Сабақты зерттеуді (Lesson Study) қалай өткізуге болады?
Мұғалімдер бір-бірінің ашық сабағына жиналғанда маған «Коммандос» фильмінде (атауы осылай ма еді?) бандиттер кепілдікке алып, кішкене аралға апарып тастаған қызын құтқаруға аттанған Арнольд Шварценеггерге қатты ұқсап кететін сияқты болып көрінеді...
Естеріңізде ме, Шварценеггердің сол жорыққа қалайша жиналғандығы?.. Ол сомдаған отставкадағы полковник бет-аузына қара бояу жағып, тұла бойына қару-жарақ асынбаушы ма еді: екі иығында гранатомет және пулемет, арқасында 12-калибрлі мылтық, кеудесіне автомат асынып, қойын-қонышы мен белбеуіне бірнеше тапанша, гранаттар мен пышақтар тығып, тіпті бақайшығына дейін қаруланып алады... Содан кейін Шварценеггердің батыры бүкіл жауларын қырып салып, қызын аман-есен тұтқыннан босатпаушы ма еді?..
Біз де ашық сабаққа бара жатқанда сол Арнольд Шварценеггер секілді жарақтанбаймыз ба? Алайда қарудың орнына тұла бойымызға жағымсыз ниет («Сабақ жаман өтетін шығар! Бұл шіркіннен не күтуге болады дейсің!»), кек не өшпенділік («Қап, бәлем, тоқтай тұр! Өткен жолы менің сабағыма кіріп, быт-шытымды шығара сөгіп едің ғой! Көрейік бүгін!!!»), толып жатқан қатқыл ескертулер мен жағымсыз тұрғыдағы кеңестерді («Сабақты неліктен былай немесе олай ұйымдастырмадыңыз? Оныңыз дұрыс емес!!! Сізге былай жасау керек еді!»), төменгі бағаларды («Сабақ деңгейі төмен болды! Сабақ өз мақсатына жетпеді! Мұғалім өзін көрсете алмады! Ананы, мынаны жасамады!», т.с.с. толып жатқан бағалар) жинаймыз да сабаққа жөңкілеміз...
Ашық сабақтан шыққаннан кейін әлгі әріптесімізді алға шығарамыз да оның сабағын «талқылауға» кірісеміз. Бұл жағдайда «талқылау» мен «талдау» дегеніміз сабақ берген әріптесімізге Шварценеггер секілді гранатомет пен пулеметтерден, автомат пен мылтықтардан жаудыра оқ атып, оған граната мен пышақ лақтыру іспеттес емес пе?..
Айтып-айтпай не керек? Мұндай «талқылау» нәтижесінде әлгі әріптесіміздің мылжа-мылжасы шығып, оның денесі шұрқ тесік болады емес пе? Ал біз болсақ мұндай «талқылаудан» айызымыз қанып, жерден жеті қоян тапқандай риза болып қайтамыз: «Орнынан тұрмастай етіп қатырдық! Белшесінен батырып, сұрақтарға көміп тастадық! Бәлем, қалай екен?!.» Алайда «Өгіздің басына туған күн шөншектің де басына туады!», келесі жолы өзіміз де ашық сабағымыздан кейін дәл осы әріптесіміздей күй кешпейміз бе?..
Сонда әріптесімізге қоятын кінәміз мына талаптың ар жақ-бер жағында: «Сіз неге менің ойыма сәйкес сабақ өткізбедіңіз?! Менің ойымнан шықпадыңыз?!» Құдды бұл мұғалімге ашық сабаққа дейін сабақтың қалай өтуі керектігі бойынша толық нұсқаулар беріп, енді олардың қадағаланбауына реніш білдіріп жатқандаймыз. Алайда біз ол мұғалімнен сабақ алдында сөйлескен де жоқпыз ғой! Оған өз көмегімізді ұсынған да жоқпыз емес пе?! Ал енді сабақтан кейін біз оған мін тағуға қандай құқығымыз бар? Және де біздің талаптарды орындау шарт па еді? Олар қай нормативтік құжаттарда жазылған екен?.. Бәріміз де білеміз - біздің ашық сабаққа қоятын мініміздің барлығы да субъективтік сипатта: «Мен осылай ойлаймын!» «Мен осылай шештім!» дегеннің тұрғысында ғана.
Осылайша көкбеттеніп, мұғалімдер бір-бірін ашық сабақтан соң соққы мен тепкіге салып жатады. Бұл маған бір үйдің балаларының бірін-бірі аяусыз таяқтағанмен бірдей болып көрінеді....
Япырмау, біз неліктен ашық сабаққа осындай жаман ниетпен барамыз?!.
Баяғы жараға жабысқан шыбын секілді неліктен сабақтың сәтсіз жақтарына ғана назар аударамыз?!.
Неліктен біз бір-бірімізді төмен тұқыртқаннан рахат аламыз?! Неліктен біреуді шенегенді, сынағанды жақсы қылық деп түсінеміз?!. Неліктен сабақтың тек сәтті болған жақтарына назар аудармаймыз?!. Неліктен бір-бірімізді көтермелемейміз, мақтамаймыз?! («Болатын елдің баласы бірін-бірі «батыр» дейді»). Жылы сөзді бір-бірімізден аяймыз ба? Әлде жылы сөйлеп дағдыланбағанбыз ба? Әлде ұстаздар арасында тек суық сөз, сынау мен шенеу, кемсіту мен дандайсып бір-біріне ақыл айту мықтап орын алған ба? («Болмайтын елдің баласы бірін-бірі ... дейді»).
Неліктен біреудің сабағын өз әдістемеміз бен талаптарымыз деңгейінен бағалаймыз? Неліктен сабақты мұғалім әрекеттері тұрғысынан ғана бағалаймыз?!. «Мұғалім тақырыпты терең/таяз меңгерген... Мұғалім сабақты жақсы/жаман түсіндірді... Мұғалім ананы немесе мынаны жасауы керек еді, алайда жасамады». Ал оқушылар қайда қалды сонда?.
Неліктен сабақты бағалау оқушылар әрекеттері тұрғысынан емес?!. Мәселен, «Оқушылар кереметтей түрде белсенді болды! Бәрін де өздері жасады: өздері тақырыпты оқыды, талқылады, өзіндік пікір құрастырды, кесте/ диаграмма/ схема жасады, эссе жазды, оларды бір-біріне оқып берді, біріне-бірі көмектесті, бірін-бірі үйретті, бірін-бірі демеп, қолпаштап отырды!» деп... Мұндай әрекеттерді ұйымдастырған мұғалімнен айналып кетейін!!!
Дәл осы секілді сұрақтар жетерлік...
Ал егерде біз әріптестеріміздің ашық сабақтарына барғанымызда қару-жарақ асынбай, гүл алып барсақ қайтеді? Тырнақ астынан кір іздемей, қар астынан гүл іздесек қайтеді?!.
Бүгінгі күні мұғалімдер бір-біріне, оқушыларға деген ынта-құлықтарын түбегейлі өзгертуі керек. Бір мектептің ұстаздары бір-бірін еш аяушылықсыз сынамай, керісінше, ынтымақты орта құруы керек: бір-бірін сыйлауы, бір-бірімен ақылдасуы керек. Бір ұжым құдды бір тату-тәтті өмір кешіп жүрген жанұя секілді болуы шарт. Бұл жанұяда адамдар арасында (ұстаздар, ата-ана, шәкірттер, әкімшілік) тек келісім, сенім, сыйлау, қамқорлық, жауапкершілік, үйлесімдік секілді тамаша қасиеттерге негізделінген қарым-қатынас орнағаны абзал.
Сонда ашық сабақтарды талқылау да бұрынғыдай қырып-жою емес, ақылдасу, бірлесе сабақта туындаған проблемалар мен қиыншылықтарды талдап, оларды түзету, сабақты бұдан да бетер жақсарту тұрғысынан өтетін болады. Ешкімді де талқылау барысында қорламай, кемсітпей, өлтіре сын айтпай, шымбайына бататын сөз айтпай, іскерлік тұрғысынан сабақтың мықты жақтары мен олқылықтарына тоқталып, олардан барлық ұжымға пайдалы болатындай қорытынды жасау қажет.
Осы тұрғыдан алған, елімізде деңгейлік бағдарламалармен байланысты соңғы кезде көп тарай бастаған әйгілі Lesson Study әдісінің педагогикалық жұртшылыққа берері мол. Бұл әдістің негізгі мағынасы мынада.
Біз бәріміз де өз тәжірибемізді, оның ішінде сабақ беру практикасын жақсартуға мүдделіміз: «Әрбір келесі сабақ алдыңғы сабақтан жақсы болуы керек!» деген ұран ұстанамыз. Даму мен ілгерілеудің формуласы осы да болар!
Ал біз сабақтарымызды (кеңінен алғанда, практикамызды, тәжірибемізді) қалай дамытамыз, жақсарта аламыз? Олардың қай жағын жақсартамыз? Қалай жақсартамыз?
Бұл сұрақтарға жауапты Lesson Study әдісі бойынша біз екі түрлі тұрғыдан ала аламыз:
1) Басқа мұғалімдермен бірлесу арқылы: сабақтарымызды: а) жоспарлау, ә) бақылау, б) талқылау мен қорытынды жасаудың негізінде.
2) Оқушы пікірін ескеру арқылы: а) оқушылармен сұхбаттасу, олардың мүдделерін, ой-пікірін, қалау-сұраныстарын білу, ә) сабақта оқушылардың үйрену және қарым-қатынас әрекеттерін бақылау арқылы.
Lesson Study-ді қалай ұйымдастырып қолдануға болады? Әрине, оның амалдары көп және әрқилы. Елімізде жапон ғалымы Тошиа Чичибу мен ағылшын педагогы Пит Дадлидің Lesson Study туралы пікірлері кеңінен таралған (қараңыз: Lesson Study бойынша мұғалімдерге арналған нұсқаулық/Т. Чичибу (Жапония), Л. Ду Тоит (Оңтүстік Африка), А.Тулепбаева (Қазақстан Республикасы). - «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы, Астана, 2013. – 70 бет).
Қатып қалған дүние жоқ. Бұл ғалымдардың идеяларын біз шығармашылықпен қабылдап, өз кәдемізге жаратуымыз керек, өз тәжірибемізге бейімдеуіміз қажет. Мен өз практикамда Lesson Study-ді сәл-пәл өзгертіп, оны ықшамдап қолданып жүрмін. Оқырмандарға Lesson Study-дің өз түсінігімдегі үлгісін мысал ретінде ұсынғым келеді.
Менің түсінігімдегі Lesson Study мынандай қадамдардан тұрады.
1) Алдымен Lesson Study тобын құрып алу керек. Топ құрамында қанша адамның болатындығын өздеріңіз де шешесіздер, алайда дұрысы 4-6 мұғалімнен тұрғаны. Олар Lesson Study-дің мақсатына байланысты тек бір пән өкілдерінен (мысалы, физиктерден) немесе осы сыныпта сабақ беретін мұғалімдерден (қазақ, орыс, ағылшын тілдері, математика, физика) тұруы мүмкін. Олардың біреуі сабақ жүргізуші болады да, қалғандары бақылаушы болады.
2) Екінші айқындауды талап ететін мәселе: Lesson Study-дің мақсатын және күтілетін нәтижелерді айқындап алыңыздар. Мысалы, Lesson Study сабағы 8-сыныпта математика пәні бойынша өткізілетін болса, онда мүмкін мұғалімдер алдына мынандай мақсат қоюына болады: «8-сынып оқушыларының сабаққа деген қызығушылығын топтық жұмыстың нәтижелілігін арттыру арқылы өсіру», яғни ұстаздар сабақ ауқымында (сабаққа дейін, кезінде, кейін) «Топтық жұмыстың тиімділігін қалай арттырамыз?» деген сұраққа жауап іздейді. Енді олар сабақты бірлесе жоспарлағанда да, оқушылардан интервью алып, олардың жұмысын бақылағанда да, сабақты талқылағанда да осы сұрақтың ауқымында болады.
3) Сабақты жоспарлау. Мәселен, сабақ осы аптаның сәрсенбісі күні өтеді делік. Дүйсенбі күні Lesson Study тобының алғашқы бас қосуында сабақ өткізетін математика пәнінің мұғалімі (оны шартты түрде Бақыт Жақанбайқызы деп атайық) қалған 3 мұғалімді (Lesson Study тобының мүшелері) сәрсенбі күні өткізейін деп жатқан сабақтың жоспарымен таныстырады. Бұл жоспарды №1 сабақ жоспары деп атайық (СЖ-1).
Мұғалімдер сабақ жоспарын мақсат тұрғысынан («Топтық жұмыстың тиімділігін қалай арттырамыз?») талдайды, талқылайды, Бақыт Жақанбайқызымен ақылдаса отырып, сабаққа өзгертулер енгізеді. Әрине, мұнда барлық іс-әрекеттер тек сыйластық, бір-бірінің пікірін ескеру тұрғысынан ғана жүзеге асырылуы керек: іскерлік кәсіби атмосфера, ешкім өктемдік жасамайды, «Мен білем!»-ге салмайды, ешбір сын айтылмайды, керісінше назар жоспардың жағымды жақтарына аударылады, мықты «Ми шабуылы» жүргізіледі. Негізгі қағида: «Илеп жүргеніміз – бір терінің пұшпағы» және «Келісе пішкен тон келте болмас». Lesson Study тобының мүшелері барлық ұмтылыстарын сабақты жақсартуға бағыттап жатқандарын бір сәтке де есінен шығармауы керек.
Осындай талқылаудың нәтижесінде бірінші жоспармен салыстырғанда өзгертілген СЖ-2 пайда болады. Бақыт Жақанбайқызы бұл жоспарды қайтадан теріп келуге уәде береді.
4) Қолданылатын құралдар мен оқушыларды таңдау. Сабақ жоспары талқыланған соң, Lesson Study тобының мүшелері оқушылардан интервью алғанда, оларды сабақта бақылағанда қандай құралдарды қолданатындығын айқындап алу керек. Олар «Интервью мен бақылаудың толып жатқан кестелері бар, алайда осы сабақта бізге солардың қайсысын қолданған орынды болар?» деген мәселені талқылайды, сұхбат пен бақылау құралдарын таңдап, соларға мақсатқа байланысты («8-сынып оқушыларының сабаққа деген қызығушылығын топтық жұмыстың нәтижелілігін арттыру арқылы өсіру») өзгертулер енгізеді.
Мәселен, мұғалімдер оқушылармен сабаққа дейін және сабақтан кейін сұхбат құру үшін мынандай сұрақтардан кесте құрып, оны қолдануы мүмкін (осы сұрақтардың ішінен таңдап, 3-5 сұрақ қойса жеткілікті):
- Сабақ ұнады ма? Неліктен? 3 дәлел келтіріңізші.
- Сабақтың қай жерлері ұнады? 2 жерін атаңызшы.
- Сабақ тақырыбының сіз үшін қандай маңызы бар деп ойлайсыз? 3 дәлел келтіріңіз.
- Сабақтың ең қиын болған жерлері қандай болды? 2 жерін атаңызшы.
- Бүгінгі үйренгеніңіз сіз үшін болашақта қажет болады деп ойлайсыз ба? Неліктен? 3 дәлел келтіріңізші.
- Осы тақырып (мәселе) бойынша тағы да не білгіңіз келеді? 2 мәселені атаңыз.
- Осы тақырып (мәселе) бойынша қандай ақпарат көздерін қарастырасыз?
- Бұл проблеманы шешуде сіздің үлесіңіз қандай болды деп есептейсіз? 3 дәлел келтіріңіз.
- Топта қандай әрекеттер атқардыңыз?
- Топтық жұмыстағы тиімді 4 әрекеттерді атап беріңізші.
- Топта бір-біріңізді тыңдадыңыздар ма? 2 мысал келтіріңіз.
- Топ жұмысы қандай деңгейде өтті деп ойлайсыз? Неліктен? 2 дәлел келтіріңізші.
- Топта сізге ең көп көмектескен кім болды? Қалай көмектесті? 3 дәлел келтіріңізші.
- Сіз топта кімге көмек көрсеттіңіз? Қалай? 3 дәлел келтіріңізші.
- Өз жұмысыңызға қанағаттанасыз ба? Неліктен?
- Өзіңізге қанша қояр едіңіз? Неліктен? 3 дәлел келтіріңізші.
- Топтық жұмысқа қандай өзгерістер енгізер едіңіз? Неліктен? 2 дәлел келтіріңізші.
- Сабаққа қандай өзгерістер енгізер едіңіз? Неліктен? 2 дәлел келтіріңізші.
Мұғалімдер оқушыларды бақылауда да түрлі кестелер құрастырып, оларға мынандай критерийлерді енгізген дұрыс: басқа пікірлермен санасуы, өзіндік пікірлер келтіруі, сұрақтар қоюы, сұрақтарға жауап беруі, топтағы рөлін орындауы, басқаларға көмектесуі, басқалармен тіл табыса білуі, т.б. Оқушының әр әрекеті бойынша бақылаушы өз пікірін келтіріп, соңында шәкірттің жұмысы бойынша мұғалім мынандай қорытынды жасайды: 1) оқушы сабақта қалай оқыды (әрекет жасады) және оның деңгейі қандай; 2) оның жұмысын жақсарту жолдары туралы өз ойын келтіреді.
Енді Lesson Study тобының әр мүшесі (Бақыт Жақанбайқызынан басқа үшеуі, өйткені ол кісі сабақ өткізеді ғой) өздері бақылауға алатын бір оқушыны таңдап алады. Әдетте мұндайда бүкіл сыныптағы оқушыны жалпылама қамту үшін 3 деңгейдегі оқушыларды таңдайды: озат оқушы (оны шартты түрде «А деңгейіндегі оқушы» деп атайық), екпінді оқушы («В деңгейіндегі оқушы»), орташа немес нашар оқитын оқушы («С деңгейіндегі оқушы»).
Осылайша әр мұғалім бір оқушыны бақылау арқылы (мұғалімді емес!) бүкіл сыныптың қалай жұмыс жасағанын, оқығанын, сабақтың мықты жақтары мен түзетуді/жақсартуды қажет ететін тұстарын айқындап алады. Мұнда мақсат біреу: қайткенде тәжірибемізді (практикамызды) жақсарта аламыз?!
5) Оқушылардан сабаққа дейін сұхбат алу. Сейсенбі күні Lesson Study тобының мүшелері таңдап алған оқушылардан (А,В немесе С деңгейіндегі) интервью алып, оны сұхбат парақтарына жазып алады. Оқушыларға олардың пікірі сабаққа өзгерістер енгізу үшін қажет екендігі және де олардың құпия болатындығы туралы айтылады. Сұхбатты оқушының рұқсатымен видеоға түсіріп немесе диктофонға жазып алса да болады. Оның ұзақтығы 5-10 минуттай болғаны дұрыс.
«Оқушы үнін ескеру» деген асқақ идея бұл! Өйткені оқушылар ғой білетін сабақтың қалай өту керектігін, қандай сабақтың тиімді болатындығын, не және қалай оқу керектігін, өйткені солар ғой тұтынушы, біз емес! Алайда көп жағдайда біз олардың ой-пікірлерін елеп-ескеріп жатпаймыз да. Біз, ұстаздар, кейде мынандай даяшыға ұқсап кететін тәріздіміз...
Айталық, сіз жолдастарыңызбен не туған-туыстарыңызбен кафе-ресторанға келіп, тапсырыс күткен даяшыға өздеріңіздің не ішіп-жегісі келетінді айтудасыз. Біреуіңіз: «Мен бірінші тағамға сорпа, екіншіге қуырдақ жегім келеді, бұған қоса көкөніс салаты мен көк шай болса!» десе, екінші адам: «Мен лагман мен бифштекс жеймін. Маған бұған қоса сүт қосқан кофе алып келіңіз!» деп тапсырыс береді. Осылайша барлығыңыз да өз ойыңыз бен қалауыңыздан шыққан тағамдарды сұрап жатырсыздар. Ал даяшы болса сіздердің айтқандарыңызды құлағына да ілмеді. Ол барлығыңызға: «Жә, жетер енді даурықпай! Енді мені тыңдаңыздар! Мен сіздердің айтқандарыңызға жығылмаймын! Керісінше, менің айтқаным болады! Бәріңізге де біріншіге сылдыр сорпа щи, ал екіншіге бризоль беремін! Салат жоқ, ал сусынға бәріңізге де сүті жоқ қара шай! Мен осылай шештім: ішсеңіздер де, ішпесеңіздер де мұнан басқа тағам жоқ сіздерге!» деп қатқылдана сөйлейді.
Осы жерде сіздердің реакцияңыз қандай болмақ? Әрине, сіздер, мұндай кафе не ресторанда қалмайсыз, өре түрегеліп, реніштеріңізді білдіріп, басқасына кетесіздер, өйткені сіз өз қалауыңыз бойынша тамақ ішуге дағдыланғансыз, өйткені не және қалай тамақ ішу керектігін сіз өзіңіз шешкіңіз келеді.
Дәп осылай біз де оқушының білім алу, оқу мен үйрену барысындағы мұң-мұқтажын, қалауы мен тапсырысын, мүддесін білуіміз керек, оқыту мен үйретуді соларға бейімдеуіміз керек! Оқушыдан сабаққа дейін және кейін интервью алудың осындай ұлы мақсаты бар.
6) Lesson Study тобының №2 отырысы. Ендігі мақсат оқушылардан алған интервью негізінде сабақ жоспарына тағы да өзгертулер енгізу. Талқылау барысында оқушылардың мүдделері мен қалаулары, ескертпелері мен ұсыныстары ескеріліп («Мен интервью алған оқушы былай деп ұсыныс жасады...», «Менің оқушым былай деді...», «Оқушының айтуы бойынша, былай жасаса, тиімді болады екен. Осыған қалай қарайсыздар?», «Былай жасаса, оқушыларды қызықтырады екенбіз!» деген секілді), сабақ жоспарына тағы да өзгерістер енгізіледі. Осы жерде Бақыт Жақанбайқызы алып келген СЖ-2-нің негізінде СЖ-3 жасалады. Осы толықтырылған жоспарды ертең ол кісі сабақта қолданады.
7) Lesson Study сабағы. Сәрсенбі күні Бақыт Жақанбайқызы сабақты СЖ-3 бойынша жүргізеді, ал Lesson Study тобының басқа мүшелері өз оқушыларының, ол отырған топтың қалай оқып-үйреніп жатқанын бақылайды, оны бақылау кестесіне түсіреді. Сабақ барысында бақылаушы мұғалім бір орында отырмай, сыныпты аралап, қажет болған жағдайда оқушылармен әңгімелесуі де ықтимал. Ол, мысалы, топ жұмысының сапасын айқындау, оның тиімділігін анықтау мақсатында оқушыларға (тек өзінің оқушысына емес, басқаларға да) мынандай сұрақтар қоюы ықтимал: «Сіздер қазір не істеп жатырсыздар? Не үшін? Оның мақсаты қандай? Оны қалай жасайсыздар? Неліктен олай? Рөлдер мен міндеттерді қалай бөліп алдыңыздар? Сіздерге қандай тапсырма берілді? Тапсырма қызық па? Түсінікті ме? Қиын ба? Құнды ма? Бір-біріңізбен тіл табысып жатырсыздар ма? Сіздің ортақ жұмысқа қосқан үлесіңіз қандай? Бұл жұмыстың нәтижесі қандай болады? Сіздер дұрыс жасап жатырсыздар ма? Сіздерге қандай көмек керек?»
Бақылаушылар басты назарын өздеріне бөлінген оқушы мен соның тобына салады. Алайда бұл олардың бүкіл сыныпты, басқа балаларды назарынан тыс қалдырады деген сөз емес. Егер сабақты жақсарту үшін оларды да бақылаудың қажеті болса, онда көз қиығын бүкіл сынып пен басқа оқушыларға, топтарға салу қажет. Мұнда тек сабақ өткізіп жатқан мұғалімді ғана қадағаламаған дұрыс. Оны не үшін жасауымыз керек, егерде бұл сабақ енді Бақыт Жақанбайқызының сабағы болмай, барлығымыздың сабағымызға айналса, өйткені оның жоспарын бәріміз де бірлесе отырып, құрастырдық емес пе? Егерде біз бұл сабаққа Бақыт Жақанбайқызын сынау үшін келіп емес, ол кісіден және оқушылардан, бүкіл сабақтан үйрену үшін, сабаққа өзгерістер мен тузетулер енгізу арқылы оны жақсарту, өркендеті үшін, осы арқылы бүкіл тәжірибемізді дамыту үшін келсек?! Не үшін сынаймыз, егерде Бақыт Жақанбайқызы және басқа да әріптестеріміз біз үшін аяулы әріптес, дос, жолдас-жаранға айналған болса? Біз оларға тек жақсылық тілейміз, тек жақсы сөз айтамыз, тек жетістіктерін паш етеміз!
Lesson Study-дің негізінде жатқан тағы да бір ұлы идея осы!
Тошиа Чичибу Lesson Study сабағында мұғалімнің де әрекеттеріне көз салған жөн дейді. Алайда бізде бұл ұстаным баяғы ашық сабақтағы тек мұғалімнің әрекеттерін бақылап, қадағалауға қайтадан алып келуі әбден мүмкін. Сол себепті де мен сабақ барысында негізінен тек оқушыларды бақылауды ұсынамын.
8) Оқушылардан сабақтан кейін сұхбат алу. Сабақ аяқталысымен іле-шала Lesson Study тобының бақылаушы мұғалімдері өз оқушыларынан интервью алады. Ол үшін балалармен оңаша жерде әңгімелескен жөн: ешкім мазаламайтын, бөгет болмайтын, оқушының өз ой-пікірін емін-еркін айтатын орын болғаны дұрыс.
Оқушылардың сабақ және үйрену үдерісінің қалай өткендігі туралы мынау секілді 3-4 сұрақ қойылады: «Сабақ қалай өтті? Ұнады ма? Ең қызық/ұтымды жерлері қандай болды? Сабақта үйренген 3 маңызды нәрсені атаңыз. Үйренгенді келесі сабақта қалай қолдана аламын деп ойлайсыз? Не қиын болды? Топ жұмысына қандай баға бересіз? Топ жұмысы тиімді болды ма? Мақсаттарыңызға жеттіңіз бе? Егер сіз мұғалім болсаңыз, осы сабаққа қандай өзгерістер енгізер едіңіз? Өз жұмысыңызды қалай бағалайсыз? Топта кімге алғыс айтқыңыз келеді?» Әрине, бұл сұрақтардың азғантай бір бөлігі ғана. Мұндай сұрақтарды сабақта қойған мақсаттарға сәйкес әр мұғалім ондап-жиырмалап, өзі де құрастыра біледі деп ойлаймын.
9) Сабақты талқылау. Осы сәрсенбі күні Lesson Study тобы №3 отырысқа жиналады. Сабақты талқылауда мұғалімдер өз ойларын ортаға салады. Мұнда олар пікірталастан мейлінше бас тартуға ұмтылып, бірін-бірі тыңдауға, ортақ мәмілеге келуге тырысуы керек. Талдау барысында алдымен сабақтың сәтті шыққан тұстары мен олардың себептері анықталады. Осыдан соң сабақта жүзеге асырылмаған жәйттер (мұғалімдердің «кемшіліктер», «қателер», «олқылықтар», «сәтсіздіктер» секілді негативті мағынасы бар сөздерден бас тартқаны жөн, олардың орнына «жүзеге асырылмаған», «қол жетпеген» секілді жұмсақ сөздермен алмастырған жөн) талқыланып, олардың себептері анықталады. Lesson Study сабағының басты мақсаттарының бірі сабақты жақсарту болғандықтан, талқылауда осы мәселе тұрғысынан ұсыныстар жасалып, олар сабақ жоспарына енгізіледі.
Талқылау қорытындысы болып СЖ-4 табылады. Бұл жоспар Lesson Study тобының үш отырысының, оқушылармен өткізген екі сұхбат, сабақта оқушыларды бақылау нәтижесі ретінде танылады.
Әрине, бір Lesson Study сабағы нәтижесінде «8-сынып оқушыларының сабаққа деген қызығушылығын топтық жұмыстың нәтижелілігін арттыру арқылы өсіру» деген тақырыпты шешу қиындау болар. Сондықтан да Lesson Study тобы осы құрамда кем дегенде 3 Lesson Study сабағын өткізуі керек, яғни Бақыт Жақанбайқызы (немесе топ құрамына кіретін басқа мұғалімдер басқа сабақтарда) математикадан тағы да екі сабақ өткізіп, бірінші сабақта бақылаушы болған мұғалімдер сол сабақтарға қатысуы керек.
Lesson Study сабақтарының кестесі мынандай болады:
Достарыңызбен бөлісу: |