағы (бивиумның) конус тәріздес төмпешікке айналған амбулакральді аяқтары да сондай сезімдік қызметті де атқаратын болуы керек.
Иіс және дәм сезу мүшелері де басқа сезім мүшелері сияқты нашар дамыған, морфологиялық түрде жөнді жіктелмеген, олар да амбулакральді аяқшаларында орналасқан көптеген жеке сезгіш клеткалар түрінде болады. Бірақ та, тәжірибеде дәлелденгендей тікентерілілердің иіс және дәм сезу мүшелері жемтіктің дәмді қасиетін алыс жерлерден-ақ сезе алады. Офиуралардың қол буындарының бәрінде де жемтіктен шығатын тітіркену әсерлерді қабылдайтын рецепторлық мүшелері бар екендігі дәлелденген, бұл рецепторлар қармалауыштарда да болса керек. Теңіз жұлдыздары аш кезінде 50 см қашықтықтан еттің, балықтың немесе крабтың бар екендігін сезе алады. Дәмдік тітіркендіргіштерді, теңіз жұлдызының аяқшаларында орналасқан амбулакральді клеткалары ғана емес, бүкіл денесінің терісі де сезе алатын болу керек. Голотуриялардың Synaptidae тұқымдасында ауыз қармалауыштарының ішкі жағында екі қатар орналасқан сезімтал клеткалары бар папиллалары да осындай дәм сезушілік мүшенің қызметін атқарады деп есептелінеді. Теңіз кірпісінің тікенектері мен педицеллярияларында химиялық тітіркендіргіштерді сезе алатын рецепторлары бар. Теңіз кірпілерінде, мысалы, Echinus-та, иіс пен дәмді сезетін мүшелері - ауыз қармалауыштары.
Көру мүшелері жөнінде - көздің тек теңіз жұлдыздарында бар екендігі айқын дәлелденген, әр қолдың ұшында, терминальді орналасқан, қармалауыштың түбінде саны 10-нан 200-ге дейін көзшелерден құралған, көзі бар. Жеке көзше пигментті ретинальді клеткалармен төселген конус тәрізді бокал. Конустың іші шыны түсті сұйық затпен толған, оған қосымша конус линзамен жабдықталған.

  1. Тікентерілілердің жыныс жүйесі, көбеюі және дамуы.

Тікентерілілер дара жыныстылар, бірақ гермафродиттік түрлері теңіз жұлдыздары, офиуралар және голотуриялардың ішінде кездеседі. Тікентерілілерде жыныстық диморфизмі жоқ есебінде.
Теңіз жұлдыздарының жыныс бездері дененің аборальді жағында әрбір интеррадиуста екеуден орналасқан бес жұп түтікшелер топтарынан құралады. Әрбір жыныс безі қолдың түбінің абактинальді жағынан бір жыныс тесігі болып ашылады. Luidia-да қолдың әрбір жағында бірнеше жыныс безі болады, ендеше, бірнеше жыныс тесігі де бар. Жыныс бездері жыныс тәжінің интеррадиальді өсінділері түрінде пайда болады. Жыныс тәжі қарынның дорзальді қабырғасының үстінде орналасқан. Теңіз кірпілерінде жыныс бездері қапшықтар немесе жүзім шоғы тәрізді болып мүйізді қабатының жоғарғы жағында бесеуден жатады және өте тар жыныс жолдары генитальдік (жыныстық) тақталарында жыныс тесігімен аяқталады. Голотуриялардың жыныс бездері түтікшелердің жай ғана шоқтығы немесе бұтақталған шоқтығы тәрізді болады, олар орталық арқа мезентерилерінің екі жағында тасты өзектің интеррадиусында орналасқан, жыныс безінің қапшық тәрізділері өте сирек кездеседі (Rhabdomolgus). Жыныс жолы арқа мезентерий арқылы алдыңғы жағында сыртқа ашылады.
Тікентерілілер жынысты жолмен көбейеді, жыныссыз жолмен - сирек. Жыныссыз жолы дененің екіге бөлінуі арқылы, ол кейбір теңіз жұлдыздарында, офиураларда (Ophiactis virens) және кейбір голотурияларда (Cucumaria lactea, Psolus valvatus) байқалады. Кейде ұрпағына - қамқорлық жасайды - аналығы жұмыртқаларын денесімен бүркеп алады немесе жас ұрпағын денесінің жоғарғы жақ қабырғасындағы камера сияқты оймыштарда (кейбір голотуриялар, теңіз жұлдыздары мен кірпілерінде), ал кейде тіпті ішектің ішінде де (теңіз жұлдыздарында) сақтайды. Кейде тірі туатындары да бар (офиуралар мен голотуриялар, сирегірек - теңіз лалагүлі мен кірпілерінде). Антарктидалық түрлерінде тірілей туу кең тараған, олардың ұрықтары денесінің екінші реттік қуыстарында (голотурияларда, офиураларда), бурсалық қалталарында (офиуралар), жыныс түтіктерінде (голотурияларда) дамиды.
Жыныс өнімдері суға шығарылады, ұрықтану сол ортада іске асады. Тікентерілілерде шағылысу тек теңіз жұлдыздарында - Archaster typicus және офиураларда Amphilycus-та байқалады. Соңғысында жыныс диморфизмі айрықша күшті дамыған.

  1. Тікентерілілердің экологиясы мен таралуы.

Тікентерілілер қатаң стеногилинды (тұзды ортада) жануарлар, тек кейбіреулері ғана 30%-дан төмен тұздылыққа шыдай алады. Осы соңғыларына эстуариялардың тұщыланған суларында, тропиканың мангролық аймақтарында тіршілік ететін тропикалық голотуриялар жатады. Тікентерілілер Каспий теңізінде және Балтық теңізінің Шығыс бөлігінде жоқ, Қара теңізде ілуде ғана кездесетіндері бар. Тұщы суда олар кездеспейді.
Тікентерілілер толқын соғатын жағалаулардан бастап 7000 метрлік тереңдікке дейінгі жерлерді жайлайды. Көбіне олар стенобаттықтар, яғни белгілі бір тереңдікке беімделгендер, сонда да бөлек бірталай түрлері эврибаттық, яғни әр түрлі тереңдікке бейімделгендер. Көпшілігі лайлы және құмды жердің тұрғындары болса да, әр түрлі жерлерде де кездеседі. Лайлы жерде теңіз кірпілерінің, офиураларының, теңіз жұлдыздарының көптеген түрлері мекендейді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   56




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет