Қазақстан Республикасының Бірінші Президенті күніне арналған
«Сейфуллин оқулары – 9:
жоғарғы білім және ғылым дамуындағы жаңа бағыт» атты Республикалық ғылыми-теориялық
конференция материалдары = Материалы Республиканской научно- теоретической конференции
«Сейфуллинские чтения – 9: новый вектор развития высшего образования и науки» посвященная
дню Первого Президента Республики Казахстан. – 2013. – Т.2, ч.1. – Б. 173-174
ЗАМАНАУИ ОҚЫТУ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫ НЕГІЗІНДЕ КӘСІБИ БІЛІМ
БЕРУДІ ҰЙЫМДАСТЫРУДЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Арынов А.
Қазіргі заманғы білім беру жүйесінің басты қайшылығы – тез өсіп бара
жатқан жаңа білімдер қарқыны мен жеке тұлғаның оларды игерудегі шектеулі
мүмкіндіктері арасында байқалады. Бұл қарама-қайшылық педагогикалық
теорияны білім берудің абсолютті идеалынан (жан-жақты дамыған тұлға) бас
тартып, жаңа идеалға - адамның өзін - өзі реттеуі мен өздігінен білім алуы
қабілеттілітерін барынша дамытуға көшуіне мәжбүр етті. Себебі, экономика
дамуының жоғары қарқындылығы, өндірістік үрдістерді автоматтандыру,
техниканың дамуы, микроэлектроника мен компьютерлерді қолдану және т.б.
құбылыстар оқушылар біліміне деген талаптардың өзгеруіне және
жоғарылауына әкеліп соқты.
Қазіргі заманғы жұмыс берушілердің мамандарға қоятын талаптары:
-өз бетінше ойлауға және әр түрлі проблемаларды шешуге қабілетті
болу, яғни алған білімдерін осы проблемаларды шешуде қолдана білу;
-сыни және шығармашылықпен ойлау;
-гуманитарлық білімдерді терең түсінуге негізделген бай сөздік қорға ие
болу.
Демек, қазіргі заманғы оқушылар қажет білімдерді өз бетінше меңгеріп,
оларды тәжірибеде әр түрлі
проблемаларды шешу үшін қолдану арқылы тез
өзгеретін өмір жағдайларына икемделуі, өз бетінше сыни ойлауы, ақпаратпен
дұрыс жұмыс істеуі, қарым–қатынасқа түсе білуі, өзін - өзі дамытуы қажет.
Сол себепті қазір әр оқушыны белсенді танымдық үрдіске тарту арқылы
оларды алған білімдерін тәжірибеде қолдануға, өздерінің интеллектуалдық,
денелік күштерін дамытуға, өз ойларын айтуға үйретуіміз қажет. Ол оқыту
үдерісінде қолданылатын оқыту технологияларына байланысты
Заманауи технологияларды меңгеру мұғалімнің зияткерлік, кәсіптік,
адамгершілік, рухани, азаматтық және басқа да көптеген адами келбетінің
қалыптасуына игі әсерін тигізеді, өзін-өзі дамытып, оқу үрдісін тиімді
ұйымдастыруына көмектеседі. Елімізде болып жатқан жаңаша түрлі
бағыттағы өзгерістер білім беру жүйесіне жаңаша қарауды, қол жеткен
табыстарды сын көзбен бағалай отырып саралауды, оқушылардың
шығармашылық әлеуетін дамытуды, мұғалім іс-әрекетін жаңаша тұрғыда
ұйымдастыруды талап етеді. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның
болашағы – бүгінгі жастар. Сіздер оларға қалай білім бересіздер, Қазақстан
сол деңгейде болады» деген сөзі бүгінгі білім беру жүйелеріндегі оқу-тәрбие
үдерісінде заманауи оқыту технологияларын тиімді қолдану арқылы білімі
мен біліктілігін арттырудың өзектілігін көрсетеді.
Әр мемлекеттің интеллектуалдық, экономикалық және мәдени әлеуеті
сол елдің білім беру жүйесінің заман талабына сәйкес дамытылуына
байланысты.
Нарық заманы білім саласына, білім мекемелері мен ұстаздарға үлкен
міндеттер қоюда. Бүгінгі таңдағы ұстаздардың міндеті – жас ұрпаққа сапалы
білім және саналы тәрбие берумен қатар, заман талабына сай білімді, білікті
маман иелерін даярлау, сонымен қатар нарық заманының бәсекесіне түсе
алатын, түскен ортасында өзінің білім деңгейі мен кәсіби шеберлігін көрсете
алатын адал азаматтарды тәрбиелеу.
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында «Білім беру
жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар,
ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға,
дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті
жағдайлар жасау керек» деп атап көрсетілген. Сонымен қатар Елбасымыз Н.Ә.
Назарбаев «Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіру
стратегиясы» Жолдауында «Білім беру реформасы – Қазақстанның бәсекеге
нақтылы қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін аса маңызды
құралдарының бірі» деп атап көрсетуі педагогикалық үрдістің сапасын үнемі
арттырып отыруды талап ететіндігін көрсетеді. Демек, заман талабына сай
бәсекеге қабілетті жас ұрпақты тәрбиелеуде, оқушыларға қажетті білімді
меңгертудің тиімді жолдарын, әдіс-тәсілдерін талмай іздеу – әр ұстаздың
міндеті. Әрбір педагог өз жұмыс тәсілі мен формасын, өз педагогикалық
технологиясын таңдай отырып, білім алушылардың білімін жетілдіру
бағытында жұмыс істеуі керек. Осыған байланысты оқытудың жаңа
технологияларын қолданудың қажеттілігі туындайды.
Сонымен, Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында білім
беру ісіне оқытудың жаңа технологияларын енгізу міндетін қояды.
Қазіргі мақсат әрбір оқушының бейімділіктері, қызығушылықтары және
мүмкіндіктеріне сәйкес қанағаттандыратын, тапқырлық пен зейінділікті
ынталандыратын, оқытылатын материалды толық шығармашылық деңгейде
меңгеруіне және оқушының парасатын дамытатын оқыту жүйесін құру
болады. Оқушы өзі оқу керек, ал оқытушы оқушының танымдық әрекетінің
ұйымдастырушысы рөлінде болу керек. Мұғалім оқушының жұмысын
реттеуге, ең қиын мәселелер бойынша кеңес беріп және оның білімдерін
бақылауды ұйымдастыруы қажет. Қазіргі заманауи технологияларды оқыту
үдерісінде қолдану осы міндеттердің орындалуын шешеді.
Білім беруді дамытудың жаңа бағыттарының бірі – білім мазмұнын
оқушының толық меңгеруін іске асыратын заманауи оқыту технологияларын
қолдануды жетілдіру болып табылады.
Алайда қазіргі талаптарды жүзеге асыру мүмкіндігін беретін заманауи
оқыту технологияларын анықтау, жасау маңыздылығымен қатар оларды білім
беру мақсаттарына сай тиімді қолдану жолдарын жетілдіру арасында шешуді
қажет ететін қарама-қайшылықтар бар. Мұндай қарама-қайшылықтардың бірі
– заманауи оқыту технологияларын теориялық жағынан негіздеудің белсенді
зерттелуі мен білім берудің әртүрлі бағыттарында оларды
қолдану
ерекшеліктерін
анықтап,
тиімді
жолдарын
білім
беру
мекемелері
тәжірибелеріне енгізудегі байқалып жатқан кемшіліктердің болуы бұл
мәселені жан-жақты зерттеу қажеттілігінің күн тәртібіндегі маңызды орнын
көрсетеді.
Сондықтан біздің баяндамамыздың
басты мәселесі заманауи оқыту
технологияларын қолдану жолдарын анықтау болып табылады.
Соған сәйкес мақсат– бүгінгі білім беру үдерісінде заманауи оқыту
технологияларын қолданудың практикалық жағдайларын анықтау болып
табылады.
Мақсатқа қол жеткізу үшін қойылып отырған міндеттер:
1.Психологиялық-педагогикалық әдебиеттер негізінде заманауи оқыту
технологияларын қолдануға қатысты теориялық мәселелерді анықтау;
2.Білім беру барысында заманауи оқыту технологияларын қолдану
ерекшеліктерін анықтау.
3.Оқытуда заманауи оқыту технологияларын қолдану әдістемесін жасау.
Сонымен, заманауи оқыту технологиялары негізінде оқыту барысында
оқушылар білімділігінің жоғары нәтижесіне қол жеткізуге, олардың өз
бетінше әрекет ету және өздігінен білім алу біліктерін және дағдыларын тез
аралықта қалыптастыруға, алған білімдерін проблемаларды тез шешуде
қолдануға және ақпаратты тез табуға, тез өзгеретін өмір жағдайларына
икемделуге үйрету мүмкіндіктері бар.