1 тақырып. Қарусыз саптық тәсілдер мен қозғалыстар.
2 сабақ. Саптық қозғалыстар.
Сабақтың сұрақтары:
1. Саптық және жорықтық қадам.
2. Қозғалыстағы бұрылыстар.
1 оқу сұрағы. Саптық және жорықтық қадам.
Қозғалыс адыммен немесе жүгірумен жасалады.
«Адыммен қозғалыс жасау минутына 95-105 адым қарқынымен жүзеге асырылады. Адымның ұзындығы – 60-70 см.»;
Сапта жүгіре қозғалыс жасау минутына 165-180 адым қарқынымен жүзеге асырылады. Адымның ұзындығы – 85-90 см.
Адым саптық және жорықтық болады.
Саптық адым бөлімшелер салтанатты шерумен өткен, олар қозғалыста әскери сәлемдесуді орындаған, командир (бастық) бөлімшеге назар аударған, әскери қызметші командирге (бастыққа) жақындаған және одан алыстаған, әскери қызметші саптан шыққан және сапқа қайтып тұрған кезде, сондай-ақ саптық даярлық бойынша сабақтарда қолданылады.
Жорықтық адым барлық қалған жағдайларда қолданылады.
Саптық адыммен қозғалыс жасау «Саптық адыммен – БАС» командасы бойынша басталады.
Жорықтық адыммен қозғалыс «Адым – БАС» командасы бойынша басталады, осы команда бойынша әскери қызметшілер үш саптық адым жасайды, одан кейін жорықтық адымға көшеді.
Алдын ала берілетін команда бойынша дене біршама алға ұсталады, орнықтылықты сақтай отырып, оның салмағын көбіне оң аяққа ауыстыру керек; орындалатын команда бойынша қозғалыс сол аяқтан толық адыммен басталады.
«Саптық адыммен қозғалыс жасау кезінде аяқтың ұшын анағұрлым еркін, созбай, аяқты жерден 10-15 см биіктікке алға көтеру және табанды нық басу керек.
Иықтан бастап қолдарымен дененің айналасында қозғалыс жасау керек: алға қарай – оларды белдік тоғасынан жоғары алақанның енінде және денеден алақан аралығына көтерілетіндей, ал шынтақ қол білегінің деңгейінде болатындай етіп, еркін, шынтақтан бүгу; артқа қарай – иық буынында 25-30° бұрышқа қатайтпай еркін жазу керек (бел ортасынан 15-20 см). Қолдардың саусақтары жартылай бүгіліп (3-сурет), басты тік ұстап, өзінің алдына қарау керек.»;
3-сурет. Саптық адыммен қозғалыс жасау
Жорықтық адыммен қозғалыс жасау кезінде аяқтың ұшын созбай, еркін қозғау және оны жерге кәдімгі жүріс кезінде сияқты қою керек; дененің айналасында қолмен еркін қозғалыс жасау керек.
Жорықтық адыммен қозғалыс жасаған уақытта командир (бастық) бөлімшеге назар аударған кезде, сондай-ақ «ТІК ЖҮР» командасы бойынша саптық адымға ауысу керек. Саптық адыммен қозғалыс жасау кезінде «ЕРКІН ЖҮР» командасы бойынша жорықтық адыммен жүру керек.
Жүгіре қозғалыс жасау «Жүгіре – БАС» командасы бойынша басталады.
Алдын ала берілетін команда бойынша орнынан қозғалыс жасаған кезде денені алға ұстап, шынтақты біршама артқа жіберіп қолды жартылай бүгу керек; орындалатын команда бойынша жүгіруді сол аяқтан бастау керек, жүгіру жылдамдығы бойынша қолмен артқа және алға еркін қозғалыс жасау керек.
Қозғалыста адым жасаудан жүгіруге ауысу үшін алдын ала берілетін команда бойынша шынтақты біршама артқа жібере отырып, қолды жартылай бүгу керек. Орындалатын команда сол аяқты жерге қоюмен бір уақытта беріледі. Осы команда бойынша оң аяқпен бір адым жасау және жүгіре қозғалысты сол аяқтан бастау керек.
Жүгіруден адымға ауысу үшін «Адым – БАС» командасы беріледі. Орындалатын команда оң аяқты жерге қоюмен бір уақытта беріледі. Осы команда бойынша жүгірумен тағы да екі адым жасау және адыммен қозғалысты сол аяқтан бастау керек.
2 оқу сұрағы. Қозғалыстағы бұрылыстар.
Қозғалыста бұрылулар мынадай командалар бойынша орындалады: «Оң-ҒА», «Сол-ҒА», «Артқа бұрыла - БАС».
Оңға (солға) бұрылу үшін орындалатын команда оң (сол) аяқты жерге қоюмен бір уақытта беріледі. Осы команда бойынша сол (оң) аяқпен бір адым жасап, сол (оң) аяқтың ұшымен бұрылу керек, бұрылумен бір уақытта оң (сол) аяқты алға созу және қозғалысты жаңа бағытта жалғастыру керек.
Артқа бұрылу үшін орындалатын команда оң аяқты жерге қоюмен бір уақытта беріледі, осы команда бойынша сол аяқпен тағы бір адым жасап, оң аяқты алға қарай жарты адым шығару және біршама солға, сол қол жаққа қарай екі аяқтың ұшымен шұғыл бұрыла отырып, қозғалысты сол аяқпен кері бағытта жалғастыру керек.
Бұрылулар кезінде қолмен қозғалыс адым ырғағымен жасалады.
Жүгіре қозғалыс жасау кезінде оңға және солға бұрылулар адыммен қозғалыс жасау кезіндегі командалар бойынша жүгіру ырғағында екі деп санағанда бір орында бұрылумен орындалады. Жүгіру кезінде артқа бұрылу бір орында жүгіру ырғағымен төрт деп санағанда сол қол жаққа қарай жасалады.
Оқытушы:
Запастағы майор М.Бекенов
Достарыңызбен бөлісу: |