ҚАЙҚЫ ҚҰЙРЫҚ, ШҰБАР ҚЫЗ, ІСТІК МҰРЫН
Қайқы құйрық, шұбар қыз, істік мұрын,
Кім білсін, қандай екен ішкі сырын.
Əдепсіз, молда алдында тасыраят,
Біле алмай отыруды əнтек қырын.
Бай қызы бұлғақтаған, ерке-шолжың
Күңге лайық кескін мен сыртқы формың
"Бақ та қатын" деген бар, "сор да қатын"
Тосып жүрген сені де бар бір сорлың.
Сабақты бірге оқып, болдық таныс,
Отырған орын жақын, көңіл алыс.
Жібек, торғын жапқанмен көрініп тұр
Жүндеген түйедей боп, қара қайыс.
Паңсынған, бай қызы боп мінез қандай,
Көрік, сымбат, білімі түгел жандай.
Кейде "ерке боламын" деп əуреленет,
Қара талыс қапшығын есіне алмай
Сені де дүние үшін біреу алар,
Кім болса да екінші, сорға қалар.
Есі дұрыс жан болса сенен гөрі,
Деп айтпас "сеніменен бағым жанар".
Естісе, əкең азбан қырына алар,
Басыма арылмастай пəле салар.
Тамақтың құлы болған қызыл ауыз,
Аласыз өшігер, иттей талар.
Естісе əркім мұны жаттап алар,
Алты бақан тепкенде əнге салар.
Əкесінің көз құны бардай іздеп,
Кім жазғанын боз азбан тінтіп табар.
ОРНЫМЫЗ МЕДРЕСЕ ОҚЫП ЖАТҚАН
Орнымыз медресе оқып жатқан,
Талайлар оқу оқып өнер тапқан.
"Аз-көп" деп, бергеніңді молда сөз ғып,
Əуелден рəсім жоқ ғылым сатқан.
Өнер ғой оқу деген таңдай атқан,
Оқу білсең орынды болар мақтан.
Білімге қарсы тұрар қандай күш бар,
Бас иер талай мырза кеуде қаққан.
Таусылмас ғылым теңіз шалқып жатқан,
Соңынан қалмас оның дəмін татқан.
Өмір бойы оқысаң бір таусылмай,
Қиындығы қинайды жанға батқан.
Шынында, ғылым артық мал мен бақтан,
Ғылым болса қара су тасып аққан.
"Оқу оқып не керек, мал таппай" деп
Қазақтың айтқан сөзі надандықтан.
Молда көп, молда деген атын сатқан.
Бас алмай, өтірік соққан шариғаттан.
Өзі хат білмесе де "оқуы" көп,
Бас айналған, мылжыңнан діңкең қатқан.
1908
|