Тәшенев Жұмабек Ахметұлы — мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымының кандидаты (1962). Ақмола құрылыс техникумын (1932), КОКП ОК жанындағы жоғары партия мектебін (1955) бітірген.
Тың игеру кезінде Көкшетау облысында совхоз директоры болған Ф. Моргун 1957 жылы совхоз тұрғындары жер астында тұщы су болса да қажетті құралдың болмағандығынан 20 шақырым жерден суды тасып ішіп қиналып жатқанда Ж.Тәшенов келіп бір аптаның ішінде Армениядан скважина арқылы су тартатын компрессор алғызып беріп су мәселесін шешіп бергенін ризалықпен жазады.
Ж.Тәшенов Шымкент облысында атқару комитеті төрағасының орынбасары кезінде, күзде Түркістан аймағының мақташылары мақта тазарту зауытында су мақтаны кептіруге отын таба алмай қиналып жатқанда сол ауданға уәкіл болып барған Ж.Тәшенов Қарағанды облысының басшылығымен хабарласып қажетті 1,5 мың тонна көмірді жеткіздіріп береді. Соның арқасында аудан мақта дайындау жоспарын 102,7 пайыз орындайды. Сонымен қатар Жұмабек Ахметұлы Түркістандағы Қ.А.Яссауи кесенесінің жанында топырақпен көміліп жатқан шығыс моншасын қалпына келтіріп іске жаратуды жүзеге асырады. Кезінде Ж.Тәшеновтің іскерлігін, қабілетін Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы В.А.Ливенцовтың өзі мойындауға мәжбүр болған. Ол 1964 жылы Мәскеудің өкілі қатысып отырған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіндегі мәжілісте: «Н.С.Хрущев Ж.Тәшеновтың намысына тиіп, қызметінен төмендетіп бізге облатком төрағасының орынбасары етіп жіберсе де, ол өзінің таңғажайып қабілетінің арқасында Оңтүстік Қазақстандағы ең құрметті адам болып отыр»,- деп мәлімдеген.