ҚОРҚЫНЫШ
«Әлеумет көзіңді сал олай - бұлай,
Дүние ойлап тұрсаң бір кең сарай;
Патшаға біздің қазақ бағынғалы,
Батырлар қорлық көрді талай - талай».
(Халық өлеңі)
Балуан Шолақ цирктен шықса, түн тұнық қараңғы екен. Дала араның ұясындай,
ызыңдаған бір тұтас дауыс. Ол дауыстың кімдікі екенін, қараңғыға көзі үйренбеген Балуан
Шолақ, алғаш аңғара алмады.
— Бері жүр, Балуан!—деген жолдасының таныс дауысы естілді оған.
— Қайда барамыз?
— Нең бар, қайда барғаныңда. Атқа мінуді біл, ар жағын көре жатарсың.
Ызың қаққан қалың дауыстың арасын қақ жарып, жолдасының соңына ерген Балуан
Шолақ атына жетті де, тез мінді. Сол кезде қараңғыға аздап үйренген көзі, айналаны
шолып еді, түнде толқыған теңіздің бетіндей, ұшы - қиыры жоқ тұтасқан бір қимыл.
— Қайда, Балуан Шолақ? — деген дауыстар естілді айналадағы қою қимылдың ішінен.
— Кім мені іздеген? Мен мұнда! — деді Балуан Шолақ.
— Енді неге қарап тұрсыңдар. Тартыңдар, Балуан Шолақ шықса, — деген дауыс гу ете
түсті.
— Ал, жөнелдік. Міне, мен бастадым, — деді біреу шаба жөнеліп.
Даладағы тұтасқан қимыл, жыраққа тауып құлаған судай, жөнелген адамның артынан
Бұқпа тауын бетке ұстай қозғалып кетті. Сол тұтас ақтарылған қимыл толқында жүзген
дөңгелектей, Балуан Шолақты қалқытып алды да жөнелді.
— Қайда барамыз? — деп сұрады Балуан Шолақ қасындағылардан, көппен араласа
шауып келе жатып.
— Өзіміз де білмейміз. Біздің білетініміз, — көптің қалағаны — Сен.
Жердің бүйірін солқылдата, түнде тыныс ап, қалқыған желді оята, шуы көкті жаңғырта
сатыр - сұтыр шапқан адам толқыны, Бұқпа тауының белуарынан аттап, Желтау жақ
бауырға тоқтады.
— Ал, түсеміз осы араға, — деді басшы.
Көпшілік ошарылып, аттан жапыр - жұпыр түсе қалысты. Түнге көзі үйренген Балуан
Шолақ аттан түсіп жатып айналасын тағы бір шолып еді — адамға сан жетерлік емес.
— Он екі ата Қараул, сегіз ата Дәуіт ек, — деді Балуан Шолаққа, бұл жиынды
басқарушылар,— елдің аруағын көтергеніңе риза боп, бүгін саған дәм татырып, қонақасы
берейік деп ек: атыңды естіп, жүзіңді көруге құмар ек, міне бүгін көрдік. Бүгінгі түнді
ойын - сауықпен өткізбекпіз.
Балуан Шолақ оларға алғыс айтты.
— Кәне, әкеліңдер малды! — деді бастаушы, — біреулерің таудан отын әкеліңдер,
біреулерің суға барыңдар.
Салт атты жігіттер шауып кетіп, тау арасынан құлаған қарағайларды сүйретіп алып
келді. Бұтағымен тұтас тамызған қарағайдың жалыны лезде жарқырап аспанға көтерілді.
Кенеттен жанған оттан үрейленгендей, қалғыған түн үңіліп отқа төніп, жан - жаққа өрт
жайылмасын деп сескенгендей, төңірегін қанатымен қоршай қойды. Қараңғылық
қоюланып кетті...
— Әкелдік! — деген дауыс естілді қою қараңғылықтың ішінен.
— Жарық пен қараңғылық ерегісіп, көзімізді байлап қойды ғой, — деді біреу, — түк
көретін емеспіз. Балуан бері келші!..
Бастаған жігітке ерген Балуан Шолақ оттан оғашырақ барса, бір асау жылқыны бірер
жігіт құлағынан басып тұр екен.
— Сыбағаң осы! — деді ертіп апарған жігіт Балуан Шолаққа, — «тіл - аузымыз тасқа».
Періштенің құлағына шалынбасын. Ертегілерде еститін: Қобыланды, Алпамыс, Қамбар
сияқты батырлар болмаса, нақ сендей елу бір пұт тас көтерген алыпты көз көру түгіл,
құлағымыз да естіген жоқ еді. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар туады» деген мақал бар
еді. Кім біледі, тұлпар мініп ту ұстап, көк болат сауыт киініп, егеулі найза қолға алып, елді
жаудан қорғайтын қолбасшы боларсың. Сондықтан сыбағаңа тоқты - торымды
олқысынып мына бір ту байталды шалғалы тұрмыз. Ал, балуан, батаңды айт!
Жігіт қолын жайды. Балуан да қолын жайып: «Құрмалдық қабыл болсын» деп иегін
сипады.
Жігіттер байталды алып ұрып бауыздады. Лезде терісі де сыпырылды.
— Семіз екен. Ұлпа қазысы екі елі!—десті әркімдер.
Байталдың денесін мүшелеп бұзғанша, біреулер қан сасыған өкпе, бауыр, жүрек,
бүйрек сияқты бөлекше еттерді астауға сап, от басына әкеп қуырдаққа турай бастады. Мал
сойылғандағы дағдымен, көкбауыр қызу шоқтың үстіне тасталып, өз буына пісіп,
торсылдап жарылып жатты.
Уау, қансоқтаны ұмытпаңдар, атамыз қазақтың асы, — деді біреу.
— Өзім де ұмытып жатқан жоқпын, — деп мал союшылардың біреуі, — ішек - қарны
ақтарылып, өзге мүшелері бұзылмай шалқасынан жатқан байталдың екі қабырғасының
арасында, белдеменің үстінде бүйрек маймен араласып қоймалжың боп жатқан майлы
қанды уыстады да шұжық қып шекке құйды.
— Балуан Шолақтың сыбағасын түгел салыңдар, — деді отағасы мал союшыларға.
— Бұл бір қызық болсын, — деді қанданған қолын шынтағына шейін сыбанған,
пышағы жалақтаған қасапшы жігіт кеп, — Балуан Шолақ бүгін құлағымыз естімеген күш
көрсетті. Ал, мен, Балуанға, құлақ естімеген, естісе де аз естіген әдіспен ет пісіріп берейін.
— Қалай?—десті жігіттер.
— Байталдың қарнын өңеш жалғасқан тұсынан ғана аздап тілем де, ішіндегі жынын
ақтарып, айналдырып жуам. Содан кейін ішіне су құйып, сиғанша ет салып, дәмі
татырлықтай тұз салып, тәттілене түсу үшін шар - дәрілеп бұрышпен сарымсақ салып,
қарынды жарған жерінен тігем. Өңешіне қурай өткізем. Содан кейін жерді қазып, ішіне
құм төсеп, қарынды сол құмға көмем де, үстіне от жағам. Өңешке тыққан түтікті оттан
оғашырақ жерден шығарып қоям. Міне осылай пісірген ет, дүниедегі ең дәмді ас болады.
— Дұрыс. Естіп ек. Көзбен көрген жоқ ек. Солай ас! — десті әркімдер.
Қарынға Балуан Шолақтың сыбағасынан басқа байтал етінің үштен бірі сиып кетті.
Қалған ет қазанға асылды. Шоққа піскен көкбауырды және тәтті қуырдақты жеп,
қымызды ішіп отырып, жігіттер Балуан Шолаққа өтініш айтты:
— Көзге мақтанғанымыз емес, ел сені «бір сырлы, сегіз қырлы» деп аңыз қылады,
ақындық, әншілдік, серілік, балуандық, күлдіргіштік, шешендік, өткірлік, тапқырлық —
осы сегіз сипат бір бойыңнан табылады дейді. Дене күшіңді көрдік, енді тіл күшіңді
көрсет.
— Не айтам, тіл күшін көрсеткенде?
— Өлең айт! «Жақсының жақсылығын бетіне айт, нұры тассын, жаманның
жамандығын бетіне айт, құты қашсын» деген аталарымыз. Сені не деп мақтаса да сиды.
Бүгінгі күресте көрсеткен күшіңді өлеңге шығар, мына бозбалалар елдеріне айта барсын.
Көпшілік жабысып қоймаған соң, Балуан Шолақ цирктегі күшін өлеңге шығарып,
сыпайы қоңыр дауысын көтере айтты:
Бұл күнде жиырмада менің жасым,
Қамалдың бұзар кезім тау мен тасын.
Кешегі сентябрьдің базарында,
Көтердім елу бір пұт кірдің тасын.
Жиылып орыс - қазақ таң қалысты,
Болды деп қаһарманнан мынау басым,
Залог сап жетпіс бес сом күрескенде,
Сындырдым Карон балуан қабырғасын.
Күш берген, атақ берген, әлпештеген
Туысқан өздеріңсің бауырласым!»...
Балуан Шолақтың өлеңі мен әнін қоңыраудың шылдыры бөлді. «Бұл кім?» деп
көпшілік те, Балуан да құлақ түргенде, отты айнала отырған көптің қасына кеп, бір пар ат
тоқтай қалды.
— «Урядник!..» деген хабар көптің арасына жайыла қойды.
— Неғып жүр, мезгілсіз уақытта?
Келген цирктің директоры екен. Қасында полицейский урядник.
— Саған келдім!—деді директор Балуан Шолаққа. Урядник үндемей, мұртын ширата
берді.
— Мені қайтесің?
— Керегің бар, мін, арбаға!
Осылар Балуанды ұстауға кеп тұрмасын! — десті біреулер.
— Не қыл деп?
— Қабырғасы сынған балуан өліп қап, жазаға тартқалы жүрмесін мұны.
— Олай болмас. Егер бола қалса, Балуан Шолақты оңайлықпен бере қоймаспыз! —
деп топталған жігіттер ду ете түсті.
— Тоқтат шуды! — деп қойды урядник.
— Мені қайтесің?—деді Балуан Шолақ директорға.
— Оңаша айтам.
— Жоқ, осы арада айт!
— Қалаға барайық, сонда айтам!
Імм-м-м! Сөзінің түрін көрдіңдер ме?—десті көпшілік тағы күбірлесіп — бұзық
ниетпен келген екен. Балуанды даңғазамен қашырып жіберсек қайтеді?
Балуан Шолаққа бұл ұсынысты арт жағынан біреу кеп сыбырлады.
— Жоқты айтпа! — деді Балуан оған кейіп, — не ақысы бар менде. Неге қашам,
қорқып па?
— Мол-чать! — деп қойды урядник көпке.
Цирк бастығы келген жұмысын айтпайды. Урядник те, ол да мастау екен. Екеуі
қуырдаққа тойып алды да, Балуан Шолаққа: «Ертең кел. Қорықпа. Бұдан да артық сый
аласың бізден. Алтын аласың» деп, арбаларына мініп кете барды.
Бұл келіс көпке күдік туғызды.
— Ұстауға жүр. Алдайды, — десті біреулер.
— Ұстамайды, — десті біреулер, — күші керемет боп көрінді ғой мұның. Сый беруі
рас та боп жүрмесін.
Балуан Шолақты неге шақырғаны, істің аяғы немен тынары мәлім болмағандықтан,
көптің арасында күдік күшейіп, сауыққа ешкімнің зауқы соға қоймады.
— Есің, барда етегіңді жап, ел сені ұстап бермейді, осы түнде қаш, — деп жалынды
көпшілік Балуан Шолаққа.
Балуан Шолақ ол ақылды алмады.
¶ — Жазықсыз кісіні ұстай берсе, елден кісі қоя ма? — деді ол, — ерегіскен соң, ертең
әдейі барам. Не істер екен, көрейін.
— Барса барсын, тәуекел, — десті жұрт, — егер көрінеу қастық істесе, я жазықсыз
ұстаса, біз де елміз ғой, көріп алармыз, жазықсыз жаза тартқызбаспыз.
Жұрт етті жеп, таңға белгі бере тарады.
|