КОНТАКТІЛІ ҚАЙТАЛАМА – микромәтіндер ішінде бір сөздің жиі қайталануы.
САҚИНА ҚАЙТАЛАМА – өлең тармақтарының, микромәтіндердің, сөйлемдердің бір сөзбен басталып, сол сөзбен аяқталуы.
ДИСТАНТТЫ ҚАЙТАЛАМА – микромәтіндерді байланыстыру үшін қолданылатын лексикалық қайталаманың бір түрі.
ПАРЦЕЛЛЯЦИЯ – жеке сөзді, сөз тіркесін я сөйлемді түрде сол өзі қатысты сөйлеммен қосалқы түрде бөлшектеніп шығуы.
ШЕШЕНДІК СӨЗ – сөз өнерінің жілігін шағып, майын ішкен шешендер аузынан шыққан, даналық ойды білдіретін, қиыннан қиыстыратын, таңдап, талғап алынған сөздер жиынтығы.
ПАРАЛЛЕЛИЗМ – екі түрлі нәрсені не құбылысты, ұғымды, сезімді қатар қойып салыстыра суреттеу.
ӘҢГІМЕЛЕУ – баяндаудың негізгі түрі. Бұл форма арқылы обьективті де, субьективті де мазмұн беріледі.
СУРЕТТЕУ – болмыстың белгілі бір қалпын, күй-жайын толықтай беру үшін қолданылатын баяндау түрі.
КІРІСПЕ
Жұмыстың өзектілігі. Түрлі саяси науқандардың тұсында зар заман ағымына әр қилы мән берілді, әдеби мұрамызды бағалау әр түрлі тұрғыда жүргізілді. Ғасырдың алғашқы ширегінде М. Әуезов әуелгі пікірлерді ілгері дамыта отырып, қазақ әдебиеті тарихындағы айрықша әдеби ағымды ғылыми негізде тұжырымдады. Қазақ әдебиетінің тарихындағы айрықша бір кезең туғызған өзгеше, өз өрнегімен, өзіндік мазмұнымен қалыптасқан әдеби кезең жүйелей отырып, дамыта зерттеуді, зерделеуді қажет етеді.
Мұрат ақынның заман шындығын жырлаған әдеби мұрасын айтуда зар заман ағымының сипатына, қалыптасып – дамуының ұзақ жолына кідіріс жасамай өту мүмкін емес.
Зар заманның әдебиетіміздің ұзақ тарихындағы өзіндік орнын, көркемдік сипаттарын, ғылыми – теориялық негіздерін жүйелеп, ағым өкілдерінің әдеби мұрасын сол негізде тұжырымдау – ғылым қажеттілігі.
Жұмыстың мақсаты мен міндеті. Диссертациялық жұмысты жазуда қазақ әдебиеттану ғылымының көп жылғы ізденісі, жинақталған ғылыми пікірлерді пайдалану арқылы төмендегідей міндеттерді шешу көзделді:
-Зар заман ағымының әр кезеңдердегі зерттелуіне шолу жасап, ғылыми тұжырымдарды жинақтау.
-Дәстүр жалғастығын негізге ала отырып, ағымның бастау көздерін анықтау.
-Мұрат Мөңкеұлы шығармаларындағы зар заман ағымының сипаттарын, мазмұндық, көркемдік көрінісін жүйелеу.
-Мұрат ақын мұрасының зар заман поэзиясындағы, әдебиет тарихындағы алар орнын, әдеби туындыларының тарихи маңыздылығын анықтау.