Мемлекеттің қуаты – мемлекеттің геосаяси мақсаттарына жету үшін қолданылатын қолдағы материалдық және рухани мүмкіншіліктердің жиынтығы. Ол саяси, әскери, экономикалық, демографиялық, энергетикалық, технологиялық және ақпараттық қуатты қамтиды. Үлкен территория, энергетикалық және басқа да табиғи ресурстардың болуы, халықаралық көлік дәліздерінің құрылуын қамтамасыз ететін стратегиялық транзиттілік мемлекет қуатының маңызды факторы болып қалуда.
Мемлекеттің геосаяси қуатын бағалау келесі параметрлер бойынша жүргізіледі:
- географиялық (территория көлемі, орналасқан орны, жер бедері, шекараларының ұзындығы мен конфигурациясы, т.б.);
- геофизикалық (климат, табиғи ресурстардың болуы, су ресурстарының болуы, т.б.);
- саяси (саяси режим, басқару және мемлекеттік құрылыс ерекшеліктері, т.б.);
- әлеуметтік (өмір деңгейі, әлеуметтік құрылым ерекшеліктері, халықтың урбандалу дәрежесі, т.б.);
- экономикалық (экономиканың даму дәрежесі, экономикалық өсім қарқыны мен перспективалары, инфрақұрылым, стратегиялық қорлардың болуы, т.б.);
- әскери (қарулы күштердің әскери қабілеттілігі, заманауи қару-жарақтың болуы, әскерилер саны, ядролық қарудың болуы, т.б.);
- мәдени-діни (конфессиялық және ұлттық дәстүрлер, ғылым, білім, денсаулық, т.б. даму деңгейі);
- демографиялық (халық саны, оның құрамы, халық тығыздығы, адам туу және өлім деңгейі, т.б.);
- экологиялық (қоршаған ортаның жағдайы, т.б.).
Өркениеттер Өркениеттер – бұл қандай да бір ортақ айқындаушы нышандары (мәдениет, тіл, дін, т.б.) бар елдердің үлкен конгломераттары. Әдетте дін ортақтығы негізгі айқындаушы нышан болып табылады. Өркениеттер елдерге қарағанда әдетте ұзақ уақыт, мың жылдан астам өмір сүреді (89-сурет). Өркениеттер тізімі (С. Хантингтон классификациясына сәйкес):
Батыс өркениеті
Ислам өркениеті
Индуист өркениеті
Синь (қытай)өркениеті
Жапон өркениеті
Латынамерика өркениеті
Православ өркениеті
Африка өркениеті
Кейбір өркениеттердің (батыс, индуист, синь, православ, жапон және буддист) өзіндік «негізгі», яғни басты елдері (corestates) бар, ал басқа өркениеттердің (ислам, латиноамерикалықжәнеафрикалық) негізгі елдері жоқ. Құрамында corestates бар өркениеттер әдетте анағұрлым тұрақты болады.
Қазіргі өркениеттер бір-бірінен ымыраға келуге азғана мүмкіндік қалдыратын діндер және мәдени құндылықтарымен ерекшеленеді. Танымал американ ғалымы С.Хантингтон болашақтағы халықаралық қатынастардағы қарама-қайшылықтардың қайнар көзін осы деп санайды. Хантингтонның айтуынша, өркениеттердің географиялық көршілестігі олардың жиі қарама-қарсы келуіне, тіпті олардың арасында қақтығысқа да әкеліп соқтырады. Бұл қақтығыстар әдетте өркениеттер қиылысында орын алады. Кейде бұл қақтығыстарды алдын-ала болжауға болады. С.Хантингтонның ойынша, өркениетаралық қарама-қайшылықтар халықаралық қатынастардың маңызды элементі болады. Әрбір өркениет орасан адами және материалдық әлеуетке ие, өзін дүниежүзілік дамудың ықпалды орталығы ретінде бекітуге тырысады және халықаралық қақтығыстарды бәсеңдету өркениеттер көшбасшыларының диалогты қолдауға дайындығы жағдайында ғана мүмкін болады.
Хантингтонның пікірінше, 21-ғасырда батыс өркениеті ұзақ уақыт бойы көшбасшылықты сақтайды, бірақ басымдықтан айрылады. Батыстың өз құндылықтарының әмбебаптығына деген үміті оны ислам және қытай өркениеттерімен соқтығыстыруы мүмкін.