Саяси билік қорлары - субъекті мақсатына сәйкес билік объектісіне ықпал етуді қамтамасыз ететін барлық құралдар. Олар: экономикалық, әлеуметтік, ақпараттық, күштеу, демографиялық.
Экономикалық - қоғамдық және жеке өндіріске және пайдалануға қажетті материалдық құндылықтар, ақша, пайдалы қазбалар, техника, т.б.
Әлеуметтік - әлеуметтік құрылымдағы орынды, әлеуметтік мәртебені жоғарылату немесе төмендету қабілеттілігі.
Ақпараттық - білім мен ақпарат, сонымен бірге оларды алу және тарату: ғылым және білім институттары, БАҚ, т.б.
Күштеу - бұл қару, күшті қолдану аппараты, осы мақсатта арнайы дайындалған адамдар тобы. Мемлекетте оның ядросын әскер, полиция, қауіпсіздік органдары, сот, прокуратура құрайды.
Демографиялық - адамның өзі басқа ресурстарды құрушы әмбебап ресурс ретінде қызмет етеді.
Саяси биліктің заңдылығы - басқару түрінің зандық негізі, яғни оның құқықтығының барлық тұрғындармен мойындалуы. Кейбір саяси жүйелерде билік легальды болғанымен, легитимді болмауы мүмкін.
Саяси биліктің легитимділігі - халықтың келісіміне негізделген әрі заңмен, ережелермен, дәстүрмен анықталған билік сапасы. Легитимдік дегеніміз - халықтың үстемдік етіп отырған саяси билікті қолдауы, оның заңдылығы мен шешімдерін растауы.
Егемендік - мемлекеттің сыртқы саясатта толық тәуелсіз болуы және елдің ішкі саясатында мемлекеттік биліктің бәрінен жоғары тұруы.
Сыртқы саясатта әр мемлекет өзге мемлекеттің егемендігін ескермей тұра алмайды. Сондықтан егемендік пен тәуелсіздікті өзара құрметтеу принциптері халықаралық қатынастар мен халықаралық құқықтағы негізгі мәселе болып табылады. Оның басты шарты - тәуелсіз мемлекеттердің әлеуметтік-саяси жағдайының ерекшеліктеріне, халық саны мен аумағының көлеміне және т.б. жағдайларына қарамастан, бір-бірімен тең дәрежеде қарым-қатынастар жасасып, араласуы. Бұл принциптер БҰҰ жарғысында және бірқатар халықаралық келісімдерде бекітілген. Халықаралық қатынастарда мемлекеттер бір-бірімен ықпалдасу кезінде өздерінің іс-әрекеттерін егемендікті құрметтеу қағидаттарының белгілі бір ережелеріне бағындырады. Мұндай ережелер келісім жасалған сәттен бастап әлгі мемлекеттер үшін міндеттілік сипат алып, халықаралық құқық нормаларына айналады. Сонымен қатар егемендік сол мемлекетті құрап отырған ұлттың саяси билігін қорғауы тиіс.
Мемлекеттік егемендіктің белгілері:
Үстемдік - басқа әлеуметтік биліктің болмауы;
- тәуелсіздік - өз бетінше шешім қабылдау;
- толықтығы - қоғамдық өмірдің барлық салаларына таратылды;
- бөлінбеу - билік бірлігі;
- теңдік - басқалар сияқты құқықтар мен міндеттемелердің болуы;