Сабденова гульмира есбатырқызы қазақ хандығЫ ҚҰрылуының тарихнамасы


Халқының орналасуы және этникалық құрамы



бет12/15
Дата03.11.2023
өлшемі259,51 Kb.
#121620
түріМонография
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15
Байланысты:
treatise16979

3.2 Халқының орналасуы және этникалық құрамы


Қазақ хандығының құрылуы және нығаюы кезіндені этникалық проблемаларды көршілес түркі халықтарының тарихымен өзара байланыста зерттеу ғана методологиялық тұрғыдан дұрыс ұстаным ретінде танылды. Сол себепті С.Г. Агаджановтың [361], С.М. Абрам-зонның [467], Т.А. Жданконың [468], Р.Г. Кузеевтің [168], Л.П. Пота-повтың [469], Б.Х. Кармышеваның, К. Шаниязовтың [242; 243; 244], П.П. Ивановтың, Б.А. Ахмедовтың [235] іргелі зерттеулері қазақ мемлекетінің этникалық аумағының қалыптасуы, халқының орналасуы және этникалық компоненттері секілді проблемалары тарихнамасының құрамды бөлігі болып табылады. Бұл ғалымдардың еңбектеріндегі, әсіресе, көшпелі өзбектердің этникалық құрамы, түрікмендер, қырғыздар, башқұрттар мен моғолдардың тарихы жөніндегі мәліметтері мен тұжырымдарынсыз қазақ халқының орта ғасырлардағы этникалық тарихын объективтік және толық негізде зерттеу қиынға соғады. Бұл жағдай Б. Кочекаевтың, И.Х. Калмыков, Р.Х. Керейтов, А. Сикалиевтің ноғай халқының тарихы, ноғайлардың қазақ халқымен тарихи, этникалық және мәдени байланыстарына арналған еңбектеріне де тікелей қатысты [471].
Р.Х. Керейтов ноғай халқының қалыптасуына қыпшақ, қаңлы, үйсін, керейіт тайпаларының белсенді қатысқаны, жалпы ноғай мен қазақ халықтарының рулық құрамының өте жақын екендігі туралы жазса [247-4447], М.Г. Сафаргалиев [472], А. Сикалиев [473-132], Б. Кочекаев [401 ХYІ ғасырда Ноғай ордасы құрамында үйсін, қаңлы, телеу, құман, қыпшақ, жалайыр, керейіт, найман, алшын, қият, қоңырат тайпалары болғандығы жөнінде мәліметтер келтіреді.
Қарастырылып отырған тақырыпты зерттеуде Б. Ахмедовтың "Көшпелі өзбектер мемлекеті" (1965 ж.) деген монографиясындағы Дешті- Қыпшақ тұрғындары туралы білдірілген негізгі тұжырымдарының да ғылыми құндылығы жоғалған жоқ. Бірақ соңғы кездегі тарих ғылымының жетістіктері көшпелі өзбектердің бұрын да көрсетілген этникалық құрамына жаңа қауымдар мен тайпаларды қосу керектігін, яғни кейбір өзгерістер енгізуді қажет ететіндігін көрсетеді.
Көшпелі өзбектер мен қазақтардың этникалық аумағындағы ұлан-байтақ жерлерді алып жатқан Әбілқайыр хандығын деректемелерде "Государствр кочевых узбеков" деп атағаны белгілі. Алайда онда Орта Азиядағы өзбек халқының болашақ компоненті ретінде тек көшпелі өзбектер ғана өмір сүрген жоқ. ХYІ ғасыр авторы Рузбехан Исфаханидің айтуына қарағанда, онда қазақтар мен маңғыттар да тұрған және олар халықтың басым көпшілігін құраған. Батыс деректерінде осы Өзбек ұлысын "Қыпшақ хандығы" деп те атайды.
Аталмыш методологиялық ұстанымның ерекшелігі қазақ халқының құрамына енген рулар мен тайпалардың орналасуы мен этникалық тарихын миграциялық факторды, сол арқылы ассимилияциялық процестерді ескере отырып зерттеу болып табылады. Осы тұрғыдан келіп, қазақ және түрікмен халықтарына назар аударған Д. Қыдырбекұлы мен Г. Аннақұлиева олардың этногенезі процесінде және жақын генетикалық қатынаста болуында миграциялық процестердің маңызды рөл атқарғандығы туралы пікір қорытады [474, 48б]. Бұл да бұрыннан қалыптасқан, ғалымдар тарапынан танылған, соңғы бестомдық "Қазақстан тарихында" барынша дәлелденген. Оның дәлелі ретінде бірінші томында оғыз тайпаларының қазақтардың, қырғыздардың, татар, башқұрт, түркімен, өзбек, қарақалпақтардың қалыптасуына бір компоненті ретінде ат салысқаны көрсетілген [337].
Осы халықтардың этногенезіне қарлұқ және қыпшақтар да қатысқан. Адай тайпасы ІХ-Х ғасырларда оғыз мемлекетінің құрамында, одан соң қыпшақ одағында болып, қазіргі Батыс Қазақстанның үлкен кеңістігінде (Ойыл, Ембі, Сағыз, Жайық өзендері алқабында) және одан тыс жерлерде де қоныс тепті. Адайлар Алтын Орда, Көк Орда және Ноғай Ордасының, ХY ғасрда Қазақ хандығының құрамына енді.
Миграциялық процестің көне замандардан жалғасып келе жатқандығын басқа да рулар мен тайпалар тарихы дәлелдей түседі. Таз руының құрамында абдал тармағы бар. Олар болса (абдалдар) ІY-Y ғасырларда Батыс Қазақстан аумағын мекендеген эфталиттерден (ақ ғұндар) тарайды. Алаша руы түркімен тайпасы сарықтар құрамында кездеседі [337]. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Отандық ғалымдардың бұл бағыттағы ізденістері қазақ халқының құрамына енген этникалық компоненттердің ежелгі заманнан өзара аралас-құралас болғандығы жөніндегі идеяны негіздеуге бағытталған. Қазақ және басқа да түрік тектес халықтардың этникалық құрамын, көне замандарда, орта ғасырларда олардың орналасуы, бір өңірден екінші өңірге қоныс аударуын зерттеуде топонимдер мен этнонимдерді зерттеудің ғылымға қосар өзіндік үлесі бар [475; 476; 477]. Отандық ғалымдар, көбінесе, көне этнонимдерді зерттеуді қолға алды. Ә. Әбдірахманов өз еңбектерінде тайпа атаулары негізінде қазақ халқының құрамына әртүрлі тарихи кезеңдерде иран ("созақ", "чапраз"), араб ("қожалар") және монғол этнокомпоненттерінің (қатаған, манғытай) енгендігін дәлелдеуге тырысты [478; 479].
Қазақ халқының рулық-тайпалық құрылымын зерттеу Ресейде ХYІІІ ғасырдың өзінде-ақ қолға алынды және бұл бағыттағы ғылыми ізденістер отарлық саясат мүддесіне бағындырылды. Сол себепті қазақ рулары мен тайпаларының орта ғасырлар кезіндегі тарихына көп көңіл бөлінбеді. А.И. Левшин[214, 65б], Н. Аристов[223], А. Харузин[218, 65-66б, 68, 71б, 76, 89б] сияқты тарихшылар жалайыр, қаңлы, қоңырат, үйсін, найман, керей (керейіт), қыпшақ, арғын, алшын тайпаларының көне заманнан белгілі екендігі, орналасуы, өзара қатынастары сияқты мәселелер төңірегінде шағын ескертулермен ғана шектелді.
Қазақ халқын құраған ру-тайпалар туралы алғашқы зерттеулердің бірі – М.Тынышпаевтың "Қырғыз-қазақ халқы тарихының материалдары", "Қырғыз-қазақ руларының генеалогиясы" да қарастырылған бұл еңбек ғалымының 1924 және 1925 жылдары Орыс географиялық қоғамының Түркістан бөлімінде оқыған лекцияларынан тұрады. Онда кейбір қазақ рулары мен тайпаларының Қазақ хандығы құрамына ену тарихы, орналасуы, тілдік, нәсілдік тегі туралы құнды мәліметтер қамтылған. Батыс және ортағасырлық шығыс авторларының деректері негізінде М. Тынышпаев үйсін, қаңлы, арғын, керей, уақ, найман, қоңырат, қыпшақ, алшын т.б. этникалық топтардың көне дәуірден ХYІІІ ғасырдың орта кезіне дейінгі тарихына, ұрандары мен таңбаларына тоқталады [159, 6-41б].
Автор жинақтаған мәліметтерден мына жағдайларды аңғаруға болады: 1) жалайырлар Ақ-Орда мемлекетіндегі белгілі тайпалардың бірі және Орыс хан мен оның балаларының жасақтарының ұйытқысы болған; 2) Қазақ хандығы құрамына алғашқы енгендердің бірі – қаңлылар, себебі олар ХІY ғасырдың аяғында Сырдария мен Талас аралығын қоныстанған; 3) арғындар ХY ғасырдың бас кезінен Барақ ханның, одан кейін Жәнібектің қоластында болған; 4) осы кезден, дәлірек айтсақ, арғындар мен керейлер (әсіресе, ашамайлы руы) өзара тығыз қатынаста болады. Керейлер 1420 жылғы
Барақтың Ташкент пен Ходжентке жасаған жорығына қатысады [159 - 2, 7,
10, 13б ].
М. Тынышпаевтан кейін отандық тарихнамада қазақ халқының этникалық тарихын тереңдеп зерттеуге әрекеттер жасалына қоймады, себебі "рушылдық", "ұлтшылдық" деген айып тағылып, идеологиялық қуғындауға ұшырау қаупі баршылық еді. Тақырып тек 60-жылдардан ғана арнайы зерттеу нысанына айнала бастады. Орта ғасырлар кезінде қазақ халқының құрамына енген этникалық компоненттері жөнінде бірнеше іргелі еңбектер жарияланды, бұл проблеманы зерттеу әдістері мен методологиясы қалыптасты.
К.А. Пищулина қазақ халқының ХІY-ХY ғасырлардағы рулық-тайпалық құрылымы және орналасуы мәселесін зерттеуде оның үш-төрт географиялық аймақта орналасқан этникалық ұйытқы негізінде қалыптасқандығы туралы идеяны басшылыққа алады. Бұл концепцияның мәні болашақ қазақ этносының ұйытқысы Әбілқайыр хандығында (көшпелі өзбек мемлекетінде), Ноғай ордасында және Моғолстанда көріне бастағандығы туралы пікірге тіреледі. Осы этникалық-географиялық ошақтардың барлығында бірдей ру-тайпалар (қыпшақтар, кеңгерес, қоңырат, найман, арғын, қаңлы, алшын, қарлұқ, алаш және т.б.) қазақ халқының негізін қалады.
Қазақ этносы қалыптасуының тағы бір ошағы Солтүстік Қазақстан мен Батыс Сібір өңірі болғандығы туралы пікір ешбір талас тудырмағанымен, бұл мәселе әлі түпкілікті зерттеле қойған жоқ. К.А. Пищулина: "Батыс Сібір тайпаларымен көрші болып, оларға елеулі ықпал еткен қазақ тайпаларының негізгі ұйытқысы қыпшақтар еді. Есіл, Торғай далаларының, Ертіс бойының қыпшақтары: құлан-қыпшақ, қытай-қыпшақ, сағал-қыпшақ, торайғырқыпшақ және мажар (мадьяр) – қыпшақ бірлестіктеріне бөлінді", – деп жазады.
Батыс Сібірде ең ірі этникалық-саяси құрылымдардың бірі Орта Еділ, Тобыл, Есіл мен Тура аумағындағы түркі тілді тайпалардың бірлестігі болды да, онда керейіттер басты рөл атқарды деп көрсетеді зерттеушілер (М.К. Қозыбаев, К.А. Пищулина, М.С. Мұқанов және т.б.). К.А. Пищулинаның қазақ этногенезінің бірнеше этникалық ұйытқылар негізінде дамығандығы туралы концепциясы отандық тарихнамада әлі де болса кең көлемде талқыланып, бағасын ала қойған жоқ. Соған қарамастан орта ғасырлар кезіндегі қазақ рулары мен тайпаларының этникалық тарихы мен орналасуын зерттеу жеке-жеке этносаяси бірлестіктер шеңберінде жүзеге асырылып келеді.
Қазақ халқының басты этникалық ұйытқыларының бірі негізін Ақ Орда мемлекеті құрған Өзбек ұлысы жөнінде, оның халқының құрамы, орналасуы туралы іргелі еңбек Б. Ахмедовтың "Көшпелі өзбектер мемлекеті" екендігі жоғарыда айтылып өткен. Отандық тарихнамада бұл тақырып Т.И. Сұлтановтың еңбектерінде зерттелді. Оның "Арал өңіріндені тайпалар" деген кітабы мен "Опыт анализа традиционных списков 92 племен илатийа" деген мақаласында ортағасырлық шығармаларда айтылатын 92 өзбек, шындығына келсек, қыпшақ көшпелі тайпаларының тізімдерін сараптау жасалынып, олардың ішінде қазақ және өзбек халықтарының құрамына енген ортақ ру-тайпалар анықталған. Автор ХYІ ғасырда Ферғанада жазылған Ахсикентидің "Маджму ат-таварих" шығармасының үш тізімінде көрсетілген "92 илатийа тайпаларының" 20-сы қазақ халқының құрамында да кездесетіндігіне назар аударады [480; 481].
Көшпелі өзбек тайпаларының Қазақстан аумағындағы этногенетикалық процестерге қатысты мәселе басқа да зерттеушілер тарапынан жалғасын табуда [482].
Отандық тарихнамада Қазақ хандығының шаңырақ көтерген аумағы Моғолстан мен Жетісу халқының этникалық құрамын зерттеу басым бағыт ретінде қалыптасты. Н. Мыңжан Моғолстан мемлекетінің негізгі халқы дулат (дуғлат), қаңлы (бекшік), үйсін, керей (керейіт), арғынот (арғын), барын, барлас, бұлғач, т.б. тайпалар болды; олардың басым көпшілігі ежелден осы өңірде өмір сүрген түркі тілдес тайпалар, сонымен бірге түріктеніп кеткен монғолдар еді деп жазады [456, 228б].
К.А. Пищулина еңбектерінде Моғолстан мен Жетісу халқының рулықтайпалық құрамы, олардың Қазақ хандығының құрылуы мен нығаюы кезеңіндегі этникалық процестер мен саяси оқиғаларға қатысуы, қазақ халқының қалыптасуындағы рөлі шығыс дерек көздері негізінде жан-жақты зерттелді [428].
В.П. Юдин Моғолстан мен Моғулияның "моғолдар" деген атпен белгілі рулары мен тайпаларының ХІY-ХYІІ ғасырлардағы аумақтық орналасуы, тілдік, нәсілдік атрибуциясы, қазақ, қырғыз, ұйғыр халықтарымен этникалық байланыстары мәселелерін қарастырды.
Моғолдардың рулық-тайпалық құрамын зерттеуде негізгі дерек көздері Мырза Мұхаммед Хайдардың "Тарихи Рашиди", Шах Махмуд бен Мырза Фазыл Чорастың "Тарих", белгісіз автордың "Тарихи Қашғар" атты шығармалары болып табылады. ХІY және ХY ғасырларға жататын кейбір мәліметтер Хафиз-и Абру, Шараф ад-дин Али Йезди, Низам ад-дин Шами, Абд ар-Раззак Самарқанди, Мирхонд және Хондемирдің шығармаларында да ұшырасады. Осы дерек көздері негізінде Моғолстан халқының этникалық құрамын зерттеген В.П. Юдин кераит (керей), қаңлы (қаңлы – бекшік), аркануд (арханут), сулдуз, доглат, чорас, күрлеуіт, қарлұқ, итаршы, көнші, байрин, калучи, бұлғашы, арлат, барлас, дохтуй, йарки, ордабегі, меркит, шункарши (шулкарши) нарин, долан, балықшы, татар тайпаларының саяси тарихы, көші-қон жерлері, олардың қазақ тайпалармен қарым-қатынастары, этнонимдеріндегі өзгерістері сияқты мәселелерді көтерді [61, 72-83б]. Автор моғолдардың бәрі дерлік түрік тілдес болғандығы, олардың түрік тілінің қыпшақ тармағына жататын қазақ және қырғыз тілдеріне жақын тілде сөйлегендігі туралы маңызды қорытынды жасады [61, 81б].
Моғолдар мен қазақтардың Ұлы жүзінің рулық-тайпалық құрамдарын салыстыру авторға моғолдардың, әсіресе, дулат және қаңлы тайпаларының қазақ халқының қалыптасуында маңызды рөл атқарғандығы жөнінде тұжырым жасауына мүмкіндік берді. Ұлы жүз халқының басым көпшілігінің моғолдардан тұрғандығы жөніндегі пікірді қолдамайтындар "Тарих-и Рашиди" және басқа да ХY-ХYІ ғасырларға жататын деректерде моғолдардың дербес этнос ретінде көрсетілгендігіне иек артады. В.П. Юдин бұл дәйектің негізсіздігі Мұхаммед Хайдардың бұл мәселені өз табы мүддесі тұрғысынан зерделегендігіне және автордың Моғолстанның тек оңтүстік бөлігін ғана білгендігіне, ал солтүстік, солтүстік-шығыс аудандарындағы оқиғалар туралы хабары көп болмағандығына байланысты деген уәж айтады [61, 86б].
Бірақ 1998 ж. жарық көрген "Қазақстан тарихының" екінші томында: "В.П. Юдиннің пікірінше, "моғолдар" термині, Дунайдан Ертіске дейінгі аумақта тараған "өзбектер" термині сияқты, этноним сипатында болған, яғни халықты білдірген", – деп жазылыпты [283]. Сілтеме жасалынып отырған В.П. Юдиннің көзқарасы қаншалықты дұрыс пайымдалғанын айтпағанның өзінде, "көшпелі өзбектердің" де, "моғолдардың" да этносаяси бірлестіктер болғандығы туралы ескерте кеткен жөн сияқты. Оған Б. Ахмедовтың да ("Государство кочевых узбеков"), В.П. Юдиннің де ("Моғолстан мен Моғулияның моғулдарының рулық-тайпалық құрамы...") еңбектері дәлел бола алады. Бұл проблеманың кейбір қырлары С. Жолдасбайұлының "М.Х. Дулати және ХY-ХYІ ғасырлардағы Қазақ хандығы" монографиясында қарастырылды. Автордың тұжырымдары көп жағдайда В.П. Юдиннің, К.А. Пищулинаның зерттеу қорытындыларын жаңа мәліметтермен нығайта түседі.
С. Жолдасбайұлы "Тарихи Рашиди", "Зафар-наме" мәліметтері негізінде қазақ халқының құрылуына арқау болған тайпалардың бірі қаңлылар болғандығын, олардың Тұғлық Темір уақытында Жетісуды, ал енді бір бөлігінің Сырдария өңірін мекендегенін көрсетеді [436, 72-73б]. Сонымен қатар автор қыпшақ, жалайыр, қатаған, керей, дулат тайпаларының шығу тегі таралуы, тілдік нәсілдік атрибуциясы мәселелерін талдаған. Бұл этностар туралы отандық тарихнамада орын алып келе жатқан көзқарастарға өз пікірін білдірген. Олардың қатарында қаңлы тайпасының этнонимі, дулат тайпасының алғашқы қоныстанған аумағы, басқа тайпалармен қарым-қатынастары мәселелері жатады. "Тарихи Рашидидегі", басқа да дерек көздеріндегі мағұлматтарды салыстыра отырып, дулат тайпасының автохтондығы және түрік тілдес болғандығы туралы қорытынды жасаған. Сол сияқты қазақ халқының құрамына енген жалайырлар Шу мен Сырдария бойын мекендеген [436-75, 79-80б].
Отандық тарихнамада керейлер Шыңғыс-хан әскерлерінен жан сауғалап, Қазақстанның солтүстік-шығысы мен батысына қарай жылжығаны айтылып келді. Ал, С. Жолдасбайұлы олардың Жетісу өңірін де мекендеп келгеніне дәлелдер ұсынады [436]. Қыпшақтар туралы Қазақ хандығына арналған барлық еңбектерде айтылады. Отандық тарихнамада Б. Көмеков, С. Ақынжанов т.б. ғалымдардың іргелі зерттеулері нәтижесінде қыпшақтану саласы қалыптасты [263; 265; 483].
Мұхаммед Хайдардың көрсетуіне қарағанда, Мұхаммед Шайбанихан Орта Азияға біржолата үдере көшкенде қыпшақтардың бір бөлігі оған ере кеткен. Қалғандары бұрынғы ата-мекендерін тастамай, қазақ халқының құрамына енген. ХY-ХYІ ғасырларда "қыпшақ" этнонимі, әсіресе, Оңтүстік Қазақстан аумағындағы тарихи оқиғаларға байланысты жиірек ұшырасатындығына С. Жолдасбайұлы да назар аударды.
А.Ш. Қадырбаев қыпшақтардың, қаңлылар, қарлұқтар, наймандар, жалайырлар және басқа да түрік тайпаларының Монғол империясы мен Юань империясының саяси және қоғамдық өміріне араласуын, олардың Қазақстан аумағына қоныс аудару кезеңін анықтап, қытай деректері негізінде біршама соны тұжырымдар жасады [333; 484].
М.С. Мұқанов пен В.В. Востровтың қазақтардың этникалық тарихы жөнінде жазылған еңбектері негізінен ХYІІІ ғасырдан кейінгі кезеңдерді қамтиды. Дегенмен оларда орта ғасырлардағы қазақ рулары мен тайпаларының орналасуына қатысты мәліметтер ұшырасады, сонымен қатар наймандар, керейттер, қоңыраттар, арғындар, уақтар мен қыпшақтардың шығу тегі, рулық құрамы, таралуы, тілдік атрибуциясы жөніндегі пікір таластарға, аңыз-әңгімелер мен басқа да дерек көздеріне көңіл бөлінген[251; 485].
Қазақ хандығы халқының рулық-тайпалық құрылымы, орналасуы сияқты проблемаларды зерттеуде аталмыш жетістіктермен бірге, тарих ғылымында кейбір тайпалардың автохтондығы, тілі, нәсілдік тегі жөнінде пікір таластары жалғасып отыр. Yйсіндер мен қаңлылар Қазақстанға шығыстан келген түркі тілдес тайпалармен араласып, ассимиляциялық процеске ұшырауы нәтижесінде ғана YІ-YІІІ ғасырларда "түркіленді" деген болжамдар айтылып келеді. Б. Ермұқанов қытай деректеріндегі "усунь" мен қазақтың "үйсіні" бір тайпа емес деп пайымдайды. Сонымен бірге ол үйсіндер монғол шапқыншылығы кезінде Қазақстанға келіп орналасқан, кейін түркіленген монғол тайпасы деп жазды. Олар (үйсіндер) ДештіҚыпшақты мекендеді, Жетісуға ХY ғасырдың екінші жартысында ғана қоныс аударды дейді [422-31,76б].
Бірақ көне және орта ғасырлар заманындағы Қазақстан тарихымен шұғылданып жүрген ғалымдардың көпшілігі үйсіндердің Жетісуда ежелгі заманнан бері мекендеп келе жатқандығы, түрік тілділігі, түрік нәсілінен екендігі туралы пікірді ұстануда. К. Ақышев [426; 486; 488], Ю. Зуев [489], Г.А. Кушаев [350], С. Жолдасбайұлы [279] және т.б. авторлар үйсіндердің сақтардың этникалық, мәдени жалғасы, мұрагері екендігіне күмән тудырмайды.
Орта ғасырлар кезінде Қазақстан аумағында орын алған этникалық процестердің түрлі қырларын (сіңісу, ажырасу т.б.) зерттеуде, рулар мен тайпалардың ортақ материалдық және рухани мәдениетінің қалыптасуы мен әр кезеңдердегі ата-қоныстарын анықтауда этнологтар, антропологтар, археологтардың алатын орны ерекше[489; 490; 491; 492; 493; 494; 495].
Қазақ хандығы халқының рулық-тайпалық құрамы мен орналасуы туралы мәселе көтерілгенде қазақтардың үш жүзге бөлініп қоныс тепкені жөніндегі проблемадан аттап өтуге болмайды.
Қазақ аңыздарында қазақтарды Yлы жүз, Орта жүз және Кіші жүзге бөлген Ақназар хан делінеді. Бірақ мұны дәлелдейтін нақты материалдар жоқ.
М. Тынышбаевтың пікірінше, жүздер (ордалар) Батый ханның кезінде пайда болған. Лэн-Пуль Стэнли қазақ жүздерінің негізін Жошы ұлдарының мұрагерлік иеліктері құрағандығын айтады. Оның айтуынша, Жошы ұлысының "заңды" басшысы үлкен ұлы – Орда-Ежен болды. ОрдаЕженнің иелігіне Жошы ұлысының шығысындағы жерлер берілді. Ақ Орда аталған бұл мемлекет құрамына жалайыр, қаңлы тайпалары, ұсақ рулар енген. Бұлар Ұлы жүзді (Yлкен Орданы) құрды дейді француз ғалымы.
Yйсіндер, арғындар, наймандар, керейлер ол кезде Шағатай ұлысы құрамында болды да, Жошының кіші ұлы Тоқай-Темірдің үлесіне Кавказ және Қырым тиіпті-мыс. Осылай батыста Кіші жүз (Кіші Орда) орныққанға ұқсайды [159, 76б].
Орда-Ежен мен Тоқай-Темірдің иеліктерінің аралығында Батый өлгеннен кейін Шайбанның иелігі орналасты. Бұл кеңістікте қыпшақтар, қоңыраттар, маңғыттар, шырындар, барындар көшіп-қонып жүрді. Тиісінше, Шайбан ұлысы Орта жүзді құрады. Кейінірек шағатайлықтардан іргесін ажыратқан наймандар, арғындар, керейлер осында көшіп келген
[159].
Л.-П. Стэнлидің де, М. Тынышпаевтың да өрбітіп отырған сюжеті кейбір жазба деректерде ұшырасатын Шыңғыс-ханның Жошы ұлысын үш ордаға бөлуіне байланысты мәліметтерге негізделген. Жұмысымыздың бірінші тарауында Шыңғыс-ханның "Алтұн босағалы ақ орданы Сайын ханға", "Күмуш босағалы көк орданы Еженге", "Болат босағалы боз орданы Шайбанға" салғызғаны, оларға үлестік иеліктерін бөліп беріп, мәртебелерін анықтағандығы туралы Өтеміс қажының "Шыңғыс-наме" еңбегіне иек артқанбыз.
В.В. Вельяминов-Зернов [221], А.П. Чулошников [14] қазақ жүздерінің пайда болуын ХY-ХYІ ғасырларға жатқызады. М.П. Вяткин қазақтардың орталығы Ұлы жүз болған, одан ХYІІ ғасырда Орта жүз бөлініп шыққан деген жорамал жасайды.
С. Аманжолов, А.Ю. Зуев [249], А. Сейдімбеков [496] қазақ жүздерінің пайда болуын ежелден келе жатқан "оң қанат", "сол қанат" және "орталық бөлікке" негізделген түркілік-әскери тактикалық құрылыммен байланыстырады. Осы мәселені тарата зерттеген Қытайдағы қазақ тарихшылары үш жүз төркінін ерте заманнан бері Орталық Азияны қоныстанған көшпелі елдерде бүкіл ел аумағын "оң, сол және орта", яғни "батыс, шығыс және орта" деп үш өңірге айырып басқарушылық-дағдылы дәстүр деп жазады. Бұл бөліктер кейде ұлы, кіші, орта, кейде қара, сары, ақ, көк (орда) деген аттармен де аталып келді. "Біз бұл жағдайларды тарихта өмір сүрген көшпелі елдердің көбінен, мысалы, хұн тәңірқұтынан, үйсін күнбилігінен, Батыс Түрік қағандығынан, Түркеш қағандығынан және Шыңғысхан патшалығынан кездестіреміз", – дейді авторлар [456, 278б].
Бұл ғаслымдардың пікірінше, қазақ жүздері әскери бөлік сипатында емес, тым ерте кезден бастап қалыптасқан этникалық, аумақтық бірлестік ретінде дүниеге келген Н. Мыңжан оларды қазақтың халықтық негізін құрған үш ірі этногенездік ұйытқы ретінде қарастырады, үш жүз бойынша қазақ халқын құрайтын ру-тайпалардың құрамын, орналасуын, ежелгі және Қазақ хандығы тұсындағы мекендерін анықтайды [456, 278-279б]. Автор Қазақ хандығы кезінде қазақ жүздері өзінің тарихы қалыптасқан көшіп-қону салтын сақтады, әр жүздің көші-қонының аумағы белгілі болды деген тұжырымға келеді.
Қазақтардың орналасуы төмендегіше сипатталған: 1) Ұлы жүз қазақтары Балқаш көлінің оңтүстігіндегі, Іле өзенінен Сырдарияға дейін созылған өңірді мекен етті; 2) Орта жүз қазақтары Жетісудың солтүстік жағында орналасты. Олардың қыстаулары Сырдария, Қаратау, Мойынқұм өңірінде, ал жазғы жайлаулары Тобыл, Есіл, Нұра, Сарысу өзендерінің тармақтарында және Орталық Қазақстанның далалық аудандарында болды; 3) Кіші жүз қазақтары қазіргі Батыс Қазақстан жерін қоныстанды. Олардың қыстаулары Сырдарияның төменгі жағында, Жайық өзенінің құйылысында, Ырғыз өзені мен Торғай өзенінің қосылған жерінде, ал жазғы жайлаулары Жайық өзенінің тармақтары, Ырғыздың бойында, Тобылдың бас жағында, Мұғалжар таулары маңында болды [456, 279-280б].
З. Қинаятұлы да қазақ жүздерінің тым көнеден келе жатқан жүйе екендігін, олардың қалыптасуының Х-ХІ ғасырлардағы қыпшақ дәуірінен бастау алатындығын қолдайды [497].
Қырғыз тарихшылары А.М. Мокеев, Н.К. Керімбековалар да түркі халықтарының ежелден "оң қанат", "сол қанат" сияқты бірлестіктерге топтасып өмір сүріп келгендігі туралы пікір білдіреді және бұл құрылымдарды қырғыз халқының қалыптасуы процесіндегі маңызды саты ретінде қарастырады. А.М. Мокеев бұл жөнінде: "Қырғыздардың этникалық топтасуының орталығы Тянь-Шань аумағы болды. Деректерге қарағанда, ХY ғасырдың аяқ кезінде қырғыздар өздерінің мемлекеттілікке дейінгі этносаяси құрылымы: тайпалардың "оң қанат", "сол қанатқа" бөлінген екі жақты (дуальды) ұйымын қайта құрды. Орталық Азияны мекендеген түркі тайпаларының бұл секілді тарихи дәстүрлі ұйымының қайта жандандырылуы белгілі бір саяси функцияларды орындауға, оның ішінде жаңа этникалық аумақты қорғауға бағытталған және осы екі қанатқа енген тайпалардың басын топтастыруға қабілетті құрылымның қалыптасқандығын көрсетеді. Тек қана осы құрылым қалыптасып болғаннан кейін ғана қырғыз этногенезі процесі аяқталды және ТяньШаньдағы қырғыз халқының этникалық тарихы басталды", – деп жазды [498, 87-88б]. 1994 ж. қыркүйекте Бішкекте өткен халықаралық конференцияда да осындай тұжырымдар жасалынды [499, 4б].
Осы секілді салмақты уәждерге қарамастан отандық тарихнамада қазақтардың үш жүзге бөлінуі ХY-ХYІ ғасырлардан бұрын орын алмағандығы және бұл оқиғаның (құбылыстың) негізін табиғигеографиялық, шаруашылықтық факторлар анықтағандығы туралы тұжырым басымдылық танытып отыр. Бұл пікірді алғашқы болып айтқандардың бірі В.В. Бартольд болатын. Ол қазақтың бір жүзінің тірегі Жетісу, Сырдың орта бойы, екіншісі Сырдың құйылысы, Сарысу бойы болса, үшіншісі Қазақстанның батысындағы өзен-көлдер деп көрсетеді. С. Асфендяров қазақ халқының тарих сахнасына шығуымен қатар оның үш жүзі де пайда болды, алғашқы кезде "жүз" дегеніміз жалпы өз мүдделері үшін біріккен көшпелі қауымдардың одақтары еді деп жазады [500-33, 34б]. Автордың келесі бір еңбегінде жүздердің дүниеге келуі ХYІ ғасырдың аяқ кезінде, өзбектер мен ноғайлардан ажырасқаннан соң орын алған сияқты [226, 101б]. Осы кезде, автордың пікірінше, көшпелі-жайылымдық шаруашылық жүргізудің табиғи өңірі болған және Ұлы жүз, Орта жүз және Кіші жүз ру-тайпаларының орналасуы да осы табиғи-географиялық жағдайға икемделе өмір сүрудің көрінісі болып табылады.
Т.И. Сұлтанов қазақ жүздерін Ақ Орда, Көк Орда, Жүз Орда сияқты атаулармен байланыстырады, бірақ бұл жөнінде нақтылы дерек жоқ екендігіне назар аударады [283]. Осы себепті кейбір авторлар бұл мәселені зерттеуде қазақ шежірелері мәліметтерін басшылыққа алуды ұсынады [501, 57-58б].
В.П. Юдин монғол дәуірінен кейінгі уақытта Қазақстан аумағындағы мемлекетердің үштік ұйымдасу принципін ойдан шығарылған тарихи деректермен расталмайды деп жазады. Т.И. Сұлтанов та [502, 69б], В.П. Юдин [392-143б] де жазба деректерде "жүз" атауы 1616 ж. ғана ұшырасатынын атай отырып, А.И. Левшиннің [211], П.И. Рычков [503-70], И.Г. Георги [504, 119-126б], Н.А. Аристовтың [224], Ш. Уәлихановтың[505, 203-218б] мәліметтері де кейінгі кезеңдерге ғана қатысты екендігін атап көрсетеді. М. Б. Ақынжанов, Х.М. Әділгереев, С.К. Ибрагимов, Б.Е. Көмеков, В.В. Востров, М.С. Мұқановтың қазақ жүздері тақырыбына арналған ой-пікірлері жөнінде де осыны айтуға болады.
Х. Арғынбаев қазақ жүздерінің қалыптасу уақыты мен олардың оқшаулануына себеп болған факторлар жөнінде В.В. Бартольдтың[506, 512б] М.П. Вяткиннің [334, 99б], С. Асфендияровтың пікірлеріне қосылады [507, 17б]. К.А. Пищулина жүздердің қалыптасу процесін өз концепциясы тұрғысынан – әуел бастан қазақ халқының қалыптасуында орын алған үштөрт этникалық ұйытқының болуымен түсіндіреді. Қалыптасып келе жатқан халықтың құрамына енген ру-тайпалардың үш мемлекеттік бірлестік құрамында болуы (Өзбек ұлысы, Ноғай Ордасы, Моғолстан) кейін үш жүздің қалыптасуына жол ашты деп есептейді автор.
К.А. Пищулина Ақ Орда мен Моғолстан этникалық, этносаяси жағынан тұрақтанған мемлекеттер еді: Ақ Орда құрамында Қыпшақ бірлігіндегі тайпалар топтасса, Моғолстанда үйсін одағы ру-тайпалары топтасты; осылардың негізінде Орта жүз бен Ұлы жүз тайпалары бірікті дегенді айтады [59, 212-213, 227бб]. Автордың бұл тұжырымы В.П. Юдиннің тарапынан сынға алынып, әуел баста екі жүз ғана пайда болса, олар Ұлы жүз және Кіші жүз аталуы керек еді деп жазды [251, 140б]. Сонымен қатар қазақ жүздерінің пайда болуы табиғи-географиялық жағдайға байланысты екендігі туралы пікірдің біржақтылығын В.В. Востров, М.С. Мұқанов[251, 14б], К.А. Пищулина[59-99] атап өтті.
Қазақ жүздерінің шығу себептері, қазақ рулары мен тайпаларының орналасуы басқа ғалымдар тарапынан да зерттелді. Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз шежірелері жарияланады [508; 509; 510; 511; 512; 513]. Бірақ оларда келтірілген мәселелер мен пайымдаулар жоғарыда айтылған бағыттар ауқымында өрбітіледі.
Академик М. Қозыбаевтың пікірінше, қазақ қауымдастығының үш этноаумақтық бірлестік негізінде қалыптасуы және бұл құбылыстың әрі қарай дамуы ғасырлар бойы жүрді. Жүздердің негізіне табиғи – географиялық факторға бейімделген тұрмыс салты, ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлер, оның ішінде мемлекеттік, рулық-тайпалық байланыстар дәстүрлері жатты. Этноаумақтық бірлестіктер – жүздер елді қорғау мүддесіне қызмет етті [288, 9б]. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың атап көрсеткеніндей, "халықтың туысқандық негізі бойынша атаға бірігу, жер ыңғайына қарай тайпаға бірігу, шетсіз-шексіз даланың жағдайына саяси инстиуттарды қалыптастырды. Әкімшілік басқарудың қажеттігіне орай бірігу мемлекеттік мүдде тұрғысынан ұлтқа бірігу процесі кезең-кезеңімен, эволюциялық жолмен қақтығыссыз өтті" [514].
Қазақ хандығы тұсындағы этникалық аумақты, рулар мен тайпалардың орналасуын, жүзге бөлінудің түпкі себептерін зерттеу ғылыми-танымдық, практикалық маңызы бар проблемалар қатарына жатады. Біздің ойымызша, бұл мақсат жаңа дерек көздерін іздестіру, оларды ғылыми айналымға қосу арқылы жүзеге аспақ. Қазақ рулары, тайпалары мен жүздері тарихын зерттеу халық бірлігі мен тұтастығының тарихи тамырларын ашуға бағытталуы керек.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет