Партиялық жүйелердің түрлері. Партиялық жүйе қоғамда қызмет атқарып отырған барлық партияларды, сонымен қатар олардың арасындағы өзара қатынасу нысандары мен қоғам өміріндегі рөлдерін қамтиды. Партиялардың жағдайларының ерекшеліктері мемлекет заңнамасымен, оның тарихи, ұлттық және діни ерекшеліктерімен айқындалады. Партиялық жүйенің қалыптасуына қоғамның саяси дамуы мен мәдени деңгейі де ықпал етеді.
Билікке ықпал ете алатын партиялар саны түрғысынан партиялық жүйелердің келесідей түрлері бар:
— бірпартиялық, яғни мүнда бір партия қоғам өмірінің барлық салаларына бірден-бір ықпал ете алады. Нақты айтқанда, партия мен билік функцияларын ажырату тым қиын біртұтас бюрократиялық организмге айналып кетеді. Кейде монопольдық сипаттағы билік партиясын авангардттық партиялар деп те атайды, өйткені олар бүкіл қоғамды өз артынан ертіп жүреді.
— екіпартиялық, яғни мүнда билікке бір-бірімен бәсекелес екі партия күреседі. Әдетте, тек осы партиялар ғана президент лауазымына кандидаттар үсынып, депутаттық мандаттарды алады. Бұл жүйе бір тарап кезек-кезегімен жоғары көтеріліп отыратын әткеншекке ұқсайды
— көппартиялық, мұнда сайлаушылардың дауыстары үшін бірден көп (кейде ондаған) партиялар бәсекеге түседі. Тұрғындар дауыстары көптеген бөліктерге бөлінетіндіктен, бірде-бір күштің абсолютті басымдыққа ие дауыс жинай алмай қалатын жағдайлар да жиі кездесіп отырады. Мұндай жағдайда әртүрлі коалициялар құрылады, яғни үкімет құрамына бір мезгілде бірнеше партиялардың өкілдері енеді.
Қоғамдық-саяси қозғалыстар. Қоғам өмірінде партиялардан басқа қоғамдық-саяси қозғалыстар да маңызды рөлге ие. Біздің елімізде өткен ғасырдың 80 жылдарының аяғында алғашқы қоғамдық қозғалыстар пайда бола бастады. Олардың қатарында ең танымалдары ретінде «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы, «Азат» азаматтық қозғалысы, «Лад» славян қозғалысы тәрізді үйымдарды көрсетуге болады. Қозғалыстардың пайда болуы — саяси және қоғамдық плюрализмнің (көзқарастар мен пікірлердің саналуандылығы) дамуындағы бастапқы қадам. Саяси партиялардың көбінесе қозғалыс негізінде қалыптасатыны да осыдан болса керек.
Қоғамдық қозғалыс — ортақ мақсаттарды іске асыру үшін құрылған азаматтардың бұқаралық бірлестігі болып табылады. Осы орайда, барлығымыз үшін экологиялық, ұлттық, әйелдер, жастар және тағы басқа да қозғалыстар жақсы таныс.
Ғылымда қоғамдық қозғалыстарға қатысты бірнеше тәсілдер бар. Әдетте, қоғамдық ұйым ұғымы мақсаттары мен міндеттері мен сол бағытта өткізетін бұқаралық шаралары тұрғысынан бір-біріне жақын келетін барлық ұйымдар мен одақтардың жиынтығын білдіреді. Мұндай түсінікте, мәселен, жұмысшы қозғалысы ұғымымен жұмысшылардың мүдделерін білдіретін барлық партиялар, ұйымдар мен кәсіподақтармен қатар олардың мүдделерін қорғауға бағытталған ереуілдер мен шерулерді айтуға болады. Әйелдер қозғалысы саясатта, экономикада және отбасында әйелдерді кемсіту мен шеттетуді жоюды мақсат ететін нәзік жандардың көптеген өкілдерін біріктіреді. Жастар ұйымдары, өз кезегінде, жастардың білім алу, денсаулық сақтау, демалу құқығын, сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын құруды қамтамасыз етудегі кең кепілдіктерді қолдайды. Қазіргі күндегі заманауи қоғам өмірінде әртүрлі экологиялық ұйымдар белсенді рөл атқарады. Олар қатерлі өндіріс орындарын жабу, экологиялық бағдарламаларды қабылдау мен орындау тәрізді мақсаттар үшін күрес жүргізеді.