Саммари-көлемді шығарманың қысқаша баяндалуы



бет32/32
Дата01.10.2024
өлшемі131,25 Kb.
#146298
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   32
Байланысты:
Абай жола Самари нұсқа

Шайқаста
Көшбикеде Абай басына жасалған қастық көпке дейін жұрт аузынан кетпеді. Сол оқиғадан кейін Ырсай бастаған Ырғызбайдың бір топ кісісі Абайға келіп, «Қарағым, не бұйырасың, жауыңның қолында өлгелі келдік?! Шап десең, Шабамыз!» деп тілек білдірді. Абай болса туыстарының сөзін үнсіз тыңдап: «Қапқан иттен өш алам деп, мен де қапсам, аузымда не қасиет қалады!» деп қысқа қайырды. Оразбай болса доңайбатты естіп қорықты. Әзімбайға кісі салдырып, болған жайды біліп отырды. Бұл жаманат іс – Керей, Найман, Уақ, арысы Жетісудағы елге де тарады. Ондағы Абай сөзін естіп жүретін халық, Оразбайға тіс қайраумен болды. Абай бұл істі жылы жауып қоя салғанымен Оразбай жазасыз қалмады. Оның кегін халық алды. Оқиға былай басталған еді...
Биыл қыс аяғында балуан грузчик Сейіт сүзекпен ауырған. Ауыр жұмысқа жарамайтын болғасын достары оған жазда елге шығып, қымыз ішуді ақыл еткен. Сонымен, Сейіт Тоғалақтағы еліне келген. Достарын аралап жүріп, бір күні ол Оразбай ауылына көрші қонған ауылға қонақ боп барады. Екі күн бойы ән салып, сауық құрады. Соңғы күні Айса дейтін досының үйіне келіп думан құрғанда әнімен бірге балуандық өнерін де көрсетеді. Осындай күндердің бірінде ауылдағы құдыққа түйе түсіп кетіп, жұрт әбігер болады. Бұл құдық Оразбай байдікі екен. Қиқым маңайдағы бар жігітті жиғызып, түйені шығару қамына кіріседі. Оған Айса мен Сейіт те барады. Түйені шығарып болғасын, жиналған жұрт Сейітке ән айт деп қолқа салады.
Сейіт іркілмей Абайдың «Алыстан сермебін» шырқап кеткен. Осы кезде жиынға Оразбай келеді. Ол Сейітке: «Сен менің аулыма кімнің сөзін әкеліп жүрсің?!» деп зілдене сөйлейді. Сейіт әуелі түсінбей қалып, соңынан: «Абай өлеңдерін айтасыз ба? Оны мен қыр түгілі қалада да көп айтам. Қайт дейсіз, байеке?» деген. Оразбай жақтырмай: «Онда тағы да айтшы?» дейді. Сейіт іркілместен Абайдың «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа» деген өлеңін қара сөзбен айта жөнеледі.
«Мал жияды мақтанып білдірмекке,
Көзге шұқып малменен күйдірмекке» - дей бергенде «Тоқтат!» деп бай ақырып қалады. Содан соң Сейітке қарап: «Сен өзің қаңғып жүрген немесің, ауылға менің жауымның, елді бүлдіретін арамның сөзін әкелдің. Сол үшін сені жазаға бұйырамын!» дейді. Сейіт сескенбей: «Қаңғысам, сенің алдыңа келгенім жоқ. Жоқ, ақсақал, сіз айтқандай Абай ел бүлігі емес. Біз айтсақ сендейлерді Абайдан садаға кет! дейміз» - деп Айсаға иек қағып жүріп кетеді.
Оразбай әмірімен Қиқым бастаған екі-үш жігіт өре түрегелгенімен, олар Сейіттің айбатынан жасқанып, жақындай алмай, тайқи береді.
Осыдан әрі Сейіт Айсаның үйіне жетіп атын ұстағанша Оразбайдың жиырма-отыз жігіті келіп, Айсаны соққыға жығып, мұны байлап алып кетеді. Жендеттері Сейітті әкеле бергенде Оразбай оны тірідей көмуге бұйырады. Тек, өлмес үшін басын топырақтан шығарып қояды. Оразбайдың бұл ісі бұрыннан ойластырылған іс еді. Ол Сейіттің Мәкен дауы кезінде атақты Дондағұлды ұрып, Қорабайдың күрек тістерін сындырғанын естіген болатын. Содан бері оған қастық ойлап жүретін. Түсте көмілген Сейіт қас-қарайғанша жатты. Ешкім одан хабар алмады. Тек түнделетіп келген Айсаны ауылдың кәрі күзетшісі Сейітке ертіп апарды. Екеулеп қазып алды. Біраз үнсіз жатқан ол, су ішіп әлденіп, Тоғалақтағы аулына қарай жүріп кетті.
Сақ-Тоғалақта айт күніне арналып жиын өтіп жатыр екен. Жиналған қауымға қасына Жомарт, Омар дейтін достарын алып Сейіт те келді. Осы топқа қатты дауыстап кеше түнде болған істі Жомарт баяндап шықты. Омар да шапшаң Жомарт сөзін іліп әкетіп: «Елмісің, жоқ ез қормысың?! Асты ғой мынау. Тұяқ серіппей осылай кеткеніміз бе?!» деді. Мұнда Базаралы мен Әбді де бар еді. Жомарт Базаралыны танитын, сондықтан оған қарап: «Тым болмаса сен айтшы, нағашы?» деп қалды. Жиналған жұрт енді Базаралының аузына қарады. Базаралы қатты сөйлеп кетті: «Уай, ер жігіттер. Нағашың қазір ұмтылғанымен, аурудан құр сүлдесі қалып өкініп тұр. Бұндайда менің қолымнан не келетінін білетін едіңдер ғой. Оразбайдың асып жүргені алдындағы малы. Қаптау керек қалың ел. Ықпағанын көрейін. Оның тізесі осы тұрған қайсыңа батпады?! Айтшы қане?! Ердің өшін алу керек... Абайдың өшін алу керек!» деп бұйыра айқайлап жіберді.
Осыдан соң жиыны бес жүздей қол «Қапта! Ал Абайдың өшін! Кімнің көз жасы жоқ еді! Оразбай аулы қайдасың?!» деп шауып кетті. Қалың азамат Оразбай аулын тас-талқан етті. Үш мың жылқысын айдап әкетті. Байдың өзін тоқалы көрпе-жастықты үстіне үйіп, жасырып қалды. Міне, Көшбикеде Абай басына жасалған қастықтан соң, жылдан аса мезгіл өткенде әдейі арнап, серт, уәде айтыспаса да, сол Абай үшін жаны күйген жұрт атаулы Оразбайдай жауыздан осылайша өзінің кегін алды.
Арада біраз күн өтті. Бүгін түс ауа жатақ аулына жұмыспен барған Дәрменге Базаралы Сақ-Тоғалақта Оразбайды қалай жазалағанын дастан етіп айтып берді. Қайтып келгесін ол Абайларға сол жайды сүйсіне түсіп ырзалықпен жеткізді. Абай оны сабырмен тыңдады да, қатты ойланып қалды. Күн еңкейе бергенде ұзақ аяңдап, оңаша сейілдеп кетті. Ымырт жабыла үйге келе сала «Жүрегімнің түбіне терең бойла» деген өлеңін жазды. Содан соң көңілі жадырап сала берді. Осы шақта үйге қаладан Кішкене молла келді. Ол Мағаш пен Кәкітайдан хат әкепті. Хатта Павловтың ерекше сәлемдемесі бар екен. Осыдан соң көп өтпей қасына Баймағамбетті алып Абай Семейге жүріп кетті.
Мағаш пен Кәкітайдың Абайды шақыртуының себебі болатын. Бірнеше күннен бері Семейде орта жүздің игі жақсылары басын қосып сөз жүргізеді екен. Оған Мағаш пен Кәкітайды да шақырған. Жиындағы жұрттың ниеті — Абай алдына Оразбайдың қол-аяғын байлап алып келу. Осыны алдымен олар Абайдың үміт етер баласы деп Мағашқа білдіріп отырған жайы бар. Мағаш көптің сөзін тыңдап салқын ғана:
"Ниеттеріңізді естідік. Бұл сөздің түп иесі не дегенін сіздерге жеткізу, біздің бүгінгі жиыннан мойнымызға ала кететін қарызымыз болсын" деп қысқа қайырып жүре берген.
Абай қалаға келгесін бар мән-жайды Мағаштардан есітті. Жауап берген жоқ. Оның орайына Павловтай досымен кездесуге асығып кетіп қалды. Екі дос былтырғы ауыр оқиғадан соң кездеспеген еді. Сондықтан оңаша ұзақ сырласты. Павлов Абайдың әндері мен өлеңдері қала жұртына қатты сіңгенін, өлеңі қалың елге қандай қадірлі екенін баяндап берді. Досымен қоштасарда Абай оған осы жолы қалада ұзақ тұрақтап, өзімен жиі көрісіп тұратынын уәде етті. Және Павлов мәслихаты бойынша қаладағы еңбек адамдарының топтарымен етене танысып, осында оқып жүрген қазақтың әр школдағы, медреседегі жастарымен де біліспек.
Келесі күні Мағаш айтқан істің кезегі жетті. Абайға сәлем береміз деп Керей, Уақ, Найман, Сыбан келіпті. Алғашқы сөзді Бегеш бастады. Ол шешендігімен ұзақтан орап әкеліп: «білім – бақтың жібермейтін қазығы, білімсіз бақ – әлдекімнің азығы. Халық ұстазынан айрылса не таппақ?! Абайдай жақсысынан ауса не болмақ? Сабындай бұзылып, сағымдай құбылып, іріп шірімей ме?» деп тыңдаушыларына өтімді сөз айтқан. Абай Бегештің шешендігін бағалап: «Бегеш-ай, сөздерің дұрыс. Бірақ қарамықтың дәні болғанша, бидайдың сабаны бол. Жаман қауымның жақсысы болғанша, жақсы қауымның жаманы бол десе не дейсің?!» деп келген жұртты аңыратып, тоқтатты. Осылай ол бұл іске бейілі жоқ екенін аңғартты. Абаймен кездесуден кейін Орта жүздің жуандары өз бетімен әрекет етуге кірісті. Бұл іске Абай араласқан да, сөздерін естіген де жоқ.
Бұдан кейін Абай Павловқа берген уәдесі бойынша еңбекші халықтың жайымен танысуға көп көңіл бөлді. Алдымен Дәмежан, қайықшы Сейілдердің шаңырағында қонақта болды. Кейін қаланың ұсақ байлары – Есберген, Кәріпжан, Төлепбергендердің үйінен дәм татты. Школда оқып жатқан балалармен кездесуді де ұмытпады. Бір күні оларды пәтеріне алғызды. Оқушылар арасында Дәркембайдың Рахымы, Иіс кемпірдің немерелері – Асан мен Үсен, Сейіт пен Әбеннің балалары бар еді. Кездесуден кейін Абай Крыловтың «Есек пен бұлбұл» атты мысалын қазақшаға аударып шықты. Осы түннен бастап ол Асан-Үсен, Рахымдар жаттарлық талай мысалды аударумен жүрді.
Арада біраз жыл өтті. Бұл жолы Абай қыс ортасында қалаға өзгеше шақыртумен келді. Онысын Құмашқа қысқа ғана білдіріп: «Білмеймін Құмаш, сен қалада жүріп осы жайдан хабардар боларсың. Дін мұсылман баласының байласатын сөзі бар көрінеді. Сол үшін әр тараптан қалаға кісі шаптырыпты. Маған да сол хабар жеткен еді», - деген. Құмаш тегінде ақылды, момын жігіт болатын. Бір істің байыбына жетіп алмай ол туралы сөйлемейтін. Сол момындығына салып қазір де «осындай сөз жұрттың аузында жүр, менің естігенім де сіз білетін жайлар» дегеннен басқа ештеңе айтпады. Ертеңіне таңғы шай кезінде Абайға екі кісі келді. Оның біреуі бұрын Абай қасында жүріп, әнші-ақын атанған Көкбай болса, екіншісі сол Көкбайдың шәкірті Әлпейім. Көкбай бүгінде ақындығын қойып, дін жолына бет бұрып қаладағы білдей мешітке бас имам болған. Ақын аты ұмытылып, халфе аты шыға бастаған кез еді. Абай ескі досының бұл жолға түскенін ұнатпаған. Қазір де сол жақтырмаған қалпы салқын амандасты.
Көкбай Абайға өз еркімен келген жоқ еді. Оны қаладағы үш-төрт мешіттің имамдары, хазірет-қожалары жіберген болатын. Олар қырдағықаладағы қазақ жұрты Абайды тыңдайды деп, өтініш білдірген. Көкбайдың айтуынша, жиынның басты мақсаты дін мұсылман баласы қосылып мүфтиге қарау. Онысын Түркиядағы Шайхұліслам дін орталығымен біріктіру екен. Осы жолда қазақтың оқығандарына бас болып Әзімқан төре, дін жолындағыларына бас болып Ғабдыразақ хажы, Икрам бай, қазақтан шыққан Ахметжандар ақ патшаға арыз түсірген көрінеді. Ақ патша «приговорларын, арызын жиып түсірсін» депті. Енді олар қырдағы-қаладағы дін мұсылман жұртынан көп арыз жинау үстінде жұмыс істеп жатыр екен. Осыған жұртты көндірсін деп Абайды шақыртыпты. Көкбайды тыңдап алған Абай «мен жауабымды үш күннен кейін беремін» деп Павловпен ақылдасуға кетіп қалды.
Павлов Абайға орыстың діні орыстың мұжығына тозақтан басқа ештеңе тілемейтінін айтады. «Орыстың попы жаман, мұсылманның имамы жаман. Бұл екеуінен халыққа жақсылық жоқ. Олар халықты алдайды. Орыстың жұмысшы табы патшаны, шіркеуді айыптайды. Бұларға қарсы тұру керек», - дейді. Абай Павлов үйінен қаланың қалың көпшілігімен жалғасып, сөйтіп имам қазіреттерімен айқасып көрмек болып қайтты.
Ертеңіне ол Семей жұрты сөзін тыңдайтын, ойға, сөзге жүйрік қыпшақ Бектоғай Ботабаев деген жігітті Сейіл қайықшымен бірге шақыртты. Оларға: «ескіден келе жатқан қазақтың өз ата-дәстүрі бар. Енді соның бәрін тастап шариғат жолымен жаңа өмір құрам деу бос сөз. Мүфти бізге қол емес, молдалардың өзі жетеді», - дейді. Осыны елге таратуды тапсырады. Павловпен ақылдасып алған Абай үлкен қағазға сөздерін қайтадан жазып:«Осыны мұқият оқып ал, ешкімге көрсетпе. Қағазда айтылған сөздерді өз айтқандарыңдай қылып айта бер!» деп, Бектоғайға ұсынады.
Елге осы сөз тараған соң көп жұрт мешіттегі имамдардың арыз жаз дегеніне көнбей қояды. Приговор саны жүзден аспайды. Енді қазірет, қалфелер халықты қаланың бас мешітіне жинайды. Оған Абай да баратын болды.
Жиынға халық көп келді. Алғаш сөзді Ахметжан қазірет бастады. Одан соң Ысқақ дейтін ноғай баласы мүфти қажеттігін айтты. Артынша қаланың байы Сейсеке, оқыған чиновниктердің арасынан Сақпаев сөйледі. Кейін сөз кезегі Абайға келді. Оның сөзі бірден «мүфтиге қазақ халқы қараудың қажеті жоқ» деген тура, жара сөйлеген сөзінен басталды. Абай ұзақ сөйледі. «Өзіміз надан өтсек те ұрпағымызды оқытайық. Мүфтиге қарап надан болмайық, жұртым. Білім жарығы керек. Ермеңдер молдалар сөзіне! Олар қастық ойлайды. Қалың жұртым менің айтар сөзім осы!» деп тоқтады. Көпшілік «Бәрекелді!...Абайдың дегені рас...» деп көтеріліп, дабырлап кетті. Бар молда, имам атаулы Абайға қарсы келе алмай буылып қалды. Сақпаев қана тұшталаңдап бірдеңе айтып еді, Абай оны қатты тиып тастады. «Ең алдымен адасқанды сендер қойсаң нетті! Оқыған дейді, көзі-қарақты дейді. Сендердің осы жиында не ақыларың бар, неғып қаңғып жүрсіңдер?!» дегенде жұрт та Абай сөзін қостап «Абайдан басқасы ақыл айтпасын бізге. Сөзді доғарыңдар!» деп тарауға айналды.
Бұл қыста ойда жоқ, өзгеше жиын осылай Абай сөзін тыңдаған халықтың жеңуімен аяқталды. Бірақ соның орайына көп өтпей Федор Иванович Павлов қамауға алынды. Абай үйінде де қатты тінту болды. Бес кісі жандарм үш сағат тіміскіп Құмаш үйін асты-үстіне шығарып ештеңе таппады. Әлдекімдердің сыбысы бойынша полицеймейстерге «Абай халықты аздырып жүр, ақылшысы Павлов» деп арыз түсірген Сақпаев екен. Жандарм Павловты ұстаған жерде таба алмаған қағазын, қылмыстың ізін суытпай Абай қалтасынан суырып алмақ болатын. Бірақ ол қағаз бар сырын бүккен күйімен Бектоғайдың қалтасында қалған еді.
Жұтта
Абай соңғы жылдары Семейге бір күндік жердегі Аралтөбеден өзіне арнап жаңа қыстау салдырған. Қыстауға қонғалы қазіргі қалы қыстың ортасына шейін кітап соңында уақыт кешіретін. Сол оқыған кітаптарын Әйгерімге, ауылдағы жастарға, қолы бос көршілерге көркем әңгіме етіп айтып беретін. Әйгерім мұндайда өзінің қасында ешкім болмай қалса қызметкер әйелді жұмсап, Мәкен мен Дәрменді, ауылда бала оқытып жатқан Хасен молданы шақыртып алатын. Бұлардың бәрі Абайдың айтуымен шытырман оқиғаларға, күші мол, қаһарлы зұлымдықпен саны аз жақсы жандардың жасқанбай алысқанына куә болатын.
Міне, бүгін дәл шаңқай түс кезінде Абай тыңдаушыларына француздың бір қалың романын әңгімелеп беріп отырғанда бөтен жолаушы сәлем бере кірді. Келген адам үй ішіндегілерге жақсы таныс Әбді екен. Әйгерімдерге шай қамына кірісуді бұйырған Абай Әбдіге қаланың жайын, жолда көрген-білгендерін айтқыза бастады. Әбді қазір екінің бірінің аузында қыстың жайы екенін, жолаушылардың барлығы мұрнын, құлағын үсітіп алып жатқанын, қаладағы көп жатақ биыл қыс нан мен суға зар болып отырғанын жеткізді. Бұл жайсыз хабарларға Абай да алаңдап, қамығып қалды. Соны сезген Әбді: “Жә, осымен жайсыз хабарымды тоқтатайын. Біреу жол жүріп келсе “жақсы аттан, жаман аттан не бар?” деп сұраушы еді ғой. Енді өзім білген жақсы атымды айтайын, Абай аға”, - деп алып Абайды анық қуантарлық хабарын бастады.
Бұның айтуынша қалада қазір алты дуан елі бас қосқан ұлан-ғайыр үлкен шербешнай өтіп жатыр екен. Ой мен қырдың, ылди мен өрдің сорпаға шығар бетке ұстарлары жиылған көрінеді. Әбдінің естуінше, осы дауда «кетіскенді келістірген», «қиюсыздың қисынын тапқан» кейбіреулерді қалың жұрт мақтап жүр екен. «Тобықтыда, қала берсе Семей дуанында сондайлық қара үзіп, жақсы аты мейлінше шығып тұрған кісі Мағаш болыпты» деп Әбді көп әңгімесін Мағаштың жайына арнаған. Өзі осы әңгімелерді естіп Мағашқа сәлем берейін деп Сүлейменнің үйіне барса, қалың ел Мағашты қоршап билігіне жүгініп жатыр екен. Олардың ішінде тек Тобықты емес, Керей, Найман, Сыбан, Матай, Уақтар да бар. Осындай адамдардың қарасын көріп Әбді сүйсініп, амандаса алмай қайтыпты. Абай бұл хабарды үй ішімен қуанып тыңдады.
Осыдан екі-үш күн өткеннен кейін Аралтөбеге тағы қонақ келді. Бұл Көкбайдың шәкірті Әлпейім еді. Ол да қаладан келеді екен. Әлпейім өздігінен көрген-білгенін айтып, содан соң Мағашты мақтап сөйлеп кетті. “Алты алаштан жүзге жуық би жиналыпты. Соның ішінде қаршығадай бойы бар, үйдей үлкен ойы бар, ақ сұр жүзді Абай баласы – Мағаш бәрінен қара үзіп отыр” деген сөзді қала халқынан көп есіттім”, - деді. Абай бұдан өз көзімен көргені болды ма екен, соны сұрады. Әлпейім оған қызық жауап қайырды.
Ол осыдан екі күн бұрын, Сүлейменнің үйіндегі Мағашқа барыпты. Сондағы үлкен дауда тартысып екі Уақ келіпті. Олар бұрын тамыр болып, бір-біріне бергені бар екен. Кейін араздасып би алдына келіп отырған жайы осы. Семейдің атақты төрт биінің ішіндегі абыройлысы, сөзге жүйрік Қали би бұл істі ұзақ тергеп, соңын бұлдыр етіп жіберіпті. Анау екеуі бітіспей сөзден береке кетіпті. Сол кезде Мағаш тұрып: “Қали аға, рұхсат болса осы дауды мен шешейін, тамыр болдың айтыс жоқ, қолдан бердің қайтыс жоқ! Бұл даудың нүктесі осы болса қайтеді?”, - деп көпке қарапты. Үйде толып отырған билер шу етіп Мағашты мақұлдапты. “Абай аға, Мағаштың осындай тапқырлығын өз көзіммен көрдім” дейді Әлпейім. Абай ойлана сүйсініп: “Мынау бір біз естімеген сөз болды-ау”, - деп Дәрменге қарап еді. Дәрмен күлді де: “Естілмеген себебі, мен білсем Мағаш оны өз жанынан шығарып отыр. Тіпті, ақынның өзі ғой!” деді.
Қаланың осындай алуан жаңалығынан бір жұма өтіп тағы бір жолаушы келді. Ол Абай ортасына бөтен емес, жақын кісі Самарбай молла еді. Самарбай молла Мағаштан хат әкеліпті. Ол – Мағаштың әкесіне жазған аса ауыр сыры бар хаты еді. Абай хатты ашып оқығаннан соң қолы дірілдеп, көпке шейін үнсіз отырды. Мағаш өз хатында: “Соңғы кезде науқас болатын аңғарым бар. Қалада жұмыс басты боп қайта алмай жатырмын. Бірақ докторға қаралып, жауабын тосып жүрмін. Жайым қандай болатыны мәлімсіз. Қалада жайланып жатып емделем бе, болмаса дәрілерін алып доктордың рұқсатымен елге қайтам ба? Ақылыңыз керек боп тұр” депті. Жаратылысынан сыпайы, жібек мінезді Мағаш әкесіне кел демепті, бірақ қазір қасында болуын тілейтіні танылып тұр. Бұдан соң Абай шай іше алмады. Маңдайынан суық тер шығып, бір отырып, бір тұрды. Ертеңіне қасына Дәрменді алып, қалаға аттынды.
Қалаға келген күні тура Мағаштың пәтеріне түсті. Әкесінің шошынып асығыс жеткенін аңдаған Мағаш Абай шанасы қораға кірді дегенін ести сала, басына жеңіл тымағын киіп алдынан шықты. Алғашында түлкі тымағы, бешпент ішігі жарасқан қалаша киінген Мағашты Абай танымай қалды. Сол екенін оның ширақ берген сәлемінен білді. Даусынан, ажарынан сау екенін байқады. Және әкесі баласын төсек тартып жатыр деп ойласа, олай емес, баласы өздіген төмен түсіп келеді екен. Бойы, қозғалысы, ширақ сияқты. Абай Мағашты құшағына тартып, көзінен иіскеді. Екеуі қатар басқышқа симайтын болғандықтан ұлын алға оздырып, “өзің баста” деді. Осы кезде әкесінің алдына түсіп өрлеген Мағаштың қозғалысында жастыққа тән емес баяу, жеңіл денесіне жараспайтын ауыр қимыл танылды. Абай алғаш көргенде “түрегеп жүр ғой, ауруы жеңіл тартқан болар” деп үміт еткен еді. Мұны байқап жүрегі қайтадан лоблып қалды.
Мағаш кеш бойы сергек, көңілді отыруға тырысты. Қаладағы дау, тартысты, қыстың қатты тиіп жатқанын сөз еткенімен, Абай дәрігерді айтып: “Оның қаншалықты білімі бар, Павлов пен оның әйелі бұл докторды сенімді адам санай ма?”, - деп сан рет сұрай берген. Мағаштың айтуынша, оны қазір қарап жүрген Семейге жақында келген, білімі толық, тәжірибелі Станов дейтін доктор. Докторды Мағашқа ертіп келген Павловтың өзі екен. Енді Станов Мағашты қазір ұқыпты қарап жүр. Қалған жайды ол әкесімен ақылдаспақшы. Және әкесі Павловпен сөйлесіп, Становпен ақылдасып өзіне не маслихат береді соны тоспақшы. Әкесін жұбату үшін ғана айтпайды, өзінің көңіл сенімі солай, әзірге үзіпжұлып әкетіп бара жатқан ештеңе жоқ сияқты. Осылай Абайды алғашқы күн өз үйіне қонақ еткен Мағаш, әкенің алаңдаған көңілін біраз тыншытты. Абай бұл түнде де ұйықтаған жоқ. Ұлының ұйықтай алмай жиі жөтеліп жатқанын көріп жатты.
Мағаш келер күндерде алғашқыдай бола алмады. Әкесі байқаса, ұлында жиі демігу мен үнемі қайталанып отыратын құрғақ жөтел бар. Абай енді Мағаштың жайын үлкен уайым ете бастады. Барлық сенгені доктор мен дәрінің күші. Бүгін түс кезінде Мағаштың қонақ бөлмесінде сол докторды Абайлар тосып отыр. Станов пен бірге Павлов та келді. Станов келе сала Абайлармен амандасып, төргі үйге, Мағаштың қасына кетті. Павлов пен Абай ауызғы бөлмеде қалып қойды. Доктор Мағашты ұзақ қарады. Өзіне оңаша отырып алдағы уақыттағы емін айтты. Әсіресе, қатты тапсырып айтқаны күтімнің жайы. Ол енді қаладағы жиынға Мағаштың қатысуына тыйым салды. Дос көңілмен талай кеңестер айтып, елге қайтуды ұйғарды.
Абайдың қасында қалған Павловтың айтуынша, биылғы қыстың қатты болуына байланысты ішкі Россиядағы біраз крестьян Жетісу жеріне көшіріліпті. Себебі, ішкі Россияда биыл астық аз шығыпты. Бірақ Жетісуда да жағдай мәз емес көрінеді. Ол жақтан ашыққан қалың крестьян енді Семейге келіп жатыр екен. Семейдегі завод-фабрикаларға тамақ үшін жалданып жұмыс істейді. Арзан еңбек күшін тапқан байлар жұмысшыларын босатқан көрінеді. Сол себепті қаладағы Сейіт, Әбендер жұмыссыз қалыпты. Семейде ғана емес, бүкіл Россияда қазір жұт жайлайтындай қауіп бар екен. Ішкі Россияда патшалыққа наразы крестьяндардың өзі көп ереуіл жасапты. Соны пайдаланып революцияны астыртын әзірлеп келе жатқан күштер істерін өрбітіп кетуге дайын жүр. Сол үшін патшалық соғыс бастағалы тұр деседі. Соғысатыны – Жапония. Себебі, сыртта жау пайда болғанда іштегі топ өз арасындағы наразылықты қоя тұрады екен. “Жақында Россия мен Жапония соғысын естіп қалармыз” деп Павлов Абайға қызық жайларды, революция жақындап қалғанын баян етті.
Осы кеңестен соң доктор келіп екеуіне байлауын айтты. Становтың айтуынша, Мағаштың науқасы ауыр. Оны жазамын деп ешкім айта алмайды. Әзірге ғылым бұл дерт алдында қауқарсыз. Тек, күтіммен, баппен ұзақ созылатын – сүле науқасқа айналдыруға болады. Сонымен бірталай жыл өмір сүретіндер бар. Доктор бұдан кейін Мағашты тезінен қырға әкету керек екенін айтты. Өзі де Абайдың ауылын алыссынбай Мағашты барып емдеп қайтпақшы. Бұдан кейінгі күндер – Абай, Дәрмен, Баймағамбет, Кәкітай Мағашты елге алып қайту әзірлігіне ауысты. Олар биыл қыстың ерекше суық екенін ескеріп, елден келген, қаладан жүретін адамдар — барлығы бір топ болып аттанып, бес-алты шана Мағаш шанасына жол салып отырады деген байлау жасады.
Арада көп өтпей Павлов келіп, Абайға “Россия-Жапония” соғысы басталғанын хабарлады. Ол: “Орыс патшалығының соққыға ұшырауы – революцияны жақындата түседі”, - деп қуанып айтып кетті.
Мағаштың елге кетейін деп жатқанын естіген Сейіт, Әбен, Сейіл қайықшылармен бірге Затонның бес-алты жұмысшылары келді. Олардың жұмыссыз қажып жүргенін білетін Абай: “Қонақтарға мол етіп ет асыңдар. Сейілдер бүгін менің қонағым болсын!” деген еді. Келгендерге Абай Павлов айтып кеткен жайды баян етті. Білгендерін ұғымды етіп, таратып әңгімелеп берді. «Неше заман, жылдар өтер екен. Болжау өз басыма оңай емес. Әйтеуір бір болжайтынымыз, осы өздерің көріп-білген дүние асты-үстіне түседі. Келер заман сендер білмеген, ерекше заман болады!», - деп тоқтап, тыңдаушыларды таңырқатты. Осы қонақтардың ішінде Шұбар да бар еді. Ол мысқылдап: “Абай аға, өзгелер ақырзаман келе жатыр десе, сіз жаңа заман орнайды” дейсіз. Ондай жақсылық болса, тез болса екен. Осы отырғандарымыз көретін жақсылық па екен, айтып бере алмайсыз ба?!” деп қатты күліп жіберді. Абай Шұбардың бұл сөзін елемей, қасындағылармен басқа бір жайға ауысып әңгімелесіп кетті.
Мәжіліс ымырт жабыла тарқады. Баймағамбет пен Дәрмен қонақтарды шығарып салып қайта үйге кірді. Дәрмен Абайдың қасына келіп күні бойы көкейінен кетпей жүрген сауалын қойды. “Аға, жаңа Шұбар айтқасын біз тартынып қалып едік. Сол сіз айтқан заман қашан болады? Біз көрмесек те тым болмаса мына жеткіншек балалар көре ме?” деп тоқтады. Абай оған сәл ойланып жауап қатты. “Балалар әлбетте көреді. Оған жақсы да, жаман да жетер. Әрине, жақсы жақсылығына тиісті, жаман жамандығына тиісті өз орайын алар. Мен айтсам, сол заманға сен жетсең екен. Тым, құрыса сен жетер болармысың!”, - деп қалтыраған үнмен тоқтап қалды. Дәрмен Абайдың қалтыраған үнінен сезіктеніп жүзіне қарап еді, оның көзінде жас толып тұр екен.
Келесі күні таңсәріде тұрған Абайлар Сүлейменнің үйіндегі Мағашқа келді. Осы кезде бес-алты шана қорадан шығып жатыр екен. Ең соңғы шана қалың кесек киізбен қапталған. Үстіңгі жағы тағы бөлек киізбен қымтап қоршалған. Бұл – Мағаштың шанасы еді. Абайды аңғарған жолаушылар тоқтамақ болып еді, Абай: “тоқтамай тарта беріңдер!” деп бұйрық етті. Ауру Мағаштың шанасын ортаға алған жеті-сегіз шана, әлі оянып болмаған Слабодканың қоңырқай, көп кедей үйлерінің жанымен, қаланың сыртына шұбатылып тарта берді. Күн бүгін де қатты аяз екен. Өтімді жел өкіре соғып тұр.
Эпилог
Мағашты елге алып қайтқаннан бері апрель айы туды. Қыс әлі де қазақ даласына салған шеңберін босатпады. Даланың ақ қары кеткен жоқ. Қала емес қырдағы ел де жұтқа ұшырады. «Қырдағы пәлен ауыл отарға шығарған төрт жүз жылқысынан жиырма үш жылқы алып қайтыпты», «Аягөзге мың жылқы жіберген Шыңғыстың үш-төрт ауылы жиыны жиырма жеті жылқы келгенін көріпті», «Уақтың, Керейдің жеріне жіберілген пәлен қос жылқыдан елу жылқы қалыпты» деген сөздер ауыздан ауызға тарап жатты.
Апрельдің он бес-жиырмасына қарай қар толық кетті. Дәл осы уақытта Мағаштың да дерті меңдеп, оны әбден жеңіп болған еді. «Қатты әлсіреп, терісі тарамысына ғана ілініп қалыпты» дегенді естігесін Құнанбай балалары Мағаш аулына көшіп келіп жатты. Абай да Әйгерім отауын әкеліп тікті.
Осыдан он шақты күн бұрын Мағаш бойындағы бар күш-қуатын жиып әкесімен арыздаса сөйлескен. Үйді оңашалап алып Абайға айтар сөздерін баяу, сыбырлап жеткізген. «Аға, Әбіш ағамды жөнелтіп,
Алматыдан қайтым ем ғой...», - деп алып біраз демігіп жатты. Содан соң, әкесіне қарап: «Ұлы жүз Жамбыл ақын айтқан сәлемін жеткізіп ем... Есіңізде ме?», - деген. Абай ауыр күрсініп: «Есімде Мағашым», - деп басын изеген. «Сол айтып еді ғой... Хатын әкеп беріп ем... «Нелер жылаған, зарлағанды өзі уатқан аға, әке емес пе еді? Оның қайғысына сол жұрт қоса қамығады. Ерінен айрылса да, елінен айрылу жоқ! Қамалған қарындас халқын ойласын!» деп еді ғой...» - деген сөздерін Мағаш ұзақ сөйлеп, үзіп-үзіп айтып болғанда қатты жөтеліп тұншығып қалды. Соншалық терең ойлы Мағаш әкесіне Жамбыл сөзімен көңіл айтып, қоштасқандай болып еді.
Бүгін Абайлар таңғы шайын енді іше бастағанда қызметкер әйел Зылиха жасқа толы көзін үй ішінен жасыра алмай суық хабар әкелді. «Абай аға! Мағаш қысылып жатыр... Сізді шақырады...» деп айтуға ғана шамасы жетті. Абай орнынан жас баладай атып тұрып, шапанын жамыла бергенде бойы қалтырап шапаны түсіп кете берді. Өзі кебісін кие алмай бір жағына қарай қисая бергенде оны Әйгерім жүгіріп кеп сүйеді. Әйгерім Абай жүзін көріп шошып кетті. Сақалы ағарып, бір сәтте қартайған жүзі аппақ қаудай болыпты. Көзі шатынап тұр екен. Әйгерім Абайдың мұндай жүзін әсте көрмеген еді.
Әкесі қасына жеткенін аңдаған Мағаш болымсыз ғана белгі берді. Созылып жатқан оң қолының арық саусағын бір-екі қыбырлатты. Абай құлағына оның соңғы демімен аралас соңғы сыбыры әрең жетті. «Аға... Дүние осы...» деген Мағаш үзіліп кетті. Осыдан соң дала, қыстаудағы қалың ел өксіп жылап, дауыс салып айқайлап кетті. Жер-дүние күңіренгендей болды. «Мағашым... Мағатайым... ағакем, ағатайым» деп жылаған сөздер де естіліп жатты. Абай болса бір алуан түсініксіз күйге түсті. Онда үн жоқ, айқай жоқ. Тек қана бадырайып, шошынғандай шатынап ашылған көздерінен оқтын-оқтын үнсіз жастар бұршақтай боп үзіліп түсе береді. Енді ол біреу өзін сүйеп тұрғысза тұрады, жетектеп алып жүріп бір жерге отырғысза жөн сұрамай, тіл қатпай отыра кетеді.
Мағаш қазасына жиылған жұрт ойдағыдан тыс соншалық мол болды. Жетісіне шейін жылау болып, қалың жұрт ұлардай шулады. Алғашқы үш күн бойы жылаған еркектер тобында Абайдың өзі тұрды. Оны екі жағынан Дәрмен мен Кәкітай сүйейтін. Осы қазаға жоқ-жітік, көпшілік ағылып келді. Оларды «жұттан әрең шығып, тамақ іздеп келді» деп Тәкежандар жақтырмағанымен шын жылаған, шын қайғырған осылар екенін Абай мен Дәрмен анық аңғарды. Дәл осы көрісу үстінде Абай шұғыл өзгеше жат күйге ауысты. Қалың ел мұның өзін өлді деп жоқтаған сияқты. «Шыны сол, расымен өлді деген осы» деп Абай мүлде өзгеріп кетті. Енді айналаға өліп кеткен адамның көзімен қарады. Мына жұрт өз қазасына келгендей, ол өз өлімін көріп тұрғандай күй кешті. Осыдан соң жылаудан тыйылды. Абай тек Дәрмен, Әйгерім, Баймағамбеттің дегеніне ғана жүретін боп алды. Олар киіндірсе киеді, тамақ берсе жейді. Бірақ өзі ештеңе айтпайды.
Мағаштың өліміне отыз күн толғанда Баймағамбет Абайдың қатты өзгеріп кеткенін Дәрмен мен Әйгерімге сыр етіп айтты. Абай Мағаштың қазасына он күн толғанда жас балаларды алып, қасына Баймағамбетті ертіп зират басына барыпты. Мола ішіне кіріп біраз отырғаннан соң, ол Баймағамбетке балаларды алып тысқа шыға бер деп белгі етіпті. Осылай Абайды Баймағамбет пәуескеде екі сағат тапжылмай күтіпті. Кеш бата моладан шықан Абайдың жүзі қуарып, денесі жер тартып шыққан екен.
Баймағамбеттен кейін Дәрмен де бір сырды баян етті. Осы көктемде Абайдың екі айнымас досы Базаралы мен Ербол сүзектен қаза тапқан еді. Кәкітай мен Дәрмен Абайдың қайғысы онсыз да жетіп жатқасын ешкімге айтпай ірке тұрған-ды. Мағаш қазасынан соң он шақты күн өткесін Дәрмен мен Кәкітай болған жайды оңашада амалсыз жеткізген болатын. Мұны естіген Абай еңіреп жылап жіберген. Осыған дейін үнсіз келген ол соңғы сөзімді айтып қалайын дегендей алға ұмсынып: «Бақсының моласындай жалғыз қалыппын... Кімім қалды?! Нем қалды?!», - деп өзөзімен сыбырлап сөйлесіп кетіпті.
Абай осылайша асыл жандарынан айрылғасын белгісіз бір дертке шалдықты. «Күнім санаулы, енді мен жоқпын» депті бірде Баймағамбетке. Қасындағы Кәкітай, Ақылбай сияқты іні-бала жақындар «доктор алғызамыз» десе Абай суық қана бас шайқаған. Мүлде керек етпейтінін білдірген. «Не болды сізге Абай жаным?!» деп бет-жүзін жасымен жуып үш күн қатарынан келген Әйгерімге де тіл қатпады. Тек үшінші рет келгенде Әйгерімнің жас тамған оң көзінен сүйіп, алақанымен «басқа жайды айтпа» дегендей ым жасады. Абай үшін қазір дүние тозып бара жатқандай. Халық жұттан қырылып барады, сахара жұрты бордай тозып шұбырып жүр. Бұл білетін халық таусылып барады. Абайдың өзі болса тірегі санаған Мағашы кеткесін ортасынан сынып, опырылып қалған тәрізді.
Қазір оның күннен күнге қуаты кеміп сөніп бара жатыр. Ештеңені сезбейді. Санасы көп нәрсені түсінбейді, ұқпайды. Сөйлемейді, күлмейді. Оған қуаныш пен жұбаныш, жақсылық пен жаманшылық, күн мен түннің айырмашылығы жоқ. Ең соңғы санасы өзін толқынды, лай судың ішінде сезеді. Талпынып жүзбек болады. Жаға жоқ. Тек алыста бір қоңыр бел бар. Абайға соның ар жағында түн түнегін серпіп бір алтын арай келе жатқандай елестейді. Оның бар ойы сол алтын арайға жету. Осы күйге салған жұмбақ жай соңғы деміне дейін айықпады. Осылайша айналасы сұр тұман, суық заман ішінде бір ұлы жан дүниеден көшті. Мағаштың қырқын беріп болған күннің ертеңіне Абай және қаза тапты. Ұлы кеуденің ыстық демі тоқтады. Сонау бір шақта тасты тақыр, жалтыр биік басына жалғыз шыққан зәулім шынар құлады. Өмірден Абай кетті...
Осыдан бір жарым ай өткесін жайлаудың елі Шыңғыстан қайта асып, бауырға қарай көшті. Абайдың туған елі Жидебайда пішендік ұзарып өсіп, сарғайып болған. Өртеңнің төсіндегі көде, бетеге сап-сары, жадау жүзді. Тозған дүниенің елесін танытады. Қыстаудан күншығысқа қарай құлай бере сондай бір созылған дөңесте сырты тозған бейіт бар. Оның басына Оспан аты жазылған. Соның қасына төрт құлақты жаңа – Абай бейіті қосылған. Бүгін осы бейіт басына көштегі көп ел соғып өтті. Үлкен, төрт құлақты бейіттің іші кең, салқын болатын. Осы жерге таң атқалы жиналған жұрт толып, симай кетті. Бәрі де еңіреп жылауда. Көптің жылауы бәсеңдеген кезде зор дауыспен «қос қоңырым» деп Зейнеп жоқтау айта бастады.
Зейнеп жоқтауынан соң өзгеше дауыспен, жұрттың көзіне жас алғызып Әйгерім ұзақ жоқтау айтты. Әйгерім үшін жоқтау сөзін Дәрмен жазып берген еді. Ал, шерлі, күйлі көркем сазды Әйгерім өз жүрегінен тудырған. Ол айтқан сөз – бұл уақытқа дейін бұл өңір естімеген сөз. Асыл жардың аузымен Дәрмен халық атынан Абайға үн қатады.
«Өлді деуге бола ма айтыңдаршы,
Өлмейтұғұн артында сөз қалдырған», –
деген өзіңсің, Абай аға! Алтын терек, арсыға құлаш ұрған азамат –
сен өлмейсің, аға! Сенің тірлігің бірге жасайды. Сенің күнің халықпен бірге жарқырайды», - дейді Әйгерім сазы.
Әйгерім жұртты егілткен сазын айтып бітірген шағында оның қасында күңіреніп Дәрмен отырған еді. Оның ар жағында Дәркембайдың баласы – Рахым, одан әрі Абайдың жас достары, оқыған – Үсен, Мұрат, Шәкет отыр. Дәрмен осылардың ортасында Әйгерім сазы шырқалып жатқан уақытта Абай қабіріне қарап отырып, ішінен: «Абай аға! Сақтармын сіз қалдырған дәндерді... асыл ұрықтарыңды. Олар өлген жоқ көктей өсіп келеді. Өсе бермек күн санап...жыл санап. Сол үшін де өз өмірімде асыл сөзіңді сақтармын, ата тәрбиеңді ақтармын, ағажан!» деп серт берді.
Адал жар жоқтауымен Абай жаңаша жолға өтті. Ол өлмеске қадам басты. Әйгерім әні мен соған орай айтылған Дәрмен жыры Абай туралы туатын жаңа өнердің басы еді. Жаңа туған әннен бастап Абай жаңа күйге ауысқан. Осы күйдің куәсі боп қазір де Абай қабірінің басына көп ел жиылып қалған. Әйгерім мен Дәрмен де, оқыған жас шәкірттер де байқамапты. Әйгерім зарлы сазын шырқап отырғанда оның шерін, мұңын тыңдап, іштей құптап қалың жұрт отырған. Абайдың жаңа бір туысын қабыл алып отырған халық-ата, халық-ана осы еді.
Пайдаланылған әдебиеттер мен сілтемелер:

  1. М.Әуезов «Абай жолы» роман эпопеясы

  2. Massaget.kz




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   32




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет