Ф.7.38-01
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРҒЫ БІЛІМ МИНИСТРЛІГІ
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті
ӘОЖ Қолжазба құқығында
САҒЫНДЫҚОВА ШЫНАР МОЛДАБАЕВНА
МҰРАТ МӨҢКЕҰЛЫ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ ЗАМАН ЗАРЫ
7М02310-«Филология» мамандығы бойынша гуманитарлық ғылымдар
магистрі академиялық дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация
Ғылыми жетекші:
ф.ғ.к Масалиева Ж.А
Шымкент, 2023 ж.
АҢДАТПА
Бодандықтың қамытын киген көшпенді халық кешегі күнгі жалына қол тигізбейтін еркіндігін, өзінің табиғатына ғана жарасатын салт – дәстүрлерін, той – думанмен өткен дәуренін шерлі сағынышпен еске алады. Сонымен қатар қайғы жұтқан қалың елдің өз басындағы ахуалға, замананың өзгерген түріне, отарлаушылардың озбыр іс - әрекетіне, жаңа билеушілердің мінез – құлқына, оларға құлдық ел пысықтарының жағымсыз жүріс – тұрыстарына бағыштап өз сөзін айтуы заңды нәрсе. Бұл шерлі шындық тіршіліктің қақпасын ән – жырмен ашып, пәниден көшкенде зар – жырмен қоштасатын қазақ халқының әдебиетінде көрініс тапса, оған таң қалатын дәнеңесі де жоқ. Мұндай рухани құндылықтарды санаға саясаттың салқыны тиген, ой – пікір бостандығына тұсау салынған кезеңді шынайы бағалап, шоқтығын көтеруге мүмкіндік болмады. Қазақ әдебиетіндегі зар заман ақындарының ой – тұжырымдарын олардың өздері ғұмыр кешкен кезеңге көзқарастарының жиынтығы тұрғысынан бағалағанның өзінде жыр жүйріктерінің мұраларынан ғибрат аларлық нәрсе аз емес.
“Зар заман” – бұл белгілі бастау – бұлағы бар, даму арнасы, қалыптасу жолдары, тамамдалар тұсы айқын, қоғамдық ойдағы және әдебиеттегі құбылыс. Зар заман жырлары – отаршылдықтың талдауына түскен ұлт тағдырының тығырыққа тірелгендігінің белгісі. “Зар заман жырлары” тосыннан ойлап табылған әдеби атау емес. Бұл – қазақ әдебиетінің ғана емес, ұлтымыздың ақыл – ойының көшбастаушылары болып есептелетін ғалымдар еңгізген ұғым.
Зар заман поэзиясы тек әдебиеттану ғылымының зерттеу объектісі ғана емес, бұл өрелі тақырып әлеуметтік, қоғамдық – саяси ой ағымы ретінде тарихшылар мен философтардың ізденістерінен де шеткері қалмайды. “Зар заман ақындары” деген М. Әуезовтің анықтамасы кейіннен олардың мұраларын қоғамнан шеттеткенде таптырмайтын тіркеске айналды. Болмыстың берекесіздігінен жерініп, өткенді көксеген ақындардың қайғы – мұңы “зарлауық”, “сары уайымға салынушылық” ұғымдарына телінді. Әдебиеттануда бұлардың “зарлану” үрдісін зорайтып көрсетіп, поэзиядағы басқа құндылықтарын соның көлеңкесінде қалдырып, бағасын кетіріңкіреп көрсету орын алды. Күні кешеге дейін қазақ әдебиетінің тұлғалы өкілдері Дулат Бабатайұлы, Ш. Қанайұлы, М. Мөңкеұлы, Кердері Әбубәкір ағартушылық демократияшылдық бағытқа қарсы кертартпа бағыттың өкілдері ретінде бағаланып келді. Қоғамды ғана емес, әдебиетті де кері қарай тартатын ағымның ақындары жөнінде мыңдаған мектептер мен ондаған оқу орындарында дәрістер оқылды. “ Зар заман “ деген ұғым пессимизмнің талассыз баламасы болып кеткені де содан.
Бұл ақындардың шығармаларына тұсау салудың бірінші себебі – олардың өлең – жырларында қазіргі тіршілікке разылық танытпай, болашақтан аса үміт күткен, қазақтың көшпенді өмірінің көріністерін аңсау сарынының орын алуы. Қоғамды алға қарай тоқтаусыз сүйреген прогрестік бағдарламаның мақсат – мұраттарымен “зар заман” , “қу заман” , “тар заман” деп жырлаған ақындардың рухани үндестік таба қоймасы белгілі.
Екіншіден, зар заман жыршылары отаршылдыққа қарсы бой көтерді. Олардың өлең – толғауларында “Орыс”, “Кәуір” сөздері қазақ даласын басып алып, ойран салған шапқыншылардың атауы ретінде жиі ұшырасады. Зар заман поэзиясында отаршылдықтың озбырлығынан күйзеліске ұшыраған қазақ елінің ауыр ахуалы, кетеуі кеткен тіршілігі жан – жақты баяндалады. Саяси қырағылық мұны да байқамай қалған жоқ.
Үшіншіден, олардың бірқатарының шығармаларында ақырзамандық (эсхатологиялық) сарын орын алды. Айналадағы болып жатқан өзгерістерді қабылдамай, оны ақыр заманның тақалып келгенімен байланыстыру, діни мистикаға телу үрдісі де әдебиеттегі кертартпалықтың мысалы есебінде тілге тиек болды.
Зар заман поэзиясын зерттеп бағалаудың көп жылдық дәстүрінде байқалған тағы бір жайт – бұл ақын – жыраулардың өлең – толғауларының көркемдік құндылықтары, өзіндік өрнектері мен өрісті ойларының саяси көзқарас тұрғысынан еленіп – екшелуі.Олардың қазақ поэзиясындағы орыны, әдеби процестегі ролі, жыр әлеміне қосқан үлестері идеологиялық талап таразысының өлшемі арқылы бағаланды.
Идеологиялық қатаң қиыншылыққа қарамастан аталған дәуірдің айтулы өкілдері Дулат, Шортанбай, Мұрат, Әбубәкір шығармаларының кеңестік кезең тұсында жарияланған сәттері де болды. Бұл толғауларға тыйым салынған уақыттың өзінде әдебиетші – ғалымдар зар заман поэзиясы, оның өкілдері туралы жағымды пікірлер білдірді.
Достарыңызбен бөлісу: |