Оқапта 1 Күздің ұш қиыры көрініп, ел күзекке Орқұдыққа көшкен. Абай келмегеніне талай болғаннан кейін, Ұлжан хабар білуге Манасты артынан жіберген болатын. Ал Манас барған жерінде Абайды Салтанатпен бірге көреді. Сосын ол жұртқа тегіс таралып, Ділдә мен Әйгерім де естиді. Абай ауылға қайтқанда Әйгерімнің қатты ренжігенін көріп қысылады. Сосын өз үйінде жалғызсырап, тек кітаппен дос болады. Сондай күндерде үйге Ербол келеді. Ерболдың басты хабары той болатын. Есқожа ауылындағы Үмітей сұлу ұзатылмақ. Ал күйеу Көкше Қаратайдың туысы, Алатайдың баласы Дүтбай екен. Тойдағы бір ерекшелік Құнанбай баласы Әмір бастаған сал-ақындар серуені еді. Әрине бұл серуен ел ағаларына ұнамады. Осы жайлы Құнанбайға Айғыз бен Қаратайдан шағымдар түседі. Құнанбай: «Ертең Ызғұтты мен Әмір таң атпай маған келсін», - деп қысқа сөзін қайырады. Айтқанындай олар келді. Әмір әкесінің қасына отырған сәтте Құнанбай қолымен баласын бұға кетеді. Ызғұтты араласып еді, оны жекіп тастады. Нұрғаным оларды ажыратпақ болып еді, Құнанбай кеудесінен бір теуіп жіберді. Әмірдің демі тарылып бара жатқан болатын. Сол кезде Абай келіп қалады. Әкесіне қатты жекіп, Әмірді босатып алады. Құнанбай балаларына наразы болып, теріс бата беріп жібереді.
2 Қыстауға көшетін күндер жақын. Көп өтпей бірінші қар жауады. Сөйтіп, аңға, бүркіт салуға нағыз ыңғайлы маусым басталады. Абай, Смағұл, Шәке, Баймағанбет, Ербол, Тұрғанбайлар бірігіп, қансонарда бүркіт салуға шығады. Шыңғыс бөктерін аралап, талай түлкі алады. Әсіресе Торғанбайдың Қарашолақ деген қаршығасы бір күнде жиырмаға жуық түлкі алады. Осылай аңшылықпен жігіттердің көп күні өтеді. Осындай күндердің бірінде, Қарашолақ алған түлкіге серіктікке бөтен қаршыға таласқандай тіресе кетеді. Бұл Қарашегір болатын. Бөжей ұлы
Жабайдың қаршығасы. Көп өтпей бір асудан үш-төрт атты көрінеді. Олар Жабай, Жиренше және Абылғазы екен. Көріскен соң олжаларға қарасты. Абайлардың қоржынында толы олжа. Ал Жабайларда бірен-саран ғана. Абай Жабайдың қоржынына қарап, күліп кетеді. Сосын Жиренше Абылғазыға айтып, Абайдың күлгені үшін оны ұялтуға бел буады. Ол бірекі күн Абайларға қосылып, аңда жүреді. Қасақана сол күндері Қарашолақ бірде-бір түлкі ала алмай қояды. Осыдан жүріп Жиренше алдында Абай ұялып қалғандай қысылады. Содан кейін топ екіге бөлініп,Абай тобы Машаннан асып, Есболат Қарасуымен Жидебайға қайтуды жөн көреді. Смағұл, Тұрғанбай, Абылғазы және Жиренше бір жолмен, ал Абай, Ербол, Шәке, Баймағанбеттер төте жолмен жүріп кетеді. Абайлар жолға шыққанда қатты боран соғып, жолдан адасып кетеді. Теріскей жолдарға түсіп, Машандағы қоныстарға жете алмай қалады. Еш жерден ық таба алмай, әбден жүдеп кетеді. Әсіресе Абай көп қиналады. Осы кезде айқайлаған кісі дауысы естіледі. Абай оған лезде жауап қатады. Бұл Абылғазы болатын. Олар қосқа кешеден алдын күні жеткен екен. Абылғазы жол бастап, әрең дегенде қонысқа жетеді. Бұл Найман дейтін байдың ауылы екен. Қонақтарды жақсы лебізбен қарсы алады. Абай аяғын әрең басып, үйге кіргенде бір келіншек оның мойнына асыла кетеді. Сөйтсе бұл Тоғжан екен. Осы ауылдың Аққозы деген семізіне тұрмысқа шығыпты. Қос ғашықтың баяғыдан көріскені осы болатын. Абайдың суық бораннан ыстығы шығып, ахуалы қиындай түседі. Түнді түн демей Тоғжан Абайдың қасында жылаумен отырады. Он шақты күннен кейін Абай дұрыстала түседі. Тоғжанның мына жағдайын көрген Аққозы ағайындары Абайдың кеткенін жөн көріп, сыбырмен жеткізеді. Содан көп іркілмей Абайлар Ақшоқыға қайтып кетеді. Абай мен Тоғжанның кездескенін Әйгерім біліп қалып, одан да қатты ренжиді. Ербол да өз қонысына қайтып кетеді. Абай тағы жалғыз сырлас досы, айнымас серігі кітаппен қалады.