Семинар тақырыбы: функциональды-семантикалық өріс «Өріс» термині тіл білімінде ең алғаш лексика саласында лексика-семантикалық немесе тақырыптық топ терминдерімен мәндес қолданыла бастаған болатын. Мәселен, кейбір лингвистикалық әдебиеттерде түрлі лексикалық топтар өрістік құрылымдар деп танылып, оларға етістіктің түрлі семантикалық топтары, туыстық атаулар, түсті білдіретін сөздер және т.б. жатқызылады. Бір өріске кіретін лексикалық бірліктер, ұғымдық, заттық не жұмсалымдық ортақтығына, тіпті тұлғалық (формалды) ұқсастықтарына қарай да біріктіріле береді. Бір өрістегі сөздердің басын біріктіретін жалпы ортақ мағынасы мен өзге лексикалық топтардан ерекшелейтін де мағынасы болуы шарт.
«Өріс – мағына ортақтығына негізделген, білдіретін құбылыстарының ұғымдық, заттық және қызметтік ұқсастығы бар тіл бірліктерінің (негізінен лексикалық бірліктердің жиынтығы)».
Қазақ тілінде біртұтас функционалды-семантикалық өріс (ФСӨ) құрып, ауызекі тілде де, жазба тілде де белсенді қызмет атқаратын мезгіл лексемаларының аясы ауқымды болып келеді. Бұлар басқа сөз топтарымен бірге сөздік қорға қатысты болып, тілдік деңгейлер аясында көрініс табады. Тіл білімінде функционалдық бағыттың негізгі қағидаты тіл бірліктерінің құрылымдық қызметімен қатар жұмсалымдық мағыналық мазмұнын ескеру болып табылады. Тілдік деңгей бірліктерін қарым-қатынас, сөйлеу жағдаятымен тікелей байланыста қарауға мүмкіндік береді[3].
Өрістің қандай да бір өзіндік сипаттамасы бар жүйе немесе құрылым ретінде анықталатындығы орыс ғалымы А.В. Бондарко ұсынған «функционалды-семантикалық өріс» теориясына және категориялық жағдаятқа негізделеді.
Функционалды грамматика жөніндегі зерттеулерде (грамматикадағы) өріс ұғымының өзі түрліше түсініледі. Бір ғалымдар функционалды-семантикалық өрісті ономасиологиялық бағыттағы функционалды грамматиканың негізгі бірлігі ретінде танып, семантикалық категорияларды сол өрістің мазмұндық қыры десе, келесі авторлар семантикалық категорияларды алға шығарып, өрісті сол мағыналық категориялардың тұлғалық көрсеткіші, тұрпаттық қыры дейді. А.В. Бондарко бұл екеуін бір ұғымның ішіндегі екі аспектісі ретінде көрсетеді.
Сонымен, функционалды-семантикалық өріс дегеніміз – сөйленімде атқаратын не орындайтын семантикалық функцияларының ортақтығына қарай біріккен тілдің әр деңгейіне жататын (морфологиялық, синтаксистік, сөзжасамдық, лексикалық, құрама – лексика – синтаксистік және т.б.) тілдік құралдар жүйесі. Функционалды-семантикалық өрістер тілде синтагматикалық қатынас тұрғысынан негізгі және қосалқы мүшелерге бөлшектенеді. Өріс туралы айтқанда, ең алдымен, ортақ семантикалық функцияларына қарай біріккен тілдік құралдар топтамасы мен олардың жүйелі-құрылымдық ұйымдасуы туралы мәселесі алға қойылады. Ал функционалды-семантикалық категория осы өрістің семантикалық, мағыналық қырын қарастырады.
Функционалды-семантикалық өрістерді зерттеу кезінде оның құрылымындағы негізгі және қосалқы компоненттерді анықтаумен қатар, оның басқа өрістермен тоғысу шеңбері, яғни астас келу, ерекшеліктері де қарастырылады. Бұдан ФСӨ-лердің бір-бірімен байланыссыз өмір сүретін жеке дара құбылыс емес екендігін көреміз. ФСӨ-лер арасындағы мұндай арақатынас өріс теориясының шарттылыққа құрылуымен байланысты. Өйткені әрбір өрісті категориялық жағдаяттарға қарай икемдеуге болады.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі: 1. Қалиев Ғ. Тіл білімі терминдерінің түсіндірме сөздігі. – Алматы, Сөздік-Словарь, 2005. – 439 б.
2. Жолшаева М. Лингвистикадағы өріс теориясы. // Қазақ тілі мен әдебиеті. 2007. №2. 49-55 б.б.
3. Абдуова Б.С. Функционалды-семантикалық өрістегі мезгіл мәнді тұрақты тіркестер. www.inform.kz 2010-1012.wwwz.inform.kz