ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
Ы. АЛТЫНСАРИН АТЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ БІЛІМ АКАДЕМИЯСЫ
САНАУ
Орташа ақыл-ой кемістігі бар оқушыларға арналған
бастауыш білім беру деңгейінің 1-4 сыныптары үшін
оқу бағдарламасы
Астана
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 3 сәуірде №115 бұйрығымен бекітілген.
Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2013 жылы
10 сәуірде № 8424 тіркелген.
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 18 маусымдағы №393 бұйрығымен оқу бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы
14 шілдеде № 11659 тіркелген.
Санау: Орташа ақыл-ой кемістігі бар оқушыларға арналған бастауыш білім беру деңгейінің 1-4 сыныптары үшін оқу бағдарламасы . – Астана: Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА, 2015. – 10 б.
© Ы. Алтынсарин атындағы
Ұлттық білім академиясы, 2015.
Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2015 жылғы «18» маусымдағы
№ 393 бұйрығына 65 – қосымша
Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2013 жылғы 3 сәуірдегі
№ 115 бұйрығына 170-қосымша
Орташа ақыл-ой кемістігі бар оқушыларға арналған бастауыш білім беру деңгейінің 1-4 сыныптары үшін «Санау» пәнінен типтік оқу бағдарламасы
1. Түсінік хат
1. Оқу бағдарламасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 23 тамыздағы № 1080 қаулысымен бекітілген Орта білім берудің (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру) мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес және орташа ақыл-ой кемістігі бар балаларды оқытуға қажетті ерекше талаптарды қанағаттандыру мақсатымен құрастырылды.
2. Ақыл-ойы орта деңгейде кешеуілдеген балаларда танымдық әрекеттерінің терең жетіспеушілігі байқалып, есептеу әрекетін игеруге күрделі қиындықтар келтіреді. Сондықтан оқушыларды оқыту едәуір дайындық кезеңінен басталып, ұзақтығы 2 жылға дейін созылуы мүмкін. Дайындық кезеңінде оқу үрдісі пәнсіз оқыту негізінде ұйымдастырылады. Барлық сабақтар кіріктендіре оқылып оқушылардың жалпы дамуына (қарым-қатынас, қимыл-қозғалыс, сөйлеу, сезімдік) бағытталған. Оқушылардың жеке дара дамуына қарай, оқу үрдісіндегі жағымды өзгеріс байқалған жағдайда пәндік оқытуға ауысады.
3. «Санау» оқу пәнінің мақсаты – оқушылардың тұрмыста бейімделуге және қолжетімді шаруашылық-еңбекті меңгеруге қажетті қарапайым математикалық түсініктерді, икем және дағдыларды қалыптастыру.
4. Негізгі міндеттері:
1) қарапайым есептеу әрекетін меңгерген икем-дағдыларын күнделікті өмірде қолдануды үйрету;
2) танымдық аймағын, жағымды сезімдік-еріктік қасиеттерін, қозғалыс ептілігін, заттық-тәжірибелік әрекеттерін дамытып, қалыптастыруға ықпалдасу;
3) сабаққа қызығушылығын арттыру, басқа балалармен және ересектермен қарым-қатынас орната білуін дамыту.
5. Сағат саны: 1 сыныпта – аптасына 3 сағат, бір жылда - 99 сағат, 2-4 сыныптарда аптасына 3 сағаттан, жалпы бір жылда әр сыныпта 102 сағат.
6. Ұсынылып отырған бағдарламада дайындық кезеңінде (пәнсіз оқыту кезеңі) және «Санау» пәні бойынша мұғалімнің жеке оқыту бағдарламасын құрастырғанда қолданатын оқу материалының үлгілі тізімі берілген. Бағдарлама мазмұны ұсыныс ретінде беріледі, сондықтан мұғалім әр оқушының мүмкіндігін және ерекше қажеттіліктерін ескере отырып оқыту мазмұнына өзгерістер енгізуге құқылы.
7. Бағдарламадағы оқу материалдары оқу кезеңдеріне сәйкес бөлінген. Әр кезеңнің материалы аяқталған және жүйеленген, алдыңғы және келесі кезеңдегі материалмен логикалық байланыста. Қиындығы және көлемі біртіндеп арта береді.
8. Балаларды оқытудың жаңа кезеңіне алдыңғы кезеңдегі дағдыларды бекіткеннен кейін ауыстырады. Әр деңгейдің икем-дағдыларын қалыптастыруға қажетті уақытты сыныптағы оқушыларға мұғалім өзі білгілейді. Мұғалім оқушыларымен қиындығы және көлемі қолжетімді деңгейдегі материалмен жұмыс жүргізу керек. Бұл оқудағы нәтижені қамтамасыз етеді.
9. Оқушылармен жұмыс жүргізу кезінде пән шеңберінде келесі пәндермен пәнаралық байланыс орнатылады: «Дүниетану», «Заттық-практикалық әрекет», «Өзі-өзіне қызмет көрсету», «Бейнелеу», «Психомотрика және сенсорлы үрдістерді дамыту» түзету курсымен әсіресе дайындық кезеңінде. Дайындық кезеңіндегі және қарапайым математикалық түсініктерді қалыптастыру кезеңіндегі сабақтарда оқушылардың іс-әрекетін ұйымдастыру барысында аталған оқу пәндерінің мазмұнын пайдалануы мүмкін.
Достарыңызбен бөлісу: |