Тоқтарбеков Мәди, «ҒТ-202» 3-семинар Тақырыбы: Генеология пәні, ерекшеліктері Генеалоогия (грекше (genea) — «тегі», «отбасы» (logos) — «сөз, білім» деген сөздерден құралған. Оның ғылым саласы, пән ретіндегі анықтамасы әртүрлі болып келеді. Тарих ғылымының бір саласы ретінде алғанда зерттеушілер генеалогияның кең және тар мағынадағы анықтамаларын ұсынып жүр. Бірақ олардың өзінде де айырмашылықтар кездеседі. Тар мағынадағы анықтамалардың бірі генеалогияны шыққан тегін зерттеу, жүйелеумен, жекелеген ру, отбасы және тұлғаларды, олардың туысқандық байланыстарын, биографиялық фактылерді айқындаумен айналысатын арнайы немесе қосалқы тарихи пән ретінде көрсетеді. Ал келесі бір зерттеушілер генеалогияны жеке индивидтердің пайда болуын және олардың арасындағы туысқандық қатынастарды анықтайтын, сонымен қатар жекелеген рулардың пайда болуын және олардың белгілі дәуірдегі әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық өмірдегі рөлін зерттейтін ғылым ретінде бағалайды.
Ал үшінші біреулері генеалогияны – шыққан тегін зерттеу, шежіресін жасаумен, жекелеген рулардың, отбасының және адамдардың пайда болуын және де олардың тығыз байланысын, бұл адамдардың негізгі биографиялық фактылері мен қызметі, әлеуметтік статусы және жеке меншігі туралы мәліметтерін анықтаумен айналысатын тарихи пән деп те көрсетіп жүр. Бұл анықтамада генеалогияның мақсат-міндеттері кеңейтіле түскен. Осы негізде алатын болсақ, генеалогия – шыққан тегін қалпына келтіруді, отбасы тарихын және олардың мүліктік жағдайын, әлеуметтік статусын, мемлекеттік жүйедегі орнын, қоғамдық және мәдени өмірге қосқан үлесін зерттейтін қосалқы тарихи пән болып есептеледі. Бүгінгі таңда тарих ғылымында осы анықтама біршама басым болып отыр.
Өте ерте кезеңдерден бері адамдар өздерінің ата-бабалары, олардың ерліктері мен ерекше істері туралы өз ұрпақтарына үлгі ретінде айтып, басқалар алдында мақтаныш тұтып отырды. Бұл сөз жоқ генеалогиялық мәліметтердің сақталуына, жинақталуына ықпал етті. Патшалы Ресейдің отаршылдық саясаты, кеңес үкіметінің тарихи жадыны өшіруге ұмтылысы бұл бағыттағы жалпыхалықтық сананы біршама тоқыратты. Еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізуі тарихи сананың қарқынды өрлеуіне мүмкіндік тудырды. Соның барысында елімізде генеалогиялық бағыттағы еңбектер көптеп жарық көре бастады. Бұл әсіресе тайпалық, рулық қатынастар белгілері әлі де болса сақталып отырған, тарихи шындық бүркемеленіп келген қазақ халқы үшін заңды құбылыс еді. Бұрынғы жабық болып келген мұрағат қорларына қол жете бастады. Зерттеушілердің жеке тұлғалар мен ру-тайпалардың тарихтағы орны жөніндегі мәселеге назар аударуына жол ашылды. Соның барысында генеалогиялық мәселелер бүкіл ел көлемінде және жекелеген аймақтар мен ру-тайпалар бойынша да зерттеле бастады. Сөйтіп бүгінгі таңда, елімізде генеалогияға деген қызығушылық артып отыр. Оны біз әртүрлі дәрежедегі, әртүрлі көлемдегі шежірелерден, жеке тұлғалар жөніндегі еңбектерден байқаймыз.