Іс - әрекетке байланысты тыйымдар Үйге қарай жүгіруге болмайды.
Әдетте оқыс оқиға, жамандық болғанда адам үйге қарай жүгіреді. Бұл, біріншіден балаларға жамандық шақырма деген ескерту болса, екіншіден үйде үлкен бар, жүрегі әлсіз адамдар бар, елді үркітпе, қорқытпа дегені.
Қонақ кете салысымен үйді қағып - сілкуге болмайды.
Себебі қонақпен бірге үйге жақсы тілек, ықылас - пейіл келеді. Екіншіден қонақ кете салысымен үйді қағып - сілку әдепке жатпайды. Ойлап қараған адамға бұл сендерден құтылдым ба, жоқ па деген ойға келтіреді.
Саусақ, қолды орынсыз ауызға салуға болмайды.
Әдепсіздік екенін былай қойғанда түрлі ауру шақыратын микробтар ауызға түсіруі мүмкін.
Құран оқығанда күлуге болмайды.
Құран адамға имандылық тәрбие бере отырып, бұл дүниеге қанағатпен қарауға, төзімділікке, пайымдылыққа, мейірімділікке тәрбиелейді. Дүниеден өткен адамдарды еске алып құран оқығанда күлу, сөйлеу, жалаңбас отыру - әдепсіздік.
Аманатқа қиянат жасама.
Бұл біреуге сөз берсең міндетті түрде орындау керек деген сөз. Аманатқа адалдық – адамның биік парасат иесі екендігін көрсетеді.
Қыз балаға қатысты тыйымдар. Қыз бала шашын жайып жүрмейді.
Ата - баба салтында тек жақыны қайтыс болған әйел ғана шашын жайған. Бүгінгі таңдағы қыз балалардың шаштарын жалбыратып жайып жүргені әдептілік емес. Жиналған, өрілген шаш адамды ұқыпты көрсетеді, әрі жұмысқа да, оқуға да ыңғайлы.
Қыз баласы тамақ дайындағанда басына міндетті түрде орамал байлауы қажет. Өйткені тамаққа шаш түсіп кетуі мүмкін.
Әлем - жәлем киінбе.
Қазіргі таңда қыздарға ішін ашып жүру сәнге айналған. Бұл өте жағымсыз әдет, әрі қыздардың денсаулығына да зиян. Бүйрек аурулары, гинекологиялық аурулар пайда болуы әбден мүмкін.
Қызға қырық үйден тыю.
Қыз бала орынсыз күліп, орынсыз сөйлеп, бейуақытта қыдырмағаны абзал. Өйткені қыз балалар – болашақ аналар.
Бесікке қатысты тыйымдар. Бос бесікті тербетуге болмайды.
Үйге келген адамға бос бесікті тербету арқылы өзінің ұрпақсыз қалғанын үндемей - ақ білдірген.
Бесікті саудалама
Бұл оның құны жоқ зат екендігін білдіреді. Ал, қазақ халқында бесік ұрпақ жалғастыратын қасиетті бұйым.
Жол жүруге қатысты тыйымдар.
Жолға шығып бара жатқан адамнан «қайда барасың?, қашан келесің?» деп сұрамайды. Бұл адамның көңілін алаңдатып, сәтсіз сапарға ұрындыруы мүмкін. Тек іштей тілектес болып қалуы керек.
Барып, қайтар жолдың уақытын кесіп айтуға болмайды, бұл астамшылық, күпірлік болады. «Алла жазса», «Құдай қаласа», «Барар жердің дәмі тартса» деп нысаппен сөйлеу керек. Қазіргі кезде болып жатқан көптеген автокөлік оқиғалары осындай қарапайым жол жүру қағидаларын ескермегендіктен деп ойлаймын.