Қазақ тіл біліміндегі дыбыстар жүйесі
Тіл білімнің бір саласы болып табылатын фонетика (грек т. phone – дыбыс) тілдің дыбыстық жүйесін зерттейді. Тіл дыбыстары – күрделі құбылыс. Дыбыс сөйлеу мүшелерінің белгілі бір араласымы (комбинациясы) арқылы жасалады. Дыбыстардың тіркесуі тілде қалыптасқан белгілі бір заңдылықтарға негізделеді. Қазақ тілінің фонетикасы туралы тұңғыш пікір миссионер Н.И.Ильминский (1822-1891) еңбегінде айтылды. Н.И.Ильминский қазақ тіліндің дыбыстық құрамы 8 дауыстылардан және 19 дауыссыздар: а (ә), е, ы, і, ө, ұ, ү, д , п, б, м, у, т, д, н, ж, з, ш, с, р, л, й, қ, ғ, к, г, ң дыбыстарынан тұратынын жазады.Н.И.Ильминский а және ә дыбыстарын бір фонема деп қарастырған. Түркі тілдерін зерттеудің жаңа кезеңі В.В.Радлов (1837-1918) еңбектерінен басталады 22. Түркі тілінің бір тармағы болып келетін қазақ тілін және оның салаларын зерттеуде В.В.Радловтың 1882 жылы Лейпциг қаласында неміс тілінде жарық көрген «Солтүстік түркі тілдерінің фонетикасы» деп аталатын еңбегінің маңызы ерекше. Мұңда қазақ тілінің дыбыстық жүйесі біршама дұрыс жүйеленген. Түркітанушы еңбегінде қазақ тілінің дыбыстық жүйесін 9 дауыстыдан (а, ә, е, о, ө, ы, і, ұ, ү) және 20 дауыссыздан тұратынын анықтаған. Дауыстыларды ашық (а, ә, е, о, ө), қысаң (ы, і, ұ, ү), жуан (а, о, ұ, ы), жіңішке (ә, е, ө, ү, і), еріңдік (о, ө, ұ, ү), езулік (а, ә, е, ы) деп жіктейді. Ал дауыссыздарды да іштей қатаң (қ, к, т, п, с, ш), ұяң (ғ, г, д, б, з, ж), үнді (н, ң, м, р) және аралық немесе жарты дауысты (у, й) дыбыстар деп бөлген. Көп уақыт бойында қазақ тілінің дыбыстық жүйесін, грамматикалық құрылымын зерттеудің нәтижесінде 1912 жылы «Оқу құралы. Қазақша әліппе» деген атпен А.Байтұрсынұлының алғашқы зерттеу еңбегі жарық көрді. . Кітапта қазақ тіліндегі 5 дауысты, 17 дауыссыз, 2 жарты дауыстыдан тұратын 24 дыбыстың таңбасы келтірілген. Дауыстыларды іштей жіктемей, дауыссыздарды қатаң, ұяң деп бөлген. Дауыстыларды толық (а, е, о, ұ, ы,) және шала (р, ң, л, м, н, у, й) деп екіге бөледі. «Толық» дауыстылары кең шығысты болып, оларда екіге айырылады», - дейді. Бірақ қайсысына қандай дыбыс жататыны айтылмайды. Шала дауыстылар (қазіргі үнділер) ауыз шығысты (р, л, у, й), мұрын шығысты (ң, м, н) боп бөлінеді. Бұлар қазір ауыз жолды, мұрын жолды делінеді. Шала дауыстыларды одан әрі босаң жолды (р, у, й), қысаң жолды (л), босаң бөгеулі (ң), қысаң бөгеулі (н), тұйық бөгеулі (м) деп айырады. Мұнда ауаның шығу жолын ескерген. Босаң, қысаң түрі қазіргі тіліміздегі ызың, шұғыл дауыссыздар. Дауыстыларды аңғалы (а, е, ы) және қымқырулысы (о, ұ) деп бөледі. Қазақ тілінің фонетикасына байланысты зерттеулер ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап жаңа қарқынмен дамып келеді. Солардың ішінде «Қазіргі қазақ тілі» деген атпен 1954 жылы жарық көрген ғылыми еңбектің орны ерекше. Бұл еңбектің фонетика бөлімінің авторы І.Кеңесбаев. Бұл еңбекте ғалым фонетиканың негізгі мәселелерін түгел қамти отырып, І-бөлім «Фонетика және дыбыстар туралы түсінік», ІІ-бөлім «Дауысты дыбыстар», ІІІ-бөлім «Дауыссыз дыбыстар», ІV-бөлім «Буын», V-бөлім «Екпін», VІ-бөлім «Дыбыстардың үндесуі» деп жіктеп, әр мәселе бойынша қазақ тіл білімінде соған дейін айтылған көзқарастар мен нәтижелерді қамтыған.
Бүгінгі кезеңде қазақ тілі фонетикасын эксперименталды түрде зерттеулер өз нәтижелер беруде. Тіл білімінің дамуына байланысты қазақ тілі фонетикасын Ж.Аралбаев, Ә.Жүнісбеков, С.Мырзабеков, З.Базарбаева, т.б. зерттеуші-ғалымдар өзіндік пікірлер айтып, ғылыми тұжырым-дарымен байытып келеді [Біз оларды жекелеген мәселелер бойынша толығырақ қарастырамыз]. Дыбыстардың өзара тіркесуінде әр тілдің өзіне ғана тән белгілі бір қалыптасқан заңдылық, жүйе болатыны айтылды. Морфемалардың бірыңғай жуан не жіңішке буынды болып және олардың аралығында қатар келген дыбыстардың біріне-бірі акустика – артикуляциялық жақтан бейімделіп, үйлесіп тұруын дыбыстардың үндесуі немесе үндестік заңы дейміз.
Достарыңызбен бөлісу: |