Жұмыссыздық пен инфляцияның өзара байланысы
Жұмыссыздық пен инфляция арасындағы кері байланысты зерттеген ғалым ағылшын экономисі А.Филлипс болып табылады. 1958 жылы Филлипс жұмыссыздық пен инфляция ықпалын көрсететін, «сұраныс инфляциясы» деген үлгіні ұсынды.
Филлипс теориясы бойынша жұмыссыздық көрсеткіштері номиналды жалақының өсуі төмендеген жағдайда жоғарылайды да, жалақының өсуіне қарай төмендейді. Бұл арақатынасты 1861-1956 жылдардағы Ұлыбритания санақтары деректерін пайдалана отырып, ол жалақы ставкасы өзгеруі мен жұмыссыздық деңгейінің арасындағы тәуелділіктің кері әсерін қисық арқылы көрсетті. Сөйтіп, Англиядағы жұмыссыздықты 2,5 - 3 пайыздан артық көбейтуі баға мен жалақының өсуін күрт баяулататынын дәлелдеді.
Үкімет Филлипстің қисық сызығын сол күйінде экономикалық саясатты жасаудың құралы ретінде қолданды. Әсіресе ол толық жұмыспен қамту және өндіріс бағасының тұрақтылығын анықтайтын жағдайда пайдаланылды.
Абцисса осінде жұмыссыздық деңгейі, ординат осінде тауар бағаларының өсу қарқыны бейнеленеді. Қисық сызық өсу параметрлерінің көрінісі.
Егер үкімет жұмыссыздық деңгейі И1 (оған баға өсу қарқыны сай Р1 келеді) төтенше жоғары деп есептесе, онда оны төмендету үшін бюджеттік және ақша – несие шаралары қолданады, олар өз кезегінде сұранысты күшейтеді. Бұл өндірістің ұлғаюына, жаңа жұмыс орындарының пайда болуына әкеледі. Жұмыссыздық нормасы И2 мөлшеріне дейін төмендейді, бірақ дәл сол мезгілде инфляция қарқыны Р2-ге дейін жоғарылайды. Мұндай жағдайлар экономиканың дағдарысқа ұшырауына әкелуі мүмкін, сондықтан үкімет несие беруді тежеу, мемлекеттік бюджеттің шығыстарын кеміту және т.б. шаралар жүргізеді. Нәтижесінде бағаның өсу қарқыны Р3 деңгейіне төмендеп, ал жұмыссыздық нормасы И3 өседі.
Экономикалық реттеу тәжірибесі көрсеткендей, Филлипс қисық сызығы қысқа мерзімді экономикалық жағдайларда қолдануға келеді. Өйткені, ұзақ мерзімді жоспарда (5-10 жыл) жұмыссыздықтың жоғары болуына қарамастан инфляция үдей береді, мұның бірталай себептері бар.
Бұлардың ішіндегі жиынтық сұранысты ынталандыру мәселесін бөліп көрсету керек. Үкімет инфляция арқылы жұмыссыздықтың төмен деңгейін тұрақтандыру үшін еңбекшілерді «жалған күту» дегенге сендіре алса, көздеген мақсатына жетеді. Мысалы, жалдамалы жұмысшылар номиналды жалақы ставкасының өсуін байқап, еңбек ұсынысын көбейтеді. Мұнда Филлипстің концепциясы бойынша инфляцияның өсуі (мұнымен байланысты номиналды жалақының өсуі) жұмыссыздықты азайтуы мүмкін. Бірақ, бір кезде халық номиналды жалақының жоғары ставкасының шын бағасын біледі. Өйткені, инфляция тұсында нақты жалақының жоғарылауы оның номиналды дәрежесінің өсуімен бірдей емес, оған сәйкес келмейді.
Достарыңызбен бөлісу: |