Семиотика (гр. semeion - белгі, таңба) (семиология) — таңбалық белгілер жүйесі туралы ғылым, адамзат қоғамына қызмет ететін салалардағы (тіл, мәдениет, салт-дәстүр, кино т.б.), табиғаттағы (жануарлар дүниесіндегі коммуникация) немесе адамның өз қызмет-қабілетіндегі (заттарды көру, есту арқылы қабылдау, логикалық пайымдау) ақпараттың сақталуы мен қабылдануына қатысты әр түрлі таңбалық жүйелердің құрылымы мен қызметінің жалпы мәселелерін зерттейтін ғылыми пән. "Таңбалар жайындағы ғылым" ретінде семиотиканың алғашқы негізгі ұстанымдары табиғи тілді байқауға байланысты Ч. С. Прис пен Ф. де Соссюрдің еңбектерінде айтылған [6]. Бұл ғаламтордан анықтама семиотика ғылымын сипаттайды. Алайда біздің ойымызша, осы анықтамадағы таңбалар жайындағы ғылым анықтамасы дүрыс қолданылмаған. Таңба сөзінің орнына белгілер жайындағы ғылым деген анықтама дұрысырақ болар еді. Сонда осы орайда мынадай сұрақ туындайды: Белгі мен таңбаның айырмашылығы неде? Екеуін кез келген уақытта синоним ретінде қолдана аламыз ба? Және қай сөзге басымдырақ рөл беру керек? Екеуінің семантикалық айырмашылығы неде?
Осы сұрақтарға жауап беру үшін сөздіктерге жүгінейік:
Таңба 1.Белгi, ен, мөp. Аттың санындағы ~, әpiп ~сы, қол ~сы. 2. Ауыс.Қаяу, дақ, кек. Ауыp бейнет өз таңбасын қалдыpған (Әлiшев). ◊Тайға таңба басқандай - ап-айқын, айдай анық. Таңбалы Таңба салынған, таңбасы баp. ~тас (сан, саулық). [7] Тайға таңба басқандай, таңбалы тас, таңбасын ойып қалдырды, өз таңбасы бар деген тіркестер бар да, ал белгіге қатысты белгі берді, белгі қойды, белгі соқты деген тіркестер бар. Екі тіркестер қатарын салыстырсақ таңбаның семантикалық салмағы басымырақ екенін байқаймыз. Не себепті? Таңба сөзінің тас, ою сөздермен қатар келу себебі – ол ойылып, нақтылап, анықтап өз ізін, өз ерекшелігін, артықшылығын көрсету мақсатында тасқа қашау арқылы түсірілген белгі. Яғни, ол тасқа қашап түсірілгендіктен ол ұзаққа дейін сақталып тұрады және анық бір хабарламаны жеткізу мақсатында қолданылады. Ол хабарламаның айқындығы соншалық, оны ешқандай да аудармашының, түсіндірудің көмегінсіз бірден ұғасыз және де сол таңбаның өзі символдық деңгейдегі белгілер болып табылады. Өйткені, мысал үшін, қазақ ру-тайпаларының әр қайсысының өзіндік таңбалары болған. Ол таңбаларды символ емес деп айта алмаймыз. Және де ол таңбаларды біз белгілі бір дүниетанымдық біліміміз болмаса, ондағы ақпараттың мәнісін де талдап, анықтай алмаймыз. «Көшпелі түркілерде таңба әмбебап қызмет атқарған. Таңба ұғымының бастапқы мағынасының өзі «Ойлап табу, тану». Оның мәдени-рухани астары қат-қабат. Тек, уақыт көші алға жылжып, түрлі қоғамдық – саяси жағдайлар қалыптасқандықтан, таңбалардың бұрынғы «құпиясы», қадір-қасиеті ұмытылып, қосалқы ру – тайпа таңбасына, символикалық белгісіне айналып кеткен. Сол кезде таңбаның мал-мүліктің иесін аңғартатын мағынасы ғана назарда болып, соған ғана мән берілген. Тіл мамандарының болжамынша, таңбадан «теңге», «тамғашы – таңбашы» ұғымдары пайда болған» [8]. Осы сипаты бойынша аталмыш таңбалар символ қатарына жатады деген қорытынды шығаруға болады. Дәл сол сияқты таста табылған таңбалар да символдық мәнге ие. Сондықтан біздің ойымызша, символикалық зерттеу жасағанда, белгілерді таңба және символ деп бөлген дұрыс емес. Осы талдаулар негізінде таңбаны біз символмен қатар айта алатын белгі ретінде толық сеніммен айта аламыз. Тіпті таңба сөзін кей мәтіндерде символ сөзіне балама ретінде қолдануға болады деп айтуымызға толық негіз бар. Сонымен, таңбаны талдаудан түйетініміз – таңба міндетті түрде сызылған, жазылған немесе қашалған графикалық объект болуы тиіс. Және де ол – символикалық мағынасы бар терең мәнді белгі.
Ал белгі сөзіне түсіндірме сөздікте мынадай анықтама беріледі:
Белгі 1. Шаpтты таңба, ен. Қойға ~ салу кеpек. 2. Бip нәpсенiң басқадан өзгешелiгi. Малшы малды түpлi ~леpi аpқылы ажыpатады. 3. Белгiлi бip құбылыстың нышаны, сыңайы. Кешiкпей күз ~сi көpiндi. 4. Айpықша атақты бiлдipетiн айыpмашылық, өзгешелiк, еpекшелiк нышан. Пиджагiнiң өңipiнде Совет одағының батыpы ~сi баp (Hұpшайықов). ◊ Белгi беpдi [еттi] - аңғаpтты, бiлдipдi, сендipдi.Белгi қойды - таңба салды, белгiледi. Белгi салды [соқты] -шаpтты таңба қойды [7]. Семиотканың анықтамасында «ғылым, адамзат қоғамына қызмет ететін салалардағы (тіл, мәдениет, салт-дәстүр, кино т.б.), табиғаттағы (жануарлар дүниесіндегі коммуникация) немесе адамның өз қызмет-қабілетіндегі (заттарды көру, есту арқылы қабылдау, логикалық пайымдау) ақпараттың сақталуы мен қабылдануына қатысты әр түрлі таңбалық жүйелердің құрылымы» деген сипаттама бар. Бұл анықтамаға сүйенсек, семиотка жай ғана графикалық объектілерді зерттемейді. Ол мән зерттейді. Қазіргі семиотик ғалымдардың ішіндегі танымал ғалымдардың бірі Умберто Эко өз еңбегінде «семиотка белгі ретінде қарастырылуы мүмкін барлық нәрселерді зерттейді» [9-7] деп анықтама береді. Осы анықтаманы қазақшаға «семиотка таңба ретінде қарастырылуы мүмкін барлық нәрселерді зерттейді» деп аударсақ, қате болар еді. Өйткені жоғарыда атап өткеніміздей, таңба дегеніміз графикалық объектілер, ал графикалық емес бірақ белгілі бір мәнге ие объектілер белгі ретінде қарастырыла алады. Мысалы, фотоаппаратпен түсірілген суреттер, ым-ишара т.с.с. Ал таңба өз кезегінде белгінің бір түрі бола алады. Яғни белгінің қамтитын ауқымы таңбаның ауқымынынан кеңірек. Алайда кейбір белгілердің семантикалық мәні, ақпараттық қызметі әлсіз болуы мүмкін, ал таңбаның символикалық мәні өте жоғары болып келеді. Сондықтан да біздіңше, семиотика ғылымына белгілер жүйесін зерттейтін ғылым деп анықтама берген дұрысырақ болар еді.
Отандық ізденушілеріміздің қолданатын әдебиеттер тізімі негізінен орыс тілді екенін ескерсек, кей жағдайларда зерттеушілер бағыты батыстық ғалымдардың соңғы жаңалықтарынын хабарсыз қалу қаупі бар. Оның үстіне қазіргі заманғы қазақ тілді ғылыми еңбектердің аздығы да әзденушілер үшін біршама кедергілер туындатып отыр. Сондықтан аталған еңбектегі аз да болса мәлімет отандық семиотика ғылымының зерттеушілеріне аз да болса ізденістеріне көмек болар және де өз ізденістерінде семиотиканың соңғы күнгі зерттеу тәсілдерін қолдануға мүмкіндік берер деп үміттенеміз.