Қазақ тілі терминологиясындағы қимыл атау формасымен келетін терминдер көбінесе орыс тіліндегі – ени(е), ани(е) суффикстері арқылы жасалған терминдерге сәйкес келетінін байқауға болады. Мәселен, септеу –склонение, жіктеу – спряжение, жалғау – окончание, теңеу – сравнение, ойлау – мышление, тозаңдану – опыление т.б. Сондай-ақ орыс, тіліндегі – к(а) және – изаци(я) суффикстері арқылы жасалған кейбір терминдердің мағынасын да қазақ тілінде қимыл атау формасы арқылы беруге болады. Мысалы, жекешелендіру – приватизация, сұрыптау – сортировка, арзандату – уценка т.б. Бұл құбылыс тіліміздегі қимыл атау формасымен келетін етістіктердің семантикалық мүмкіндігінің молдығын және терминдену процесіндегі өнімділігін аңғартады.
В.Даниленкоорыс тілінде «егер етістік барлық уақытта тек процестің, әрекеттің терминделуші ұғымын білдірсе, етістіктен жасалған зат есімдер өзінің грамматикалық табиғатына сәйкес заттық ұғымды білдіріп, процесс нәтижесін, әрекет ету құралын белгілейтін екінші заттық мағына туғызады, ол іс жүзінде процесті белгілейтін терминмен омоним болады»51, – дейді.
Етістік негізіне – у жұрнағы жалғану арқылы жасалған формалар тілімізде етістік категориясының құрамында қаралып жүргенімен, қимылдың, әрекеттің нақтылы процесін білдіруден гөрі оның атауы ретінде қызмет ететіндіктен де қимыл атауы делініп, семантикасы жағынан да, түрленуі жағынан да етістіктен гөрі зат есімге жақынырақ екендігі айтылып жүр52 .
Қимыл атаулары терминологияда қимыл-әрекетті білдіру мағынасын сақтай отырып, көбінесе дерексіз заттық ұғымдардың атауы болып келеді. Яғни, белгілі бір процесс пен сол процесс нәтижесінде туындаған заттық ұғымның басын қосып, бір ғана атаудың ішіне сиғызады. Қимыл атауларының бұл әмбебаптық қасиеті бірінен-бірі туындайтын іргелес жатқан ұғымдардың аражігін ашудан гөрі олардың арасын жымдастырып, жақындата түседі. Іс жүзінде ондай тұтастықтың ғылымда немесе кез келген арнаулы салада сол ұғымдардың арасы айқын ажыратылмауына, болмаса оларды жіктеудің қажетсіздігіне байланысты болуы да мүмкін. Тілде процестік ұғым мен заттық ұғымның аражігі ажырап, дербес мағынаға не болған жағдайлар да молынан ұшырасады. Мысалы, тіл біліміндегі жалғау термині «сөз бен сөзді, сөйлем мен сөйлемді жалғастырып, сөз тудырып, сөз өзгертіп тұратын қосымша», – деген ұғымды білдіреді. Мұнда нақты заттық мағына бар. Жалғау деп белгілі бір басы ашық қосымшаларды (көптік, септік, тәуелдік, жіктік жалғауларын) айтамыз. Осы қосымшаларды қандайда бір сөзге қосу процесін айтсақ, онда процестік мағына бар. «Түбір етістікке көптік жалғауын жалғауға болмайды» десек, осындағы алғашқы жалғау зат есім де, екіншісі – етістік. Бірі – заттық ұғымды, екіншісі – процесті білдіріп тұр. Бұл қатарды теңеу, қоршау, егеу, қашау сияқты терминдермен толықтыра беруге болады.
Тілдік деректерге қарағанда, егер қимыл атау формасымен келетін терминдер процесс пен дерексіз заттық ұғымды білдірсе, онда олардың аражігі көмескіленіп, бір ұғым сияқты көрінеді екен де, ал процестің нәтижесі немесеқұралы нақты ұғымды білдірсе, олардың аражігі айқындалып, дербес атаулар түрінде көрінуге мүмкіндігі арта түседі екен.
Терминологияда қимыл атау формасымен келетін терминдердің молынан ұшырасуының себебі – ең алдымен қимыл-әрекетті білдіру үшін етістіктің қажеттілігінен болса, екіншіден терминдердің ұғым атауы ретінде зат есімге тән формада көрінуді қажетсінетіндігінен деп білеміз. Қимыл атауының бойында осы екі қажеттілікті де өтейтін қасиеттер бар.
Терминологияда сын есімдердің де өзіндік орны бар. Сын есімдер негізінен тіркесті терминдердің құрамында кездеседі. Мысалы, жай сөйлем (тіл білімі), қара өлең (әдебиеттану), сары дақ (физиология), ащы ішек (медицина) деген терминдердің алғашқы сыңарлары сапалық сын есімдер де, жұқпалы ауру (медицина), қалыпты қысым (химия), тұрлаусыз мүше (тіл білімі) терминдерінің бірінші сыңарлары қатыстық сын есімдер болып табылады. Яғни, терминологияда қатыстық сын есімдер де сапалық сын есімдер де тең дәрежеде қолданылады.
О.С.Ахманова тіркесті терминдер құрамындағы сын есімнің өзі тіркесетін зат есімнен тең дәрежеде термин болатын жағдайынан, сын есімнің өзі термин болмай зат есім белгілейтін терминдік ұғымға қатысты болатын тұстарын ажырата білу қажеттігін айтқан болатын53.
Шындығында да, сын есімнің терминдік қызметін анықтауда аталған ерекшелік ескерілуге тиіс. Мәселен, қосалқы бүршік, жылдық сақина (өсімдік- тану), жаяу әскер, отты қару (әскери терминдер), қосымша құн, жеке меншік (экономика) терминдерінің алғашқы сын есім сыңарлары жеке алғанда, термин емес те, екінші зат есім сыңарлары терминдер. Арнаулы ұғым бұндай жағдай- да тұтастай сөз тіркесі арқылы беріледі. Ал дауысты дыбыс, дауыссыз дыбыс сияқты терминдердің екі сыңары да терминдік ұғымдарды білдіреді. Алғашқы сыңарлары жеке термин ретінде дауыстылар, дауыссыздар немесе ашық дауы- стылар, қатаң дауыссыздар түрінде сапалық сын есімдермен тіркесіп те қол- данылады. Осы тәрізді тіркесті терминдердің құрамындағы дербес терминдік мағынасы бар сын есімдерді В.Даниленко «терминдік элемент» деп көрсетеді, [1971, 56]. Біз де осы пікірді қолдай отырып, екі сыңары да терминдік ұғымды білдіретін тіркесті терминдердің құрамындағы сын есімдерді терминдік эле- мент деп білеміз. Өйткені олар бүтіннің бөлігін құрайды әрі негізгі терминдік ұғымды білдіруші басыңқы сыңарына нақты терминдік мағына үстейді.
Алғашқы сыңарлары дербес терминдік мағынаны білдірмейтін (қосалқы бүршік) терминдердің айырмасы – олар ұғымдардың аражігін ажыратушылық қызмет атқарғанымен дербес терминдік мағынаны білдіре алмайды.
Терминологияда сын есімнің зат есім сияқты дербес ешбір сөзбен тіркеспей терминденуі де ұшырасады. Мәселен сезікті (подозреваемый) деп, заң ғылымында «қылмыс істеді деген күдікпен ұсталған және айып тағылмастан бұрын бұлтартпау шарасы қолданылған адамды»54 айтады. Бұл терминді толықтырып айтсақ, «сезікті адам» деген болар едік. Алайда, дауысты дыбыс терминін дауыстылар деп қолданған сияқты бірінші сын есім сыңары ғана алынып отыр. Сын есім субстантивтенген.
Тіліміздегі үстеу, есімдік сияқты сөздердің терминденуі өте сирек. Терминденген жағдайдың өзінде олар зат есім қатарына көшеді. Терминденуі жағынан зат есімнен кейінгі орында тұрған сын есім мен етістікке де заттану құбылысы жат емес. Кейбір ғалымдар (В. Даниленко т.б.) ғылыми әдебиетте етістіктердің терминдік мәнде жұмсалатынына көбірек мән беру керектігін айтады. Алайда терминдер мен олардың ғылыми әдебиетте қолданылуын бір деңгейге қоюдың қисыны жоқ.
Қорыта айтқанда, терминдер алуан түрлі арнаулы салалардағы деректі немесе дерексіз ұғымдардың атаулары ретінде заттық формада көрінеді. Терминнің осы қасиетіне сәйкес мейлі ол қай сөз табынан жасалса да субстантивтенеді. Ендеше сөз таптарының терминденуі олардың зат есім қатарына өтуімен тікелей байланыста жүзеге асырылады.
Терминжасам барысында қандай кемшіліктер орын алып жүр деген мәсе- леге келсек, олар негізінен төмендегідей болып келеді: Біріншіден, тіліміздегі сөз тудырушы жұрнақтар терминжасам барысында орнымен жұмсалмай ке- леді. Белгілі бір жұрнақтарды шектен тыс көп пайдаланамыз да тілімізде бар жұрнақтардың қалған басым бөлігі іске қосылмай жатады. Соңғы он шақты жыл көлемінде жаңадан туындаған терминдер мен атауларды саралап көрсек, оған айқын көз жеткізуге болады. Бұл тұрғыдан келгенде қазіргі терминжа- сам барысында ең жиі қолданылып жүргендердің қатарына етістіктен зат есім тудыратын -ма /- ме (-ба/-бе, -па/-пе) жұрнағын да қосуға болады. Бұл жұр- нақтың ХХ ғасырдың бас кезінде, дәлірек айтқанда А.Байтұрсынұлының терминжасам тәжірибесінде кеңінен қолданылғанын білеміз. Оған Ахаң қа- ламынан туындаған сауықтама, зауықтама сарындама, салттама, ғұрып- тама, қалыптама, кескіндеме сияқты терминдері мысал бола алады. Осы үл- гімен жасалған анықтама, міндеттеме, мінездеме сияқты бірқатар терминдер өткен ғасырдың 90-ыншы жылдарына дейін-ақ тілімізде орныққан болатын. Термин шығармашылығында ұлт тілінің ішкі мүмкіндігі біршама пайдаланы- ла бастаған қазіргі кезеңде де бұл жұрнақ өнімділік танытып отыр. Мәселен, кепілдеме (рекомендация), көшірме (выписка), құжаттама (документация), бұрыштама (виза), аңдатпа (аннотация), жазба (записка), тізімдеме (опись), дайындама (заготовка), үстеме (надбавка), сараптама (экспертиза), ұңғыма (скважина), үстеме (нагрузка), қаптама (кожух), орама (обмотка), т.б.
Әлде бұл жұрнақтардың өнімділік танытуының өзге де себептері бар ма деген мәселеге келер болсақ, өзге сөз тудырушы жұрнақтардан қандай да бір артықшылығы бар деудің аса қисыны бола қоймас. Керісінше, бұл жұрнақ арқылы жасалған терминдерді болымсыз етістікпен (барма, келме, оқыма, жүрме) тұлғалас болғандықтан атауға аса лайық емес деген пікір де айтылып жүр. Мәселен, кірістірме (вставка) лықсыма (сброс), кеңейме (дилатация), жылжыма (оплывина), тәртіптеме (распорядок), қайталама (вторичный), сынама (проба), сияқты баламалардың контекстен тыс тұрғандаұғым атауы емес болымсыз етістік ретінде қабылданары сөзсіз. Атау сөздің, оның ішіде терминнің ұғымды дәл беріп, басқа ұғыммен ассоциация туғызып, екіұштылыққа жетелемегені жөн-ақ. Әрине, бұл баламалар жаңадан жасалып жатқандықтан олардың әлі тілдік норма ретінде орнығып, тіл тұтынушыларының санасына сіңіп кете қоймағандығын да ескерген орынды. Әйтпесе, жоғарыда атап көрсеткен анықтама, мінездеме тәрізді -ма, -ме жұрнағының жалғануы арқылы жасалған сөздердің сөздік құрамымызда бұрыннан да бар екені белгілі. Ол аз десек, бөлме (комната), көрме (выставка), тапсырма (задание), аялдама (остановка), сарқырама (водапад), аударма (перевод) сияқты осы үлгімен жасалған көптеген атауларды да осы қатарға қосуға болады.
Әсіресе іс жүргізу саласы терминдерінің осы үлгімен көбірек жасалғанын көруге болады. Оған хаттама (протокол), бұрыштама (виза), мінездеме (характеристика), мәлімдеме (рапорт) сияқты терминдер тізбегі мысал бола алады. Ұғымдар жүйесінің ерекшелігі мен өзара байланысын тілдік тұрғыдан да жүйелеп беру үшін белгілі бір морфемаларды пайдалана отырып, ортақ моделмен, тұлғалас терминдер тізбегін түзу – салалық терминологияны қалыптастыруда қажетті талаптардың бірі болып табылады. Осы талап тұрғысынан қарағанда іс жүргізу саласы терминдері бір үлгімен жасалғандығы құптарлық іс. Алайда -ма, -ме жұрнағы мұндай жекелеген арнаулы салалармен шектелмей, барлық саланың терминдерін жасауда жиі пайдаланылып жүр. Тілімізде сөзжасам, терминжасам ісінде кәдемізге жаратылмай жатқан көптеген көмекші морфемаларымыз тұрғанда болымсыз етістікпен тұлғалас, мағынасы екіұшты әрі омонимдер қатарын көбейтетін атауларды туғыза беруді термин жасаудың ең ұтымды жолы ретінде танудың негізі бар деу қиын. Бір морфемаға сонша салмақ салудың қажеттілігі де байқалмайды. Тілші-ғалым С.Мырзабеков түзген «Қазақ тіліндегі көмекші морфемалардың сөздігінде» 849 қосымша морфеманы алфавит тәртібімен беріп, олардың сөз табына қатысын әрі мағынасы мен қызметін көрсетуге арналған мысалдар берген. Автор осы шағын еңбегінің алғы сөзінде «Қосымша морфемалардың саны, біздің пайымдауымызша, барлық варианттарын қоса есептегенде 1000-ның о жақ, бұ жағында болуға тиіс»- деп атап көрсетеді275. Осыншама көмекші морфемалар қорының ішінен негізінен сөз тудырушы жұрнақтарды грамматикалық мағынасы мен қызметіне қарай тиімді пайдалана алмай отырғанымыз анық. Сол себепті белгілі бір жұрнақтарға ғана салмақ сала береміз.
Термин шығармашылығында соңғы жылдары өте жиі қолданылып жүрген көмекші морфеманың бірі етістіктен зат есім туғызатын -м, -ым, -ім жұрнағы. Термин шығармашылығындағы өнімділігі тұрғысынан қарағанда бұл жұрнақ -ма//-ме-ден кейінгі орынды иеленіп тұр. Төмендегі берілген мысалдар осы аталған жұрнақтың жалғануы арқылы жасалған атаулардың бір бөлігін ғана құрайды. Мәселен, басылым (издание), тіркелім (прописка), таралым (тираж), ұстаным (кредо, позиция), салым (вклад), айырым (разность),өтінім (заявка), әкелім (ввоз), отбойка (уатым), жарылым (разлом), көрсетілім, берілім (передача), қойылым (постановка), оқылым (чтение),айтылым (высказывание), құрылым (структура), тізілім (реестр), ауысым (смена), өткізілім (реализация), жеткізілім (поставка), төсем (настил),иілім (изгиб), сұраным (запрос), жиналым (кворум), шегерім (вычет), маманданым (специалзация), тоғысым (смычка), жуысым (щелинность), түрленім (модификация), т.б.
Терминжасамдағы өнімділігі жағынан -ма/-ме және -м,-ым/-ім жұрнақтарымен теңеспесе де кейінгі жылдар жиірек қолданылып жүрген қосымша морфемалар қатарына -с, -ыс, -іс жұрнағын да қосуға болады. Мысалы, сұраныс (спрос), тексеріс (проверка, досмотр), тапсырыс (заказ), сілкініс (сотрясение), шығыс (расход), кіріс (приход), керіліс (натяжение), түйіс (стык), жарылыс (взрыв) т.б.
Әрине, сөзжасам, терминжасам процесінде бұл жұрнақтарды пайдаланбау керек деуден аулақпыз. Біздің айтпағымыз – ғылым мен техниканың, арнаулы салалардың барлығында айналдырған екі-үш жұрнақты пайдаланумен шектелуге болмайтындығы.
Осыған дейін де соңғы жылдары да сөзжасам, терминжасам барысында біркелкі өнімділік танытып келе жатқан -шы/-ші, -лық/-лік, (-дық/-дік, -тық/- тік) жұрнақтары. Соңғы кездері бұл жұрнақтардың жалғануы арқылы жасалған тапсырысшы (заказчик), әкімші (администратор), мұрағатшы (архиварус), салымшы (вкладчик), кеуектілік (пористость), сығылғыштық (сжимаемость), алағандық (лихоимство), әкімдік (акимат) тәрізді көптеген термин сөздер арнаулы лексикамыздың қорын толықтырды.
Термин шығармашылығында аса өнімділік таныта қоймаса да біршама орнымен жұмсалып жүрген жұрнақтар да бар. Олардың қатарына -қыш/- кіш, -ғыш/-гіш, -уыш/-уіш, -қы/-кі, -ғы/-гі сияқты жұрнақтарды қосуға болады. Мысалы, тұтатқыш (воспламенитель), түзеткіш (выпрямитель), жайтартқыш (громоотвод), ерігіш (растворимое), бөлгіш (делитель), тежеуіш (супрессор), шектеуіш (ограничитель) бұрауыш (отвертка), реттеуіш (регулятор), орауыш (катушка), қырнауыш (шабер), тамызғы (капельница), сорғы (насос), жүгірткі (бегунок), сүйреткі (шлейф), өршіткі (катализатор), сүзгі (фильтр) сияқты бірқатар терминдер осы жұрнақтардың жалғануы арқылы жасалған. Бұл жұрнақтардың көмегімен жасалған сөздерден терминге қойылатын талаптар мен атауға тән бірқатар артықшылықтарының аңғарылатынын да айта кеткен жөн болар.
Бұрын «Бабырнама», «Шаһнама», «Мұхаббатнама», «Өсиетнама», «Тотынама» сияқты кітап атаулары мен жылнама, наурызнама сияқты бірен- саран атаулардың ғана құрамында кездесетін, бізге парсы тілінен енген -нама жұрнағының жалғануы арқылы да соңғы жылдары бірнеше жаңа сөздер туындады. Мысалы, заңнама (законодательство), дәуірнама (эпопея), сауалнама (анкета), тұғырнама (платформа), сұраунама (вопросник), қазанама (некролог), рұқсатнама (виза), есімнама (персоналий), ғұмырнама (мемуар), әдіснама (методология), сапарнама (путевые записки), ғарышнама (космология), мадақнама (грамота), әзілнама (юмористика), өмірнама (биография), жұлдызнама (гороскоп), нақылнама .
Терминжасамға тікелей қатысы болмағандықтан әрі тіл мамандары тарапынан –хана жұрнағының орынды-орынсыз қолданылып жүргендігі жайлы айтылғандықтан оған тоқталып жатуды қажет деп таппадық. Сондай- ақ термин шығармашылығында аса өнімділік танытып жүрмеген өзге де жұрнақтардың барлығын бір мақала көлемінде қамтуды мақсат етпедік.
Екіншіден, тіліміздің әртүрлі лексикалық қабаттарына жататын сөздер термин шығармашылығында ұтымды пайдаланылмай жатады. Терминологиялық қорымызды ұлттық негізде байытудың ішкі көзі болып табылатын көнерген сөздер, кәсіби сөздер мен диалектизмдерді термин қалыптастыру кезінде барынша ұтымды пайдаланып отырмыз деуге әлі ерте. Мәселен, айдауыл (конвой), жасауыл (пристав), бақауыл (надзиратель), торуыл (засада), тосқауыл (заслон) сияқты көнерген сөздер мен құжат (документ), ұжым (коллектив), үрдіс (тенденция), түнек (лежка), төп (барда) тәрізді аймақтық лексика есебінен терминқорымызды байытатын сөздер тілімізде баршылық. Оларды ыждағаттылықпен жинақтап, талғаммен пайдалана білсек, ғылыми-техникалық терминологиямыздың ұлттық сипаты арта түсері анық. Батырлар жыры мен лиро-эпостық жырлардан, дастандардан, жыраулар мен ақын-жазушылар шығармаларынан, көне жазба ескерткіштерден тілімізді түлетуге жарайтын сөздерді іздеп тауып, олардың мағынасын жаңғыртып қажетімізге жаратып жатырмыз деп те айта алмаймыз. Жалпы қолданыстағы синоним сөздерді мағыналық реңктеріне қарай саралап қолдансақ та талай ұғымдардың аражігі ажыратылар еді.
Үшіншіден, аудару барысында сөз мағынасын түсініп, ұғымның мазмұны мен көлемін ажырата білмеуден туындайтын орашолақ аударма атаулар да термин шығармашылығында орын алып жүрген кемшіліктер қатарына кіреді.
Мысалы, мына төмендегі атауларды солдардың қатарына қосуға болады:
Грибковые заболевания – саңырауқұлақ аурулары, (бопа аурулары), дочерные предприятия – қыз кәсіпорындар, цельное молоко - мақсатты сүт, рукопашный бой – қоян-қолтық ұрыс, подзаконный акт – заң асты актісі, генерал-майор – қыран, капитан – қаршыға, смертность - өлімпаз, насос – алсор т.б. Мұндай сорақы аудармаларды арнаулы салалардың қайсынан да табуға болады.
Төртіншіден, бір ғана ұғымның әртүрлі ғылым салаларында түрліше аталуына жол берілуі де термин шығармашылығында кездесіп жататын кемшіліктердің бірі. Бұл кемшілік терминологиялық жұмыстарды жүргізуде ғылымаралық үйлестірудің әлсіздігінен орын алып жатады. Жалпы әртүрлі салалардағы терминдердің ортақ атаумен берілуін бір саладағы терминдердің атауларының сәйкес келуімен бірдей үлкен кемшілік деп қарауға болмайды. Бұл ұғымдық, логикалық тұрғыдан қарағанда көрінетін кемшілік. Бір ғана ұғым түрлі ғылым саласында сол ғылымның нысаны ретінде әр қырынан қаралуы мүмкін. Қай ғылымның нысаны ретінде алынып отырғанына қарамастанұғым біреу болса, онда оның атауы да әртүрлі болмауға тиіс. Барлық жағдайда орындала бермесе де терминологияда «бір ұғымға – бір атау» деген талаптың бар екендігі белгілі. Осы талап тұрғысынан келгенде әртүрлі арнаулы сала терминдерінің де аттас болмағаны жөн-ақ. Мысалы, инструктаж (әскери іс) да, сноска (іс жүргізу) да нұсқама деп бір терминмен беріліп жүр.
Бесіншіден, керісінше, бір ғана арнаулы саланың терминологиялық жүйесін құрайтын әртүрлі ұғымдардың ортақ атаумен берілуі де терминжасам барысында кездесетін кемшіліктердің бірі. Бұл бір ғана арнаулы сала ішінде де әртүрлі салаларда да болып жататын кемшілік. Мәселен, іс қағаздары саласында қолданылатын көшірме (выписка), көшірме (копия), шарт (договор), шарт (условия), тәртіп (порядок), тәртіп (дисциплина), түбіртек (корешок), түбіртек (квитанция), тізімдеме (опис), тізімдеме (каталог) терминдері немесе әскери терминологияда атака, нападение, наступление терминдерінің қазақ тіліндегі баламасы бір ғана шабуыл сөзімен, экономикада надбавка, наценка терминдерінің үстеме сөзімен берілуін аталған кемшілік қатарына қосуға болады.
Алтыншыдан, бір ғана ғылыми ұғымның оқулықтар мен оқу құрал- дарында терминологиялық сөздіктерде сол еңбектердің авторларының қалауынша түрліше аталып жарыспалылыққа шектен тыс көп жол берілуі де терминжасам ісінде көрініс беріп отырған кемшіліктердің қа- тарына кіреді. Мысалы, списание термині түрлі терминологиялық сөздіктер- де есептен шығару, шығынға жазу, шығарып тастау түрінде, заклад термині кепілге салу, кепілге ұстау, мүлік салу, салынған мүлік нұсқаларында жарыса қолданылып жүр. Терминологиядағы жарыспалылықты қазіргі қазақ терми- нологиясындағы ең жиі кездесетін кемшіліктің қатарына қосуға болады. Жа- рыспалылықты болдырмау үшін ұсынылған баламалардың ішінен терминге қойылатын талаптарға жауап беретін ұтымдысын дер кезінде таңдап алып, баспасөзде, оқулықтар мен оқу құралдарында, терминологиялық сөздіктерде солардың ғана қолданысын қамтамасыз етіп, термин қалыптастыру ісін жіті қадағалап отыру қажет.
Жетіншіден, бір-бірімен тығыз байланысты ұғым атауларын терминологиядағы жүйелілікті сақтамай аудару да термин қалыптастырудағы кемшіліктердің бірі. Мәселен, теле- терминдік элементімен келетін терминдер тізбегінен телеграмма – жеделхат деп, микрорайон атауын ықшам аудан түрінде аударып алдық та телефон, телефонограмма, телевизор және миркоорганизм, микроэлемент, микрофлоро сияқты терминдер тізбегін сол қалпында қалдырдық. Сондай-ақ орыс тіліндегі бір түбірден өрбитін терминдерді аударып алу кезінде де бірізділік сақталмай жатады. Мысалы, совместитель – қоса атқарушы, совладелец – ортақ иеленуші, сопредседатель – тең төраға, содокладчик – қосымша баяндамашы, соаренда – қосарлас жалгерлік, соисполнитель – бірлесе орындаушы, соавтор – бірлескен автор, тете автор, телтуындыгер терминдері сөзімізге дәлел бола алады. Осы мысалдан орыс тіліндегі бір ғана со деген сөзалды қосымшамен келетін сөздердің біздің тілімізде ортақ, тең, қосымша, қосарлас, бірлесе, бірлескен, тете, тел сияқты сегіз сөзбен беріліп жүргенін көруге болады.