Семинар Тақырыбы: Генеология пәні, ерекшеліктері


Генеалогияның басқа пәндермен байланысы



бет2/2
Дата24.09.2022
өлшемі19,06 Kb.
#40085
түріСеминар
1   2
Генеалогияның басқа пәндермен байланысы.
Қоғамның әлеуметтік жіктелушілігін болдырмауға ұмтылған кеңестік кезең мен алғашқы қауымдық қоғам дәуірінде болмаса, адамзат дамуы, оның қоғамдық қатынастары мен құрылымы әлеуметтік топтардың пайда болуы мен дамуы арқылы ерекшеленеді. Шығу тегі, ата-аналарының әлеуметтік жүйедегі орны олардың ұрпақтарының құқы мен міндеттерін, қоғамдағы орнын, еркіндік дәрежесін, әкімшіліктегі және әскердегі қызметін айқындады. Ерікті адамдардың өздері еркін, толық құқылы және артықша құқылы топтарға жіктелді. Бұның барлығы мұраға қалдырылып отыратын болды. Ол сонымен қатар некелесу кезінде де өзіндік орын алып отырды.
Әлеуметтік жіктер мен топтар осындай қоғамдық, әскери және саяси қатынастарда ғана емес, экономикалық қатынастарда да өзіндік орын алған еді. Мәселен ортағасырларда жер иелену мен пайдалану құқы адамдардың әлеуметтік статусына байланысты болды және сол негізде мұраға қалдырылды. Бұл ірі жер иеліктерінің қалыптасуына ықпал етті. Сонымен қатар, алғашқы капиталдың қорлануы, өндірістік қатынастар тарихында да адамдардың әлеуметтік тегіне қатысты мәселелер көп.
Генеалогиялық фактор некелік-отбасылық қатынастарды қалыптастыра отырып, демографиялық үрдіске де ықпал еткен деп саналады. Некелесудің әлеуметтік топ бойынша шектенушілігі, мүліктік, рулық, династиялық мүдделерге бағындырылуы өз кезегінде орташа некелесу жасына, бала туу мен өлім дәрежесіне, ауырудың тұқым қуалауына әсер етеді.
Ал белгілі бір әлеуметтік топқа тән болу адам дүниеге келген кезде –ақ оның білімі мен мәдениетінің дәрежесіне, идеялық көзқарасына, психологиясына, діни нанымына, тіпті тіліне де әсер етеді. Белгілі бір тарихи кезеңдерде адамдардың шығу тегі саяси тарихта да маңызды рөл атқарды. Бұл ең алдымен билік жүйесі тарихына тығыз байланысты болды. Өйткені билік мұра ретінде қалдырылып отырды. Сондықтан, әсіресе ортағасырлық кезеңде, өз билігін заңдастыру және мықты қолдаушыға ие болу мақсатында билеушілер отбасылары арасында туысқандық байланыстар орнатуға ұмтылыс күшейді. Туысқандық байланыстар немесе жекелеген билеушілердің отбасылары арасындағы бәсекелестік пен жауығу белгілі бір елдің арасындағы саяси күрестің сипаты мен мазмұнын айқындады.
Билеуші топтар арасындағы некелесу дипломатиялық қатынастардың тұрақтылығына ғана емес, кейде мұрагерлік үшін күрестер мен соғыстарға да алып келіп отырды. Бұл айтылғандардың мысалдарын Қазақстан тарихы бойынша көптеп кездестіруге болады. Мәселен, Қытай императорларының Үйсін күнбилеріне қыздарын беруі, Шыңғыс ұрпақтары арасындағы, олардың басқа елдер билеушілерімен некелесу арқылы туысқандық орнатуы және т.б.
Сонымен байқап отырғанымыздай, генеалогия мәселелері қоғам өмірінің көптеген қырларын қамтиды екен. Ол әлеуметтік тарих, саяси тарих, экономикалық тарих, тіптен мәдениет тарихы мен тарихи демография мәселелерін толықтырып қана қоймай, тереңдете зерттеуге мүмкіндік беретін дерек көздерімен қамтамасыз етеді. Бұл айтылғандар генеалогияның тарих ғылымымен тығыз байланыстағы саласы екендігін байқатады.
Генеалогияның тарихилық негізін, оның қосалқы тарихи пәндермен де тығыз байланысты екендігі айқындай түседі. Генеалогиялық мәліметтер антропонимика, тарихи география, тарихи демография, нумизматика, сфрагистика, топонимика, хронология және басқа да қосалқы тарихи пәндер бойынша зерттеулерде пайдаланылады. Сондай-ақ дәл осы қосалқы тарихи пәндердегі зерттеу әдістері мен жинақталған тәжірибелер генеалогияда да қолданысқа ие бола алады. Мәселен, адамдардың аттарын зерттейтін антропонимика қазіргі кезде қолданысқа ие болған үшсатылы атау жүйесінде, алдымен адам атының, содан соң әкесінің атын, кейініректе атасының атын атаудың және жазудың қалыптасқандығын көрсетеді. Ал әлемдік діндер, әсіресе ислам және христиан діндерінің пайда болуы олар таралған аумақтардағы халықтардағы адам аттарына да үлкен ықпал еткендігін байқатады. Мысалы, қазақтарда бұрын шаруашылыққа, өмір салтына қарай жан-жануарларға, төрт-түлікке, батырлар мен қадырлі бабаларға, жер-су атауларына байланысты аттар қойылып келсе, ислам діні енгеннен кейін пайғамбарлардың, қасиетті тұлғалардың аттарын қою басталды. Бұлар генеалогиялық зерттеулерде де ескерілетін болады. Ал тарихи география отбасылардың, рулардың, тайпалардың мекендеген аймағын, қоныс аударуы мен белгілі бір тұлғаның , адамның шығу тегін, туылған жерін, анықтауға көмек береді.
Генеалогия тарихи демографиялық зерттеулерде де кең түрде қолданылып жүр. Ежелгі және орта ғасырлар, тіпті жаңа заман бойынша да көптеген халықтардың саны, оның динамикасы, яғни туылуы, қайтыс болуы, соғыстар мен әртүрлі індетті ауырулар барысындағы азаюы және басқалар жөнінде мәліметтер жоқтың қасы. Сондықтан да тарихшылар ол кезеңдердегі халықтың саны туралы жобалап қана айтуға немесе мәселені үнсіз, айналып өтуге мәжбүр болып жүр. Мұндай кезеңдердегі ауқымды есептеулер көбінесе генеалогиялық мәліметтер мен есептеу тәсілдері бойынша жасалып келеді. Мәселен, генеалогиялық заңдылық деп есептелетін бір ұрпақтың өмірінің ұзақтығын шамалап есептеу тәсілі бойынша жеке тарихи тұлғаның, адамның өмір сүрген уақытын айқындау кеңірек қолданыс табуда. Генеалогиялық зерттеулер барысында бір жүз жылда орта есеппен ерлердің үш ұрпағы өмір сүреді, оларда әке мен баланың жас айырмашылығы орташа есеппен 30-35 жас деп саналады. Мұнымен қатар, генеалогия әртүрлі әлеуметтік топтардағы орташа неке жасы, бала тууының орташа мөлшері, демек олардың динамикасы туралы болжамдар жасауға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда мұндай мәліметтер компьютерлік есептеулер арқылы да анықтала түседі.
Хронологияның, әртүрлі діни мейрамдардың әдіс-тәсілдерін білу туған күнін, некелесуін, қайтыс болған уақытын нақтылау мүмкіндіктерін тудырады. Мысалы, хижра жылы бойынша мәліметті қазіргі қолданыстағы күнтізбеге аудару арқылы генеалогиялық даталарды нақтылау хронологиялық білім негізінде іске асады.
Бұлармен қатар, генеалогиялық зерттеулерді өз еңбектерінде әдебиетшілер, өнертанушылар, сондай-ақ медицина, биология, генетика, криминалистика мамандары да пайдалануда. Жоғарыда айтылғандардың барлығы генеалогияның көптеген ғылыми салалармен байланысты екендігін көрсетеді. Генеалогиялық зерттеу нәтижелерін көптеген ғылым салаларында пайдалану қажет болса, өз кезегінде ол да басқа ғылымдардың мәліметтерін, ерекше зерттеу әдіс-тәсілдерін қолдана отырып, кеңейе, толыға түседі.
Бұл айтылғандар бүгінгі таңда генеалогияның өзекті, маңызды, әрі күрделі ғылыми пән екендігін дәлелдей түседі.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет