1.2 "Қазақ" термині: әлеуметтік мағынадан этнонимдік мазмұнға дейінгі эволюциясына қатысты көзқарастар
Қандай этнос болса да өзінің өзгелерден ажырата бастаған кезеңі өз атауының қайдан шыққанын, семантикалық мәнін түсінуге тырысады. Осыған байланысты "қазақ" сөзіне, оның этимологиялық мәніне сан алуан ғалымдар мен оқырмандар тарапынан назар аударылуы заңдылық болып табылады. Ең алдымен "қазақ" сөзінің қай уақытта пайда болғандығы жөнінде жазба деректерді қарастырып көрелік.
Археологиялық зерттеулерге қарағанда "қазақ" сөзі сақтар заманында пайда болған. С.П.Толстовтың басшылығымен жүргізілген Хорезм өлкесіндегі Топырақ қаладағы қазба жұмыстары барысында азды-кемді жазба деректер (ағашқа жазылған) кездескені мәлім. Оларды әліптеген авторлар жазбаларда "касак", "касасак", "пандикасак" деген атаулардың кездесетінін жазады[142].
Соңғы екеуі, Ә. Сарайдың пайымдауынша, тиісінше "батыр сақ", "ұстаз сақ" дегенді білдіреді. Соған қарағанда, ағаш жазудағы кісі аттары олардың атқарған қызметтерін білдіретін сияқты. Сонымен Топырақ қаланың өмір сүрген уақытын басшылыққа ала отырып, "қазақ" сөзінің толық күйде алғаш хатқа түсуі ІІІ ғасырдың орта шені деп белгілеуге болады [143].
Топырақ қала жәдігерлеріне байланысты автор "сақ" этнонимін тереңірек зерттеу қажеттігіне назар аударады.
Көне Қытай деректерінде "қазақ" сөзі ІІ ғасырдың орта кезінде хатқа түсірілген, тіпті сол уақыттың өзінде этнонимдік мәнге ие болған. Осы ғасырдың 50-жылдарында ғұндар Арал өңіріне барып қоныс тепкен кезде, олардың оңтүстік-шығыстағы ең жақын көршілері Ертістен Шу мен Сарысу өзендеріне дейін жерлерді мекендеген Қаңлы бірлестігі болады. Қытай тарихнамашылары осы Қаңлы мемлекетін қазақтардың отаны деп біледі. Мысалы, Хэ Цютао, 1851 ж. көне деректер негізінде жарияланған еңбектің авторы, ежелгі Кангюй мемлекетін қазақтар елі деп түсіндіреді.
Канцзюйдің шығыс шекаралары, деп жазады ол, қазіргі Касакэ (қазақтар) жерінде болды. Қазіргі заманғы географиялық деректерге сүйенсек, "Хань дәуірінде (б.д.д 209-б.д. 220 жж.) Кангюй мемлекетінің жерлері Касакэ елінің оңтүстік-шығыс шекарасынан басталып, солтүстік батыста кейінгі уақытта құрылған Мәскеу мемлекетінің шекарасына дейін созылып жатты", – деп жазады Хэ Цютао [144, 174-178б].
Синьцзян универеситетінің (Қытай) профессоры Су Бэйхай қытай жылнамаларында "кэса" ("қазақ") атауы YІІ ғасырдан бастап кездеседі дейді. "Таңнаманың" "Персия баянында" "түріктердің Кэса тайпасы" туралы айтылады. "Юань патшалығы тарихының аударма материалдарына толықтырулар" атты Хон Цзюньнің еңбегінде: "Түріктер дәуірлеп тұрған кездерде ... ең батыс шетте Кэсалар өмір сүрді. Олар гэсалар деп те аталған. Батыс елдерінің көне кітаптарында да осы атау кездесіп қалады, онда гэсаны басқашалау атаған Каспий мен Қара теңіздің терістік жағын түгелдей солар мекендеген", – деп нақтыланған [145, 13б].
Осы пікірді отандық тарихнамада Т. Жанұзақов та қолдап, "қазақ" атауы Кавказдағы түрік қауымы арасында сонау YІ ғасырдың өзінде-ақ халық атауы ретінде айтылған болатын [146] деп жазды.
Башқұрт ғалымы З.У. Тоған ІХ ғасырдағы араб авторы Әдһам ӘлКуфидің шығармасында "қазақ" деген сөздің ұшырасатындығын айтады. 982 ж. парсы тілінде жазылған "Худуд әл-Ғалам" атты кітапта: "алан елінде қазақ деген ұлыс бар" делінген [147]. Византия императоры Константин Багрянородныйдың (905-959 ж.) "Об управлении империей" деген өсиет еңбегінде "Казахия жұрты" туралы айтылады [148]. Оның замандасы Әбілқасым Фирдоусидің (940-1020) "Шахнамасында" "қазақ" сөзі топоним, этноним ретінде қолданылған. Х ғасырда өмір сүрген араб тарихшысы Масудидің "Мурудж әл-Әзахаб" еңбегінде кездесетін "кашак" деген халықты "қазақ" деп оқушылар да бар [149].
"Қазақ" термині монғол шапқыншылығына дейін-ақ пайда болып қойған жоқ, этнонимдік мазмұнға ие болды деген пікірді қолдаушылардың бірі – ІХ-Х ғасырлардың туындысы есептелетін "Манас" дастанын зерттеуші Б.Молдабаев, "Манас" эпосында қазақтар туралы басқа халықтарға қарағанда жиі айтылады. Олар туыс халық ретінде жиі көрінеді. "Қазақ" және "қырғыз" термині жырда бір қатарда қосарланып айтылады. Дегенмен де "Манаста" қазақтар жеке халық болып аталады [150] – деп жазады ол.
ХІІ-ХІІІ ғасырларда хатталған "Монғолдың құпия шежіресінде" "касаг" этнонимі кездеседі [151, 146 б]. 1245 ж. жарық көрген "Араб-қыпшақ сөздігінде" "қазақ" атауына түсініктеме берілген.
Никон жылнамасында 1233 ж. монғолдар шабуыл жасаған кезде "касахтар" жері арқылы өтіп, қыпшақтарды және орыс князьдерін Қалқа өзені бойында талқандады делінеді [153]. Әл-Омари (1348 ж. ө.), Ибн Халдун (1406 ж. өлген) еңбектерінде "азак" халқы деген кездеседі [154- 236, 215].
Мұнан кейінгі уақытта "қазақ" термині Евразия кеңістігінде, Дон жағалауында, орыстардың этникалық аумағында кездесіп отырғандығы жөнінде түрлі деректерде кездесетін мәліметтер зерттеушілер назарынан тыс қалған жоқ [155; 156; 157; 158; 159,43-48б].
Ұзақ жылдар бойы тарихшылар мен тілші-ғалымдардың ізденістері нәтижесінде жоғарыда аталған деректерді пайымдауға арналған сан алуан зерттеулер жарық көрді. Бірақ "қазақ" сөзінің түп-төркінінің өзі қай тілден шыққандығы жөнінде бір тоқтамға келінген жоқ. Кейбір ғалымдар (В.Ф.Минорский) "касах", "кашах" түріндегі сөз тұлғасын араб, парсы тілдерінен іздейді [149-227 б, 275 б] Фин ғалымы Г. Рамстедтің ізімен "қазақ" сөзін монғолдың "қасағ терген" деген сөз тіркесімен байланыстыруға тырысқан авторлардың әрекеттерінің ғылыми негізі жоқ екендігі дәлелденді [160, 70б]. Кейбір отандық және шетелдік ғалымдардың (Су Бэйхай) "қазақ" сөзінің төркінін ежелгі аңыз-әпсаналардан іздеуін де құптарлық деуге болмайды. Ғалымдардың көпшілігі бұл сөздің түп төркіні түркілік екендігі жөніндегі пікірге ойысып отыр. Бұл бағыттың негізін қалаушылар орыс шығыстанушылары В. В. Бартольд [161], В.В. Радлов [162,364-367б] сияқты ғалымдар болды. "Қазақ" деген сөз түбірінің ("қаз") ескі түрік тілінен шыққандығын қолдаушылар қатарында С.А. Плетнева [163, 281б], А.В. Гадло [164] т.б. бар. Б. Көмеков[165, 19б] "қазақ" терминінің алғашқы таралу аймағы шығыс Дешті-Қыпшақпен, яғни қазіргі Қазақстан аумағымен байланысты деп көрсетеді.
Қытай оқымыстылары Хэ Цютао, Чжань Симань "қазақ" сөзі тіпті
"үйсін" сөзінің баламасы деп түсіндіреді. Ал, Нығмет Мыңжани "қазақ" сөзі Хань патшалығы кезіндегі қышпақтардың Қытай иероглифтерінде бұрмаланып жазылуымен байланыстырады [166, 10б]. Бірақ бұл тұжырымдар әлі қолдаушыларын таба қойған жоқ.
"Қазақ" сөзінің этимологиясын қай тілден іздегеніне қарамастан, бұл авторлардың барлығына да проблеманы лингвистік тұрғыдан зерттеуге тырысушылық тән. Осы зерттеу әдісі туралы Ә.Т. Қайдаров этнонимдерді және этносты зерттеуде тіл факторы маңызды рөл атқарады дегенді [169]. Тарихшы Р.Г. Кузеев "этнонимдерді зерттеу этникалық тарихтың күрделі де қатпарлы процестеріне енудің маңызды құралы болып табылады", – деп жазады [168]. Тілші-ғалым Д.Е. Еремеев түркілік этнонимияға этногенетикалық зерттеулер үшін қосымша дерек көзі ретінде қарау керектігін ескертеді.
Бірақ лингвистикалық ізденістер, тіпті өте сәтті және бірегей этимологиялық пайымдаулар да өз алдына этногенез проблемасын түгел шеше алмайды. Оған отандық және шетелдік ғалымдардың ізденістері дәлел бола алады. Қазіргі таңда "қазақ" этнонимінің тарихи-филологиялық зерттеулерде жүзге тарта этимологиялық пайымдаулары бар [167, 31б]. Олардың кейбірі "қас" пен "ақ", "ақ" пен "қаз", "аз" бен "сақ" тағы сол сияқты компоненттердің қосылуынан шыққан деген жасанды тұжырымдарға негізделген Қытай ғалымы Су Бэйхай тарихшы М. Ақынжановтың "қазақ" этнонимі "қас" пен "ақ" сөздерінің бірігуінен шыққан, содан "қас (хас) сақтар" деген ұғымды білдіреді деп жазған пікірімен келісе алмайтындығын айтады. Себебі сақтар қазақтардың этникалық қалыптасуымен тығыз байланысты болғанымен, қазақ ұлтын қалыптастырған негізгі этникалық қайнар – үйсін, қаңлы, қыпшақ тайпалары екені шүбәсіз дейді.
Өз тарапында Қытай ғалымы "қазақ" сөзінің түбірі – "қаз", оның аққуды меңзейтін мағынасынан өзге "қаз тұру", "еркіндік" деген этимологиялық төркіні барлығына, осы орайды Т.Жанұзақовтың пікірін ескеру керектігіне назар аударады [145, 12б]. Ал, қазақ ғалымы: "Қазақ" этнонимінің бірінші сыңары "қаз" – "ер", "батыл", "ержүрек" деген мағынаны білдірсе, екінші сыңары "ақ" – көптік жалғау көрсеткіші "лар"дың синонимі екендігі байқалады. Сонда "қазақ" сөзінің жалпы мағынасы "кең далада еркін көшіп жүрген батыл адамдар, ержүрек, еркін кісілер" деген мағынаны білдіреді" деп жазған [146].
"Қазақ" сөзінің шығу тегін лингвистикалық тұрғыдан шешуге тырысқан Ә. Қайдаров пен Е. Қойшыбаев та: "Қазақ" этнонимі үлкен тайпа басшысының атын білдіретін екі түрлі мағыналы этникалық компоненттерден жасалынған" дейді [169, 48б].
Бұл авторлардың пікірінше, қазақтар "аз" бен "сақ" тайпалары одағынан шыққан. Әрине, аздардың Орхон өзенінің бойында болғаны тарихи шындыққа жатады. Олар Күлтегін ескерткішінде азлар, Тоныкөк ескерткішінде Аз даласы ретінде жазылған [170, 32б]. Бірақ YІ-YІІ ғасырларда "сақ" этнонимі ұшыраспайды. Сол себепті бұл жорамал сенімді көрінбейді.
Әзірбайжан ғалымы М. Сеидовтың ойлауынша, "қазақ" (газаг, гасак) сөзінің пайда болуы қазақ дүниетанымымен, оның қоғамдық өмірімен тығыз байланысты. Ертедегі оғыздар, басқа да түркі тайпалары мен халықтары сияқты, өз қағандарына, атақты батырлары мен қолбасыларына екінші (қосалқы) ат беретін болған. Оғыздар осы тұрғыда қағандарға Газан – "биіктеген" (жоғарылаған) деген ат берген. Газ, гас-биік, жоғары (тау) деген мағынаны білдіреді. "Қазақ" сөзінің екінші элементі – "ақ". Бұл сөзді екі мағынада түсінуге болады. Біріншісі түркі тілдес тайпалар одағының көпшілігінің атында кездесетін "аг" (тыпч-аг, Бачан-аг, Печенег, Бар-аг т.б.) элементі көптікті немесе жерлер атауын білдіреді. Сонда "Газ-ағ" биікте, жоғарыда (тауда) мекен еткен деген мағынада болады. Екіншісі: "аг" бірсыпыра түркі тілдерінде "жоғары көтерілген", "биіктік" деген мағынаны білдірген [171, 31б].
В.В. Радлов, С.Е. Малов т.б. түркітанушы ғалымдар да "ағ"-тың "биіктеу", "жоғарылау", "биікке көтерілу" іспетті мағынасы бар деп көрсеткен. М.Қашқари "ағ"-қа, "бұлт", "бұлт биіктеді, көтерілді" деген түсінік берген [172].
Сонымен М. Сеидов өз пікірін "Газ-аг" атауы әфсаналық көзқарасқа байланысты пайда болған және ол атауды қолданушылар өздерінің тегін биіктікте (тауға) ұлылыққа сайыған түсініктен туғандығын ұғынамыз деп түйіндейді.
Біздің өз ойымызша, "газаг", "гасаг" (қазақ) түріктердің атабабаларының мекені - Алтай тауына байланысты тарихи жадтың сілемі де болуы мүмкін. "Қазақ" сөзінің төркінін "касы", "сақ", "хазар" этнонимдерінен таратуға әрекеттенген ғалымдарда баршылық (Ә.Х. Марғұлан, А.Н. Бернштам т.б.) [173; 174; 175]. К.М. Дьяконовтың[177], О. Сүлейменовтың [178] зерттеулеріндегі келтірілген "сағ" (сақ) атауының этимологиясына сүйене отырып, аталмыш терминді политоним, плиноним ретінде түсіндіру де ғалымдар тарапынан қолдау таба қоймады.
ХІХ ғасырдың 30-жылдарында А. Левшиннің "Описания киргизкайсацких (или киргиз-казачьих) орд и степей атты еңбегі жарық көргеннен бергі уақытта А. Вамбери, Н.И. Веселовский, В.В. Бартольд, В.В. Вельяминов-Зернов, А. Самойлович сияқты, басқа да орыс, батыс авторларының еңбектері жарық көрді. Олардың да, жоғарыда көрсетілген авторлардың лингвистикалық тұрғыдан "қазақ" терминін пайымдауға бағытталған ізденістері нәтиже бере қоймағанымен, оның мәнін біршама пайымдауға қол жеткізілді және этнонимиялық бағыттың негізі қаланды.
Зерттеу қорытындылары, негізінен, "қазақ" терминінің барлық жазба деректерде көрсетілгендей, "еркін", "азат", "кезбе" деген мағынасына тоқтау және оның, қалай болғанда да, қазақ хандығына дейін пайда болғандығы жөніндегі ортақ пікірге әкелді. Орыс тарихшысы Н.М. Карамзин "казактар" Ресейде Батыйдан бұрын пайда болған сияқты ("вероятно, оно в России древнее Батыева") дейді [153, 230б]. Ол түрік қазақтарын: Орда қазақтары, Азау, Ноғай және басқа да қазақтарға бөледі. Бірақ Карамзинге "қазақ" сөзінің түрлі мағынада қолданылғаны мәлім. Осыған орай ол: "Болтин пишет, что ханские баскаки имели при себе войнов, называемых казахами и что города наши, подражая им, завели своих казахов" [153, 174б].
"Қазақтың" алғашқы мағынасы "жасауыл" болған деген пікірді С. Сейфуллин түріктердің әскерді "қосын" дейтін, қосыннан "қосақ" сөзі шығатынан еске салып, оның қайтадан "қазақ" болмысына ойысатындығы жөнінде жорамал жасаған [158, 295б]. Әр кезеңдерде "қазақтың" "шекара сақшысы" деген мағынасы барлығы туралы басқа да авторлар (П. Бутков, М. Аджи т.б.) айтқан [155].
1984 ж. Ә. Марғұлан "Таңбалы тас жазуы" деген мақаласында "қазақ" сөзінің дерегі мен мәніне қатысты біршама ғылыми пікірлер айтқан. Осыған орай Қ. Өмірәлиевтің ғалымының "Тұтық әскер . Тұтық шығу" деген пікіріне байланысты өз ойларын айтқан. Автордың пікірінше, қазақылыққа кету дәстүрі сонау көне түркі жұртынан басталады. Көне түркі жазбаларында "Тутуқ будун" күзетші әскер мағынасында, немесе белгілі бір себептермен шетке, шекаралас өңірлерге кетіп қалған кіші хандардың, тегіндердің жасақтарын атаған. "Тутуқ бектердің "Тутуқ будун" бастап, шекара күзетуі де және ордада шет қақпай көрген хан тұқымдарының "Тутуқ будун" алып, шекараға шығып кетуі де ертедегі түркілерде машықты іс болған", – деп жазады ол [179]. Осы "Тутуқ будунды" бергі ІХ-ХІІ ғасырларда "қазақ будун" деген әскери термин ауыстырған. Ол кезде "қазақ будун" қағанаттың шекарасында тұратын әскери халық болған, "Қазақ будун" болу, "қадақ" болу ерлікке саналған.
Қ. Өмірәлиев осы "күзет", "көзде", "қарауылда", "қадағала" деген мағынадағы "қадақ" сөзі ("Оғыз қаған" эпосында) "қазақ сөзіне негіз болған деп есептейді. Осылай пайымдауға Ш. Уәлихановтың "қазақ" аты, "Шейбани-намеге" қарағанда, алғашқы кезінде барынша құрметтілеу мәнге ие болған және ер көңілділікті, мықтылық пен қайсарлықты білдірді, еуропалықтардың "рыцарлық" дегенімен сәйкес келеді дегені жанасымды.
Қ. Өмірәлиев, қазақлықта болудың, салты өте әріде жатқанымен, "қазақ" атты халықты құрауға бастап әкелген қозғалыстың-қазақлықта болудың басы, Шоқанның айтуынша, ХІY ғасырдың ортасына тән. Бұл мерзім Шағатай ұлысынан (Әмір Темір билігінен) Моғолстанның бөлініп, оларды шағатайлықтардың монғол есімімен "жете" деп атауымен тұстас келеді. Моғолстанның дулаттар бастаған бірнеше ру тайпалары да бөлініп шығып, оған қарсы қазақылықта болған. Осы үшін мауераннахрлықтар оларды да "жете" деп атады. Бұларға 1376 ж. 30 мың қыпшақ пен жалайырды бастап қазақылықта болған Сары Буғу мен Әділшаһ келіп қосылды.
Моғолстанға (дулаттарды бастаған Камар ад-Динге) қарсы осы 1376 ж.
Әмір Темір жорық жасаған. Низам ад-Дин Шамидін, айтуынша Камар адДин "мың қадақ (қазақ - С.Г.) әскерімен Андуғанға кіреді". Осы оқиғаға байланысты Шараф ад-Дин Әли Йезди "Зафар-намеде (1404 ж.) "мың қадақ Омаршейхты тастап, Камар ад-динге қосылды дейді [179, 19б].
Қазақылықта болудың осы толқынын Ә. Марғұлан жалайыр, арғын, дулат, қаңлы, сіргелі, қоңырат т.б. тайпалар бастады, "бұл да өзбектен қазақтың бөлініп шығуының бір көрінісі" деп бағалайды [180, 143б].
"Қазақ" сөзінің этимологиясы туралы жазған авторлар саны көп болғанымен, олардың бұл мәселені анықтауға қосқан өзіндік үлестері көп емес. Деректердің шектеулілігіне байланысты "қазақ" сөзінің жоғарыда көрсетілген мағыналарын түрлі жақта пайымдаған, ал шын мәнінде бір мақаладан екінші мақалаға көшіп отыратын қайталаулар болып келеді. Оның үстіне М.Тынышпаевтың [159], А. Самойловичтің[181], С.К. Ибрагимовтың[182], М.Жолжанның [183] еңбектерінде "қазақ" сөзі және этнонимі туралы жарық көрген отандық және шетелдік еңбектерге біршама толық талдау жасалған. Оларда "қазақ" сөзінің халық атына айналғанына дейін әлеуметтік термин болғандығы атап көрсетіледі.
Бұл мәселеге қазақ халқының құрылуы және этногенезі проблемасына байланысты отандық ғалымдар да назар аударып келеді. Х.М. Әділгереев "К истории образования казахской народности" [184], М.Б. Ақынжанов "Об этногегезе казахского нарда" [25], В. Ф. Шахматов "К вопросу об этногенезе казахского нарда" [185], С.В. Юшков "Об основных моментах казахского государства" [186] деген еңбектерін жариялады.
С.К. Ибрагимов бұл авторлардың Х-ХІІ ғасырларда "қазақ" термині этнонимдік мағынада қолданылды деген тұжырымдарын түпнұсқа дерек көздерін теріс, не бұрмалай пайдаланудың нәтижесі негізсіз деп табады. Тіпті, А.И. Левшиннен бастап барлық зерттеушілер сілтеме жасап келе жатқан Фирдоусидің "Шах-наме" поэмасында "қазақ" деген термин мүлде кездеспейтіндігін жазады. Ал, академик А.Н. Бернштамның "Оңтүстік Қазақстанның көне тарихы мен этногенез проблемалары" деген жұмысындағы "қазақ" терминіне байланысты қате пікірдің орын алуы да деректерді дұрыс пайдаланбаудан, кавказдық "касогтарды" қазақтармен шатастырудан (Константин Багрянородный) немесе Йозеф Маркварттың Ауфи еңбектеріндегі қарлұқ бірлестігіне енетін тайпалар атын дұрыс оқымағандығынан орын алып келгенін автор орынды сөз еткен [182, 67-
69б].
"Қазақ" сөзі жазба деректерде алғашқы рет 1248 ж. құрастырылған түрік-араб сөздігінде кездесетіндігін және осы сөздіктегі "кезбе", "еркін" деген әлеуметтік мағынасында "қазақ" термині ХY-ХYІ ғасырларда өмір сүрген Абд ар-раззак Самарқанди, Бенаи, Мұхаммед Хайдар Дулати, Әбілғазы шығармаларында қолданылған дейді. Дегенмен Дешті Қыпшақтың шығыс бөлігінде де, Орта Азияда да, яғни түрік тайпалары қоныстанған жерлердің барлығында да ұшырасып отырғандығын жоққа шығармайды. Шығыс деректерінің мәліметтеріне қарағанда аталмыш терминнің мазмұны эволюцияға ұшырап, ХY ғасырда этникалық мәнге де ие бола бастаған.
Осы тәріздес дәлелдерді М. Жолжанның "Қазақ" сөзі және этнонимі" деген мақаласында да кездестіруге болады. Оның пікірінше: а) жоғарыда айтылған Қаса (Хаса) қытайша Хазар атауы; б) Алан еліндегі "Қасақ" (982 ж.) – қазіргі Қабарда-Балқар елі, ол осетин тілінде осы күнге дейін солай;
в) Фирдоусидің "Шахнамасында" "қазақ" сөзі атымен жоқ; г) Константин Багрянородныйдың "Казахиясы", орыс жылнамаларының касағы, тағы да сол Кабарда елі, оның халқы; Масудидың кашегі де солар.; д) Ә. Сарайдың Лаврентьев жылнамасынан келтірген мәтіндегі "казаше" "қазақша" дегенді білдіре алмайды ("Они же, половцы казаше рекуще").
Автор мұнан басқа да сан алуан уәждерді алға тарта отырып, төмендегідей қорытындыларға келген:
"Қазақ" сөзі түркі тілдеріне енгеннен бастап ХІІІ ғасырдың аяғына дейін,, 1245 жылғы сөздіктегідей, "еркін жүрген бойдық жас, жалғыз басты" ер жігіттің ерлік қасиетіне байланысты айтылатын жағымды да қарапайым сөз ролін атқарады.
ХІІІ ғасырдың аяғынан бастап, бұл сөз хан, әмір, сұлтан, князьдердің жеке, жеңіл қаруланған атты жасағының атауы болады. Одан кейін Алтын Орданың ыдырауы қарсаңында хан әскерлерінің төменгі жеңіл қаруланған бөлігінің атауына айналады.
ХY ғасырда қалыптасу үрдісі аяқталған қазақ халқының және оның мемлекетінің атауына ие болады [183, 6б]. "Қазақ" сөзінің түрлі әлеуметтік мағынада қолданылуынан этникалық мәнге ие болуына дейінгі эволюциясы туралы басқа да тарихшылар еңбектерінен кездестіруге болады [187, 46б]. В.В. Бартольд: "Қырда қалған өзбектерге "қазақ" деген ат берілді, ол "еркін адам" деген мағынаны білдіреді, ал бұл мағына келе-келе өз мемлекетінен бөлінген адамның, өз өмірін ерекше жағдайда өткізуге мәжбүр болған тайпа мен рудың атауына айналды", – деп жазды. А.Н. Бернштам да бұл мәселе жөнінде В.В. Бартольд пікірін қолдап, өз пікірін төмендегіше тұжырымдады: "Мұхаммед Хайдардың айтуынан белгілі болғандай, өзбек ханы Әбілхайырдың билігінен Жәнібек, Керей сұлтанмен бірге кеткен осындай еркіндіктегі кісілер "қазақтар" аталған. Сөйтіп, бірсыпыра көшпелі тайпалардың хан билігінен кетуі нәтижесінде "еркіндіктегілер" қауымы пайда болды, ал олардың арасында "қазақ" аталған тайпалар көпшілік болды әрі олар үстем тайпалар болды". Автордың ойынша, "бұл тайпалардың ежелгі "қазақ" этнонимі түріктің "қазақ" деген терминімен "еркін адамдар" бір болған" [188].
"Қазақ" деген этноним – сайын даланың еркін өскен ұлы, Шоқан айтқандай, "дала рыцары" ("дала серкесі"). Бұл ұғымды халықтың аты есебінде Мырза Мухаммед Хайдар Дулати "Тарих-и-Рашиди" еңбегінде (1500 ж.) алғашқы рет атайды. "Қазақ", "ұлан", "жеке жасақ" Алтын Орда әлсіреген сайын көбейе берді", – дейді М. Қозыбаев [189].
Халыққа таңылған әлеуметтік мағынадағы терминнің этникалық мәнге ие болуы адамзат тарихында сирек кездесетін құбылыс емес. Мысалы, тайпалық "серб" термині бір кезде "тонаушы", "тағы" деген сөздің синонимі болған. Бұл арада Н.Я. Маррдың мына пікірін айта кету керек: "Этникалық атау, әдетте бөтен тайпаның атынан алынғанына байланысты немесе бұл атау иесі болған халықтың тарихи рөліне байланысты түрлі өзгерістерге ұшырап отырады. Кейде ол әлеуметтік атауға да айналып кетеді: егер атаудың иелері езілуші топқа жатса, онда бұл атау шаруа, құл, бейшара, тұрпайы дегендердің баламасы болады; ал енді атау иелері екінші бір халықты езуші, құлданушы топ болса, онда бұл атау ақсүйек, еркін, ханзада дегендерді білдіреді. Этникалық атау енді бір кезде жағымды не жағымсыз, адамгершілік қасиеттерді сипаттайтын сын есімге айналып, бір халықтың екінші бір тайпа жөніндегі көзқарасын білдіреді" [188].
Н.Я. Маррдың бұл тұжырымына "қазақ" сөзінің эволюциясы да дәлел бола алады. С.Г. Кляшторный мен Т.И. Сұлтанов "қазақ" терминінің өзгеріске ұшырауын жоғарыда айтылған Н.Я. Маррдың концепциясы шеңберінде қарастырады. Олар бұл терминнің әуел баста саяси да, этникалық мағынасы болған емес, оны тіршілік, тұрмыс құрудың бір түрі тәсілі ("қазақылық") деп түсіндіруге тырысады. Осыған қарағанда, бұл авторлар "қазақ" сөзінің мәнін орыс казактарының өмірі арқылы зерделеуге бейім сияқты [190, 251б]. Бірақ ортағасырлық мұсылман деректерінде "қазақылық" деген тұрмыс салты болғандығын да жоққа шығаруға болмайды. Түрлі мемлекеттік бірлестіктер мен халықтардың құрамында "қазақ" атты этникалық топ (топтар) та болды деген мәліметтер кездесіп қалады. Осыған байланысты М. Тынышпаевтың "қырғыз-қазақ руларының генеалогиясы" жөнінде айтылған, бірақ зерттеушілер тарапынан назар аударыла қоймаған тұжырымына тоқтала кеткенді жөн көрдік. Кейбір тарихи оқиғалар мен қазақ халқының ауызша тарихнамасына сүйене отырып, ол қазақ халқы ("народность") алғашында Алтын Орда құрамына енген, кейінгі кездегі атауымен айтсақ, Кіші жүз бен Орта жүздің жарты аумағында қалыптасты деп жазады. Бұл оқиғаның Тоқтамыс ханның тұсында болғаны жөнінде "Біздің ел Тоқтамысты жамандағанын да қоймайды, көрсе бас ұрып, тоңқайғанын да қоймайды" деген мәтелді де келтіреді.
М. Тынышпаевтың пікірінше, қазақтар (алшын) алғашында Қара теңіз,
Азау және Кавказ таулары өңірінде өмір сүрген. Кейін 1300 жылдар шамасы Еділ мен Жайық алқабына ауысқан. Осыған байланысты "қазақ" атауы әр жерде кездеседі дейді. ХY-ХYІ ғасырлардың кезінде де Жәнібек пен Керейдің хандығындағы тұрғындардан басқа, бұрынғы Алтын Орда халықтары да "қазақ" деп аталған [159, 51-52б].
М.Тынышпаев концепциясының тарихи және этнологиялық зерттеулер тұрғысынан әлсіз жақтары баршылық [190]. Дегенмен ХY ғасырға дейін "қазақ" сөзінің этникалық мәнге ие болғандығы туралы тұжырымдар қазіргі уақыттағы отандық тарихнамада да кездесіп қалып отырады [194, 20б]. "Қазақ" этнонимінің этимологиясын зерттеуге шетелдік ғалымдар да (П. Пельо, Л. Крадер) ат салысты. Неміс шығыстанушысы А. фон Габэн түрік халықтарында орта ғасырларда "қазақылық" институтының кеңінен таралғандығы және "қазақ" сөзінің әлеуметтік мағынада осы құбылысқа байланысты пайда болғандығы жөнінде жазды [192, 137б; 193, 89б; 194, 61167б ].
Бірақ бұл авторлардың да ізденістері дәстүрлі тарихнама шеңберінен шыға алмады, бұл жәйт отандық тарихшылар тарапынан аталып көрсетілді де. В.П. Юдин отандық және шетелдік ғалымдардың "қазақ" этнонимі зерттеу әдістеріне тән бірнеше олқылықтарды атап көрсеткен. Ол, біріншіден, П. Пельо, М. Тынышпаев және т.б. авторлардың "қазақ" этнонимінің таралу өңірі, уақыты және мағынасы сияқты мәселелерді топонимикалық атаулармен байланыстырудың негізсіздігіне назар аударды. Көптеген тарихшылар мен филологтар халық болып қалыптаса бастаған тайпалар одағына әдетте үстем тайпа өз атын беретіндігі жөнінде қағидамен келіседі. Бірақ В.П. Юдин қазақтардың құрамында "қазақ" деген ру, не тайпа жоқ екендігін орынды ескертті. Бехистун жазбаларында кейбір авторлардың "касах" дегені халық пен этнонимді оқуы да ғылыми-зерттеу әдісіне жатпайтындығы ғалым назарынан тыс қалмады.
Ғылыми ізденіс, әрине, бұрыннан келе жатқан белгілі бір тұжырымдар мен қағидаларды теріске шығарумен шектелмейді. В. Юдин өз тарапында "қазақ" терминінің түркілік тегі туралы дұрыс көрсетеді. Алайда оның "қазақ" этнонимін Орхон-Енисей жазбаларынан "қаз+оқ" ("қас-оқ") ретінде оқу жөніндегі ұсынысы [192, 142-146б] ғалымдар тарапынан қолдау таба қойған жоқ.
Сонымен "қазақ" термині жөніндегі ізденістер қазіргі уақытқа дейін тиісті нәтижелерге қол жеткізе қоймады деуге болады. Осыған орай С. Асфендиаровтың: "Қазақ" сөзі мен қазақ халқының шығу тегі туралы мәселе жалпылама лингвистикалық пайымдаулар негізінде емес, нақтылы тарихи талдаулар жолымен шешілуі керек" [195, 71б] деген ескертуін қайталауға тура келеді.
"Қазақ" терминін зерттеудегі отандық тарихнаманың жетістіктері мен кемшіліктері Б. Көмековтің 1998 ж. жарық көрген "Қазақстан тарихының" екінші томындағы мақаласында баяндалған.
Автор соңғы кезде, әсіресе, Қазақстанның өз тәуелсіздігін жариялауына байланысты қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне, "қазақ" этнонимі проблемасына жұртшылықтың ықыласы арта түскенін, осыған байланысты ғылыми ізденістердің жандана түскенін атап көрсетеді. Аталмыш термин жөнінде, оның этимологиялық мәні, этнонимге айналу кезеңіне арналған Н.М. Карамзин, А. Вамбери, Н.А. Пантусов, А.Н. Самойлович, А.И. Левшин, Г.И. Рамстедт, З.У. Тоған, А.А. Семеновтың, араб және парсы авторларының еңбектеріндегі, "Повесть временных лет" атты жылнамадағы, Константин Багрянородныйдың "Империяны басқару туралы" т.б. дерек көздеріндегі мәліметтерге жан-жақты талдау жасаған. Ғылыми негізгі жоқ болжамдар мен салыстырулар сынға алынған. Осы негізде автор төмендегідей ескертулер орынды деп табады. "Баяндалған материал ІХ-Х ғасырларда Шығыс Дешті-Қыпшақ қыпшақтарының қоғамында "қазақ" атауымен әлеуметтік, ал ХІ-ХІІ ғасырларда этникалық-әлеуметтік топтары болғаны туралы қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Алайда бұдан монғолдардың бұрынғы уақытта қазақ этносының қалыптасуы туралы, оның бер жағында қазақ халқының құрылуы туралы қорытынды жасамаған жөн" [42, 303-308б]. Бұл ғалымның пікірінше, "қазақ" сөзі тұтас алғанда алуан түрлі еріктілерді атау үшін қолданылған, тек ХY ғасырдың екінші жартысында қазақ халқы құрылғаннан соң ғана "қазақ" атауы этникалық маңызға ие болған.
Автор "қазақ" сөзі мен этнонимінің түп-төркінін іздеушілер арасында сан алуан қайшылықтар туындатып, мәселені ғылыми негізде шешуді күрделендіріп келе жатқан осы терминнің Евразия кеңістігінде кеңінен таралғандығы жөніндегі М. Тынышпаевтың және басқа да авторлардың уәждеріне де нанымды жауап берген. Негізінен қыпшақтардың жиі орын ауыстырып, Евразия кеңістігінде шашырай қоныстануна байланысты "қазақ" термині әмбебап мәнге ие болған сияқты. Оларда және басқа да түркі тілдес халықтарда "қазақылық" институты кең тарағандығы деректермен расталады деп есептейді автор.
Отандық және шетелдік тарихшылар мен этнологтардың "қазақ" терминінің әлеуметтік мағынадан этникалық мазмұнға ие болуына дейінгі эволюциясы туралы ғылыми ізденістерін қорытындылай келіп, тарихнамадағы этнонимиялық бағыттың танымдық әлеуетінің шектеулігін айта кету керек. Ол халықтың атауын анықтауға біршама септігі тигенімен, оның этногенезі процесін саралап бере алмайды. Жалпы халықтың құрылуы мен оның этнонимі арасындағы арақатынас қандай деген проблемалық мәселе де әлі түпкілікті шешілмей келеді. Осыған орай Б.Көмековтің "Ақ Орда этникалық құрамы жағынан қазақ халқы болса да, оның атауы деректемелерде кейінірек жазылып, анықталды [42, 308б] деген тұжырымдамасы жаңа ізденістерге жол ашу керек сияқты. Кезінде С.М. Абрамзон "Қырғыздар этногенезі этнография деректері негізінде" деген мақаласында мынандай методологиялық принцип ұсынған: "Біздер "қырғыздар" атауының барлық уақытта бірдей этникалық мазмұны болды деп есептесек, онда қырғыз этногенезі мәселесін ешқашан да шеше алмаймыз "Қырғыз" термині, "қазақ", "өзбек" атаулары сияқты, әр уақытта әртүрлі мағынада қолданылды. Этникалық мазмұнға кейін ие болған атау еш нәрсені шешпейді [196, 33б]. Сонымен халықтың құрылуы мен оның атауы (этнонимі) арасындағы уақыт алшақтығы, немесе бір кезеңде орын алуы төңірегіндегі проблемалар жаңа зерттеулер нысаны болмақ. Ал, қазіргі этнос теориясы тұрғысынан қарасақ, этноним дегеніміз халықтың, тайпаның, этностың атауы. Оларды қалай атасаң да, өзіне тән ерекшелігі, тілі мен мәдениеті болу қажет. Этнос дегенімізді белгілі бір аумақта топтасқан этникалық тұрғыдан бірыңғай адамдар тобы деп білеміз [197, 180-181б].