Етіс категориясы Етіс – етістіктің ерекше категориясы. Әдетте етіс қимыл , іс-әрекеттің, субъекті мен объекті арасындағы әр түрлі қатынасты білдіріп, белгілі қосымшалар жүйесі арқылы жасалатын етістік категориясы деп анықталады.
Қазақ тілінде жазылған еңбектердің ішінде етіс туралы алғаш пікірді А.Байтұрсыновтың « Тіл – құрал» оқулығынан кездестіреміз. А.Байтұрсынов етіске ереже бермей, бірден етістің он түрін көрсетеді : сабақты етіс, салт етіс, шығыс етіс, дүркінді етіс, өсіңкі етіс, ортақ етіс, өзгелік етіс, өздік етіс, беделді етіс, ырықсыз етіс.
Ы.Мамановтың пікірінше:«Етіс категориясы – түбір етістіктен туатын грамматикалық форма. Яғни етіс формалары - өзі жасалған түбір етістікпен коррелятивті түрде өмір сүретін және екеуінің лексикалық мағынасы бір болып келетін етістіктер».
Етіс тұлғаларының тағы бір ерекшелігі ол етіс қосымшалары етістік түбірге жалғанып, түбірдің грамматикалық сипатын өзгертпейді:
1) сырттай бұйрық райдың 2 жақ жекеше, анайы түрімен сәйкес келеді,
2) тікелей жіктелмейді, тек рай, шақ (көсемше, есімше) тұлғаларын үстеп барып жіктеледі және сол тұлғалар (рай, шақ( жалғануға негіз болады,
3) Сөйлемде тек етіс тұлғасында етістік қолданылмайды.
Етіс қосымшалары сөзжасам қосымшалары емес, жоғарыда көрсетілген сипаттары негізінде етістіктің лексика грамматикалық категориясы болып табылады.
Етістің түрлері жайында да талас пікірлер аз емес. Мектеп оқулықтары мен арнаулы курстарда негізінен төрт түрге бөлініп баяндалған бұл категория біраз зерттеулерде беске бөлінеді.
1967 жылғы Академиялық грамматикада: «Мағыналық ерекшеліктері мен синтаксистік қызметіне және тұлғалық ерекшеліктеріне негізделіп, қазақ тіліндегі етістіктерді де: негізгі етіс, өздік етіс, ырықсыз етіс, ортақ етіс, өзгелік етіс деп беске бөлуге болады. Соның төртеуі әрқайсысы өзіне тән аффикстермен түрленеді, ал біреуі негізгі етіс өзінің ондай аффиксі болмағандықтан тұлғасынан ерекшеленеді. Сондықтан да етіс аффикстерімен әлі тұлғаланбаған негізгі және туынды түбір етістіктерді тұтас алып, өз алдына жеке бөліп негізгі етіс деп атаймыз. Бұл жағдайда субъекті мен объектінің іс-әрекетке деген қарым-қатынасы етістіктің бастапқы семантикалық мәніне қарай анықталады » деп көрсетіледі .
Бұл пікірді А.Ысқақов та айтады : « Етістер жұрнақтарының түрлеріне , мағыналары мен қызметтеріне қарай 1)негізгі, 2) ортақ етіс, 3) өзгелік етіс,4)ырықсыз етіс,5) өздік етіс болып бөлінеді. Негізгі етістің арнаулы көрсеткіші болмайды. Оған әрбір түбір я туынды етістіктердің де күрделі етістіктердің де негіздері жатады.
Негізгі етіс деп өзге етіс формаларына таяныш негіз болатын, солардың түрлерін, мағыналарын, қызметтерін салыстыра айқындайтын формасы» .
Осыдан байқағанымыз: негізгі етіс деп аталатын етіс түрінің етістік түбірі деген ұғыммен не семантикалық жағынан, не формалық жағынан еш айырмасы жоқ. Бұл – бір. Екіншіден, грамматикалық я лексика-грамматикалық категория негіз болатын тұлға яғни негізгі етіс, дұрысында етістік түбірі деген тұлға ол категорияның бір түрі бола алмайды, категория шеңберіне енбейді. Сол категорияның берілуіне негізгі түбір, туынды түбір негіз болады. Сол себепті де Ы.Маманов етіс категориясының өздік етіс, өзгелік етіс, ырықсыз етіс, ортақ етіс деген түрлерін ғана көрсетеді.
Өздік етіс
Өздік етіс формасымен берілетін қимыл-әрекеттің иесі әдетте адам немесе басқа жанды зат болып келеді. Кейде қимыл иесі жанды зат болмай, табиғат атаулары болуы да мүмкін.
Кез келген етістік өздік етіс мағынасында жұмсалмайды, өздік етіс мағынасын бере алмайды. Мысалы . баянда, оқы, үз, апар деген етістіктерден өздік етіс жұмсалмайды. Себебі адам өзін-өзі баяндауы, оқуы, үзуі, апаруы мүмкін емес.Сондықтан қимыл иесінің өзіне бағыттауға, өзіне қарата жұмсауға мүмкін болатын қимылдарды білдіретін етістіктер ғана өздік етіс бола алады. Мысалы: қимыл иесі өзін-өзі жуады, сүртеді, тарайды. Сонымен өздік етіс қимыл іс-әрекеттің орындаушысына субъектіге қарай бағытталып, сабақты етістікке -ын,-ін,-н,-ыл,-іл,-л қосымшаларының қосылуы арқылы жасалады.
Ырықсыз етіс
Ырықсыз етіс деп қимыл, іс-әрекеттің өздігінен орындалатын мән үстеп, қимыл, іс-әрекеттің тура объектісі оның грамматикалық бастауышы болу қызметін атқарып,тек сабақты етістіктерден -ыл,-іл,-л қосымшасы, түбір құрамында л дыбысы болса, -ын,-ін,-н қосымшасы арқылы жасалатын етістің түрін айтады.
Ырықсыз етіс баяндауыш қызметінде жұмсалған сөйлемде қимыл иесі айтылмайды, яғни ол сөйлемде қимыл иесінің кім екендігі белгісіз болады.
Мысалы : Үміт кір жуды. Кір жуылды.
Ырықсыз етіс өздік етіспен ұқсас та, өзгешелік те жерлері бар. Ұқсастығы : 1) қосымшалардың кейде бірдей болып келетіні, кейде өздік я ырықсыз етіс екені контекстен ғана байқалады, сөйтіп бір –бірімен омоформа жасайды. Мысалы: Ол дәрігерге көрінді. Алыстан қара көрінді.
2)екеуі де сабақты етістікті салт етістікке айналдырады.
Айырмашылығы: олардың білдіретін семантикасында өздік етісте логикалық (іс иесі) субъект –грамматикалық субъект ( бастауыш) болады, ал ырықсыз етісте грамматикалық бастауыш логикалық объект болады.
Өзгелік етіс
Сабақты етістіктің тура және ауыспалы түріне өзгелік етістің –ыт,-іт,-т,-қыз,-кіз,-ғыз,-гіз,-дыр,-дір,-тыр,-тір жұрнақтары жалғану арқылы жасалады. Өзгелік етіс – субъектінің қимылы объектіге тікелей емес, екінші біреу арқылы бағытталатынын білдіретін сабақты етістіктің грамматикалық формасы. Қимыл иесі бір істі өзі істемей, екінші біреуге істететіндігін көрсетеді.
Қалижан хатты әрқашан көршісі Қабышқа оқытатын.
Бұл сөйлемде істі орындатушы – Қалижан, атау септігінде, бастауыш қызметінде, істі тікелей орындаушы – Қабыш, барыс септігінде, жанама толықтауыш қызметінде тұр. Сөйтіп өзгелік етіс баяндауыш қызметінде жұмсалған сөйлемде қимыл иесі екеу болады. Біріншісі – орындатушы, екіншісі – тікелей орындаушы..
Ортақ етіс
Ортақ етіс қимыл іс-әрекеттің бір емес, бірнеше субъект арқылы іске асатынын білдіріп, -ыс,-іс,-с қосымшасы арқылы жасалады.
Біріншіден, ортақ етісті қимыл, іс-әрекеттің субъектілері қимылға ортақтығы бірдей де, бірдей емес болуы да мүмкін.
Екіншіден, ортақ етіс қосымшалары салт етістікке де, сабақты етістікке де жалғана береді.
Мысалы : хат жазысты, қонақтар жайғасып отырысты.
Ортақ етіс мағынасы мен қосымшасы етістің басқа түрлерінен сабақтылық – салттылық сипатқа бейтарап болуы негізінде ерекшеленеді.
Ортақ етістің тағы бір ерекшелігі – қимыл атауын білдіруге бейім тұрады да, кейбіреулері сол арқылы заттық ұғымның пайда болуымен зат есім болып кеткен.Мысалы : соғыс, айтыс, байланыс.
Ортақ етіс пен өзгелік етістің семантикасында бір ұқсастық бар: екеуі де қимылдың, іс-әрекеттің бір субъекті емес, бірнеше субъект арқылы орындалатынын білдіреді, бірақ өзгелік тек сабақты етістіктен жасалып, онда екінші субъект – агенс міндетті түрде болады, ал ортақ етісте бұлар жоқ.