Күні: 14 02.2018 ж.
Сынып: 4 «а»
Сабақтың тақырыбы: «Дос болайық бәріміз»
Сабақтың мақсаты:
Білімділік: Оқушыларға дос, достық туралы әңгімелей отырып, олардың достық қарым – қатынасын нығайту.
Дамытушылық: Оқушыларды өзімшілдіктен, менмендіктен тағы басқа жаман әдеттерден аулақ жүруге үйрету, адалдыққа, шыншылдыққа тәрбиелеу.
Тәрбиелік: Оқушылардың адамгершілік қасиетін, бір-біріне деген достық сезімдерін нығайту.
Міндеттері:
- Балаларды достарымен жағымды қарым-қатынас жасауға үйрету;
- Өзара сыйластық, өзара түсіністік, өзара көмек қарым – қатынастарын дамыту;
- Татулыққа, достыққа, ұжымшылдыққа тәрбиелеу.
Әдіс-тәсілдері: түсіндіру, «Сөйлемді аяқта» тренингі, пікіралмасу, жүректен-жүрекке, «Сиқырлы орындық» жаттығуы, «Ренжістік-татуластық ойыны.
Көрнекі құралдар: Ұлы ғұламалардың ойлары, нақыл ұлағатты сөздері, дос туралы мақал-мәтелдер, слайд, «нағыз дос» ағашы, жүрекшелер.
Барысы:
Психологиялық дайындық
Бізде дәннен аумаймыз,
Сабақтан еш қалмаймыз.
Білімі асқақ ұрпақ боп,
Жадыраймыз, жайнаймыз;
Балалар, сендер достық, татулық дегенді қалай түсінесіңдер?
- Достарыңды ренжітіп алсаңдар, қалай татуласар едіңдер?
(Балалардың достық туралы пікірлерін тыңдау)
- Өз досың туралы айтып берші?
- Балалар, сендерге жалғыз ойнаған немесе серуендеген ұнай ма? Ойлап көріңдерші?
Түйін:
Дұрыс айтасыңдар, балалар. Жалғыз ойнасақ, жалғыз серуендесек, жалғыз тамақтансақ көңілсіз екен. Сондықтан біз жалғыз қалмау үшін біздерге дос жолдас керек екен.
Достық - адамдардың бір - біріне деген адалдығы, өзара сыйластығы, татулығы, сүйіспеншілігі, жанашырлығы, қамқорлығының белгісі
«Қария мен жігіт» әңгімесі
Ертеде бір ақылды қария болыпты. Бір күні ақылды қарияға бір жігіт келіп:
-Ақсақал, мен қандай жігітпін? Сынаңызшы, - депті. Қарт жігітке:
-Жолдасыңды көрсет, сонан соң айтамын, - депті. Жігіт жолдасын қартқа жіберіпті. Қарт жігіттің жолдасымен ұзақ сөйлесіп, ақырында жігіттің өзін шықырыпты. Жігіт келген соң, қарт:
- Шырағым, жаман жігіт емессің, - депті.
Қалайша олай дейсіз? Мені бұрын көрген жоқсыз ғой? – депті жігіт. Қарт күліп:
- «Жігіті жолдасына қарап бағала» дейді халық, - депті.
-Жігітті жолдасына қарап бағала» дегенді қалай түсінесіңдер?
- Адам көбіне өзінің мінезіне ұқсас адамдармен жолдас, дос болады. Шын жолдас, достар бірінің жақсы қасиеттерін екіншісі үлгі тұтады, бойына сіңіреді, олар бір-біріне өте жақын, бірін-бірі тез түсінісетін болып кетеді. Осындай жолдастық, достық қарым-қатынастардың арасындағы ең бағалысының бірі – адалдық. «Адамдар бір-біріне адал, қалтқысыз сеніп, ортақ көзқараста болса ғана достықтары берік болады. Достық - өзара жауапкершілік пен қамқорлықтың, рухани жақындықтың белгісі»
Мақал - мәтелдер
«Досы жақсының өзі де жақсы»
Балалар енді достық туралы қандай мақал мәтелдер білесіңдер?
1. «Кемшіліксіз дос іздеген адам доссыз қалады».
2. «Дұшпан күлдіріп айтады, дос жылатып айтады».
3. «Жаңылмайтын жақ жоқ, сүрінбейтін тұяқ жоқ».
4. «Киімнің жаңасы жақсы, достың көнесі жақсы».
5. «Жүз теңгең болғанша, жүз досың болсын».
6. «Досы көппен сыйлас,
Досы жоқпен сырлас».
7. «Досы жақсының - өзі де жақсы».
8. «Дос басқа қарайды,
Дұшпан аяққа қарайды».
9. «Ақылсыз достан, ақылды дұшпан артық».
10. «Досың мың болса да - аз,
Дұшпаның біреу болса да - көп»
«Сөйлемді аяқта» тренингі
1) Әрбір адамға дос керек. Өйткені ...
2) Сыйластық бар жерде ...
3) Менің сыныптастарыма немесе досыма тілегім...
Ойын: «Ренжістік, достастық» /әуенмен/
Балалар, бүгін біз « Ренжістік, достастық » ойынымен танысып, ойнаймыз. Мүмкін, нағыз достықтың құпиясын ашатын шығармыз. Менің өтінішім бойынша сендер:
• «РЕНЖІСТІК» дегенде бір-бірлеріңе қарама-қарсы бұрылып, саусақтарыңды безейсіңдер.
• «ТОҚТА» дегенде бір-бірлеріңе арқаларыңмен бұрыласыңдар.
• « ДОСТАСТЫҚ » деген бұйрық берілгенде қол алысып, күлімдеп өз құрбыларыңа сүйіспеншілік туралы ізгі сөздер айтасыңдар
Пікір алмасу
- Сендерге ойын ұнады ма?
- Татуласу ше?
- Татуласқанда қандай көңіл-күйде болдыңдар? /қуанышты, бақытты, көңілді/
- Ал, сендерге ренжіскен ұнады ма?
- Ренжігенде қандай көңіл күйді сезіндіңдер? /уайымды, қайғыны, көңілсіздікті/
Өмірімізді қуанышты да бақытты шақтар көп болу үшін бір-бірімізбен достықта, татулықта болғанға не жетсін.
«Сиқырлы орындық»
Ортадағы бір орындыққа бір оқушы отырады. Қалғандары сол оқушының ұнамды жақтарын айтады.
Жүректен жүрекке:
Оқушылар шеңбер бойымен бір-біріне кезекпен достық тілектерін білдіреді
-Досыңа адал бол!
-Татулық тілеймін!
-Досыңа кек сақтама!
-Кешірімді бол!
-Достық тілеймін!
Қорытынды:
Дос қандай болу керек?
«Нағыз дос» атты алма ағашына, досқа тән қасиеттерді жапырақтар түрінде теріп ілу (Адал, жомарт, адамгершілігі мол, қарапайым, мейірімді, кешірімді, төзімді, ақылды, сабырлы, салмақты, кек сақтамау, ашықтық)
• Қиын кездерде бір-біріне көмек көрсетіңдер
• Досыңды алдамай, оған адал бол
• Досыңды қорлама
• Досыңмен қызықты шақтарды бөлісе біл
• Досыңды барда да сына, жоқта да сына
• Досыңның кемшілігін кешіре біл
Достарыңызбен бөлісу: |