Сабит Муканов. Балуан Шолак



Pdf көрінісі
бет26/27
Дата03.10.2023
өлшемі0,88 Mb.
#112721
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   27
Байланысты:
Сәбит Мұқанов Балуан Шолақ

ЖАСЫРЫН ҚАСТЫҚ 
Көкшетау уезінің соңғы кездегі уездной начальнигін сол уездегі қазақ елі: «Дәуқара» 
дейтін еді. Ол: түрегелгенде төбесіне орта бойлы кісінің қолы әрең жететін қарнына бір 
қапшық ұн байлағандай шермиген, желке мен иыққа ерекше біткен шүйделі қалың май 
тұтасып кетіп, арқасынан қарағанда шоқтығы төңкерген қазанға ұқсаған, артынан қараса 
бүкір сияқты, алдынан қараса шалқақ сияқты, білектеріне өскен кесек май жыртық жеңдей 
салбырап түсіп кеткен, семіз саусақтарының буындары бунақталып, әр буыны бір 
жұмыртқа сияқтанып томпайған, ескірген табақтай дөңгелек семіз бетінде, іннен 
жылтыңдаған қаптесер сияқты шүңірек кішкене қара көзі ойнақшыған, шошқаның 
тұмсығындай мұрны қайқиған, үңірейген кең танауының қылтандары сыртқа шығып, 
кірпінің тікенегіндей ербиген, көзінен басқа бетін тұтас жапқан қалың қара бұйра сақалын 
еркін өсірмей, елтірінің бұйрасынан аз - ақ ұзын қып қайшымен қырықтырып жүретін, 
қылшығы жылқының ту құйрығындай қалың қара мұрты иегінен салбырап, омырауына 
түсетін, дем алғанда беті тыржиып бар денесі қозғалатын, күлкісі ақырған сияқты 
көрінетін, адамзаттың бір жануары еді. 
«Дәуқара елге шығыпты» деген сөз, халыққа «өрт қаптап келеді» дегеннен жаман әсер 
ететін. Бір жаққа жолаушылап шықса оның алдында қос атты шапқын жүреді. Түсетін үй 
күн бұрын даярланады. Жолында не мал, не адам тұрмау керек. Өзі әрі қомағай, әрі 
мешкей — бір қойдың етін бір өзі меңгеріп тастайды. Қай ауылға түсетін болса да қой 
сойылып, жеуге даяр боп асулы тұрады. Түскен үйінің асы әзір болмаса, «елемедің» деп 
үй иесін почтовойына сабатады. Кімді сабаса да, мұрнынан қанын ағызып, тепкілеп 
талдырмай тоқтамайды. 
Қылмыссыз адамнан қылмыс табу оған дәнеңе емес. Ең күнәсіз деген адамды ол 
«жеккен атың жаман, асқан дәмің жаман» деп айыптайды. Сондағы көздейтіні — 
қорқытып пара алу. 
Жабайы халық былай тұрсын, ол ауылдың әкімдері — болыс, старшындарға да өте 
қатаң. Ол Көкшетауға ояз боп келгелі - ақ түрменің ішіне кіріп шықпаған болыс, старшын 
аз. 
1916 жылдың ала - сапыраны басталар алдында Дәуқара шапқын жіберіп Көкшетау 
уезіндегі барлық қазақ болыстарын шақыртты. Неге шақыртқанын білмеген болыстарда 
зәре - құт қалған жоқ. 
«Патшадан келген жарлық болғаны ғой, — деп қорықты барлық болыс та, — әйтпесе, 
бәрімізді тұтас шақырмаса керек еді!.. 
Кім біледі, — деген үрейлі сөздерді айтты кейбір болыстар, — соғыстың қатты жүріп 
жатқаны мынау!.. Заман тарыншылық боп кетті... Өкіметтің тапсырмасын түгел орындап 
отырған жоқпыз. Әлде соған ашуланып шақырып, жауып қоймаса, соттап жібермесе не 
қылсын!..» 


Осы қорқынышпен олардың көбі үйлерінен аттанарда қатын - баласына, 
туысқандарына бақұлдасып жылап кетті. 
Бұйрық — Дәуқараның өз үйіне келу еді. Көкшетаудың орталығындағы алапта, 
бақшаға қарсы тұратын Дәуқараның ақ тас үйінен болыстар жыланның қордасынан жаман 
қорықты, бірақ, амал жоқ, қорқыныш кеуделеріне алдынан найзадай қадалса да, сыздаған 
жүрекпен аттарын амалсыз қақпа алдына байлап, Дәуқараның үйіне кірді. 
Күтпеген жерде Дәуқараның болыстарды жылы жүзбен қарсы алуы, оларға қап - 
қараңғы түнде жарық күн шыққандай әсер берді. Бұрынғы Дәуқара емес: сыпайы, әдепті: 
«сіз, бізбен» сөйлеседі!.. Бұрын кеңседе ғана жолығып, өз үйінің маңайынан да 
жүргізбейтін ол, мына жолы үлкен ақ тас үйдің кең екі бөлмесін болыстарға босатып, 
ішіне қазақша кілем, көрпе төсеп, шынтақтарына жастық қойған!.. 
«Тамаша!—десті болыстар жасаулы бөлмеге кіріп орныққан соң, — неғып мұның 
ықыласы түсіп, құдайы иіп қалды, ә?!.. Ғажап!..» 
Қазақ әдетін білетін Дәуқара болыстарды шаймен де, етпен де тойғыза сыйлады. 
Күтуде кемшілік болмасын дегендей, болыстар тамақ ішіп отырған кезде, бөлмеге өзі де 
кіріп: «алыңыздар, ішіңіздер, қош келдіңіздер, құрметті қонақтар!» деп жалпаңдады. 
Қазақтың болыстары жиырмадан аса кісі еді. Оған қоса орыстың біраз болыстары мен 
атамандарын шақырған екен. 
Бәріне құрметті бірдей көрсеткен Дәуқара, іңірде қонақтарын кең кабинетіне жинап ап 
кеңесті: 
— Россияның басына ауыр күн туды, — деді ол, — міне, екі жыл, біз ата жауымыз — 
Германиямен соғысып жатырмыз. Бұл соғыста біз жеңеміз. Бірақ Германия тез жеңдіре 
қоятын жау емес. Оны жеңуге көп күш керек. Орыс халқы бар күшін жұмсап, малын да, 
жанын да аяп жатқан жоқ. Осындай қиын жағдайда Россияға бағынған бұратана елдер де, 
мәселен, — қазақтар да жәрдем беріп жатыр. Егер олар осы жәрдемін азайту орнына 
көбейте берсе, ертең соғыс біткен соң, ұлы мархабатты патша ағзам — Николай 
Александрович Романов оларға да рахымшылық көрсетеді. Қазақ халқы бүгінге шейін 
малмен ғана жәрдем беріп келеді, адаммен жәрдем берген жоқ. Патша ағзам қазақ 
халқынан енді жігіт сұрамақ. Қазақ жігіттері соғысқа бармайды, соғыстың маңайында қара 
жұмыс істейді. Әрине, бұрын солдат беріп көрмеген ел, бұған тез көнбеуі мүмкін, жанжал 
жасауы мүмкін. Осыны ойлап, алдын ала даярлық жасау үшін, халыққа беделі бар 
болыстар — сіздерді шақырып отырмын, қалай істесе халықты жанжалсыз көндіруге 
болатындығын ақылдасуға шақырдым. Жәрдемге шақырдым. Сіздерді үкіметке сенімді 
кісі деп шақырдым... 
Дәуқара ұзақ сөйледі. Оның сөзін уездің кеңсесінде переводчик болып істейтін қазақ 
жігіті дәлме - дәл аударды. 


— Айтқаныңыз орындалады, тақсыр, — десті болыстар, — халықты көндіреміз. Қанша 
жігіт болса да береміз! 
Қазақтан солдат алу жұмысы болыстар ойлағандай жеңіл емесін айта кеп, Дәуқара, 
егер жанжал бола қалса, оны тез басудың даярлық жайларын айтты: 
— Егер, қазақ елі бұл бұйрыққа қарсы шықса, басқаратын кімдер бар? — деп сұрады 
ол болыстардан. 
Әр болыс өз елінің қауіпті деген адамдарын атады. Тоқсамбайдың Сыздығы сол кезде 
Қотыркөл болысының управителі еді, ол Балуан Шолақты атады. 
Сыздықтың сөзіне Дәуқараның құлағы елеңдей қалды. 
— Рас, ол қауіпті адам!.. Ел көтерілсе бастайтын адамның бірі сол болуында сөз жоқ, 
ендеше, одан құтылу керек, — деді Дәуқара. 
— Оны тірідей ұстау қиын, — деді Сыздық. 
— ...Сонда?.. 
— Қапысын тауып аттыру!.. 
Бұл ақыл Дәуқараға қона қалды. Бірақ, ол« Балуанға хабарландырып қояр» деп қазақ 
болыстарына сенбей: 
— Аттыру жарамас, — деген болды арам ойын жасырып, — қолға тірідей алу керек, о 
да адам баласы, мүмкін сөзге көндірерміз. Көнбесе басқа шарасын істерміз. 
«Осы қауіпті - ау» деген елдің адамдарын Дәуқараға ұстап бермек боп, солдат алу 
туралы хабарды ерекше бұйрық берілгенше ешкімге айтпауға ант беріп, болыстар елді - 
еліне тарады. 
Еліне қайтуға даярланып, өзінің пәтеріне кеткен Сыздықты, Қайрақты қаласының 
старостасы — Егор Пропадконы Дәуқара іңірде үйіне шақырып ап, оңаша кеңесті. 
— «Балуан Шолақты аттыру керек» деген сөзің дұрыс, — деді ол Сыздыққа, — бірақ, 
бұны үшеумізден басқа жан сезбесін. Кім айтқанын ел білмейтін болсын. Егер білсе 
үкіметке ең зор пәле сол болады. Қазақ халқының Балуанды жақсы көретінін үкімет 
біледі. Егер оны өлтірген адамды қазақ халқы сезсе, кегін қайтарып, үкіметтің талай 
адамын өлтіреді. Ал, егер, солдат алу туралы патшаның жарлығы шықпай тұрып Балуан 
Шолақты өлтірмесек, елді үкіметке қарсы көтеруінде, бастауында сөз жоқ. Өзі осы күні 
де: патшаны жоймай елге жақсылық жоқ», деп ел арасына үгіт таратады дейді. 
Дәуқараның, Егордың, Сыздықтың ақылдаса кеп тоқтаған тиянағы: қаршыға сап, 
саятта жүрген шағында Балуан Шолақты аттыру. 


Бұл қылмысты ұйымдастыру, Сыздық пен Егорға жүктеледі. 




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   27




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет