Сатылханова гульмира алихановна



Pdf көрінісі
бет21/66
Дата07.01.2022
өлшемі1,74 Mb.
#17302
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   66
(курсивпен  берген  біз)  қазақ  әдебиетінің  тарихында  мазмұн  жағынан  болсын, 
түр жағынан болсын жаңа өлеңдер, жаңа әңгімелер еді. Ыбырай, оны іле-шала 
Абай  қазақ  халқының  жаңа  әдебиетіне  яғни  европалық  стильдегі  әдебиетіне 
негіз  салды,  қазақ  халқы  әдебиетінің  тарихында  жаңа  сарын  туғызды»  [10,28] 
деп  ғалым  Қ.Жұмалиев  те  Ыбырайды  қазақ  поэзиясын  тақырыптық  жағынан 
кеңейтіп,  түрлендірген  ақын  екендігімен  қатар,  оның  қазақтың  жаңа  үлгідегі, 
жаңа сарындағы әдебиетінің негізін қалаушы ретінде танытты. Және де «қысқа, 
мағыналы,  көркем  әңгіме-новеллалары»  деп  атын  атап,  түсін  түстеп  береді. 
Қ.Жұмалиев  Ы.Алтынсариннің  «тарихи  кезеңде  әлеуметтік  мәні  зор  үлкен  іс, 
ауыр  жүкті  арқалаған  адам»  екенін  айта  келіп,  Ыбырайға  дейінгі  қазақ 
поэзиясының дені поэзия болғанына, көркем қара сөз жанрын жасауда қолына 
қалам  алып,  әдебиетімізде  соныдан  жол  салып,  үлгі  пішкен  жазушы  екеніне 
баса  мән  береді.  Оны  «қазақ  әдебиетіндегі  көркем  сөздің  негізін  салушы, 
атасы»  деп  [39,264]  баға  береді.  Ғалымның  ғылыми  талдау  жасай  келіп, 
Ы.Алтынсариннің тың тақырыптарды арқау еткен соны сарынды, жаңа үлгідегі 
қазақ  прозасының  негізін  салушы  екенін  дәл  танып,  қорытқан  тұжырымы 
ақиқаттығымен бізді де иландырады.  
Ғалым  Қ.Жұмалиев  қазақ  әдебиетіндегі  тұңғыш  новеллист  жөніндегі  өз 
ойын  «Алтынсаринді  орыс  әдебиетінен  үлгі  алды  дегенде  айрықша  тоқтауды 
керек  ететін  бір  мәселе  –  оның  қара  әңгімелері.  Ең  алдымен  өз  қаламына 
жататын  новеллалары.  Оның  «Бай  баласы  мен  кедей  баласы»,  «Надандық», 
«Қыпшақ  Сейітқұл»  әңгімелері  бізді  өзінің  мазмұнына  ғана  емес,  көркемдігі, 
композициялық  құрылысының  шеберлігімен  де  қызықтырады.  Бұлардың  бәрі 
де шебер жазылған новеллалар.  
Новеллалар  –  эпикалық  жанрдың  әріден  келе  жатқан  түрі.  Оның  өзгеше 
даму  тарихы,  әр  дәуір,  әр  жағдай,  кезеңдерге,  авторларының  таптық 
көзқарастарына байланысты әр алуан болатындықтарын атап өтіп, кейбір өзіне 
тән  ерекшеліктеріне  ғана  тоқталсақ.  Шын  мәніндегі  новелла  өмір 
құбылысының  жұртшылық  үшін  ең  керекті,  ең  маңызды  жағын  алады  да,  әрі 
қысқа  сюжетті,  әрі  ауызша  айтып  беруге  лайықты  оқиғаға  құрылады.  Әңгіме 
көбіне  бір  не  екі  эпизодтан  ғана  құрылады.  Әрдайым  оқиғаның  шешуі 
оқушының  күтпеген  жерінен  шешіледі.  Осы  айтылған  ерекшеліктер 
Алтынсариннің  новеллаларында  шебер  түрде  қолданылады.  Новелла  жазамын 
деушілерге, бізше, оның әңгімелерінің күні бүгінге дейін үйренерлік жағы көп» 


20 
 
[40]  деп  түйіндейді.  Байқалатыны  –  ХІХ  ғасырдың  екінші  жартысында  өмір 
сүріп, енді-енді бой түзей бастаған қазақ әдебиетінің көшбасшысына айналған 
жазушының  барлық  жанрлық  шарттарын  сақтап,  сол  заманда  жазылған 
новелларын  ғалым  қазіргі  әдеби  теориялық  сауаты  бар  бірқатар  новеллистер 
үшін  де  үлгі  ететіні.  Ғалымның  бұл  ұсыныс-пікірі  негізсіз  емес  секілді. 
Жанрдың  қазақ  әдебиетіне  енгеніне  қанша  уақыт  өтсе  де,  бойын  тіктеп,  еркін 
дамымағанын әрі новелла жанрын қазақ жазушыларының дені әлі күнге игере 
алмай жүргендігін зерттеуші М.Алтынбекова өткен ғасырдың 60-жылдарының 
аяғында өз мақаласына арқау еткен болатын. Мұнда автор мол жанрлы, өскелең 
қазақ  әдебиетінде  новелла  жанрының  үнемі  қағажу  қалып  қоятындығын  алға 
тарта келіп, суреткерлердің «новелла деп беріп жүрген көп дүниелері бұл жанр 
ерекшеліктеріне  тіпті  де  сай  келмейтіндігіне»  қынжыла  тоқталады.  Қазақ 
әдебиетіндегі новелла жанрының пайда болуы, даму тарихына шолу жасағанда 
жазушының  көркемдік  қазанынан  қайнап  шығатын  новелланың  сапалық  жағы 
бірдей  болмай,  алақұла  болып  келетіндігіне  ерекше  назар  аударады.  Әдеби 
журнал беттерінде жарық көрген бірқатар новеллаларды талдай келе, олардың 
шын  новелла  қасиеттерін  бойына  сіңірмегені,  басталуы  мен  аяқталуында,  не 
оқиғаның  барысында  оқушыны  қызықтырып,  бірден  ұйытып  әкетерлік  әсер, 
тартым  жоқтығы,  оқиғаның  бірден  басталмай,  әңгіменің  жартысынан  ауып 
барып  басталатын,  ал  аяқталуында  да  оқушыны  ойландыратын  ештеңе 
жоқтығы  сынды  кемшіліктерін  баса  көрсетеді  [31].  Әрі  ғасырлар  бойы  жасап, 
әлемдік мәнге ие болып келе жатқан новелла жанрын дамыту – әдебиетіміздің 
алдындағы маңызды міндеттердің бірі деп прозаиктерге қатты талап қояды. 
Новелла  жанрының  орыс  әдебиетіне  еуропа  әдебиеті  арқылы  енгенін 
назарға  алсақ,  өз  дәуірінде  Ы.Алтынсариннің  де  новелла  жанрымен  жақсы 
таныс  болғаны  дау  тудырмайды.  Оған  қоса,  ол  жаңашыл,  қазақ  прозасының 
көкжиегін  жаңа  жанрлармен  толықтырып,  кеңейткен  жазушы.  Алғаш  болып 
қазақ  әдебиетіне  мысал  жанрын  алып  келді.  Бірақ,  қазақ  балаларын 
сауаттандыру  үшін  оқу  құралдарын  жазғанда  мысал  жанрынан  гөрі  новелла 
жанрын  жоғары  қойғаны  оның  мына  сөздерінен  айқын  аңғарылады.  «Бірінші 
кітабымды Паульсон кітабының құрылу тәртібімен жазып шыққалы отырмын. 
Әрине, мұны қазақ баласына лайықтап жазамын. Мысалдарды (басни) енгізгім 
келмейді,  өйткені  қатаң  тұрмыста  өскен  қазақтарға  бұдан  гөрі  мәндірек 
әңгімелер керек болады. Қазақ баласына, меніңше, ойына ой қосатын әңгімелер 
немесе  оларды  қызықтыратын,  мысалы  жібек  құртының,  көбелектерінің 
өзгерулері  сияқты,  құндыздың  өзіне  үй  салып  алатыны  сияқты  әңгімелер 
тәуірірек  болады»  [41,117]  деп  жазады.  Әңгіме  деп  отырғаны  –  бірқатар 
новеллалары.  Көлемі  жағынан  шағын  новелла  жанры  көркем  әдебиетті  құрал 
ретінде  танып,  шебер  пайдалана  білген  Ы.Алтынсаринге  өзінің  ағартушылық, 
қазақ балаларын сауаттандыру сынды идеяларын қоғам ішіне кеңінен жаю үшін 
де  ыңғайлы  болды  деп  ойлаймыз.  Оның  үстіне  халық  өмірімен  тікелей 
араласып,  ел  жағдайымен  мейлінше  жетік  таныс  болуы,  момын  қазақтың 
рухани мұқтаждығын күн сайын сезініп жүруінің өзі – оның халықтық мәні зор 
новеллаларын тудыруына себепкер болды деп ойлаймыз. 


21 
 
Жоғарыда 
келтірілген 
Ш.Уәлиханов, 
Қ.Жұмалиев 
сынды 
белді 
ғалымдардың  ғылыми  пікірлеріне  сүйене  келе,  Ы.Алтынсарин  новеллалары 
мазмұны  жағынан  да,  түрі  жағынан  да  новелла  талаптарына  толық  сай 
келетіндігін  байқадық.  Жазушы  новеллаларының  көлемі  шағын,  тілі  жатық, 
жалпыға  бірдей  түсінікті,  сөйлемдері  қысқа.  Барлық  новелласының  тілі 
халықтың  сөйлеу  тіліне  етене  жақын  десек  қателеспейміз.  Оның  жоғарыда 
аталғандардан  басқа  «Сәтемір  хан»,  «Талаптың  пайдасы»,  «Мейірімді  бала», 
«Жан-жануарлардың  дауласқаны»,  «Байұлы»,  «Дүние  қалай  етсең  табылады», 
«Білгеннің  пайдасы»,  «Мұңсыз  адам»,  «Петр  патшаның  тергелгені»,  «Мұжық 
пен жасауыл», «Сараңдық пен жинақтылық», «Жамандыққа жақсылық» сынды 
бірнеше новеллалары бар [41]. 
Ыбырай  дәстүрін  лайықты  жалғастыра  білген  шәкірті  қазақ  әдебиетіндегі 
«үш бәйтеректің» бірі – Бейімбет Майлин. Қазақ әдебиетінің тарихында өзіндік 
орны, өзіндік шеберлік мектебі бар, барлық дерлік жанрды дамытуға зор үлес 
қосқан жазушы Б.Майлин – дәуір тынысын кеңінен суреттеген заманының ұлы 
суреткері.  «Сонау  20-30  жылдары  заманның  аласапыран  кезінің  өзінде  кез 
келген  елдің  маңдай  алды  жазушыларымен  қатар  тұра  алатын,  социалистік 
реализмнің  шеңберіне  қанша  айдап  тықса  да  талант  құдіретімен  одан  асып 
төгіліп,  адам  жан  дүниесінің  қырық  қатпарын  қырындысына  дейін  ашып 
көрсете  білген,  өздері  суреттеген  дәуір  мен  адамдардың  бейнелерін  мейлінше 
нанымды  да  көркем  етіп  аша  білген,  сол  заманның  шындығын  деректі 
әдебиеттен  де  дәл  көрсете  білген,  қара  басына  қауіп  төніп  тұрғанына 
қарамастан қаламы тек шындықты, адам болмысын жарқыратып көрсетуге ғана 
арнаған суреткер бар. Ол суреткер – Майлин» [42]. 
Өзі  өмір  сүрген  кезеңдегі  өмір  шындығын  жазып,  қоңыр  кедейдің,  аңғал 
қазақтың  қасірет-қуанышын,  мұң-мұқтажын  жеріне  жеткізіп  жаза  білді.  Жаңа 
өмірдің жаңалықтарын бірден түсіне алмай, аумалы-төкпелі заманға тап келіп, 
абдыраған  халық  өмірінің  сан  алуан  аласапыран  көрінісін  көркем  тілмен 
кестелеп берді. Тарихи дәуірдің алмағайып саяси-әлеуметтік мәселелерін, адаса 
жүріп  ізденген,  басына  түскен  қиындыққа  мойымай  алға ұмтылып,  азаттыққа, 
еркіндікке қол созған ауыл адамдарының жан айқайы мен шырылын бар жан-
дүниесімен түсінген Б.Майлиннің жазушылық шеберлігі жөнінде берілген баға 
аз  емес.  Академик  М.Әуезов  «қазақ  ауылында  болған  өмірдің  ұзақ  көркем 
шежіресін  жасады»  десе,  С.Мұқанов  «Бейімбеттің  бір  жылғы  әңгімелерінің 
басын  қосып  жинақ  жасаса,  олар  үлкен  кезеңнің  сырын  да,  сынын  да 
сипаттайтын  роман-реуішті  болып  шығар  еді»  деп  тануы  негізсіз  емес.  Ал 
Бейімбет  сынды  көкірек  көзі  ояу  ұлтжанды  жазушының  бұл  жайларға  қалам 
тартуы заңдылық болатын. Себебі, ол 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс, Қазан 
төңкерісі,  1921-1922  жылдардағы  және  одан  да  сорақы  қолдан  жасалған,  3 
миллион қазақ қырылған 1932-1933 жылдардағы аштық, одан қала берді «Кіші 
Октябрь»  деп  аталған  байларды  конфискациялау,  артель  құру,  колхоз 
ұйымдастыру,  елді  сауаттандыру  секілді  ел  өміріндегі  елеулі,  тарихи  мәні  зор 
оқиғаларды  өз  көзімен  көріп,  басынан  кешірді.Тарихтан  білетініміздей,  қазақ 
даласындағы  осы  жоспарланған  науқанды  жүзеге  асыру  оңайға  соққан  жоқ, 


22 
 
өйткені,  халық  моральдық  жағынан  да,  психологиялық  жағынан  да  мұндай 
түбегейлі  өзгеріске  дайын  емес  еді.  Көп  сыры  көкейге  қонып,  ойдан 
шықпағандықтан  халық  ХХ  ғасыр  басындағы  өзгерістерге  үрке  қарады  десек 
артық  айтқандық  емес.  Өйткені,  момын  қазақ  жұртына  орыс  үкіметінің 
дайындаған  сыбағасы  (тарих  тілімен  айтқанда  реформалар)  көп  жағдайда 
күшпен,  асыра  сілтеумен,  құрғақ  үгітпен  жүзеге  асырылғаны  ақиқат  [43,22]. 
Міне, өзі куә болған осы тарихи жайларды автор новеллаларында бар қырынан 
жарқыратып  көрсетті.  Жазушы  өз  дәуірінің  тарихи  шежіресін  асырған  да, 
жасырған  да  жоқ,  ауыл  адамдарының  пендешілік  кемшілігін  жасырып, 
идеализациялаған  да  жоқ.  Кейіпкерлерінің  бар  болмысын  әртүрлі  ракурста 
ашып  көрсетті.  Новеллаларында  әртүрлі  мақсаттағы  (байлар  мен  олардың 
құйыршықтары,  кедейлер  ішінен  шыққан  еті  тірі  белсенділер  т.б.),  әртүрлі 
мінезді  адамдардың  толық  галереясын  жасады.  Т.Бейісқұловтың  тілімен 
айтқанда,  автордың  «қазақ  халқының  қасіретке  толы  кер  заманның  тарихын 
шежірелеген шыншыл шығармаларынан» халық санасындағы ірі өзгерісті, жан 
дүниесіндегі  жаңаруды  тамыршыдай  тап  басып,  тани  білгенін,  шеберлікпен 
өрнектей білгенін түсінеміз [44,87]. Ғалым Ә.Қоңыратбаев жазушы Б.Майлинді 
«қазақ  реалистік  жаңа  прозасына  жол  салған  алып,  үлкен  новатор,  қазақ 
реалистік  прозасының  атасы»  деп  тануының  бір  себебі  осы  деп  пайымдаймыз 
[45].  Автор  новеллаларының  әлі  күнге  дейін  өз  оқырмандарын  жоғалтпай, 
керісінше, күн санап арттырып, зор табысқа жетуінің де бір себебі оның халық 
өмірімен  өзектестігінде,  мазмұны  тұрғысынан  шынайылығында,  қазақтың 
өмірінде  болған  түрлі  құбылыстарды  дұрыс  әрі  нақты  бейнелеуінде  екені 
түсінікті. 
Бүгінге  дейін  автордың  жарық  көрген  барлық  таңдамалы  жинақ, 
кітаптарында  оның  новеллаларының  барлығы  «әңгімелері»  деп  беріліп  келді. 
Оның себебі, біздің әдебиеттану ғылымымызда новелланың жеке жанрлық түр 
ретінде  өз  алдына  дербес  зерттеліп,  талданбауында.  Біз  көрнекті  ғалым 
З.Қабдоловтың жазушы новеллалары жөніндегі мына бір пікірін құптаймыз әрі 
басшылыққа  аламыз:  «Көркем  прозадағы  тұңғыш  туындысының  өзі  бірден 
классикалық  үлгіге  айналған  Бейімбет  Майлин  өзіне  туа  біткен,  табиғат 
сыйлаған  суреткерлік  талант  құдіретін  сөз  өнерінің  осы  саласында,  шынында 
да,  айта  қалғандай  ғажайып  күшпен  танытты.  Сөйтіп,  өзінің  айрықша  қалам 
қуатын  осы  жанрды  қалыптастыруға  жұмсады,  өзгеше  өрнегін  осы  жанрға 
төкті,  үздік  шеберлігін  осы  жанрда  көрсетті.  Әсіресе,  әрі  қысқа,  әрі  нұсқа 
новеллалары арқылы даңқы шықты. 
Бейімбет  Майлин  қалам  қызметіне  арналған  бас-аяғы  жиырма  шақты  жыл 
ішінде  жүзге  тарта  новелла  жазған  және  бір  қызық  жері  –  өлеңдерінен 
поэмаларын  ажыратпағаны  секілді,  әңгімелерінен  хикаяттарын  да  бөле 
қарамаған»  [46,84]  деп  тайға  таңба  басқандай  анықтап  береді.  Біз  де  бұл 
пікірдің  ақиқаттығына  ден  қоямыз.  Б.Майлин  заманында  қазақ  әдебиетінің 
тарихы, теориясы сынды мәселелер толыққанды зерттеліп, ғылыми айналымға 
енгізіліп,  эпикалық,  лирикалық  жанрлардың  да  әбден  қалыптасып,  жетіліп 
үлгермегені  белгілі.  Демек,  бүгінде  біз  танып,  біліп,  оқып  жүрген  әңгіме 


23 
 
қатарындағы  көп  дүниесінің  новелла  жанрының  жемісі  екені  өз-өзінен 
айқындалып,  түсінікті  бола  түседі.  Тіпті,  «Шұғаның  белгісі»  шығармасының 
өзін  автор  әңгіме  деп  атағаны  белгілі.  Жазушының  қазақ  прозасының  шағын 
эпикасы  –  новелла  жанрында  қалам  тартқанын  және  жүзге  тарта  туындысы 
новелла жанрына жататындығын З.Қабдолов дәл анықтай білген деп ойлаймыз. 
Өйткені,  автордың  әңгіме  деп  берген  туындыларының  көпшілігі  новелланың 
табиғатына сай жазылғаны, новелланың жанрлық ерекшелігін бойына сіңіргені 
көзі  қарақты  оқырманға  бірден  түсінікті.  «Новеллада  жазушы  адамның  жеке 
тұрмысында  күнделікті  жиі  кездесе  бермейтін  жаңалықты,  қызықты,  тосын 
оқиғаны  әңгіме  етеді.  Немесе,  жиі  кездесе  беретін  дағдылы  оқиғаның  өзін 
құбылтып, жаңалықты дәстүрге үйірімдеп әкеліп жазады, яғни жазушы өмірде 
кездессе де, ерекше жалт етіп, көзге түсіп, ерекше бір көңіл аударатын қызықты 
бір  оқиғаны  таңдап  алып,  оны  бір  мәселенің  айналасына  ғана  сығымдап, 
мәнерлеп баяндайды. Және ондай оқиға көпшілігінде кенет басталып, күтпеген 
жерде тосын аяқталады» [31,143].  
Ғалым  З.Қабдолов  Бейімбет  Майлин  заманында  қазақ  прозасының  жанр 
ретінде  жаңа  туып  қалыптаса  бастағанын,  әр  жанрдың  өз  алдына  жеке  дара 
отауын  бөлмегенін  орынды  байыптай  білген.  Сонымен  қатар,  Бейімбет 
новеллаларын суреткерлік шеберлік тұрғысынан талдап та береді.  
Неміс  әдебиетшісі  Гетенің  новеллаға  «шындыққа  ұқсас,  бұрын  естілмеген 
тамаша  оқиға  жайындағы  әңгіме»  деп  берген  анықтамасы  Бейімбет 
новеллаларының табиғатын ашып беретіндей. Шындыққа ұқсастығы – Бейімбет 
новеллаларының  оқиғасы  қайнаған  өмірдің  өзінен  алынғандығы  сонша  өз 
дәуірінің үні, исі аңқып тұр. Ал жоғарыда айтып өткен конфискациялау, артель 
құру, колхоздастыру т.б. қазақ арасында бұрын естілмеген оқиға екені түсінікті. 
Яғни, Бейімбет шығармалары новелла жанрлық ерекшеліктерін толық сақтаған 
дүниелер  деуге  негіз  жоқ  емес.  Б.Майлин  новеллалары  –  жанрға  қойылатын 
талаптарды  «ауырсынбай  арқалаған»  қазақ  әдебиетінде  сүбелі  орны  бар 
туындылар.  
Новелла  жанры  қара  сөзбен  де,  өлеңмен  де  жазыла  беретіндігін  ескерсек, 
қазақ  әдебиетіне  өлең  түрінде  жазылған  новелланы  енгізген  ақын,  жазушы, 
«өмір  дегенде  өксігін  баса  алмай,  өнерінің  барлық  гүлін  аша  алмай  кеткен» 
талант  иесі  Саттар  Ерубаев  болды.  Автордың  өлеңмен  жазылған  «Мәңгілік 
өмір»  новелласында  жас  талант  өлімді  өмірге,  қайғыны  қуанышқа  жеңдіріп, 
мәңгілік  өмірдің,  өлмеушіліктің  сырын  ашады.  Бұл  новелла  өзінің  сюжеттік 
желісі  жағынан  «Менің  құрдастарым»  романы  увертюрасының  құрамды  бір 
бөлімі болып қиюласқан  «Мәңгілік өмір  туралы  жыр»  атты  балладамен  іштей 
сабақтасып жатады. Осы екі шығармада да бақытты өмір үшін күресу, отанды 
сүю, адал еңбек ету идеясы көрсетіледі» [47, 6-7]. 
Саттар Ерубаевтың новелла жанрына енгізген тағы бір жаңалығы – «Келесі 
соғыс  туралы»  новелласы  арқылы  қазақ  әдебиетіне  ғылыми  фантастиканың 
алғашқы  үлгісін  әкелді.  Автор  новеллаларының  ерекшелігін  зерттеуші 
Т.Кәкішев: «Саттардың новеллаларында өршіл романтика, өткір публицистика, 
философиялық  пайымдау  өзара  біте  қайнасып,  эстетикалық  әсерді  күшейтіп 


24 
 
отырады»  [47,7]  деп  баса  көрсетеді.  Жазушы  шығармашылығының 
философиялық  пайымдауларға  толы  қомақты  бөлігін  «көлемі  шағын,  алымы 
мол»  новеллалары    алады.  Олар  өз  кезегінде  эстетикалық  әсері  күшті, 
поэтикалық  қуаты  мол,  сюжеті  қою  дүниелер  ретінде  қазақ  новелласының 
алтын қорынан өзіндік орнын алып үлгерді.  
Новеллист  С.Ерубаев  өз  туындыларында  күнделікті  өмірдің  әлеуметтік 
мәселелерінен  гөрі  тереңірек,  философиялық  мәселелерге  көңіл  бөледі.  Ол 
автор  новеллаларының  тақырыбынан  да  анық  аңғарылады:  «Мәңгілік  өмір 
туралы  жыр»,  «Өмір  көркемдігі»,  «Бақыт»,  «Мәңгілік  өмір»  т.б.  «Мәңгілік 
өмір»  новелласында  өмір  мен  өлім  туралы  философиялық  ой  қатар  өрбиді. 
Автор «мәңгілік өмір» тіркесімен қатар «әдемі өлім», «бақытты өлім» тіркесін 
ұсынады.  Новелла  фабуласы  американдық  новеллист  О.Генридің  «Соңғы 
жапырақ» новелласының оқиға желісін ойға түсіреді. Генриде үзілмеген соңғы 
жапырақ жас қыздың өмірге деген құлшынысын оятса, Саттарда санаулы күні 
қалған қарияның өлем деп қорықпай, үкіметін, үкімет басқарған көсемінің сөзі 
ақтық  демі  қалғанша  тыңдап,  өлімді  қасқайып  қарсы  алады.  Новелладағы 
жігерлі адамның қайсарлығы оқырманына ерекше әсер етеді.  
Кемел қаламгер Ғ.Мүсірепов «терең ойсыз, үлкен идеясыз көркем шығарма 
жоқ.  Баубек  әдебиетке  үлкен  ойларымен,  бірден  таныла  кететін  өз  стилімен 
келе жатыр еді. Баубек мен үшін сирек кездесетін талант еді» [48,17] деп үлкен 
үміт  күткен  жазушы  Б.Бұлқышевтің  да  новелла  жанрының  дамуына  қосқан 
үлесі мол. Оның новеллалары – өршіл арман-мақсатына жете алмай, майданда 
қыршын кеткен жас талант иесінің мол мүмкіндігінен, оның әдеби талғамының 
биік, барлық  жанрда  бірдей  қалам  сілтей  алатын  кең  тынысты  жазушы  екенін 
білдіреді.  Ол  «өмірдің  өзін  творчество»  деп  түсінген,  әрі  ақын,  әрі  күйші,  әрі 
жауынгер  жазушы  болғысы  келетін,  «жоқ,  шынын  айтсам,  маған  ол  да  аз  еді. 
Менен гөрі ересек жолдастарым мен бір туған ағаларым институт бітіріп, бірі 
инженер, бірі тарихшы болып шыққанда, осы мамандықтар түгелімен менде де 
болса, өмір үшін, жас жігіт үшін бұл да аз» [49,7] деп түсінетін, «жазғың келеді, 
жаза  бергің  келеді,  әттең,  шіркін,  уақыт  болса»  деп  әр  хатында  бар  арманы  – 
жазу  екенін  білдіріп  отыратын  асқақ  арман,  биік  мұрат,  ұшқыр  қиял  иесі  еді 
Б.Бұлқышев.  «Расында  да  Баубек  өмірі  –  біздің  аға  буынның,  аға  ұрпақтың 
өмірі,  бізге  сәулетті  өмір,  бақытты  дәуір  орнатып  берген  күрескер 
әкелеріміздің,  қан  төгіс  күреспен  алып  берген  жарық  күнін,  бақыт  дүниесін 
қара  түннен,  фашистік  түнектен  аман  сақтап  қалу  үшін  күрескен»  [50,3]  өмір 
болғандықтан, философиялық ойларға толы новелла жазылуының өзі заңдылық 
еді.  Оған  автордың  «Өмір  –  күресте.  Асылы,  алысып  өлген  адамның  өлімі  – 
өмір», «Өлім деген ешнәрсе емес, мен өзім өлімнен қорықпаймын», «Елің үшін 
жаныңды беру қиын емес. Өйткені елсіз күн қызықсыз» деген жалынды сөздері 
дәлел бола алады. 
Қазақ  әдебиетінде  новеллалардан  құралған  хикаят,  повесть,  романдар  да 
бар.  Новеллалардан  құралған  повестің  ерекшелігі  мұнда  басты  кейіпкердің 
мінезі, тағдыры көп жағдайда бір новеллада ашылып қалады, ал оның бейнесіне 
қатысты кейбір деректер басқа новеллаларда нақтылана түседі. Сонымен бірге 


25 
 
өзге  де  кейіпкерлердің  өміріне  қатысты  жағдайлар  жаңадан  басталып  жатады. 
Осылайша  новелладан  новеллаға  көшкен  сайын  «кейіпкер  характерінің  жаңа 
қыры  танылып,  жан  дүниесінің  соны  сыры  паш  болып  отырады.  Новеллалар 
бір-бірімен  осылайша  іліктесе  байланысу  барысында,  шығарманың  көркемдік 
тұтастығын  сақтаумен  қатар,  оның  жалпы  идеясын  да  автор  ойын,  мақсат-
мұратын, позициясын айқындайды» [51]. Мысал ретінде Т.Әлімқұловтың «Асу 
асу» повесть-новелласын айтуға болады. 
Роман-новелла да әдебиеттану ғылымында бұрыннан бар келе жатқан ұғым. 
Ол бірнеше новеллалардың жиынтығынан құралып, оқиға бас кейіпкер маңына 
топтастырылып  беріледі.  Роман-новеллаға  шағын  новеллалық  шиеленіс  пен 
оқшау, күтпеген шешімнің жарамайтын болғандықтан оның эпикалық туынды 
болуының  өзіндік  заңдылықтары  бар.  Бұл  жанрда  роман  бірнеше  тараудан 
құралады,  әр  тарауда  новелланың  орналасу  сипаты  біркелкі  болмайды.  Бір 
тарауларда  бірнеше  новелла  қатар  келсе,  кей  тарауларда  мүлде  новелла 
берілмейді.  Бірақ,  алдыңғы  тарауларда  айтылған  оқиғаның  желісімен, 
болашақтағы  оқиға  ауаны  айқындалып,  композициялық  тұтастық  сақталады. 
Роман-новелла  жанрын  зерттеп,  пікір  айтқан  ғалымдар:  В.Томашевский, 
Г.Н.Поспелов,  Е.Лизунова  т.б.  Е.Лизунова  қазақ  әдебиетіндегі  роман-новелла 
үлгісіне  Ғ.Мұстафиннің  «Көз  көрген»  романын  жатқызады  [52,32].  Ал 
Ә.Тәжібаев, Ж.Ташенов, З.Поляк секілді әдебиетші, ғалымдар С.Бақбергеновтің 
«Қарға  тамған  қан»  романын  жанрлық  болмысына  қарай  «роман-новелла»  деп 
бағалайды. Жауынгерлердің отаншылдығы, достығы, еліне деген сүйіспеншілігі 
баяндалатын  бұл  роман-новелла  панфиловшы-жауынгерлердің  1943  жылғы 
қорғаныс шебіндегі ерлік қимылдарын баяндайды. «Қарға тамған қан» – роман-
новелла.  Бірінен-бірі  туып  отырған  жиырма  алты  новелладан  құралған. 
Автордың  бұл  әдісі  оған  романында  қырық  жылдық  өмірді  көрсетуіне 
мүмкіндік береді. Соншама ұзақ дәуірді әңгімелеуіне қарамастан, жиырма алты 
новелла  бір  шындықтың  көзіндей,  бір-бірімен  тығыз  байланысты»  [53,3]. 
Қаламгер Т.Әлімқұловтың та новеллалардан құралған «Замана екпіні» романы 
бар. 
Көркем  прозада  жанрлық  эксперименттерге  барып,  бір  жанрдың  ішкі 
мүмкіншілігін  сарқа  пайдаланатын  жазушы  Қ.Ысқақов  өзінің  «Менің 
ағаларым»  туындысын  «хикаят-новеллалар»  деп  атаған.  Шығарма  ауыл 
өмірінен  алынған  новеллалық  хикаяттардан  тұрады.  Аталған  шығармаларды 
бөлек-бөлек  қойған  жағдайда  олардың  хикаят  жанрының  талабына  сай  болуы 
екіталай. Таза новелла деу де қиын. Осы тұрғыдан алғанда бұл шығармалардың 
жанрлық  табиғатында  синкреттілік  ерекшелік  бар.  Ал  аталмыш  шығармалар 
бірлікте тұрғанда тұтас ерекше жанр, «хикаят-новеллалар» деуге әбден болады. 
Автор өз шығармасының жанрлық табиғатын терең таныған [54]. 
Тәуелсіз  қазақ  әдебиетіндегі  аталған  жанрдың  дамуы,  жай-күйі  қалай, 
өкілдері кімдер, әдеби үдерістегі орны қандай дегенде бүгінгі жағдайы новелла 
жанры  үшін  өнімді  болған  ХХ  ғасырдың  60-80  жылдарындағыдай  емес  екені 
белгілі.  Дегенмен,  әңгіме  жанры  секілді  новелланың  да  тақырыптық  арнасы 
кеңіп  (экология,  аштық  мәселесі  т.б.),  бір  жүйеге  түскенін  жоққа  шығара 


26 
 
алмаймыз.  «Жазушылар  бүгінгі  күннің  шындығы  туралы  шығарма  жазуға 
бейімделе  алмай  жүр.  Өздері  үшін  айқын  дүниетанымдық  тұғырнама 
қалыптастыра  алмай  отыр»  [55,4]  деп  Б.Майтанов  айтпақшы,  алдағы  уақытта 
новелла  жанрының  да  қарыштап  дамып,  тақырыптық  арнасы  кеңіп,  кесек  те 
іргелі жанрға айналатындығына сеніміміз мол.   


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   66




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет