3 ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ НЫҒАЮЫ ТАРИХИ ЗЕРТТЕУЛЕРДЕ (ХY ғасырдың 70-жылдары – ХYІ ғасырдың бірінші ширегі)
3.1 Этникалық аумағының қалыптасуы
Қазақ халқының сан ғасырлар бойғы отарлық бұғаудан босап, өз алдына дербес шаңырақ көтеруіне байланысты, 90-жылдардың бас кезінде кейбір көрші мемлекеттердің баспасөз беттері мен тарихи зерттеулерінде Қазақстан аумағы жөнінде тарихи шындықты бұрмалау, оның батыс, шығыс аймақтарын өздеріне қарату әрекеттері орын алғаны белгілі.
Осы саяси фактор ықпалымен болсын, тарихи таным тұрғысынан болсын, қазақ халқының этникалық аумағының қалыптасу тарихын зерттеу отандық ғалымдар алдына маңызды проблема ретінде қойылды. Соның нәтижесінде М. Қозыбаевтың, М. Мұқанов, К. Нүрпейісов, Ю. Романов, А. Ақышев, И. Ерофеева, К. Пищулина, Н. Әлімбаевтың қатысуымен жазылған 1990 ж. "Ақиқаттан аттамайық" атты шолу мақала жарық көрді [442; 443, 92, 132б]. Онда Қазақстан шекарасының тарихын анықтауда қазақ халқының шаруашылық, мәдени-географиялық, этнологиялық ерекшеліктерін ескеру керектігі жөніндегі методологиялық маңызы бар мәселе көтерілді. Солай бола тұрғанымен бұл үрдіс аталмыш проблеманы зерттеуде кең көлемді ізденістерге ұласа қойған жоқ.
ХY ғасырдың 70-жылдарынан ХYІ ғасырдың бірінші ширегіне (Қасым ханның өліміне) дейінгі мерзімде Қазақ хандығының этникалық аумағының қалыптасуы арнайы зерттеу нысаны болмағанымен, бұл кезеңге отандық тарихнамада қазақ мемлекеттілігінің нығайып, халықаралық аренаға шығуы ретінде ерекше назар аударылды. К.А. Пищулина ХY ғасырдың соңғы он жылдықтары мен ХYІ ғасырдың басында Қазақ хандығы экономикалық жағынан нығайды және қазақтардың этникалық жерінің едәуір бөлігін қосып алып, аумақтық жағынан кеңейе түсті деп жазса [444, 344б], Кәрібаев Б. ХY ғасырдың соңы мен ХYІ ғасырдың бастапқы жылдары Қазақ хандығы тарихында ерекше орын алады деп көрсетеді [445; 446, 139б]. Соңғы автор бұл мерзімді Қазақ хандығының оңтүстік және оңтүстік-шығыстағы көршілері – Темір ұрпақтарының мемлекеті мен Моғолстан хандығының әлсіреуі және күйреу процестері орындалған, Қазақ хандығының территориялық жағынан кеңейіп, мемлекеттік тұрғыдан нығаю кезеңі ретінде сипаттайды.
Бұл тұжырымдар ХY ғасырдың 70-жылдарынан ХYІ ғасырдың бірінші ширегі аралығындағы уақытты Қазақ хандығының нығаюы мен этникалық аумағының қалыптасуы ретінде қарастыруымыздың ғылыми негізділігін, тақырыптық мазмұны мен хронологиясының үндестігін танытады.
Қазақ хандығының этникалық аумағы, тұрғындарының көші-қон бағыттары мен орналасуы туралы негізгі дерек көздері "Тарих-и Рашиди", "Тауарих-и гузида-йи нусрат-нама", "Фатх-нама", "Шайбани-нама", "Михман-нама-йи Бухари", "Зубдат ал-асар", "Тарихи Кыпчак-хани" сияқты шығыс авторларының шығармалары, орыстың "Книга Большого чертежа", австриялық дипломат С. Герберштейннің "Записки о Московии" деген күнделігі, болып табылады. Бұлардағы Қазақ хандығының аумағы туралы мәліметтер шашырандылығымен, басқа оқиғалар санатында ұшырасатын жанамалық сипатымен көрінеді, бірақ олардың аталмыш проблема тарихының деректік негіздерін құрайтындығына күмән тудырмайды. Басқаша сөзбен айтқанда, қазіргі таңда Қазақ хандығының этникалық аумағының қалыптасу тарихын зерттеуде қол жеткізген жетістіктердің объективттік сипатта екендігінде сөз жоқ.
Бұл проблемаға қатысты кейбір тұжырымдар ХІХ ғасырда – А.И. Левшиннің, Ш. Уәлихановтың, В.В. Вельминов-Зерновтың еңбектерінде ұшырасады. Өткен ғасырдың 30-40-жылдарында жарық көрген С. Асфендияровтың "История казахского народа"[195, 101б], П.П. Ивановтың "Казахи и Кокандское ханство"[447, 92б] т.б. зерттеулерде ХYІ ғасырдағы қазақ жерінің шекаралары туралы шағын деректер келтірілген .
Қазақ халқының тарихы алғашқы рет біршама толық баяндалған "Қазақ ССР тарихы" деген еңбекте Жәнібек хан ұлысының этникалық аумағы Шу өзенінің төменгі ағысындағы Созақтан Таразға және Шу жазығынан Сайрамға дейінгі жерлерді қамтиды деп жазылды [295, 104б]. Осы анықтама "Қазақ ССР тарихы" деген кейінгі кезеңдерде жарық көрген нұсқаларында да қайталанып отырылды.
С. Жолдасбайұлы өткен ғасырдың 70-жылдарында жазба деректердегі жер аттары мен археологиялық зерттеулер деректерін салыстыра отырып, ХY ғасырдың екінші жартысындағы Қазақ хандығының шекарасын анықтауға ұмтылды. Автор Керей мен Жәнібектің Шу бойы мен Қозыбасы тауы өңіріне көшіп келгендігі туралы деректі нақтылап, бұл мемлекеттің алғашқы аумағы Қаратаудың солтүстігі мен Шудың төменгі ағысы (Көк мұрын, Той) деп жазады [295, 74б]. Оған тағы бір дәлел ретінде автор қазақтардың алғашқы ордасы, аңыз бойынша, Көк Мұрын мен Тойда болған дейді. Бұл жерлер Шудың төменгі ағысындағы Қара Мұрын сайынан 104 шақырым жерде. Ә.Х.Марғұланның пікірі бойынша, Той арқылы Бетпақдаланы басып өтетін керуен жолымен кейінгі уақытта қазақтар Сарысу, Кеңгір, Ұлытауға дейін барып жайласа, ал қыста оңтүстікке қайта оралып, Қаратау және Шу, Сырдария, Талас өзендерінің бойындағы қыстаулары мен қалаларында қыстаған [448, 27б].
"Тарих-и Рашидиде" Қазақ хандығының алғашқы ту тіккен, шаңырақ көтерген жері туралы мәлімет бар. Осы мәселені нақтылап зерттеген К. Ақышев, М. Хабдулина қазақтардың ХY ғасырдың 50-жылдарында Шу мен
Қозыбасы өңіріне барып орналасқаны жөнінде айта отырып, Мұхаммед Хайдар хандықтың батыс және шығыс шекараларын ғана белгілеген болу керек дейді. Бұл тұжырым авторлардың ХY ғасырдағы ескерткіштердің орналасуы жөніндегі тарихи топографиялық, сонымен қатар ХYІІ-ХYІІІ ғасырдың картографиялық негіздерін зерттеу қорытындыларына иық тірейді [425 ].
К.А. Пищулина Қазақ хандығы алғашқы кезде Жетісудың батыс тарабын (Шу мен Талас алқаптарын) алып жатты; ол Орталық және Оңтүстік Қазақстаннан қоныс аударып келген ру-тайпаларды ғана емес, Жетісу алқаптарын, тау сілемдерін ежелден мекендеп келе жатқан басқа да тайпаларды біріктірді деп қана көрсетеді [449, 58б]. Тұжырымның біршама жалпыламалық сипаты дерек көздерінің Қазақ хандығының алғашқы мекені туралы танымдық мүмкіндігінің шектеулігінен туындаса керек. К. Ақышев пен Х. Хабдулина жүргізген археологиялық, палео-этнологиялық және топографиялық зерттеулері Мұхаммед Хайдар айтып кеткен Шу мен Қозыбасы өңірінің шекараларын анықтауға мүмкіндік берді. Жәнібек пен Керей ұлысының аумағы аталмыш дерек көзінде көрсетілгенінен үш-төрт есе кеңірек болып танылды. Мемлекет шекарасы батыста Шу жазығымен, Қаратаудың солтүстік-шығыс етегімен шектелді. Шығыста Іле Алатауының солтүстік-батыс жағын, Бесбатыр, Дегерес, Қозыбасы жоталарын қамтыды
[423].
Егер бұл тұжырым ғалымдар тарапынан қолдауға ие болса, Қазақ хандығының біршама ауқымды территорияда ту тіккенін қазақ жерлерін біріктіруге кіріскенде Керей, Жәнібек, Ақназар хандардың жеткілікті экономикалық және адам ресурстарына арқа сүйегендерін көреміз. Ал, отандық тарихнамада алғашқы Қазақ хандығының күш-қуаты туралы айтыла бермейді, оның өз аумағын кеңейтудегі себептері қарсыластарының дағдарысқа ұшырауы, өзара тартыстары, әскери сәтсіздіктері сияқты факторларды пайдалануда Қазақ хандарының ептілік танытуымен, нәтижесінде әскери-саяси қолайлы жағдайлардың қалыптасуымен түсіндіріледі.
Алғашқы қазақ хандарының сыртқы саясат саласындағы іс-әрекеттері ата-бабаларына тиесілі Ақ Орда мемлекетінің жерін өздеріне қаратуға тырысқаны барлық зерттеулерде көрсетіледі. Бірақ бұл мемлекеттің аумағы нақтылы анықталмаған. Ортағасырлық деректерде Шайбани мемлекеті мен Ақ Орда шекараларының бірдей болғандығы ғана айтылады. Б.Д. Греков, А.Ю. Якубовский, К. Шаниязовтың зерттеулеріне қарағанда, Ақ Орда құрамына Сырдарияның орта және төменгі ағысындағы өңірлерден басқа, Дешті-Қыпшақтың далалық және орманды алқаптары, яғни қазіргі Қазақстан мен Батыс Сібірдің аумағы кірген [381, 226б; 450, 87б]. Орталығы Сығанақ қаласы болған.
Дерек көздерінде Керей мен Жәнібектің далалық өңірлердегі қазақтардың этникалық аумақтарын Қазақ хандығының құрамына қосып алуға бағытталған іс-қимылдары туралы аз айтылады. Оның есесіне Әбілқайыр ханның немерелерінің Түркістан мен далалық өңірлерде шайбанилар үстемдігін қайта қалпына келтіруге тырысқан әрекеттеріне және оларға байланысты оқиғаларға көбірек көңіл бөлінген. Шайбанилық тарихшылардың мәліметтері көбінесе Түркістан және Арал теңізінің жағалауы, Қаратаудың Солтүстік беткейін ғана қамтиды.
Қазақ хандары да өздерінің ата-бабаларының Сыр бойындағы иеліктерін қайтаруға ұмтылды. Бұл әрекеттер ортағасырлық дерек көздерінде бұрмаланып көрсетілді. Сарай тарихшыларының тұжырымдарына сын көзбен қарамаған кейбір отандық зерттеушілер де Қазақ хандығының этникалық аумағының қалыптасуы көршілес мемлекеттердің жерлеріне шапқыншылықтар нәтижесінде қалыптасты деген ғылыми негізі жоқ пікір айтады. С.Е. Толыбеков: "Көшпелі қазақ хандығы құрылған сәттен бастап ол кейде Моғолстанмен одақтасып, кейде жеке өзі Орта Азияның көршілес отырықшы тұрғындарын "тонаушылықпен айналысты", – дейді [302, 184185б]. Белгілі ғалымның мұндай сыңаржақты пікірі, әрине, дерек көздерінің ерекшеліктерінен ғана емес, кеңес тарихнамасында көшпелілерді "қиратушы", "жабайы" күш ретінде көрсететін идеологиялық концепцияның үстем болуынан туындап отырғаны белгілі. Сол себепті соңғы уақытта ғалымдар Орта Азия мен Қазақстан кеңістігіндегі этникалық және аумақтық процестерді динамикалық (статикалық емес) сипатта қарастыруға бейімділік танытада. Осы зерттеу әдісі жөнінде К.А. Пищулина "Территория" деген мақаласында былай деп көрсетеді: "Қазақ жайлаған, одан бұрын қазақ халқын құрған ру-тайпалар жайлаған жер жайлы... пікір қайшылығынан, дерек қайшылығынан тек қана бір жол арқылы – этносты құрған этникалық компоненттерді, этникалық аймақты қатып қалған қағида күйінде емес, жанды тарихи құбылыс ретінде, қозғалыс үстінде қарау көршілес халықтардың тарихи тағдырымен салыстыра отырып, әрбір этникалық топтың өзінің қазіргі, негізгі жеріне қай уақытта, қалай жылжыды, міне, осындай нәрселерді анықтау арқылы ғана арылуға болады" [420, 49б].
К.А. Пищулина, Т.И. Сұлтанов, Н. Мингулов, Б. Кәрібаев, П.П. Иванов, С. Асфендияровтың еңбектерінде қазақ хандығының этникалық аумағының қалыптасуының негізгі кезеңдері мен географиялық бағыттары қарастырылды. Алғашқы төрт ғалымның зерттеулерінде 60-жылдардың аяғы мен 70-жылдардың басында Орталық және Оңтүстік Қазақстаннан Әбілқайырдың өлімінен кейін орын алған дүрбелеңнен бас сауғалап келген көшпелілер есебінен Қазақ хандығы халқының саны арта түскендігі, сонымен қатар 70-жылдардан бастап Оңтүстік-Шығыс Қазақстанда қазақ әміршілеріне қарсы тұрарлықтай күштің болмағандығы жөнінде қорытындылар жасалынды, Сыр өңірі үшін күрестің экономикалық және стратегиялық маңыздылығына тоқ-талынды [48, 105б; 427, 61б; 451, 69121б; 189, 241-243б; 452, 73-89б; 453].
Түркістан тарихын зерттеушілер Е. Смағұлов пен М. Тұяқбаев ХY ғасырдың 60-70 жылдары кезіндегі бұл өңірдегі саяси және әскери ахуал жөнінде Сыр бойы қалалары үшін тимуридтер, шайбанидтер, қазақ және моғол хандары бір-бірімен күрес жүргізді, Сырдария далалары олардың соғыс алаңына айналды деп жазды [454-40].
Б. Кәрібаев қазақ хандары Түркістан аймағындағы істерге ХY ғасырдың 70-жылдарынан араласа бастады деп қана жазса [453-86], К.А. Пищулина Шығыс Дешті Қыпшақтың далалық аудандары мен Оңтүстік Қазақстанның (Түркістанның) қала орталықтарында үстемдік орнату жолындағы күрес ХY ғасырдың 70-80-жылдарында Жәнібек және Керей хандар мен олардың мирасқоры Бұрындық ханның іс-қимылдарының негізгі бағыты болды деп көрсетеді [444, 345б].
Дерек көздерін тереңдей оқып және осы негізде пайымдауға байланысты Қазақ хандығының ХY ғасырдың соңына қарайғы уақыттағы Оңтүстік Қазақстан аумағында өзіне қаратқан иеліктері жөнінде шағын айырмашылықтар бар екендігі байқалады. Мысалы, Б. Кәрібаев ХY ғасырдың соңғы ширегінде Қазақ хандығы Сырдың Солтүстік өңіріндегі Сығанақ, Созақ және Сауран қалаларының төңірегіне ие болды дейді [453, 86б]. Дегенмен бұл мәселеде Сыр өңірі және ондағы қалалар, үшін күрес барысын зерттеуде Қазақ хандығы тарихын көптен зерттеп келе жатқан К.А. Пищулина нақтылық танытады және бұл мәселе төңірегіндегі тұжырымдары толық та, нанымды көрінеді. Автордың көрсетуінше, ХY ғасырдың аяғында (яғни Б. Кәрібаев айтып отырған мерзімде) Қазақ хандарының билігі Сығанақта, Сауран мен оның төңірегінде (солтүстігінде), Қаратаудың Созақпен қоса алған жапсарлас ауданы және оның теріскейі мен күнгейіндегі, Сырдарияның төменгі ағысындағы басқа да қоныстарда, Арал өңірінде орнаған. Сонымен ХYІ ғасырдың соңғы үштен бірінде Оңтүстік Қазақстанның едәуір бөлігі, көптеген далалық аудандар Қазақ хандығына қараған ] 449, 58б; 444, 353б]. Н.Н. Мингулов та "К некоторым вопросам изичения Ак-Орды" деген еңбегінде нақ осындай тұжырымға келген [48, 118б]. Бұл автор тек Қазақ хандығына Арал өңірінің солтүстік жағалауы қарағандығы жөнінде ғана өз пікірін білдіреді, сонымен қатар Орталық Қазақстанның көп бөлігінің де қосылып алынғандығы туралы жазады.
Осы мәліметтерге қарағанда, С. Смағұлов пен М. Тұяқбаевтың ХY ғасырдың соңында Мұхаммед Шайбани өз қол астында Отырар, Йасы, Арқұқ, Өзгент, Сығанақ, Сауран қалаларын сақтап қалды, Қазақ хандығына тек Созақ уалаяты ғана қарады деген тұжырымдары әлі де нақтылай түсуді қажет етеді деп ойлаймыз [454, 21б]. Бұлай деп айтуымызға К.Ш. Шаниязовтың зерттеу қорытындылары да дәлел бола алады. Ол өзінің "ХІYХYІІ ғасырлардағы өзбектердің этникалық динамикасы және этникалық байланыстарының кейбір мәселелері" деген еңбегінде: "ХY ғасырдың аяғы – ХYІ ғасырдың бас кезінде қазақ халқының күшейіп алғаны сондай, олар өз көші-қондарын қорғауға қабілетті болып қана қоймай, шайбанилық өзбектерге қарсы сәтті жорықтар да ұйымдастыра алды. Өзбектердің бір бөлігі Мауреннахрға кетіп қалғаннан кейін қазақтар біртіндеп Шығыс Дешті-Қыпшақтың далалық өңірін өздеріне қаратты", – деп жазды [450].
Осы кезеңде Қазақ хандығының Жетісудағы иеліктері де кеңейді. К.А. Пищулина Оңтүстік-Шығыс Қазақстан халқының бір әулет хандарының (Моғолстандағы Шағатай ұрпақтарының) билігінен шығып, басқа әулет хандарының(Жошыдан тараған Ақ Орда хандары ұрпақтарының) билігіне көп шиеленіссіз, қантөгізсіз өтуінің себебін олардың, яғни Қазақ хандығы мен Моғолстанды мекендеген ру-тайпалардың этникалық тегінің, тарихи тағдырларының ортақтығымен түсіндіреді. Автор осы және басқа да факторлар жиынтығы, аймақтағы әскери-саяси оқиғалардың барысы мен қорытындылары моғол хандарының Оңтүстік-Шығыс Қазақстандағы ықпалы әлсіреп, ХYІ ғасырдың басында толық жойылуына және бұл өлкенің Қазақ хандығына қарауына әкелді деп көрсетеді [427, 63б; 444, 366б].
Қазақ хандығына Моғолстан жері түгел енген жоқ. Себебі оның аумағы Ертістен Алтайға дейін созылып жатты. Оған, М. Қозыбаевтың көрсетуінше, Оңтүстік-Шығыс Қазақстан, Жонғария территориясы және Шығыс Қазақстанның бір бөлігі енді [443, 111б]. Ал, Мұхаммед Хайдар Моғолстанның аумағы жөнінде былай дейді: "Қазіргі күнде Моғолстан атанып отырған аумақтың көлемі... шығыс шеті қалмақтар жерімен шектесіп, Барыскөл (Баркөл), Еміл және Ертіс өзендерін қамтиды. Оның жеріне солтүстікте Көкше теңіз (Балқаш), Бум және Қаратал өзендері кіреді. Моғолстан батыс жақта Түркістан және Ташкентпен шектеседі, ал оңтүстікте Ферғана уалаятымен, Қашқар, Ақсу Шалшы және Тұрпанмен шектеседі" [221,237-238б]. Ал, Махмуд ибн Вали: "Моғолстанда Жайқұннан (Амудариядан) қалыспайтын көптеген ұлы өзендер бар, олар Іле, Еміл, Ертіс, Чуйлық (Шу) және Нарын, бұл өзендер Сайқұннан (Сырдариядан) кем емес. Бірсыпыра өзен-сулары Көкше теңіз (Балқаш) көліне құяды. Көкше теңіз – Моғослтан мен Өзбекстанның (Шығыс-Дешті Қыпшақтың) арасын айырып тұрады" [455].
Дерек көздеріндегі мәліметтердің түрліше берілуі, әрине, тарихи оқиғаларға байланысты Моғолстанның жер көлемінің өзгеріп отыруына байланысты болу керек деп ойлаймыз. Дегенмен бұл мемлекеттің негізгі жері – Іле өңірі, Жетісу және қазіргі Қырғызстан аумағы еді. Н. Мыңжанидың зерттеу нәтижелері де ХYІ ғасырдың басында Жүніс хан ұрпақтары арасындағы алауыздықтар салдарынан Моғолстанның ыдырағанын, Жетісу мен Іле өңірінің Қазақ хандығының негізгі бөлігіне айналғанын растайды [456].
ХYІ ғасырдың бас кезіндегі Қазақ хандығының сыртқы саяси жағдайы әлі де болса тұрақтана қоймағандығы жөніндегі ортақ пікірге келінді. Себебі ол кезде Йасы әлі де өзбектер билеген аумақта болды. Шайбани хан өмірінің соңғы жылдары Сырдың төменгі ағысындағы қазақ жерлеріне бірнеше рет жорық жасады. 1509 жылы ұйымдастырылған сондай жорықтардың бірінде өзбек жасақтары Сығанақтан асып, қазақ қыстауларын аяусыз тонады.
Осы кездегі Қазақ хандығының аумағы жөніндегі мәліметтер Рузбеханның "Михман-намеи Бухара" деген еңбегінде қамтылған. 1509 ж. жазылған бұл дерек көзін талдаған С.К. Ибрагимовтің мақаласында қазақ қыстауларының орналасқан жерлері, Дешті-Қыпшақтағы көші-қон жолдары туралы айтылады. Автор, әсіресе, Фазлаллах бен Рузбеханның шығармасындағы "Түркістан елдері мен қазақ жерлерінің орналасуы туралы әңгіме" деген бөліміндегі "Қазақтар Дешті-Қыпшақ деп аталатын көлемі 600 фарсанг (бір фарсанг – 6,7 шақырым) тегістік жерде орналасқан" деген мәліметтеріне назар аударады [457].
Шығармасының келесі бір жерінде қазақтардың жаз кезінде Еділ жағалауында және оның маңайында екі-үш ай бойы көшіп-қонып жүретінін жазады. Ол кезде Еділ маңын Ноғай ұлысына кірген рулар қоныстанған. Олай болса, деп көрсетеді С.К. Ибрагимов аталмыш уақытта Ноғай ұлысының бір бөлігі Қазақ хандығы құрамына енген болып шығады.
Хандықтың оңтүстіктегі аймағы Түркістан қаласына дейін жеткен. С.К. Ибрагимов бұл жөнінде де Рузбеханның қазақтар қыс кезінде өздері Сырдария деп аталатын Сейхун өзені бойындағы қыстауларына оралады, олардың Сейхун өзені бойындағы мекендері 300 фарсагке дейін созылып жатырғанға ұқсайды деген сөздерін келтіреді. Қазақ қыстаулары Қарақұмда да болған [457, 145б]. С.К. Ибрагимов өзбек тайпаларының бір бөлігінің Мауреннахр мен Хорасанға кетуіне байланысты ХYІ ғасырдың бас кезінде Қазақ иеліктерінің шекаралары анықтала түсті, халқының рулық құрамы да ерекшеленді деп есептейді. Осы негізде ол Қазақ хандығы тарихының алғашқы кезеңі ХY ғасырдың 60-жылдарынан 1506-1507 жылдарға дейін кезеңді қамтиды деп жазады.
Бірақ бұл тұжырым тарихи оқиғалардың дамуы мен аяқталуы, Қазақ хандығының нығаю процесі тұрғысынан негізсіз бе деп ойлаймыз. Оны автор өзі де сезінетін сияқты. Шындығына келгенде, деп жазады С.К. Ибрагимов, батыста маңғыт әмірлерімен, Жетісуда моғолстан хандарымен солтүстікте сібір хандарымен (олар да Шайбани тегінен) болған күресте алғашқы қазақ иеліктерінің шекаралары Орталық Қазақстан мен Сырдария жағалауларында бірде кеңейіп, бірде шегеріліп отырды деп жазады ] 457, 149б].
Қазақ хандығының аумағы Шайбани ханның Ұлытауға жасаған жорығында күйрей жеңілуінен кейін (1510 ж.) кеңейе түскендігі тарихи мәліметтерімен расталады. К.А. Пищулина Қазақ хандығының қуаты ең артқан уақыты ХYІ ғасырдың алғашқы ширегінде, Қасым ханның (15111521 ж.) тұсында орын алды деп жазады [449-59]. Осы өзгерістің көрінісі ретінде 1512 жылдан Қазақ хандығы парсы деректерінде "Қазақстан" деп атала бастады [458, 252б].
Қасым хан тұсында Қазақ хандығының батыс шекаралары кеңейіп, Ноғай Ордасы халқының, әсіресе, алшындардың біраз бөлігінің қазақтарға қосылғандығы М. Тынышпаев еңбектерінде көрсетілді. Ол Бұрындық ханның Сарайшықты мекендегені, 1512 жылдың қысын Қасым ханның Қаратал деген жерде өткізгендігі жөнінде, басқа да мәліметтерді талдап, 16 ғасырдың бас кезіндегі Қазақ иеліктерінің аумағын анықтауға тырысты. М. Тынышпаевтың пікірінше, қазақтардың этникалық аумағы Сарайшықтан Жоңғар тауларына, Ұлытаудан Сырдарияның орта ағысына дейінгі жерлерді алып жатқан [159, 61б, 72].
Ғалымның Қазақ хандығының аумағы туралы бұл мәліметтері 1512 ж. Қасым ханның Сайрамды басып алып, Сүйініш Қожа хан билеген Ташкент аймағын қаңыратып кеткен жорығынан кейінгі мерзімге қатысты болуы керек. Қалай болғанда да М. Тынышпаевтың тұжырымы Абдаллах бен Мұхаммед бен Али Насруллахидың мәліметтері 1513 жылға қатысты "Зуббдат ал-Асар" шығармасындағы: "Қасым хан – Дешті Қыпшақ падишахы. Ол ұлы істерге жаратылған; қазақ және манғыт әскерлерін жинап, Ташкент пен Түркістанға жорық ұйымдастырды" деген хабарына сәйкес келеді [459, 112б].
Б. Кәрібаевтың 1513 ж. Қазақ хандығына Түркістанның Сайрам аймағына дейінгі жерлер енді деуі де тарихи шындыққа қайшы келмейді
[452].
Қасым хан тұсындағы Қазақ хандығының өрлеуі мен жер көлемінің кеңеюі Т.И. Сұлтановтың еңбектерінде қарастырылды. Автор 1514 жылдың көктемінде Шағатай ұрпағы Саид ханның Жетісудан кетіп, Шығыс Түркістанда Шығыс хроникаларында Моғулия аталған (орталығы Жаркент) жаңа мемлекеттің негізін қалауы нәтижесінже Жетісуда қолайлы саяси жағдайдың орнағанын, оны ұтымды пайдалана білген Қасым ханның мемлекет шекарасын барлық бағытта кеңейте түскендігіне назар аударады. Бұл кезде хандықтың шекарасы оңтүстігінде Сырдарияның оң жағалауына дейін жетіп, Түркістан қалаларының бір бөлігін, оңтүстік-шығысында Жетісудың тау етектері мен жазықтарының бір бөлігін қамтиды, солтүстікшығысында Ұлытау және Балқаш көлі өңірі арқылы өтіп, Қарқаралы тауларының сілемдеріне дейін, Солтүстік-батысында Жайық өзені аңғарына дейін жеткен [283- 375-376б].
К.А. Пищулина ХYІ ғасырдың бірінші ширегінде хандықтың шекарасы батыста Жайыққа дейін, оңтүстік-шығыста Іле мен Қаратал өзені аралығына дейін жетті деп көрсетеді [449].
Ортағасырлық деректерде де көрсетілгендей, Қасым ханның Жетісуда қыстап, жазда Жайық бойын мекендеуі хандық шекарасының өлшеусіз кеңейгендігіне дәлел бола алады [403].
Қасым хан тұсында Қазақ хандығының нығайып, сыртқы саясатында дербес іс-әрекетке көшкендігін басқа да зерттеушілер атап көрсетеді [460, 140б].
Қазақ хандығының ХYІ ғасырдың бірінші ширегінде күш-қуатының артқандығы Мұхаммед Хайдардың еңбегінде анық көрсетілді. Онда: "Қасым хан Дешті-Қыпшақтың толық әміршісіне айналды, Жошы ханнан кейін одан ешкімнің күш-қуаты артып көрген жоқ. Оның әскер саны жүз мыңға жетті", – деп көрсетілді. Осы кезеңде Қазақ хандығы, оның көршілерімен қарым-қатынасы Московия мемлекетіне белгілі болды. Орыс тыңшысы Занько Зудов Азовта болған кезінде 1521 ж. қысында Қасым ханның қайтыс болғаны туралы Москваға хабарлаған [461; 462]. Осыған байланысты Қадырғали би Қосымұлының "Жылнамалар жинағында" Қасым хан "тоғыз жүз отызда Сарайшықта офат болды" [463] деген мәліметіне көптеген тарихшыларымыздың әлі де иек артып жүргендігін айта кетуіміз керек. Бұл мәселеге назар аударып отырған себебіміз біздің зерттеуіміздің хронологиялық шеңбері Қасым ханның қайтыс болуымен (1521 не 1523 ж.) шектелуіне байланысты Қасым хандығы Батыс Еуропаға да танымал болғанға ұқсайды. Австриялық дипломат Сигизмунд Герберштейннің (14861566 ж.) "Записки о Московии" деген еңбегінде қазақтар мекендеген аумақ туралы, оның Көшім тұсындағы Сібір хандығымен, Ноғай Ордасымен, Орта Азия "татарларымен" шектесетіндігі жөнінде, Сарайшық қаласы туралы да шағын мәліметтер берілген [464, 170,181б]. Бұл деректерді С. Герберштейн Московияда 1517, 1526 жылдары болған кезінде жинаған. Авторға шайбанилық "татарлар", қалмақтар да белгілі. Император Максимилианның Москваға аттандырған Франческо Да-Колло басқарған екінші елшілігі де "Жайыққа жалғас жатқан қазақ жерлері" туралы қосымша деректер алып қайтты [198, 77б].
Н. Атығаев "Дүрбелең кезеңнің" хроникасы (1521-1559 ж.)" деген мақаласында Қазақ хандығы Батыс Еуропаға Қасым тұсында емес, кейінірек, ХYІ-ғасырдың 30-40 жылдарында, белгілі болған деген жорамал айтады [462, 151б].
Біздің ойымызша, бұл жорамалға негіз жоқ. Себебі С. Герберштейннің еңбегінде айтылатын Шидак мырзаның (Сеид-Ахмедтің) Қазақ хандығы туралы мәліметке қатысы жоқ. Автор Московияда 1517, 1526 жылдары болған және қазақтар туралы мәліметті Москваға келген көпестерден алған сияқты. Ал, оның айтып отырған Шидак мырзасы Сеид-Ахмед болған күннің өзінде де, ол туралы мәлімет басқа дерек көздерінен жетуі мүмкін.
Қорыта айтқанда, тарихи әдебиетте Қасым хан тұсында Қазақ хандығының Батыс Еуропаға белгілі болғандығы [128, 271б] туралы тұжырым тарихи шындыққа сай келеді. Қазақ хандығының жер көлемінің Еділ-Жайыққа дейін кеңейіп, нығая түскендігін 1521 жылдың басында Қырым ханы Мұхаммед-Гирейдің түрік сұлтаны Сүлеймен ІІ-ге жолдаған хатынан да көруге болады. Онда ноғай жеріне "қазақ" деген атпен мәлім сансыз бір тайпа ел ханымен көшіп барып орналасты" делінген [465, 34б].
Қасым тұсында қалыптасқан Қазақ хандығының аумағын кейінгі кезеңдегі дерек көздерінде кездесетін, олардың ішінде мәліметтері ХYІ ғасырдың орта кезіне қатысты "Книга Большого чертежа" [466, 35б] деректермен салыстырғанда қазақ халқының этникалық территориясының негізі ХYІ ғасырдың 20-жылдарында қалыптасып, шекарасы тұрақтанғандығын көрсетеді.
Қазақтардың этникалық қоныстарының бір мемлекет құрамында жинақталуы халықтың тарихи тағдырына үлкен оң ықпал жасады. Ол халықтың өзінің қалыптасу процесінің аяқталуына, Қазақ хандығының мемлекеттік атрибуттарының жетілуіне, өндіргіш күштердің дамуына жағдай туғызды. Шаруашылық жүргізудің көшпелілік пен отырықшылыққа негізделген симбиозы қалыптасты Отырар, Сығанақ, Арқұқ, Йасы, Сайрам басты қалалық орталықтар болды [373, 457б].
Бірақ түбі бір түркі тектестіктен де жақын қазақ, өзбек, ноғай, қырғыз, моғол халықтарының өзге отау тігіп, аумақтық шекараларын белгілеуі бірте-бірте олардың шаруашылық укладтары тілі, материалдық және рухани мәдениетіндегі ерекшеліктердің дамуына жол ашты.