Фонема, фонема мен дыбыстың ұқсастықтары
Тілдегі сөздер бір-бінен мағыналары мен дыбысталуы жағынан ажыратылады. Мысалы, қазақ тіліндегі тас пен тес, тоз бен тез деген сөздердің әр басқа сөздер екендігін олардың мағынасы мен дыбысталуының әр басқа болуына қарап ажыратылады. Мағына мен дыбысталудың әр басқа болуы сөздердің формаларын да, морфемаларды да ажыратады. Мысалы, біл деген сөздің біле, біліп, білсе және тағы басқа формаларының әр басқа формалар екендігі олардың мағыналары мен дыбысталуындағы айырмашылықтар арқылы белгілі бола алады. Бұл мысалдардан тіл дыбыстарының сөз құрамында келіп , бір-бірінен сөздерді ғана емес сонымен бірге, сөздің формаларын және иорфемаларды ажрататындығын көреміз.
Тіл білімінде дыбыстардың осы қызметіне орай фонема деген ұғым пайда болды. Фонема – сөздер мен олардың дыбыстық формаларын ажырататын, ары қарай бөлшектеуге келмейтін дыбыстық единица.
Тіл білімінде фонема туралы ұғымның сыр-сипатын ашып айқындау фонетиканың тарихында жаңа үлкен белес болды және оның мазмұнына тіл дыбыстарын лингвистикалық аспектіде қарастыратын ілім – фонологияны енгізіп, фонетиканың шеңберін кеңейте түсті. Енді, сол фонемалардың табиғатын ашып айқындау мәселеріне келейік.
Фонема дегеніміз де – тіл дыбыстары, бірақ ол тіл дыбысы болғанда, сөздердің жігін ажырататын дыбыс. Фонема тіл дыбыстарынан бөлек тұрмайды, қайта, олармен тығыз байланыста болады. Фонема да – тілдің материалдық единицасы. Фонемаларды зерттейтін фонология мен тіл дыбыстарын зерттейтін фонетика екеуі екі түрлі пен емес, тіл туралы ғылымның бір түтін саласының екі түрлі жағы.
Фонема дегеннің ұғымы мен тіл дыбыстары дегеннің ұғымы әр уақытта бірі-бірімен сәйкес келе бермейді. Фонема бір дыбыстан ғана емес, сонымен бірге екі дыбыстан да құралуы мүмкін. Керісінше, кейде екі фонема бір дыбыс түрінде айтылады.Мысалы, орыс тіліндегі детский деген сөзде т мен с фонемасы бір ғана ц дыбысы түрінде айтылады. Фонемалардың саралап ажыратушы қызметі тілдің өзінің табиғатынан, оның бүтіндей жүйесінен келіп туады.Тілдегі дыбыстардың бір-бірінен ажыратылуы қаншалықты қажет болса, морфемалардың да жігі ашылып ажыратылуы, сондай-ақ сөз тіркестерінің де шегі айқындалып өз ара ажыратылуы, - тілдің табиғатына тән және қажетті нәрсе. Фонемаларды саралап ажыратушы қызметі бүтіндей тілдің жүйесінен, оның атқаратын қызметінен келіп туады дейтініміз де осыдан.
Әрбір халықтың әдеби тілінде айтылудың жалпыға бірдей ортақ және қалыптасқан біріңғай нормалары болады. Солар жайындағы ережелердің жиынтығы орфоэпия деп аталады. Әрбір әдеби тілдің орфоэпиясы дыбыстар мен дыбыс тіркестерінің дұрыс айтылу ережелерін ғана емес, сонымен бірге сөздер мен фразалардың да дұрыс айтылу ережелерін қамтиды.
Сөз құрамындағы дыбыстар немесе сөздердің аралығындағы дыбыстар бір-бірімен өз ара үндесіп, үйлесе айтылады. Сөйлеуде олардың үндестігін сақтап, нақышына келтіре айту үшін тілдің дыбыстық жүйесінің табиғатын, дыбыстардың бір-біріне әсер ету заңдылықтарын жете білу қажет.
Қазақ тілінің орфоэпиялық нормасы бойынша сөздердің аралығында қатар келген екі дауысты дыбыстың алдыңғысы сөйлеуде түсіріліп айтылады. Мысалы, торы ала ат, бара алмады, келе алмады, бала ісі, бері отыр деген тізбектер торалат, балмады, келалмады, балісі, беротыр түрінде айтылады.
Әдеби тілдің орфоэпиялық нормаларын қалыптастыруда мектеп, радио, телевидение, театр және киноның атқаратын ролі айрықша күшті.
Әрбір сауатты адам үшін жазудың ережелерін меңгеріп, дұрыс жаза білу қаншалық қажетті және міндетті болса, айтылудың ережелерін меңгере білу сөйлеуде үндестікті сақтап айту, жалпыға ортақ қалыптасқан қағидалардан ауытқымау да соншалықты қажет және міндетті болып саналады.
|