Ж.Б. Мамаев
1
, Г.Б. Мамаева
2
1
қазақ әдебиеті кафедрасының
докторанты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық
университеті, Нұр-Сұлтан қаласы, Қазақстан, e-mail: jakip0075@mail.ru
2
қазақ тіл білімі кафедрасының қауымдастырылған профессоры, Л.Н. Гумилев атындағы
Еуразия
ұлттық
университеті,
Нұр-Сұлтан
қаласы,
Қазақстан,
e-mail:
gulnar.mamaeva@mail.ru
ҚАЗАҚ ЖӘНЕ ӨЗБЕК ӘДЕБИ БАЙЛАНЫСЫ: ФОЛЬКЛОРДАН ҚАЗІРГІ
ЗАМАНҒА ДЕЙІН
Бұл мақалада қазақ және өзбек халықтарының фольклордан бастау алған әдеби
байланыстарының өзара ықпалдастығы зерттеліп, олардың арасындағы әдеби
байланыстар тарихи даму принциптеріне сәйкес хронологиялық кезеңдерге бөлінеді. Сол
себепті мақаланың мақсаты – қазақ және өзбек әдеби байланысының тарихи негіздерін
және олардың даму ерекшеліктерін анықтау.Тарихи жағдайлар контексінде ортақ
әдебиеттің болуы түбі бір түркі халықтарының бір аумақта орналасып, жеке ұлт ретінде
бөлінбей, бірге өмір сүруімен түсіндірілсе, кейінгі қазақ хандығы құрылған тұстан қазіргі
кезеңге дейінгі әдебиеттің өзіндік ерекшеліктері мен ұқсастықтары бар.
2018 жылы Қазақстанда Өзбекстан жылын өткізсе, өзбек ағайындарымыз қазақ еліне
деген құрметін, сыйластығын білдіре отырып, осы жылды Қазақстан жылы деп
жариялады. Осы орайда, рухани үндестік, әдеби байланыс негіздері ары қарай тереңдей
түседі деген ойдамыз.
Түйін сөздер: қазақ әдебиеті, өзбек әдебиеті, әдеби байланыс, ортақ әдебиет,әдеби
үдеріс, фольклор
КІРІСПЕ
Қазақтар өзбектерді қашан да «өз ағам» деп құрмет тұтса, өзбектер «жолдасың қазақ
болса, жау алмайды» деп, ыстық ықыластарын білдірген. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2017
жылдың 16-17 қыркүйегінде мемлекеттік сапармен Өзбекстан Республикасында болды. Осы
сапар барысындағы келіссөздер нәтижесінде екі ел президенттері 2018 жылы Қазақстанда
Өзбекстан жылын өткізу туралы келісті. Ал 2019 жылы Өзбекстанда Қазақстан жылын өткізу
жоспарға қойылды. Бұл – екі туыс халық арасындағы бауырмалдықтың көрінісі. Қазақстан
жерінде бауырластықтың символы ретінде 2018 жыл – Өзбекстанның жылы деп жариялануы,
өзбек елінде қазақтың ұлы ақыны Абайдың шығармашылығының жоғары деңгейде
дәріптелуі тегін емес-ті. Әдеби үдерістегі мұндай елеулі оқиғалар Түркі әлеміндегі мәдени-
әдеби өзара ықпалдастықтың қарқынды дамып келе жатқанын да айшықтайды. Ұлттық
дүниетанымда көрініс табатын барлық ұғымдардың іздері оның сөз өнерінде сайрап
жататыны белгілі. Сондықтан да тарихи тамыры бір арнадан өрбіген қазақ және өзбек
әдебиетін салыстырмалы әдебиеттану аспектісінде зерттеудің маңыздылығы зор.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Вестник КГУ им. Ш. Уалиханова ISSN 1608-2206 Серия филологическая, № 4, 2019
262
Қазақ және өзбек әдеби байланысын сөз етуден бұрын, біз әдеби байланыс
концепциясының мәнін түсіндіруіміз керек. Қандай да бір ұлттың өнері мен әдебиетінің
дамуы ол өмір сүріп жатқан мекен мен көрші болған өркениеттерге тікелей байланысты
болып келеді. Бір-бірімен байланысқан бұл мәселені әдебиеттану ғылымындағы
салыстырмалы әдебиеттану саласы зерттейді. Салыстырмалы әдебиеттану – әдебиеттанудың
сөз өнері тарихын, әдеби байланысты, әдеби процесс пен оның заңдылықтарын, көркем
әдебиет мәселелерін зерттейтін саласы. Әрбір халықтың сөз өнерінің пайда болуы мен
қалыптасуын, даму жолдарын, сондай-ақ өзге халықтар әдебиетімен байланысын, көркем
туындының әлем әдебиетіндегі орнын, әдебиет әлеміндегі алмасуларды, аударманы, т.б.
мәселелерді өткені мен бүгінгісін салыстыра отырып, кең ауқымда зерттейді. Басқаша
айтқанда, салыстырмалы әдебиеттану ұқсастықты, туыстықты және өзара әрекеттесуді
талдай отырып, әдеби мәтіндерді бір-бірімен салыстыратын және уақыт пен кеңістікте
жақындастыруға бағытталған әдістемелік өнер [1,182]. Салыстырмалы әдебиеттану –
әдебиетте көрініс табатын мәдениетаралық өзара іс-қимыл аспектілерін зерттеу арқылы оның
тарихын жарыққа шығаруға бағытталған сала [1,88]. Аударма, типология, әдеби байланыс,
ұлттық құндылықтар мен шетелдік мәдениеттердің өзара әрекеттестігі салыстырмалы
әдебиеттанудың зерттеу нысандары саналады. Осы саладағы маңызды терминдердің бірі –
әдеби байланыс. Әдеби байланыс – ұлттық әдебиеттер арасындағы көркемдік дәстүрлер
жалғастығы, ықпалдастығы. Әдеби байланыс нышандары жазушының қалыптасқан әдеби
дәстүрлерге табан тіреуінің нәтижесінен, сондай-ақ тамырлас әдебиеттердің арасындағы
типологиялық ұқсастықтан туындайды. Бұл әдебиет әлеміндегі рухани өзгерістің, көркем
дамудың және әдеби процестің өзіндік ерекшелігі. Әдеби қарым-қатынас, әдетте, әлемдік
әдебиет тарихында ерекше орын алатын әдеби процестің маңызды нысаны. Кез келген
әдебиет әдеби байланыстар арқылы дамиды, жетіледі және нығаяды [2,62].
Әдеби байланыс – адамзаттың көне тарихынан жалғасқан, жаһандану үдерісін
бастайтын мәдениетаралық қарым-қатынастардың нәтижесі [3]. Қазақ әдебиеті де әлемнің
басқа халықтары әдебиетімен байланыс үрдісінің кезеңдерін өткерген және өзіндік
ерекшеліктері қалыптасып дамыған ұлттық әдебиет. Қазақ ауыз әдебиетінің алғашқы
нұсқалары барлық түрік халықтарына ортақ болып келеді. Бұл жөнінде ғалым
М.Мырзахметұлы қазақ елінің басынан өткерген тарихи оқиғалардың барлығының түрік
жұрттары үшін ортақ оқиғалар екендігін тілге тиек етіп еді [4,3]. Қазақ әдебиеті көршілес әрі
туыс түркі халықтарының мәдениетімен, әдебиетімен тығыз байланыста дамыды. Әсіресе,
қазақ және өзбек әдебиетінің өзара байланысы тарихи оқиғалармен тығыз байланыста болды.
Ұлы даланы қырық жылдан астам үстемдігіне бағындырған өзбек ханы Әбілқайырханнан
еншісін алған қазақ сұлтандары Керей мен Жәнібек Қазақ хандығының іргесін қалады [5].
Шәйбани ұлысы шекпенінен өзбек мемлекеттілігі жалғасса, Қазақ хандығынан бүгінгі
тәуелсіз Қазақ елі тарих сахнасына шықты. Екі туыс елдің осыншалық ұлттық қалыптасу
нүктесіне дейінгі тарихы, мәдениеті, дүниетанымы, әдебиеті, яғни барлық болмысы бір
болатын.
Фольклор – қазақ және өзбек қарым-қатынастарының бастауы. Тарихи даму
эволюциясының түрлі кезеңдерінде қазақ және өзбек түркілерін ажырамастай қалыпта
көруге болады. Олардың тығыз қарым-қатынасы ортақ тарихи оқиғалармен, дәстүрлермен
ғана емес, діни сенім мен шекараның бірлігі арқылы да байланысып келеді. Екі халықтың
бауырластығы олардың ата-бабаларының ортақ жауға жұдырықтай жұмылған шайқастарда
төгілген қанымен де беки түсіп еді. Талай ғасыр өтіп, талай заман ауысса да, екі ел
арасындағы бауырмалдық пен достық қатынасқа сызат түспеді. Қазақ және өзбек
ұлттарының қалыптасуы мен дамуы тарихында көптеген ортақ тұстар байқалады, солардың
кейбірлерін келесідей санамалауға болады: біріншіден, бұл ұлттар бір этногенетикалық
отбасына тиесілі; екіншіден, экономикалық және әлеуметтік, мәдени және тұрмыстық, салт-
дәстүрлер арасындағы өзара әрекеттесу үдерісі ерте кезеңдерден-ақ жоғары деңгейде көрініс
тапты; үшіншіден, олар ортақ бір тілде сөйледі [6,192]. Сонымен қатар көптеген ру-
Ш. Уәлиханов атындағы КМУ хабаршысы ISSN 1608-2206 Филология сериясы. № 4, 2019
263
тайпалардың өзбектерде, қазақтарда және басқа да түрік халықтарында кездесетініне де
назар аударуымыз қажет. Басқаша айтқанда, екі халықты құрайтын этникалық топтардың да
ортақтығын көреміз.
Қазақ әдебиеті көршілес Шығыс мәдениетімен, бауырлас түркі халықтарының
әдебиетімен тығыз байланыста дамыды. Әзербайжан, қырғыз, өзбек, татар және басқа да
түркі халықтарымен ортақ ең көне тарихи ескерткіштер, Күлтегін, Білге қаған және
Тоныкөкке арналған Орхон ескерткіштері осы сөзіміздің жарқын дәлелі. Қазақ және өзбек
халықтарының терең және жан-жақты байланысы олардың фольклорында, ауызша
әдебиеттерінен бастау алады. Әлемнің жаратылуы туралы мифтерден бастап, көне сақ
дәуіріне тән «Алып Ер тоңға», «Тұмар ханша», «Шырақ батыр», «Шу» дастандары, ғұн
заманынан мұраға қалған «Аттила», «Көк бөрі», «Оғыз қаған», «Ергенеқон» дастандары
және көктүріктерден жеткен «Қорқыт ата кітабы», «Көш» жырлары қазақ және өзбек
халқының ортақ фольклорын құраған қазыналар саналады. Фольклор – көп заманның,
бірнеше дәуірдің, әр түрлі қоғамның жемісі, сондықтан ол көп қатпарлы, көп сатылы және
көп мағыналы, көп қырлы. Ежелгі замандарда пайда болған ырымдар мен ғұрыптар, діни
ұғымдар мен мифтер, – бір жағынан, фольклор, өйткені олар сол тұстағы адамдардың
ауызша шығарып айтқан әңгімелері және іс жүзінде атқарған ырым-кәделері. Бұл тұрғыдан
қарағанда, олар – екінші жағынан, сол дәуір қоғамының мәдениеті болды, себебі сол
замандағы адамдар атқарған ырым-кәделер мен айтылған әңгіме-мифтер сол қауым үшін
мәдени рөл де атқарды. Үшінші жағынан, әр түрлі ырымдар, ғұрыптар, діни нанымдар мен
мифтер алғашқы қауым адамының дүниені танып-білу процесінде қалыптасқан руханият еді.
Олар, түптеп келгенде, сол бір көне дәуір адамдарының дүниетанымы еді [7, 7]. Түрік әлемі
дүниетанымының түп-тамыры саналатын және бүгін "түрік әлемінің бастауына" айналған біз
атаған элементтердің басым бөлігі фольклор атты пәннің зерттеу нысанын құрайды. Қазақ-
өзбек фольклорында әдеби зерттеушілердің әртүрлі жіктелуіне қарамастан, халық дәстүрі,
оның мазмұнының семантикалық сипаттамасы, көркемдік құрылыс әдістері сияқты
қасиеттер бірдей көрініс табады. Мұның мысалы ретінде адам баласының дүние есігін
ашқанда айтылатын бесік жырларынан бастап, дүниеден озғанда орындалатын жоқтауға
дейінгі кез келген фольклор үлгісін тілге тиек ете аламыз. Мысалы тұрмыс-салт
жырларының бір түрі саналатын «Бәдік» жыры түрік халқының арасында қазақ, өзбек,
қырғыз және қарақалпақ фольклорында кездесетінін ерекше айтуға болады [8, 164]. Бәдік –
бұл ортақ фольклорымыздағы науқасты емдеу үшін қолданылатын рәсім. Бұл рәсімде
ауруларды емдеу үшін айтылатын барлық өлеңдер «Бәдік» жыры деп аталады. Қазақ және
өзбек фольклорының бір арнадан бастау алғандығы мысалына бәдік жырының кейбір
үзінділерін салыстырып көрелік:
Көшер болсаң көш, бәдік
Тауларға көш,
Тау арқасын жайлаған
Байларға көш.
Онан орын таппасаң,
Қара басын қамдаған
Хандарға көш (қазақ бәдік жырынан).
Куч-куч, бадик, кўч, бадик,
Бўсағада бурилиб турма, бадик.
Бўсағада бурилиб турсанг, бадик,
Эгасининг кўнглига келар ҳадик.
Куч-куч, бадик, ойларга куч,
Ой остида ўтирган бойларга кўч.
Тиниқ десанг, сойларга куч,
Жуйрук десанг, тойларга куч (өзбек бәдік жырынан).
Вестник КГУ им. Ш. Уалиханова ISSN 1608-2206 Серия филологическая, № 4, 2019
264
Жоғарыда ұсынған үзінділерден қазақ және өзбек бәдік жырларының мазмұндық,
құрылымдық және поэтикалық ерекшеліктерінің ұқсас екенін байқауға болады [9, 41-45].
Өзбек фольклортанушысы Бахадыр Сарымсақовтың пікірінше, қазақ және өзбек бәдік
өлеңдерінің семантикалық мағынасы мен көркемдік формасының ұқсастығы, тіпті тұтас
мәтіндік ұқсастығы түрік халықтарының тарихтың түрлі кезеңдерінде бір әлеуметтік-
экономикалық, саяси және мәдени ортада өмір сүргенін, олардың дүниетанымдарының да
ортақ болғанын көрсетеді [8, 165]. Біз үшін маңызды мәселе – қазақ және өзбек
фольклорының ортақ бастамаларын көрсететін көптеген тұрмыс-салт дәстүрлері үлгілерінің
кездесуі. Алайда, жалпылық сипатта, қазақ фольклоры айтыс дәстүрімен ерекшеленсе, ал
өзбек фольклорында шығыс мотивтері басым көрінеді. Екі туыс халық әдебиетіндегі мұндай
айырмашылық бірінің көшпелі, ал екіншісінің отырықшы өмір салттарымен байланысты
болуы мүмкін. Дегенмен, өзбек фольклорында да айтыстың бәдік түрі кездессе, қазақ халық
ауыз әдебиетінде де шығыс мотивтері нәзирагөйшілдік дәстүрімен жалғасын тапқан
болатын.
Достарыңызбен бөлісу: |