Сабит Муканов. Балуан Шолак



Pdf көрінісі
бет27/27
Дата03.10.2023
өлшемі0,88 Mb.
#112721
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   27
Байланысты:
Сәбит Мұқанов Балуан Шолақ

БАҒЫ ҰШҚАН БАЛУАН 
Дәуқара мен болыстар қанша жасырам дегенмен, «ел құлағы елу» дегендей, патша 
үкіметінің қазақтан солдат алатыны халық арасына тез тарай қалды. 
Бұл хабар жанын түршіктірген елдің көбірек ақылдасқан адамы — Балуан Шолақ. 
— Ал, батыр!—деді оған ақылдасқандар, — солдат алады деген хабарды естіп 
отырсың. Елдің болысы, биі, байы күн бұрын айла тауып, балаларын солдаттан алып қап, 
ылғи кедейдің жігітін бергісі келетінін де сезесің. Біз не істейміз? Баяғыда «патшаны 
құртпай — жақсылық жоқ», — дейтін ең оның не сөз еді? 
«Бөрі арығын білгізбес, сыртқа жүнін қампайтар» дегендей, көлденең жұртқа 
жуасыған, аңшылықпен ғана алданған сияқты көрінгенмен, Балуан Шолақтың жүрегінде 
қайнаған көк көкірегіне симайтын еді. «Күш қазандай қайнайды, күресерге дәрмен жоқ, 
қоян -қолтық ұстасып өлсеңдағы арман жоқ, деп көнетін еді. «Осы қорлықта іштен сыздап 
өлгенім ғой» деп өкінетін еді, «шіркін ел бір көтеріліп, тізгінін маған берсе!»—деп арман 
ететін еді. 
«Құланның қасынуына, мылтықтың басуы дөп келді» дегендей, он алтыншы жылдың 
хабары оның осы ойына дәл келе қалды. 
Балуан Шолақ ақылдасқан елге жауабын ойланбай берді: 
— Лақ та өлерінде бақырып, тұяқ серпеді, — деді ол, — аянғанмен жан қалатын емес, 
бәрібір өлім, көтерілеміз! Арпалысамыз. Не жеңеміз, не өлеміз!.. Екінің бірі!.. Содан басқа 
жол қалған жоқ. 
— Дұрыс!—десті жұрт. 
— Бірақ оған ақыл керек. Мұндай зор іске алды - артымызды шамаламай сұғынуға 
болмас. Ана жылы Ұлы жүз бен Орта жүзді тегіс араладым. Сонда патшаны ұнататын ел 
жоқ та, бәрі де іштен сыздап амалсыз отырған. Егер, көтеріле қалсақ, Үш жүз боп тұтас 
көтерілейік дескенбіз. Елдің ішінде бықсып жанып жатқан намыс өртін мына оқиға үрлеп 
даулатуында күмәнім жоқ. Қазақтың кең даласы тұтас өртенсе, оны сөндіру патшаға оңай 
бола қоймас; білетіндер осы патшаны соғыстан қалжырады деп жүр. Тәуекелге бел байлап 
ұстасып көрейік, мүмкін жығармыз. Бірақ, қазақ атанған ел боп тұтас қимылдайық! Ол 
үшін, жан - жаққа шапқын жіберіп хабар алайық. 
— Дұрыс!.. 
Жан - жаққа астыртын хабар тарап жатты. «Көтерілеміз, білегімізді біріктіреміз» деген 
хабарлар келіп жатты... 
«Қазақ түгіл: қырғыз, қарақалпақ, өзбек, түркпен сияқты елдер де көтерілгелі жатыр» 
деген хабар естілді. 


— «Осы патшаға орыстың өзі де қарсы екен, жұмыскерлері мен кедейлері бұл 
патшаның бізге керегі жоқ деп жанжал жасап жатыр» деген хабар да келді... 
Ел күшін осылайша жинап жатқан күндердің біреуінде, көңілді Балуан Шолақ 
қаршығасы ілген құстарды қоржынына толтыра тиеп, күн төбеден құлай үйіне қайтты. 
Астына мінген аты Ақбоздай болмағанмен, сол маңайдағы жақсы аттың біреуі еді, өзі 
желгіш те, аяңшыл да. Қолындағы қаршығасы «жылан сырт» атанған алғыр, қыран құс. 
Бүгін Балуан Шолаққа ерекше сезім пайда болды. Еліне беттегенде ол аулына емес, 
жорыққа аттанған сияқтанды. Барлық халқы соңына ергендей, барлық орман қаруға 
айналғандай, барлық тас жауға ұстайтын қалқан болғандай, барлық сайраған құстар жеңіс 
әнін шырқағандай, патшаны құртып, жауын жеңіп, өмірлік арманы — Ғалияға қосылып, 
махаббат аясында бақытты өмір жасағандай сезінді!.. 
Балуанның жолында биік жақпар тасты кесіп өтетін тар кезең болушы еді. Бұрын осы 
тастан өткенде ол әлденеге сезіктенетін еді, сондықтан, сақтанып, абайлап өтетін еді. 
Бүгін ол қауіп ойдан шықты. Орманды жаңғырта «Ғалия» әнін шырқаған ол тастың тар 
кезеңді жолынан желіп өте бергенде артынан мылтық гүрс ете түсті. 
Селк еткен Балуанның жалт қарауға шамасы келмеді, тұла бойы әлденеге шымырлап, 
жүрегі төмен тартқан сияқтанды. Төсінен төмен қарай ып - ыстық бірдеме жылжи 
жөнелді... 
«Апырай, не болды!..»—деп ол тізгіндегі қолын кеудесіне тығып, жып - жылы бірдеме 
білінгенге шошығандай қайта суырып алса, — қызыл қан!.. 
— Ұрған екен!—деді ол. 
Мылтық тағы атылды. Бұл жолы оқ тиді ме, жоқ па, байқауға шамасы келген жоқ. 
Жүрегі өрекпіп көзі қарауытқан ол, «аттан жығылам ба» деген қорқынышпен, оң 
қолындағы қаршығаны ұшырып жіберіп, ердің қасына кеудесін тіреді, аттың жалын 
құшты... 
Жанталасқан оның есі әлі бүтін еді. Жолын тосып біреудің қастықпен атқанын ол енді 
ғана білді, бірақ, атқан адам Егордың офицер баласы екенін, оның қасында Сыздық барын 
білген жоқ. 
Балуан Шолаққа оқ тигенін шамалаған офицер, ат жалын құшып жортып бара 
жатқасын, жай ғана жараланған екен деп ойлап, соңынан қуалап барып атып өлтірейін деп 
еді, алдыңғы жақтағы алапта бірнеше арбалылар келе жатқан соң, қалың орманға жоқ 
болды. 
Арбалыларға Балуан аттың жалын құшып әрең жетті. Салт аттың үстінде теңселіп келе 
жатқан адамнан олар әуелі шошынып, қасына келген соң: «кім де болса білейік» деп, атын 
бөгеп қараса — Балуан Шолақ!!.. 


— Балуан!.. А, Балуан!.. Не болды саған?.. — деп үрейленген жолаушыларға 
есеңгіреген Балуан Шолақ басын көтере қарады да, сөйлейін деп аузын ашып еді, лықсып 
қан төгіліп кетті... 
— Кім?—деген сұрауға Балуан басын шайқады. 
Жолаушылар Балуанды аттан түсіріп, арбаға жатқызып денесін қараса, жауырын 
түбінен тиген оқ, төс сүйегінің жүрек тұсын үңірейте бұзып шыққан екен. 
Жолаушылардың біреуі үстіндегі көйлегін сыпырып алып жараны айналдыра байлады... 
Олар Балуанды ауылына алып жүрді. 
Үйіне әкеп, ұшықтап кіргізіп, төсекке жатқызғанда Балуан тіл қата алған жоқ. Күн ол 
кезде батуға еңкейіп қалған еді. Сол күннің, батуға айналған жарты жағы жердің астына 
малынған кезде, Балуан Шолақ көзін қатты жұмды да, жарқырата ашып қайта жұмды... 
Бұл — көзін дүниеден біржола жұмуы еді... 
Балуанның жаназасына аз ғана ел шақырылған еді, бірақ жиналушы көп болды. 
«Балуан қайтыс бопты» деген хабар естілген соң, шақырмағанына қарамай, ат жетер 
жердегі халық түгел келді. 
Балуанның ағайындары: «атылып өлді» дегенді намыс көріп «кенеттен ауырып өлді» 
деген хабар таратып еді, ол хабар шындыққа шымылдық бола алмады. Шындықты естіген 
жұрттың жорамалы: «атқан, әрине, жаулары!» 
— Бұл кекті тегін жібермеспіз!—деп гуледі халық, — табармыз, атқан жауды!.. 
Жуармыз қанды қанмен!.. Бірдің орнына мыңды шалармыз құрмалдыққа!.. 
Жаназаға жиналған жұрттың ішінде тұрғын ел танымайтын жолаушы адамдар бар еді. 
Олардың кейбірі Балуан Шолақты жерлесуге де барған. 
Балуан Шолақ жерленіп болып, дұға оқылып, іші ашыған халық, бусанған жас 
қабырды қимай, «енді қайттік!»— деп өкініште отырғанда, тұрғын ел танымайтын бір 
орта жасты адам: 
— Уау, жұрт, ұлықсат болса айтар сөзім бар еді, — деді түрегеп. 
— Айт! — десті әркімдер, «бұл кім?» дегендей таңдана қарап. 
— Мен Торғай оязынан келген ем, руым Қыпшақ, атым — Тоқтар. 
— Алыстан келе жатыр екенсің, жол болсын! 
— Әлей болсын!—деді Тоқтар, — жол шетім осы ара. Іздегенім Балуан Шолақ, бірақ, 
амал қанша! деп күрсінді ол, — тірі көрем бе деп ем, жаназасына кездестім. 
— Жұмысың не еді? — деп дуылдасты көпшілік. 


— Торғайда Аманкелді батырды естіген боларсыздар? 
— Естідік. 
— Балуан Шолақ Аманкелдіге: «сол жақта көтерілгелі жатқан елді сен бастайды деген 
хабар келді, егер рас болса, білекті біріктіріп бірге көтерілейік» деп хат жазған екен. 
— Жаздым дейтін еді, — деп шуласты білетіндер, — Аманкелдіге жеткен екен ғой! 
— Жетті! — деді Тоқтар,— батырдың Балуанға айтқаны көп еді, хат та жазып берген 
еді, енді ол сөзді, халық, — саған айтам, хатты, халық, — сен оқисың!.. 
— Сөзін кейін естірміз, кәзір хаты оқылсын! — десті жұрт. Хат білетін біреу оқыса, 
сөздері былай жазылған екен: 
«Сізге гиззатлу уа хұрматлу, зияда қадерден артық көргуші Нұрмағамбет 
Баймырзаұғлы Балуан Шолаққа біз Аманкелді Үдербайұғлы Имановтан дұғай сәлем; 
бағдында бізден хал уа ахуал білмек ирадаңыз болса, сағуа саламатпыз. Сен жазған хат 
біздің қолға тиді. Біз де сені сырттан бек жақсы білетін ек. Патшаның солдат алуына 
мұндағы ел наразы боп, патшаға қарсы шыққалы жатқаны рас. Біз де өздеріңіз сияқты 
әммә қазақ халқы боп тұтас көтерілуді мақұл көріп, әр елдің беделді адамдарына хабар 
айтқан едік. Сол хабарды саған да жібергелі жатқанда, сенен хат кеп қалды. Оған біздің ел 
қатты қуанды. Енді саған арнаулы кісі жіберіп отырмын. Осындай кісілерді басқа жаққа да 
жібердік. 
Патшаны құлатуға біз ғана емес, орыс халқының жұмыскерлері мен кедей шаруалары 
да қатты кірісіп жүр деседі. Барлық халық осылай біріксе, патшаның күлін көкке 
ұшырады. Бізге енді қимылдар шақ жетті... Бұл хат жазылды бірінші июль, 1916 жылда. 
Аманкелді Иманулы». 
— Болды, тамаша!— деп Балуан Шолақтың бір жақын досы көтеріңкі дауыспен 
түрегелді. Жұрт оған таңдана қарай қалысты. 
— Тамашаң не?—деді біреу. 
— Жетісу жағынан Тайынша базарына мал айдап келген саудагерлердің бір атшысы, 
«Жетісудағы ел Балуан Шолаққа тапсыр» деп маған бүгін бір хат беріп кетті. Оқып көріп 
ем, аумаған жаңағы Аманкелді батыр жазған хат. 
— Қайда ол хат?! 
— Міне! — деп жігіт хатты ішкі қалтасынан суырып алды. 
— Оқы!.. 


«Алатаудың шығысында өзің көрген ұйғыр, дұнған елі, күнгей жағымыздағы қырғыз 
елі, одан әрі өзбек, түркпен, қарақалпақ елі боп тұтас көтерілгелі жатыр деп жазыпты 
хатта, — бұл жақтағы Үйсін, Дулат, Қоңырат, Найман бірауызды. Патшаға жағынатын 
үркердей байлар етектен басқан болады, бірақ оларға қарайтын ел жоқ. Бұл жақтың елін 
басқаратын өзіңе мәлім Бекболат батыр. Ал, біз көтерілдік! Сендер де көтеріліңдер! 
Қанаттас болайық! Атамыздың мақалы бар: «Көп қорқытады, терең батырады!» 
Хат оқылып бола, жұрт орнынан ду көтерілді... 
Балуан Шолақтың қабыры, бұтағы басына ғана біткен биік қарағайдың түбінен 
қазылған еді. Сол қарағайдың басына, Балуан жерленіп жатқан кезде келіп қонған оның 
қаршығасын көзі жасқа толған көптен ешкім аңдаған жоқты. 
«Ал, аттандық!»—деген шуы жер күңіренткен көпшілік, жапатармағай атқа қонған 
кезде, айғайға елегізді ме, болмаса иесі — Балуанның денесін құшағы құрыш қара жер 
бауырына алған соң, айналақтаған иесінен біржола түңілді ме — қаршыға да ұшты. 
Қаршығаны жұрт сонда ғана көрді және Балуан Шолақтың қаршығасы екенін 
таныды... 
Киеге, аруаққа сенетін ол кездегі елдің ұғымында «бақыт»—деген—«құс». Сондықтан, 
ұшқан қаршығаға көз тіккен қалың жұрт, «аруағым бар, түсіме ылғи қаршыға боп кіреді» 
дейтін еді Балуан; бұл Балуанның қаршыға боп көрінген аруағы» деп шуласты. 
— Болса болар, — десті біреулер, — есін білгелі Балуанның арманы: елді патшаға 
қарсы көтеру, патшаның тағын талқандау еді, міне, енді, барлық ел боп көтерілген жоқ па, 
патшаға қарсы?.. Бұл — Балуанның аруағы аспанға көтерілу емей немене?.. 
Зымырап ұшқан қаршыға аспанға биіктей түсті!.. Халық та көтеріліске аттанды!.. 
Көтеріліс толқыны қазақтың даласына бұрын болмаған екпінмен кең жайылды!.. 
1940—41 жылдары. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   27




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет