СӨЖ:Анықтық-танықтық категориясы. Функционалды грамматикада арнайы зерттеліп жүрген категориялардың бірі – анықтық-танықтық (белгілілік-белгісіздік) функционалды- семантикалық категориясы. Бүгінгі таңда қазақ тіл білімінде анықтық-танықтық (белгілілік-белгісіздік) функционалды-семантикалық категориясы арнайы зерттеу нысанына алынып, Н.Сәрсенбаева, А.Тураева сияқты зерттеуші ғалымдардың еңбектерінде сөз болып келеді. А.Байтұрсынұлы есімдіктерді топтастырғанда, осы категорияның өзіндік белгілерін, ерекшеліктерін толық түсінгені анық байқалады. Қазіргі грамматикаларда есімдіктер жеті топқа жіктеліп жүр: жіктеу, сілтеу, сұрау, өздік, жалпылау, болымсыздық, белгісіздік. А.Байтұрсынұлы еңбектерінде есімдіктің бес түрі ғана көрсетілген: жіктеу, сілтеу, сұрау, шектеу, танықтау.
Ғалымның есімдіктерді жіктеуінен анықтық-танықтық (белгілілік-белгісіздік) категориясының өзіндік ерекшеліктерін терең түсінгені байқалады. А.Байтұрсынұлы есімдіктерді жіктеу, сілтеу, сұрау, шектеу, танықтау деп жіктейді. Шектеу есімдігі деп аталатын есімдік түрін ғалым: «нәрсенің шегін айта сөйлегенде айтылатын сөздер, мәселен, бәрі, барша», — деп сипаттаса, танықтау есімдігі деп аталатын есімдік түрін: «нәрсенің жоқтығын, яки анық белгілі еместігін, яки түгел еместігін көрсеткенде айтылатын сөздер. Мәселен, ешкім, ештеме, дәнеме, кейбір. Бұлар жоқтықты көрсетеді; кей, қайсыбір - бұлар түгел еместігін көрсетеді; біреу, әлдекім, әлдене - анық белгілі еместігін көрсетеді», - деп айқындайды. Ғалымның шектеу есімдіктер деп отырғаны - анықтық (белгілілік) мәнді білдіру үшін қолданылатын есімдіктер де, танықтау есімдігі деп аталатын есімдіктер - танықтық (белгісіздік) мәнді білдіру үшін қолданылатын есімдіктер. Яғни, А.Байтұрсынұлы қазіргі кезде оқулықтарда өздік есімдігі, жалпылау есімдігі ретінде танылып жүрген есімдіктерді - шектеу есімдігі деп, болымсыздық, белгісіздік есімдіктері ретінде беріліп жүрген есімдіктерді танықтау есімдіктері деп біріктірген. Есімдіктерді топтастыруда ғалым мағыналық реңктеріне ерекше назар аударган. Яғни анықтық-танықтық (белгілілік-белгісіздік) мәндерін негізге ала отырып, аталған есімдіктердің басын біріктірген.
Функционалды грамматика ұстанымдары бойынша, анықтық-танықтық (белгілілік-белгісіздік) функционалды-семантикалық категориясы сөз болып отырған нәрсенің, адамның т.с.с. сөйлеуші мен тыңдаушыға қаншалық белгілі-белгісіз болуына, таныс-бейтаныс болуына негізделеді. Бұл жерде А.Байтұрсынұлы есімдіктерді жіктеуде осы ерекшелікке ерекше мән берген. Ғалымның шектеу және танықтау есімдіктерін анықтық-танықтық
(белгілілік-белгісіздік) мәндерін білдіруіне байланысты өзіндік оппозиция құрай алатынын ескергені байқалады.
А.Байтұрсынұлы еңбектерінде танықтау есімдігі нәрсенің жоқтығын (ешкім, ештеңе, ешбір), анық белгілі еместігін, (әлдекім, әлдене) немесе түгел еместігін (кейбір, кайсыбір) білдіретіні сөз болса, Қ.Жұбанов, С.Аманжолов, Ғ.Бегалиев, Н.Сауранбаев еңбектерінде нәрсенің жоқтығын білдіретін сөздер -болымсыздық есімдіктері, анық белгілі еместігін білдіретін сөздер - белгісіздік есімдіктері, түгел еместігін білдіретін сөздер - алалау есімдіктері деп аталып, танықтау есімдігінің мағыналық ерекшеліктеріне сәйкес өз ішінен одан әрі таратыла түскен. Сол сияқты шектеу есімдіктері өздік есімдігі және жалпылау есімдігіне жіктелген. Бұлайша жіктеу бүгінгі таңдағы оқулықтарда да үрдіс алып келеді. Яғни, кейінгі оқулықтардағы
есімдіктердің берілуі С.Аманжолов, Ғ.Бегалиев, Н.Сауранбаев жіктеулеріне ұқсас екенін көреміз. “Тәуелдеу есімдігі” деген атаудың орнына “өздік есімдігі” деп аталғаны болмаса, басқа өзгешелік жоқ. Бүл оқулықтардың бәрінде де белгісіздік есімдіктері бір, әр, әлде сөздерінің ұйытқы болуымен жасалатыны сөз болады. А.Байтұрсынұлы еңбектерінде әр сөзі шектеу есімдігі ретінде танылады. Дұрысында, кейбір, қайсыбір, әлдекім, әлдене т.с.с есімдіктермен салыстырғанда, әр есімдігімен бірігу арқылы жасалған әркім, әрбір, әрқайсысы сияқты есімдіктерде белгісіздік мәннен гөрі нақтылық, белгілілік басым. Бұл ерекшелік әр сөзінің зат есіммен тіркесуінен айқын көрінеді: әр адам, әр оқушы, әр ай, әр зат т.б. Ендеше, әр сөзінің қатысуымен жасалған есімдіктерді белгісіздік есімдігінің қатарына қосуға келмейтін тәрізді. Оның үстіне болымсыздық есімдігі ретінде танылып жүрген ешкім, ешқайсы, ешбір, ештеңе т.с.с еш сөзінің ұйтқы болуы арқылы жасалған есімдіктердің орнына белгісіздік есімдіктері де жүре алады: ешкім келмеді - біреуі де келмеді, ешқайсысы да айтпады - бірі де айтпады, ештеңе қалмады - бірдеңе қалмады т.б. Ендеше, өзара мәндес, шектес мүндай есімдіктерді жіктемей-ақ, топтастырып берген дүрыс сияқты.
Шақ категориясы – қимылдың, іс-әрекеттің сөйлеу кезінен бұрын, сөйлеу кезінен кейін және сөйлеу кезінде болғанын білдіретін етістіктің грамматикалық категориясы. Морфологиялық белгісі мен шақтық мағынасына қарай өткен шақ, осы шақ және келер шақ болып үш түрге бөлінеді. Өткен шақ сөйлеу кезінен бұрын болған іс-әрекетті, қимылды білдіреді. Н. Сауранбаев өткен шақты ежелгі өткен шақ, жедел өткен шақ, бұрын өткен шақ, тиянақсыз өткен шақ деп 4 түрге, Ы. Маманов жедел өткен шақ, бұрынғы өткен шақ, ежелгі өткен шақ, дағдылы өткен шақ, қатысты өткен шақ деп 5 түрге, А. Ысқақов анық (айғақты) өткен шақ, танық (айғақсыз) өткен шақ және неғайбыл (ауыспалы) өткен шақ деп 3 түрге, Н.
Оралбай жедел өткен шақ, бұрынғы өткен шақ, ауыспалы өткен шақ, қатыстық өткен шақ деп 4 түрге бөледі. Қазақ тілінің академиялық грамматикаларында өткен шақтың жедел өткен шақ, бұрынғы өткен шақ және ауыспалы өткен шақ тәрізді түрлері анықталады. Қазіргі тіл жүйесінде де осы үш түр орныққан.
Жедел өткен шақ -ды,-ді, -ты,-ті жұрнақтары, бұрынғы өткен шақ көсемшенің -ып, -іп, -п, есімшенің -ған,-ген,-қан, -кен және -ушы жұрнақтары, ауыспалы өткен шақ есімшенің -атын, -етін, -йтын, -йтін жұрнақтары арқылы жасалады.
Осы шақ сөйлеу кезінде болып жатқан іс-қимылды, әрекетті білдіреді. Осы шақты топтастыруда А. Ысқақов оны жалпы осы шақ, нақ осы шақ және неғайбыл осы шақ деп 3 түрге бөлсе, Н. Сауранбаев, Н. Оралбай нақ осы шақ, ауыспалы осы шақ деп. 2 түрге бөледі. Нақ осы шақ отыр, жатыр, жүр, тұр етістіктерінің жіктік жалғауын тікелей қабылдауы арқылы және осы етістіктердің көсемше тұлғалы негізгі етістіктерге тіркесуі арқылы жасалады. Мысалы: отырмын, жүрсің, тұр, айтып отыр, жазып тұр, т.б. Ауыспалы осы шақ көсемшенің -а,-е,-й жұрнақтары арқылы жасалады. Мысалы: ойлайды, барады, айтады, жүзеді, т.б.
Келер шақ іс-әрекеттің алдағы уақытта болатынын білдіреді. Н. Сауранбаев келер шақты шексіз келер шақ, шекті келер шақ, мақсатты келер шақ, Ы. Маманов ауыспалы келер шақ, болжалды келер шақ, ниет келер шақ, А. Ысқақов жалпы (анық)келер шақ, болжалды келер шақ, мақсатты келер шақ, Н. Оралбай ауыспалы келер шақ, болжалды келер шақ, мақсатты келер шақ деп топтастырады. Қазіргі грамматикада соңғы топтастыру негізге алынады. Ауыспалы келер шақ көсемшенің -а,-е,-й, есімшенің -атын,-етін,- йтын,-йтін жұрнақтары, болжалды келер шақ есімшенің -ар,-ер,-р,-с, мақсатты келер шақ -мақ,-мек,-бақ,-бек,-пақ,-пек,-ғалы,-гелі,-қалы,-келі жұрнақтары арқылы жасалады.
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ: М.Томанов. Қазақ тілінің тарихи граматикасы. Алматы. «Мектеп».1988. –Б. 222-225.
А.Ысқақов. Қазіргі қазақ тілі. Морфология. Алматы. «Ана тілі». 1991. –Б. 222-274
Маманов.Ы «Қазақ тіл білімінің мәселелері»Құраст.: ф.ғ.д. Ғ. Əнес. – Алматы: «Абзал-Ай» баспасы, 2014. – 640 бет.
Жұбаева О.С. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Грамматика бөлімінің меңгерушісі, ф.ғ.д. А.Байтұрсынұлының қазақ грамматикасына қатысты атаулары.
А.Ысқақов .Қазіргі қазақ тілі. Алматы: Ана тілі. 1991