Сабақ тақырыбы. Ішекқуыстылар типі (Coelenterata). Гидроидалар класы (Hydrozoa).
Сабақ жоспары: Ішекқуыстылар типінің жалпы сипаттамасы.
Гидроидтылар класс тармағының (Hydroidea) өкілі ретінде гидраның (Hydra oligactis) құрылысы мен физиологиясы, көбеюі мен дамуы.
Теңіз гидроидты полиптер отрядының (Leptolida) құрылысының ерекшеліктері.
Теңіз гидроидты полиптердің көбеюі және дамуы.
Медузаның түзілуі және оның құрылысы, ұрпақ ауысып отыруы, оның маңызы.
1) Ішекқуыстылар типінің жалпы сипаттамасы. Ішекқуыстылардың басты белгілерінің бірі онтогенездік дамуы барысында тек екі ұрық жапырақшалары қалыптасып және олар ересек дараларында айқын сақталып, бір-бірінен мезоглея қабатымен бөлінген эктодерма және энтодерма қабаттарын құрайды. Осы белгісіне байланысты ішекқуыстылар екі қабатты жануарлар тобына жатады.
Екіншіден энтодерма қабатындағы клеткалары қуыс ішіне асқорыту сөлін шығарып, асты қуыстың ішінде қорытады. Осыған байланысты ішекқуыстылардың дене қуысы гастральды қуыс немесе ішек қуысы деп аталады. Типтің аты да осыған сәйкес берілген.
Белгілерінің тағы бірі - сәулелі симметриясының болуы.
Жоғарыда айтылғандай, ол өмір бойы немесе тіршілік айналымының бір ғана кезеңіндегі тіркелмелі немесе суда қалқып жүзіп тіршілік етуінің және қоршаған ортаның тұрақты әрі бірқалыпты ықпал етуінің салдары.
Морфологиялық құрылысы жағынан және тіршілік етуіне қарай ішекқуыстылар тіркелмелі -полиптер және еркін жүзіп жүретін - медузалар болып топтасады.
2) Гидроидтылар класс тармағының (Hydroidea) өкілі ретінде гидраның (Hydra oligactis) құрылысы мен физиологиясы, көбеюі мен дамуы. Гидра - қарапайым құрылысты полиптің бірі. Биіктігі 1 см-ге жуық, ұзына бойы созылған қапшық тәрізді, табанымен субстратқа бекініп өмір сүреді. Өзендер мен шалшық суларда жиі кездеседі.
Гидраның денесі эктодерма және энтодерма қабатынан құралған. Олардың арасындағы мезоглея қабаты өте жұқа құрылымсыз қоймалжың заттан тұрады. Денесінің бос жағында 6-12 қармалауышпен қоршалған ауыз тесігі орналасқан. Ол, энтодермалық клеткаларымен астарланған гастральдық қуысына ашылады.
Гидраның эктодерма қабаты алты түрлі клеткалардан құралған. Олар жабынды эпителиальды клеткалар, эпителиальды-бұлшықет клеткалары, интерстициальды немесе аралық, атқыш, жыныс және жүйке клеткалары.
Атқыш клеткалары алмұрт тәрізді, ішінде қатты қабықты сопақша атпа капсуласы орналасқан. Капсула улы затқа толы және оның ішінде қабықшасының өзгеруінен пайда болған, іші қуыс спираль тәрізді оралған жіпше жатады. Атқыш клетканың сыртында қылтанақ тәрізді книдоциль деп аталатын сезгіш талшығы болады, оны ұсақ түктер айнала қоршаған. Егер сезгіш талшыққа бір организм тиіп кетсе, онда ол ауытқып, клетканы қоздырады да, капсула ішіндегі спираль тәрізді жіпше атылып денеге шаншылады. Жіпшемен бірге капсуланың ішіндегі күйдіргіш немесе улы сұйық зат та қоса бүркіледі.
Жыныс клеткалары аралық (интерстициальды) клеткалардан қалыптасып, аталық клетка ауыз полюсіне, ал аналық жұмыртқалары табанына жақын орналасады. Гидралар дара және қос (гермафродиттер) жыныстылар болып табылады.
Гидралар жынысты және жыныссыз жолмен көбейеді. Жыныссыз көбеюі бүршіктену арқылы жүзеге асады. Денесінің бүршіктену белдеушесінің аймағында бірнеше бүршіктер пайда болып (гидраның құрылысына ұқсас), кейіннен олар аналық дара денесінен бөлініп, субстратқа бекініп, дербес тіршілік ете бастайды.
Күзге таман гидралар жынысты жолмен көбейеді. Ұрықтанған жұмыртқа қатты қабықпен қапталып, тыныштық күйде қыстап шығады да, көктемде ол бөлшектеніп, бластуладан кейін қос қабатты гаструла сатысында ересек түріне айналады.
3) Теңіз гидроидты полиптер отрядының (Leptolida) құрылысының ерекшеліктері. Теңіз гидроидты полиптердің басым көпшілігі күрделі колониальды формалар, тек ұрпақ алмасуы - метагенез жолымен дамиды. Даму барысында гидроидты полип және гидроидты медуза қалыптасып, олар үнемі бір-біріне алмасып тұрады.
Гидроидты полип бұтақ тәрізді колония құрайды, себебі жыныссыз көбеюі нәтижесінде пайда болған бүршіктер аналық денеден бөлінбей-ақ өз кезегінде жаңа бүршіктерді бере бастайды.
Колониядағы әрбір бүршікті - гидрант деп атайды. Гидранттың құрылысы гидра құрылысына ұқсас: денесі эктодерма және энтодерма қабатынан құралған, ауыз тесігінің аймағында көптеген қармалауыштары болады, тек гастраль қуысы барлық дене бойына созылып ортақ гастральды қуысымен жалғасады. Осы себептен, егер бір гидрант корегін ұстап қорытса, қорытылған ас бүкіл колонияға нәр береді.
Колонияның эктодермальды жабынды эпителий клеткалары ерекше - тека деп аталатын органикалық жұқа қабықты бөліп, колонияның сыртқы жабындысына айналады да, оның тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
4) Теңіз гидроидты полиптердің көбеюі және дамуы. Теңіз гидроидты полиптер алғашқыда тек жыныссыз жолмен көбейеді. Соның нәтижесінде, жоғарыда көрсетілгендей гидранттар қалыптасады. Сонымен қатар белгілі бір кезеңде колонияда бүршіктену арқылы ерекше (гидранттарға ұқсас емес) өскіншелер пайда болады да, олар созылып түрі өзгерген полип бластостильге айналады. Оның төңірегін қоршап тұрған теканы - гонотека деп, ал осындай құрылымды особьты гонангий деп атайды.
Бластостиль бүршіктену арқылы жынысты дараларға - медузаларға бастама береді, олар бірте-бірте жас медузаларға айналып, кейін бластостильден бөлініп гонангийдің ішінен суға жүзіп шығады.
5) Медузаның түзілуі және оның құрылысы, ұрпақ ауысып отыруы, оның маңызы. Медуза гидроидты полиптің ұрпағы болғандықтан, оны гидромедуза деп атайды. Денесі көлденеңінен 2-3 мм шамасындай, қол шатыр немесе қоңырау пішіндес болады. Сыртқы төбешік бөлігін - эксумбрелла, ішкі ойығын - субумбрелла деп атайды.
Шатырдың жиегінде қармалауыштары және сақиналы бұлшықетті жұқа жарғақ орналасқан - ол желкен, шатырдың жиегін жиырып, гидромедузаның жүзуіне көмектеседі.
Гидромедузалар суда жай қалқып, шарықтап немесе өзіңше белсенді қозғалады. Шатыр жиырылғанда, ойық жағындағы су қатты қысыммен атқылап шығып, денесінің алға қарай қозғалуына күшті дүмпіл береді.
Гидромедузаның құрылысы полиптің құрылысына ұқсас, бірақ тіршілік етуіне қарай бірнеше өзгешеліктері байқалады.
Эктодерма мен энтодерманың аралығындағы мезоглея қабаты суға толып қалыңдаған жалқаяқ тәрізді іркілдек күйінде болады. Сондықтан денесі су түстес мөлдір болып, жауларынан жасырынуына мүмкіндік береді.
Гидромедузаның гастраль қуысы гастроваскулярлы жүйеге айналған. Ауыз сабақшасының ұщында орналасқан ауыз тесігі жұтқыншақ арқылы қарынмен және одан тарамдалған төрт немесе төртке тең радиальді түтікшелермен жалғасады. Радиальды түтікшелер шатырдың жиегіндегі орталық сақиналы түтікшемен тұтасып тұйық бітеді. Қорытылмаған ас қалдықтары ауыз тесігі арқылы сыртқа шығарылып тұрады.
Көзшелерінің құрылысы қарапайым, көз дақтары деңгейінде дамыған. Эктодермальды пигментті және жарық сезгіш ретинальды клеткаларының қабаттасып орналасуынан түзіледі.
Статоцист деп аталатын тепе-теңдік мүшесі, эктодерма қабатының сезгіш клеткаларынан құралған, көбікше пішіндес болып шатырдың жиегіңдегі қармалауыштардың түбінде орналасады.
Гидромедузалар тек жынысты жолмен көбейеді, олар дара жыныстылар.
Жетілген жыныс клеткалары су ортасына шығып, сырттай ұрықтанады. Зигота толық біркелкі бөлшектеніп сопақша келген бластуланы түзеді. Бластуланың гаструлаға айналуы, оның вегетативтік полюсіндегі клеткаларының біртіндеп бластоцель қуысына көшуі арқылы жүзеге асады. Ең соңында бластоцель қуысы, энтодерманы түзетін бір текті клеткаларға толып, ұрық осы күйде паренхимула деп аталатын дернәсіліне айналады.
Кейін паренхимуланың энтодермальды клеткаларының бір бөлшегі ыдырап, сол жерде келешек гастральды қуысының бастамасы - шұңғыл пайда болады. Осы сатыда паренхимула, ішекқуыстыларға тән планула дернәсіліне айналады.
Планула сопақша келген, денесі кірпікшелермен қапталған, соның көмегімен суда біршама уақыт еркін жүзіп жүреді де, су түбіндегі субстратқа бекінеді. Оның ауыз тесігі, қармалауыштары, гастраль қуысы қалыптасып, қос қабатты құрылысты жас гидрополипке айналады. Ол өсіп, жыныссыз көбеюдің нәтижесінде гидрант және медузалық бүршіктерді беріп колония құрайды. Сөйтіп теңіз гидроидты полиптер ұрпақ алмасу (метагенез) жолымен, яғни жыныссыз көбею мен жынысты көбеюдің кезектесіп отыруы арқылы дамиды.