1.3 «Аңыздың ақыры» романындағы тұлғалардың көркемдік образдары Философиялық суреттеу тәсілі – Ә. Кекілбаевтың сүйіп қолданатын тәсілі. Ұлтының кешегі, бүгінгі болмыс-бітімін, рухани әлемдегі психологиялық, әлеуметтік, этикалық, адамгершілік менталитетін суреттей отырып, өз кейіпкерлерін барлық қырынан аударып-төңкеріп, қырнап-жонып, бүгіп-жазып дегендей жете танытып, қилы мінездер галереясымен армансыз жүздестіреді. «Аңыздың ақыры» романында мұнара туралы аңыз идеялық-адамгершілік жүк көтеріп, шығарманың негізгі арқауына айналады. Мұнара – өз бойына негізгі идеялардың кешенін жинақтап ұстаған романның басты символы (махаббат, мейірімділік, өнер, әлем мен адам жанының құпиясы) және романның композициялық қазығы. Шығармада болып жатқан барлық оқиға түрлі деңгейде мұнарамен тығыз байланысты және оның қатысуымен өтеді. Мұнара бейнесі романда эволюцияға ұшырайды, алуан қырымен, мінезімен көрінеді, негізгі кейіпкерлердің характерлеріне орай трансформацияға ұшырайды. Ол – романдағы басты романтикалық қаһарман Жаппар махаббатының символы. [8, 9-б.]. Әуелде «Махаббат мұнарасы» деген атпен шыққан «Аңыздың ақыры» романында өткен кезеңіміз бен түрліше дәуірдегі әлеуметтік құрылым, халқымыздың мәдениеті мен, рухани дүниесі аса шеберлікпен суреттелген. Бұл шығармада Әміршінің мінез-құлық бітімін түбегейлі суреттеу ұлттық психологиядағы ойлылық пен парасаттылық тәрізді қасиеттерді бейнелеп, дала даналығының данышпандығын ұсынады. Көкірегінде түйсік, саңылауы бар кісі түбі өз арының алдында бір есеп беруге тиіс. Әбіш Кекілбаев «Аңыздың ақыры» романында (1974) жарты әлемді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған шексіз билік иесі, ұлы ханды осы күдік пен күмәнға бүргедей талаттырады. Бұл шығарманың да оқиғалары Алтын Орда дәуірлеп тұрған кезеңді қамтиды. Профессор Р.Бердібаев: «Оқиғалар мен адамдардың іс-әрекеті, мінезі, дүниетанымы, этнографиялық белгілердің молдығы, бұл шығарманы тарихи романдар қатарына қосады», – деп нық тұжырым жасаған. Белгілі ғалымның «Аңыздың ақырын» тарихи роман қатарына қосуының да өзіндік себебі бар. Жазушы нақты тарихи деректен, оның шым-шытырық оқиғаларынан саналы түрде бой тартып, ең негізгі мәселе – сол тартысты тудырушы қоғамдық-тарихи себептерге, солардан өрістейтін салдарға ден қояды. Бұл романда бар қырынан мүсінделетін Алмас ханды ғалымдар, жазушылар, оқырмандар әйгілі Ақсақ Темірдің өзі болмаса да егізінің сыңарына балаған. Образ табиғатына бойласақ, мұнда суреттелетін Алмас хан ес біліп, етек жаппай жатып ірі феодалдардан етекбастылықты көп көріп, азап, қорлық, мазақтың ми батпағынан өз қажыры, ерлігі, айласы, өткірлігі, жанкештілігі, қайсарлығы арқасында босанып шығып, қаһан дәрежесіне көтерілген. Ол – Шыңғыс хан; досына, дұшпанына алмас қылыш болған Батый; қу да залым, екіжүзді, аяушылықты білмейтін Берке; саясатқа жетік, көреген, алды кең, айбары мығым Жәнібек хан, құлағын жымып, жауына жасын боп тиетін қабыландай Баязит сұлтан сияқты билеуші батырларға тән қасиетті бір бойына тоғыстырған типтік бейне. «Мұнара» аталатын бөлімде автор Жаппар өміріне шегініс жасайды. Ортөбелік құмырашы ұлын ертіп, Ахмет саудагердің үйіне келіп, мешіт салып жатқандардың қатарына қосады. Жаппардың көз алдында әкесі көк жөтел болып өледі де, баласына «шаһардан кетпе» деп өсиет айтады. Мұны неге айтқанын Жаппар толық ұғынбаса да, әке аманатын орындап шаһарда біржола қалады. Әйтсе де, мұның аяғын немен тынарынан ол күні бейхабар еді. «Махаббат» аталатын романның үшінші бөлімі – романның шарықтау шегі. Әмірші келгенде мұнара бітіп тұрсын деп шеберге өзіне ұқсаған бір нөкер қызын жіберіп, өз арын сақтап қалғанмен, Әмірші жазасынан бәрібір құтыла алмайды. Соңғы үш айда Әміршінің өзіне бір кірмеуі – Кіші ханым үшін қатал үкімге айналды. Оның ішқұса боп, азып-тозуы да сондықтан. Ал оның бар айыбы – мұнара салдырғаны. Сол мұнарада пәк сезім, адал, ақ махаббаттың менмұндалап тұрғаны үшін Кіші ханым да, шебер де өз жазасын алады. Шебердің екі көзі ойылып, тілі кесіледі. Істің басы-қасында жүрген бас шебер де бұл жазадан аман қалмайды. «Барар жерің бәрібір жердің асты» деген жазумен өзі салған зындан оның өз басына сор болады. Әмірші «басқа шаһарда мұндай мұнара салынбасын» деп шешеді [11, 75-б.]. «Аңыздың ақыры» бөлімінде Әмірші бойындағы арпалысқа, жанын жегідей жеген күйзеліске кезігеміз. Оның бір күні түсіне Мекке-Мәдине кіріп, жан даусымен «Хақ тағала, қай қызметіңе де әзірмін!», деп айқай салып оянады. «Тек жұртқа жасаған мейіріміңді маған да қия гөр!», деп екі етек боп жалбарынып келеді. Бірақ, тірсегінен қағып өтіп, шыр көбелек үйіріліп, шыр айнала қашып жүрген Қағбаның қасиетті қара тасы бұған бәрібір жеткізер емес. Романдағы кейіпкерлер – Ұлы Әмірші, ханым, шебер іс-әрекеттерімен емес, көбіне көңіл-күйлеріндегі күйзелістерімен, жан әлеміндегі арпалыстарымен, ішкі буырқаныстан сыр берер бет-жүздегі, мінез-құлықтағы, сезімдік құбылыстарымен көрінеді. Атағы жер жарған Әмірші де кезінде әмір әскерінің көп сардарының бірі болған. Сол көптің бірін осындай даңқ пен дақпыртқа, атаққа жеткізген – қанағаттанбаушылық сезімі еді. Алайда адам бойындағы осындай алапат сезім, күш-қуатын қайда, қандай мақсатта жұмсалуына қарай нәтижесі де әр-түрлі болмақ. Романның басты үш кейіпкеріне үш бөлім арналған, үшеуінің тағдыры да, ішкі өмірлері де, жан сезім арпалыстары да, тіпті тіршілік тыныстары да сан алуан, жас мөлшері де әртүрлі. Бірақ оларды ортақтастырып тұрған – жай мұнара, махаббат мұнарасы, бір-біріне деген ішкі, құдіретті де құпия іңкәр сезімдері ғана. Романның бас кейіпкері — ұлы Әмірші «Күй» повесіндегі Жөнейітпен, «Ханша-дария хикаясы» повесіндегі Шыңғыспен іштей де, сырттай да біраз үндесіп жатады, бірақ бұл шығармада шексіз билік пен билік құмарлықтың адамшылық философиямен әсте сыйыспайтындығы айқынырақ, тереңірек суреттеледі. Қазақ жазушысы Әбіш Кекілбаевтың «Мұнара немесе Аңыздың ақыры» романындағы және өзге де прозалық шығармаларындағы алуан бейнелер болмысты өнер арқылы тікелей өзгертуге құлшынады. Жазушы Ә.Кекілбаев материалды дала өмірінен алады да, өз тәжірибесіне сүйене отырып, баллада түрінде өткір драмалық прозаға айналдырады.