Сабақ тақырыбы. Кірпікшелілер немесе инфузориялар типі (Ciliophora).
Сабақ жоспары: Кірпікшелі кебісшенің мысалында инфузориялардың құрылысы және тіршілік әрекеті.
Инфузориялардың көбеюі.
Конъюгация, оның физиологиялық маңызы.
1) Кірпікшелі кебісшенің мысалында инфузориялардың құрылысы және тіршілік әрекеті. Ұзынша сопақтау болып келген, тұщы суларда өздігімен қозғалып жүретін күрделі құрылысты қарапайым жәндік.
Денесін кірпікшелер біртегіс жауып тұрады, тек артқы жағында кірпікшелері ұзындау болады. Кірпікшелері қозғалу қызметімен бірге асты ауыз тесігіне жеткізу қызметін де атқарады.
Ауыз ойықтың айналасында толқын тәрізді әрдайым қозғалып тұратын мембранелла орналасқан. Цитоплазмасы эктоплазма және эндоплазмаға бөлінген. Эктоплазма қабаты сыртынан мықты майысқақ пелликуламен қапталған. Пелликула екі сыртқы және екі ішкі мембранадан құралған. Пелликуланың сыртын алты бұрышты, қатар орналасқан құрылым жауып тұрады, соған байланысты парамеция денесінің пішіні өзгермейтін тұрақты болып келеді.
Пелликуланың астында бір-бірімен ұштасып жатқан фибрилл торы болады - олар тірек қызметін атқарады. Эктоплазма қабатында қорғаныш қызметін атқаратын қысқа таяқшалар - трихоцисталар орналасқан. Олар тітіркенген кезде ұзын, серпінді жіпше түрінде сыртқа атылады.
Инфузория денесінің алдынғы жағында ауыз ойығы немесе перистомы болады. Перистомның түп жағында ауыз тесігі немесе цитостом орналасқан, ол «жұтқыншаққа - цитофаринкске» жалғасады. Жұтқыншақ цитоплазмаға ашылады. Инфузориялар ұсақ организмдермен қоректенеді (бактериялармен, көк-жасыл балдырлармен, ұсақ қарапайымдылармен).
Перистом айналасындағы кірпікшелердің қозғалуы нәтижесінде коректік заттар сумен бірге ауыз тесігіне және жұтқыншаққа түсіп жатады. Жұтқыншақтың түбінде асқорыту вакуольдері коректік затқа толып, цитоплазмаға ауысады. Асқорыту вакуольдері дененің асқорыту айналымы жолымен қозғалады, ферменттер арқылы асты қорытып, цитоплазмаға өткізіп тұрады. Сіңбеген қалдықтарды арнайы тесігі арқылы (қылаулатқыш) шығарып тастайды. Асқорыту вакуольдердің құрылуы сыртқы температураға байланысты. Қоршаған ортасы неғұрлым жылы болса вакуольдің түзілуі де тез болады, инфузорияның коректенуі де жиілейді.
Барлық инфузориялардың жиырылғыш вакуольдері эктоплазма және эндоплазманың арасында орналасқан. Олардың қызметі амеба мен талшықтылардың жиырылғыш вакуольдері сияқты үнемі жиырылып, осмос қысымын реттейді, зәр шығарады және тыныс алады. Бірақ инфузория вакуольдерінің құрылысы күрделі болып келеді. Оларды вакуольдің өзі немесе орталық резервуар және оны қоршап жатқан жұлдыз тәрізді қосымша вакуольдермен түтіктер арқылы және қоршаған ортамен арнайы зәр шығаратын тесік арқылы жалғасады.
Цитоплазмадағы артық сұйық заттар қосымша вакуольдеріне жиналып, түтікшелер арқылы орталық вакуольге немесе резервуарға құйылады. Резервуар жиырылып сұйықтарды арнайы тесікпен сыртқа шығарады. Кірпікшелі кебісшенің алдыңғы және артқы жағындағы орналасқан вакуольдері кезектесіп жиырылады.
Цитоплазмада екі ядро орналасқан. Үлкен макронулеус және кіші микронуклеус. Макронуклеус хроматинге бай, үрмебұршақ дәні тәрізді, көбеюден басқа денедегі барлық қызметті реттейді, сондықтан да макронуклеус вегетативті ядро деп аталады. Макронуклеустің ойыс жағында кішкене микронуклеус орналасқан, ол тек қана көбею қызметін атқарады, сондықтан ол генеративті ядро болып табылады.
2) Инфузориялардың көбеюі. Парамеция барлық инфузориялар сияқты жыныссыз жолмен көлденең бөлініп, көбейеді. Жыныссыз жолмен бірнеше рет бөлінген инфузория, енді жынысты жолмен көбеюге көшеді. Жынысты көбею жолы конъюгация деп аталады. Конъюгацияның копуляциядан айырмашылығы екі ядроның қосылуы.
3) Конъюгация, оның физиологиялық маңызы. Конъюгация кезеңі екі инфузорияның бауыр жағымен бірігуінен басталады. Бұлардың пелликулалары аздап ісінеді, сондықтан инфузориялар бір-біріне жанасып тұрады. Бұндай инфузорияларды конъюганттар деп атайды. Пелликулаларының жанасқан жері еріп, сол жерде цитоплазмалық көпіршік пайда болады. Макронуклеус ядролары да еріп кетеді. Инфузорияның екеуінің де микронуклеусі екі рет бөлінеді, сөйтіп әрқайсысында төрт ядро пайда болады. Олардың үшеуі еріп кетеді, ал қалған төртінші ядро тағы да 2-ге бөлінеді - біреуі үлкен, екіншісі кішкентай ядро. Бұларды пронуклеустер деп атайды. Үлкен пронуклеус аналық ядро, жылжымайтын стационарлық ядро, кіші пронуклеус қозғалуға қабілетті, кезбе аталық жыныс ядросы. Бұдан кейін екі инфузорияның аталық, кезбе ядролары цитоплазмалық көпіршік арқылы бір-бірімен алмасады, сөйтіп стационарлық аналық ядросымен қосылады. Бұл үрдіс кариогамия немесе конъюгация деп аталады. Конъюгация нәтижесінде ұрықтанған синкарион деп аталатын диплоидты ядро құрылады, яғни конъюгацияның соңында әр инфузория синкарионға ие болады. Синкарион түзілгеннен кейін конъюгацияға қатысқан инфузориялар ажырап кетеді. Ажырап кеткен инфузорияларды эксконъюганттар деп атайды. Енді әрбір эксконъюганттың синкарионы 3 рет бөлінеді. Соның нәтижесінде 8 ядро пайда болады, 8 ядроның үшеуі еріп кетеді, ал қалған 5 ядроның біреуі - микронуклеус, төртеуі макронуклеустер. Бұл жағдайда инфузория тіршілік ете алмайды, сондықтан оның денесі екіге бөлінеді. Макронуклеустер бөлінбей екеуден әрқайсысы өтеді, ал микронуклеус бөлініп екі есе кішірейіп әрқайсысына өтеді. Екіге бөліну арқылы пайда болған инфузориялардың әрқайсысы енді екі микронуклеус және бір микронуклеусы болады. Осындай инфузориялар тағы да екіге бөлінеді. Макронуклеустер бөлінбей әрқайсысына біреуден өтеді, ал микронуклеус тағы да бөлінеді. Тек осыдан кейін әрбір инфузорияда кәдімгі ядро аппараты түзіледі, үлкен макронуклеус және кіші микронуклеус. Сөйтіп конъюгация нәтижесінде екі жанасқан инфузориядан 8 жас инфузориялар пайда болады. Бір энсконъюганттан 4 жас инфузориялар пайда болады.