Сайын Мұратбеков
Жусан иісі
1
Алыста қалған балалық шағым... Ойымнан: жарғақ сары тоны
қаудырлаған, тобығы тайған сол аяғын сүйрете жүгіретін, шілбиген ақсақ
қара бала бір кетпейді. Көзімді сәл жұмсам-ақ: шуылдаған балалардың ең
соңында сол аяғын жер сыпырғандай көлденең сүйретіп, ес қалмай
далбақтап жүгіріп келе жатқан Аянды көргендей болам. Сондайда оның
алқына шыққан әлсіз, жіңішке дауыспен: «Ей, тоқтаңдаршы, мен сендерге
бүгін кешегіден де қызық ертегі айтамын», – деген жалынышты үнін
естимін.
Әуелде біз, балалар, оның ертегі айтатынын білгеміз жоқ. Ол әжесі
екеуі біздің ауылға қырық екінші жылдың жазында көшіп келген. Мал
дегеннен, тек бұзаулы қоңыр сиыры бар еді. Аянның әкесі майданға
аттанып, туған анасы содан екі ай бұрын қайтыс болыпты. Біздің ауылда
әжесінің жамағайын төркіндері бар екен, соларды сағалап келсе керек.
...Біз, балалар, көшеде екіге жарылып ап, қағазға топырақ орап,
бұрқылдата лақтырып, атысып ойнап жүргенбіз. Ары өтіп, бері өткен
кемпір-шал: «Желкең қиылғырлар-ай, соғыс аздай, бұл атысып ойнады
дегенді қадай шағарды осылар, басқа ойын аз ба-ей!..» – деп ұрсып-ұрсып
қуып тастайды. Бірақ олыр кетісімен қайта жиналамыз. Қайта атысамыз.
Желсіз тымырсық күнде бұрқылдаған май топырақ тұманша қалқып,
шаңытып тұрып алады. Жуық арада сейіле қоймайды. Соның арасында
тұншыға жүріп, көзіміз ғана жылтырап, бір-бірімізге «уралап» ұмтыламыз.
Ойынның осындай бір қызу шағында біздің «атаман» – Садық кілт тоқтай
қап:
–
Әй, анау кім-ей? – деген.
Бәріміз сол нұсқаған жаққа қарадық. Анадай жерде: шолақ жең ақ
жейде, тізеден жоғары қысқа қара шалбар киген, кекіл шашы бар, мұнтаздай
таза бір бала тұр екен. Біз қараған кезде ол өзінше әлдеқандай боп кейкиіп,
екі қолын қалтасына сап шіреніп қойды. Ойынды тастай сала бәріміз бірдей
топырлап жүгіріп әлгінің қасына келдік. Адам көрмегендей бір-бірімізді
кимелеп, қоршалай тұра қалдық. Үстіміздегі киімнің кімдікі қара, кімдікі ақ
1
екенін біліп болмайды, баттасқан шаң-топырақ. Шетімізден ит талағандай
алым-жұлым, алқа-салқамыз. «Бұл кім-ей? Қайдан келген-ей?» – деп
бірімізді біріміз түртпектей береміз. Өзіне бастан-аяқ шұқшия қарап
шықтық. Ол да сынағандай әрқайсымызды бір-бір шолып өтті. Біздің
ұсқынсыз түрімізге көңілі толмаған сияқты, шолақ танауын тыржитып
қойды. Қоңырқай жүзі тершіп, маңдайындағы біркелкі етіп қиылған кекіл
шашын үрлеп тұрды. Кекіліміз жоқ бізге оның сол қылығының өзі
кереметтей сүйкімді көрініп, қызыға қарадық.
– Кекілін қара-ей, өзінің, жаман әліне қарамай, – деп қағытып өтті
Есікбай. Біз күлкіміз келмесе де оның сөзіне қошамет білдіріп сықылықтай
күлдік. Жаңа келген бала қызараңдап теріс айналып кетті.
– Ә... Мен білдім, – деді Садық мақтана дауыстап. Онан соң әлгі
баланың алдын орай өтіп: – Ей, бала, сендер кеше көшіп келдіңдер ғой, ә?
Қоңыр сиырларың бар ғой, ә? – деді.
–
Иә, – деді томсырайып тұрған бала оның сөзіне күлімсіреп. –
Қоңыр сиырымыз бар.
– Атың кім?
– Аян.
Біз, бәріміз, тегіс ұмытып қалмайық дегендей: «Аян, Аян»... – деп
күбірлесе қайталап қойдық.
–
Жүр, жолдас боламыз, – деді Садық оның аппақ білегінен қап-қара
қолымен ұстай алып. Аян оның қолына қарады да қызараңдап тұрып,
ақырындап білегін босатты.
– Сендер жақ ыстық екен. Суға түспей қалай шыдайсыңдар? – деді.
– Түсеміз. Анау арада тоспа бар. Жүр, түсейік. Суы во!.. – деп Садық
ауылдың жоғарғы жағындағы шұңқыр-тоспаны жерге сыйғызбай мақтай
жөнелді.
Аян бізге қосылып солай қарай жүрді. Ауылға жаңа баланың келуі біз
үшін нағыз мереке болатын. Әрқайсымыз оның көзіне түсіп қалуға
тырысушы едік. Сондықтан бірімізден-біріміз артық көрінбек боп, әй кеп
мақтанатынбыз.
– Мен судың астында алпысқа дейін санап жата аламын, – деп бөсті
Садық.
– Менің де мынадай ақ көйлегім бар. Үлкен сандықта жатыр, апам
кигізбейді, – деді көп үндемейтін Қосым тырнауық та.
2
Қосым төбелескенде ылғи баж етіп кеп бетті тырнайтын, сондықтан
оны тырнауық дейтінбіз, өзінен көп балалар қорқатын. Оған тек Есікбай
ғана тік келуші еді. Қазір де ол:
– Ой, кетші ары, тырнауық мысық. Сенің үйіңде алтын барын да
білеміз, – деп ентелеп келе жатқан Қосымды көкірегінен итеріп жіберді.
Есікбай – сидаң бойлы, қол-аяғы қара қайыстай қатқан ұзын,
жүгіргенде алдына жан салмайтын, өзі төбелесқор, сотқар бала еді. Кейде
қараптан-қарап келе жатып әркімге бір ұрынатын жаман әдеті бар. Әлі
жеткенді аяқтан шалып қап, болмаса басынан тоқай алып жылатып
жіберетін.
Қазір де ол Аянның алдында қыр көрсеткісі кеп:
- Тырнағының қайсы – ей, мысық? – деп, Қосымды аяғынан шалып
қалды. Қосым жалп етіп ұшып түсті де, терісі сыдырылған тізесін ұстаған
күйі, көзі жасаурап қайта тұрды. Біраз жүргеннен кейін Есікбай оның
басынан түйе тоқай ала бастады. Жылап жіберген Қосым тырнамақ боп
ызақорлана ұмтылған, Есікбай оны ұзын қолымен тұмсықтата салып
жіберді. Қосымның мұрнынан қан дірдектеп, бақырып үйіне кетті.
Сол күні біз суға түсіп, күнге қақталып, кешке дейін тоспа басында
ойнадық. Аян бұрыннан таныс адамдай етене боп кетті.
Ол өте ақ көңіл, ақылды бала екен. Адамды іш тартып тұратын
жайдары жүзі, не десең де тез көне кететін жұмсақ мінезі бізді бірден үйіріп
әкетті. Ең жақсы қасиеті – ешкіммен төбелсіп, сөзге келмейтіндігі еді. Бір-
екі рет кейбір шатаққұмар балалар тиісіп ие көрген өзіне. Аян үндеместен
қабағын түйіп, ондайлардан сырт айналып кетіп жүрді. Өзінің жауап қайыра
алмағанына налығандай боп:
– Менің көкем де жоқ, апам да жоқ, сондықтан төбелессем әжем
ұрсады ғой, – деп қойды ол.
Алыс-жұлыс ойын үстінде күрескенімізде ол біразымызды жығып
кетті. Тек Есікбайдан ғана жығылды.
Алғашқы күннен бастап Аянмен етене жақын дос болуды әркім-ақ
ойлай бастаған. Бірақ ол ешкімге ерекше ықылас білдірген жоқ. Бірімізден-
бірімізді бөліп жарған жоқ. Бәрімізбен де жақсы жолдас болды.
Үш-төрт күн өткен соң, әбден үйренісіп алғаннан кейін ұрынарға қара
таппай жүретін Есікбай басқа балаларға істейтін қылығын Аянға да істеді.
Онымен төбелескісі келіп, өзінен-өзі жөнсіз тиісе бастады. Аян оған
жасқаншақтай қарап:
3
– Қойсаңшы енді, – деп күңкілдеген сайын, Есікбай ыржақтап кеп,
қайта-қайта оның басынан тоқай алып, аяғынан шалып, мазасын кетірді.
Ыза болған Аян ақырында:
– Төбелесесің бе? – деген. Есікбай оны мазақтай түсіп:
– Сенімен бе, қойшы-ей! – деп кеп, сілекейін Аянның бетіне жаға
салды. Мұнан әрі шыдау мүмкін емес еді.
–
Мен бұл көшенің ортасында төбелеспеймін. Жүр анау сайға. Ел
көрмейтін жерге барып төбелесейік, – деді Аян.
–
Қойшы-ей, мынау дөй ғой-ей, – деп Есікбай сілекейін Аянға тағы
жақты. – Жүр, ал Есікбай көкеңнің жұдырығын иіскегің кеп тұрса.
Ол енді Аянды итермелей түсіп, сайға қарай жүгірді. Екеуінің
төбелесін көру үшін біз де ердік. Сайға түскен соң Аян жейдесін шешіп,
шеткі бұтаның басына ілді де, бірден Есікбаймен алыса кетті. Есікбайдың
бойы анағұрлым биік еді. Екеуі шартпа-шұрт белдескен кезде, ол Аянды
белінен қапсыра қысып, қайқайтып бойымен басты.
Бірақ қанша күшенгенімен жығуға шамасы келмеді. Дереу бір қолымен
Аянды кекілінен шап ете қап, шалқасынан гүрс еткізді. Жығып ап Аянның
бет-аузына былшылдатып соға бастады. Аян тырс етіп үн шығармастан,
астында жатып құр қол-аяғын ербеңдете береді. Тек бір кезде Есікбай:
–
Ой-бай!.. – деп баж ете түсті де, бір жағына қарай бұраңдап жығыла
берді. Аян оның қолын бұрап жіберген екен. Енді Аян күш алды. Ол аузы
қан-қан болып атып тұрып, Есікбайды алқымынан бүре түсіп, жер сүздіріп
тұқырта берді. Өздері апыр-топыр қылған қара топыраққа Есікбайдың бет-
аузын бір-екі рет көміп-көміп жіберген.
– Ойбай, болды, болды... – деп айқай салды Есікбай. Аян оның
басынан аттап тұрып кетті.
Ұшып тұрған Есікбай тағы да тап берген. Аян оны белдесуге жібермей
екі қолынан ұстай алды да, жата беріс тастап ыңқ еткізді. Бірақ үстінен
басып соққан жоқ. Қатты жығылған Есікбай біразға дейін тұра алмай
ыңқылдап жатты. Аян болса бұлаққа барып бет-аузының қанын жуып, ақ
жейдесін киіп түк білмеген, түк көрмегендей үйіне қайтты.
Осы төбелестен кейін-ақ Аянға ешкім тиіспейтін болды.
Күзде оқу басталып, жеті менен он жастың аралығындағы өңшең
бірөңкей балалар бірінші класқа бардық. Бізді Иманжанов деген шашы
аппақ қудай, қолы-басы тоңған адамша дірілдей қалшылдап, көзі қып-қызыл
боп жасаурап отыратын қарт кісі оқытты. Бұл кісі – денсаулығының
4
нашарлауы себепті қаладан көшіп келген мұғалім екен. Бізге күн сайын
үйінен әкелген қағазды бір-бір парақтан үлестіріп беріп, әріптерді үйрете
бастады.
Аян екеуміз бір партаға отырғанбыз. Бірінші күннен-ақ ол зеректігімен
көзге түсті. Мұғалімнің тақтаға жазған әріптерін айна-қатесіз қағазға
түсіріп, тез жаттап алып жүрді. Тіпті келе-келе күніне бір-екі әріптен ғана
өткенімізге көңілі толмай:
– Барлық әріптерді тезірек неге үйретпейді екен. Шіркін, ағама хат
жазар едім, – деп күңкілдейтін.
Әрине, майдандағы әке-ағамызға хат жазу бәріміздің де көкейіміздегі
асыл арманымыз еді. Сонымызды сезгендей Иманжанов та бізге тезірек хат
танытуға бар күшін салып бақты. Сөйтіп, бас-аяғы бірер айдың ішінде
әріптерді тегіс жаттап, бірлі-жарым сөздерді құрап, жаза алатындай халге
жеттік. Ал Аян болса кәдімгідей: «Аса жаннан артық көретін аға...» деп
бастап, хат жазатын болды. Ендігі оның қуанышында шек жоқ еді. Күнде
сабақтан кейін үйіне келісімен төр алдына етбетінен түсіп, сиялы
қарындашты тілімен жалап қойып, бет-аузын сия-сия ғып ағасына хатты
үсті-үстіне жазатын да жататын. Күніне екі-үш хаттан жазады. Кейде
әжесінің айтқанын жазса, кейде өз бетінше жаза беретін.
Біз, басқа балалар әлі де сөйлем құрап жаза алмайтынбыз. Сондықтан
Аянға кеп:
– Хат жазуды үйретші, – деп жата жабысатынбыз.
Аян білденбейтін. Жымың-жымың етіп күлетін де:
– Мә, мына менің хатымды көшіріп жаз, тек менің ағамның орнына өз
ағаңның атын жаз, – деп қоятын.
Сөйте-сөйте хат жазуды бәріміз де үйрендік. Енді біздің ауылдан
күніне майданға сөзі де, мазмұны да, кейде тіпті кісі аттары бірдей жиырма-
отыз хаттан кетіп жататын болды.
Дәл біздің хат тануымызды күтіп жүргендей-ақ екі айдан кейін
Иманжанов қатты науқастанып, төсек тартып жатып қалды. Бір қол, бір
аяғынан паралич болған. Басқа мұғалім келмеді. Осылайша біздің оқуымыз
да келер жылға дейін тоқтаған еді.
Бірде Аян өрістен мал қайырып келе жатып үйретемін деп, өзінің қасқа
бұзауына секіріп мінген. Семіз бұзау мөңкіп-мөңкіп жығып кетті. Сол жолы
Аянның тобығы тайып бір айдай үйінде ауырып жатты. Осыдан кейін-ақ
5
Аянның тобығы тайғыш болып алды. Қит етіп алысса, иә секірсе тобығы
тайып кететін де, Аян:
–
Ойбай, ойбай, аяғым-ай... аяғым-ай... – деп жанұшыра бақырып жата
қалатын.
Бірте-бірте ол алысып-жұлысып ойнайтын ойындарға араласпай,
шеттеп, бар қызыққа тек анадайдан сырттай қызыға қарап тұратын болды.
Тобығы үшінші рет тайғанда, ол үйінде бұрынғыдан да ұзағырақ
жатты.
Бұл кезде қыс түсіп қар жауған. Біз болсақ сырғанақтың қызығына
кіріскенбіз.
2
Біздің ауыл Ешкіөлмес деген кішкене қоңыр таудың дәл етегінде еді.
Ұзыннан-ұзақ бір көше боп жоғарыдан төмен қарай созылып жататын.
Қыста осы жалғыз көшенің басынан-аяғына дейін балалар жуылдаса
топырлай жүріп қарды таптап, сырғанақ жасайтынбыз. Қар қалың
түскенімен таулы жердің күні өте жайма-шуақ, жылы болады. Тапталған қар
күні бойы жентектеліп еріп, кешке қарай көк мұз боп қатып қалатын. Дәл
сол кезде үй-үйден шанасы барлары шанасын сүйретіп, конькиі барлары
аяғына конькиін байлап, бала атаулы тегіс көшеге шығатын. Қас пен көздің
арасында ұзын көше бастан-аяқ қыбырлаған балаға толып кетуші еді. У-шу
боп, біреулері төмен қарай оқша зулап шанасының табанынан от жарқылдап
бара жатқанда, енді бір шұбалған топ шаналарын сүйретіп жоғарыға өрлеп
бара жататын...
Бүгін де сырғанақтағы ойынның сондай бір қызған шағы еді. Күннің
көзі қанталағандай боп ерекше қызарып ұясына қонуға таянған. Сірескен ақ
қардың бетінде бір сәтке жұқалаң қызғылт кілегей тұрды. Күні бойы
Ешкіөлместің күнгейінде жайылған мал ешкім қайырмаса да бір ізбен
шұбырып ауылға қайтқан. Кенет бүкіл ауылды шулыға шыққан ащы
дауыстар селт еткізді. Төбе құйқаны шымырлатып жоқтау айтқан дауыстар.
Аянның үйінен шығып жатыр. Мұндайда балалар еліккіш келеді ғой.
Сырғанақты тастай бере дәл бірдеңеден құр қалатындай бәріміз бірдей
дүрліге дүркіресіп, Аянның үйіне қарай лап қойдық. Артымыз жетпей
жатып, алдымыз не боп қалғанын естіп те үлгердік. «Аянның әжесі өліп
6
қапты», – деген сыбырды алқына тұрып сүйінші сұрағандай бірімізге-біріміз
жеткіздік.
Жарғақ сары тон киген Аян, күлімдеп тұратын қара көзі шарасынан
шыға жаутаңдап, өңі боп-боз есігінің алдында тұр екен. Үйінде көрші-қолаң
әйелдер бір-бірімен шуылдаса көрісіп, азан-қазан боп жатқанмен ол көзіне
жас алмапты. Біз өзара сөйлескеніміз болмаса, оған үн қатқамыз жоқ. Аян да
бізді үнсіз қарсы алды. Сүйреткен шанамызға, конькиімізге көз салды.
Тоңғаннан ба, танауын жиі-жиі тартып, дір-дір етеді.
Күн ұясына еніп бара жатыр. Аян болса сол мелшиген күйде жалтақ-
жалтақ етіп, ауылдың әр тұсынан «әжетайлап» дауыс қойып келе жатқан
үлкен адамдарға қарайды. Бірақ олардың бірі де бұған назар аударар емес.
Біз болсақ, енді қайтер екен деп қызықтағандай одан көз айырмастан ортаға
ап, қоршалай тұрмыз. Өзара сыбырласқан боп, оған да естірте: «Әжесі
өлгенге неге жыламайды-ей?» – деп қоямыз. Аян естісе де, естімеген
адамша міз бақпайды. Тек әлдебір уақытта, бас жоқ, аяқ жоқ:
–
Ертегі тыңдайсыңдар ма деді? – деді. Онан соң біздің жауабымызды
күтпестен өзі бастап үйдің бұрышын айналды. – Жүріңдер, үйдің сыртына
отырайық.
Біз оның соңынан ердік. Үйдің сырт жағына кеп шаналарымызды қаз
қатар тіздік те, өзіміз жайғаса отырып, енді не дер екен, дегендей Аянның
аузына қарадық. Ол со тұнжыраған қалпында бәріміздің жүзімізді бір сүзіп
өтті де:
– Күлкілісін айтайын ба? – деді.
Біз үн-түнсіз бас изестік. Аян тонының омырауына тұмсығын тығып
сәл күрсініп қойды да, ойға шомған күйде сыбырлағандай дауыспен:
– Ертеде бір жетім бала бопты... – деп ертегісін бастады.
Сол күні оның ертегісі түннің жарымында бір-ақ аяқталды. Әуелде
түнжыраған күймен жабырқау басталса да, келе-келе ертегінің күлкілі
оқиғасы көбейіп, Аян да бауырын жазып, бәріміз көңілді күлкіге батып
қарық боп қалды. Тіпті Аянның әжесінің өлгенін де ұмытып кетіппіз.
Сықылықтап күліп мәз-мейрам боп:
– Ей, тағы да айтшы.
– Тағы да айтшы... – деп жан-жақтан шулап қоя бердік.
– Жоқ, ертең айтамын, бүгінге осымен бітті, – деді ол салмақты
үнмен. Басын көтеріп аспанға қарады. – Е, жұлдыздың нуы жиі екен, ертең
күн ашық болады, – деп қойды үлкен кісіше.
7
Бәріміз жапа-тармағай аспанға қарадық. Шынында да жұлдыздар
жайшылықтағыдан әлдеқайда көп еді. Баттиып-баттиып, балқыған
қорғасынша сорғалап ағып түсердей боп жарқырайды.
Біз Аянның ертеңгі күннің ашық болатынын жұлдызға қарап
айтқанына іштей сүйсіне таңырқасып қойдық. Менің қасымда отырған
Садық:
– Қалай біледі-ей! – деп, таңырқауын жасыра алмады.
Енді біреу менің құлағыма сыбырлап:
– «Нуы» деген не-ей? – деп сұрады.
–
Білмеймін, – дедім мен де.
Бірақ бұл сөздің мағынасын сұрап алуға батпадық.
Ертеңіне Аянның әжесі жерленді. Жұрт ат қойып зираттан қайтқанда,
Аян әжесінің қабірінің басында елдің ең соңынан шошайып жалғыз қалды.
Ол бұл күні де жылаған жоқ. Қарлы топырақ араласқан жас қабірге
жаутаңдап біраз қарап тұрды да, бір уыс топырақты іліп ап: «Топырағың
жеңіл болсын, әже!» деп шашып жіберді. Онан соң қып-қызыл боп тоңған
екі қолын аузымен кезек-кезек үрлеп қойып, ауылға қайтты.
Сол күні Аян әжесінің тумаласы Бапай деген шалдың үйіне көшті.
Біз көшеде сырғанақ тебуге кіріскенбіз. Дәл осы кезде, азын-аулақ
көрпе-жастық тиелген шананы Бапай айдап, Аян өзі қоңыр сиырын
бұйдасынан жетелеп көшенің басындағы шалдың үйіне көшіп бара жатты.
Қоңыр сиыр үйренген қорасынан шыққысы келмей тартыншақтай бастаған,
біз бір топ бала шуылдаса қаумалап артынан айдадық. Қоңыр сиыр көзі
шарасынан шыға шатынап, танауын пысылдатып басын шайқап-шайқап,
Аянды сүзіп жіберердей боп алға қарай оқтана жүрді. Бірақ сүзген жоқ,
жүріп келе жатқан бойда Аянның қаудырлаған сары тонының етегінен
иіскеді де, тұмсығын созып, ыңырана мөңіреді. Аян ақсаңдаған күйде бізге
бұрыла қарап:
– Жануар, бәрін біледі... – деді.
Аянның сиырын Бапай шалдың үйіне дейін айдасып барғаннан кейін
біз сырғанаққа оралып, ойынға қайта кірістік. Сәлден соң Аян да сырғанақ
басына келді. Өзінің шанасы жоқ, сондықтан елдің шана тепкенін қызықтап
қарап тұрды. Бірде менің көк тақтайлы шанамды нұсқап:
– Менің де шанам дәл осындай еді, көшкенде ана жақта қалды, – деп
қойды.
Мен оның жаудырап қарап тұрғанына шыдай алмай:
8
–
Мә, Аян, сен бір жол теуіп кел, – деп шанамды бердім. Қуанғанынан
ол езуін жия алмай ыржия күліп кеп шанаға отырды да:
– Ал кім менімен жарысады! – деп айқайлап еңіске қарай зулата
жөнелді.
Менен кейін оған шанасын Садық берді, онан кейін Есікбай берді,
қысқасы Аян бәріміздің шанамызды бір-бір реттен теуіп шықты. Ол қып-
қызыл боп қара терге түсе ентігіп, алабұртып, елден ерекше даурыға сөйлеп,
сақылдап күлумен болды.
Ымырт сәулесі ыдырап қараңғылық үйіріле бастаған кезде, басынан
тұмағын алып желпіне тоқтаған Аян:
–
Жүріңдер, бүгін мен кешегіден де қызық ертегі айтамын, – деді.
Біз опыр-топыр болып шуласып, Аянның бастауымен Бапай шалдың
үйінің іргесіне келдік. Аянды ортаға алып, енді жайғасып отыра
бергенімізде, есік ашылып, сыртқа Бапайдың кемпірі шықты да:
–
Үйібай бетім-ай, бұ дүбірлеген не десем, мыналар екен ғой. Аулақ
жүріңдер әрі, өй өңшең топырлаған немелер! Онысы несі-ай, тап терезенің
түбіне кеп үймелегендері! – деп қуып жіберді.
Енді қайттік, дегендей көшеде аңтарылып тұрғанымызда Садық:
–
Мен таптым қай жерге отыруға болатынын, – деді. Бәріміз соған
қарай қалдық.
– Анау ат қораның төбесіне шығайық та, шөпке белуардан кіріп-ап
отырайық...
Біз санымызды шапақтап уралап, ауылдың шетіндегі ат қораға қарай
жүгірдік. Арт жағы аласа тас қораның үстіне тырмыса-тырмыса шығып
алдық та, сол күні ғана Қараойдан әкелінген көк жауқазын шөпті үңгіп-
үңгіп жіберіп, отыра-отыра кеттік. Құрғақ шөптің танауды жарған хош иісі
мас қылғандай тұла бойды шымырлатады. Шетімізден пысқырынып,
мұндай рахат дүние тапқанымызға мәз-мейрам боп, бірімізді-біріміз итеріп
қап шөпке аунатып, сықылықтай күлісіп, жұмсақ шөпке тығыла түсеміз.
Бәріміз алқа-қотан жайғасқаннан кейін ортамыздағы Аян тісінің
арасынан сызылта шырт дегізіп түкіріп қойып, көтеріле түсіп, астына шөп
жұмарлап, басқамыздан орнын биіктеу ғып отырды. Онан соң қабағын
шытып, ойға батқан күйде төмендегі үңірейе қарауытып жатқан терең құзға
көз жіберді. Біз де еріксіз енді солай қарай жалтақтадық. Құз іші
қорқынышты.
– Ертеде бір жетім бала бопты... – деп Аян екінші ертегісін бастады.
9
Сыбырлай шыққан даусында өз айтқанына қалайда қалтқысыз
сендіретіндей керемет бір күш бар. Біз тым-тырыс боп тына қалдық. Бір
сәтке дәл астымыздан – қораның ішінен жылқылардың күтір-күтір шөп жеп
тұрғаны, пысқырғаны, тарпығандары, қасынғандары естілді. Бірақ біртіндеп
Аянның ертегісі қызған сайын, әлгі дыбыстардың бәрі құлақтан шет қалып,
төңіректі – бүкіл Ешкіөлмес баурайын, төмендегі терең құзды ғажайып бір
тыныштық басты. Бұл дүние – ертегі қиял дүниесіне, сиқырлы дүниеге
айналып, біз өзіміздің бар-жоғымызды да ұмытқандай болдық.
Сол күннен бастап күнде кешкісін ат қораның төбесіне жиналуды
әдетке айналдырдық. Екінші күні тағы да әлгі Садық бір пәлені шығарған:
үйінен алақандай газет жыртындысы мен темекі ұрлап алып кепті, әлгісін
кәдімгідей ешкі сирақтандырып ұзын етіп орады да, қалтасының түбінен
әзер тапқан сіріңкенің жалғыз шиімін тұтатып, сонысын насаттана сорып
Достарыңызбен бөлісу: |