Редукция (лат. reduction – қайырылу, кері қайтару) – айқын естілмей көмескіленуі немесе созыңқылығының қысқаруы нәтижесінде дыбыстың артикуляциялық және акустикалық сипатының өзгеруі. Негізінен дауыстылар Р. ұшырайды, бірақ буындар мен сөздердің де түсуі кездеседі. Мысалы: орын-орны, көрік-көрігі.
Редукцияға ұшырайтын да қысаң дауыстылар. Қазақ тілі тұрғысынан редукцияны қысаң дауыстылардың қайсыбір дыбыстық қоршауда әлсіреп‚ көмескі айтылуы деп түсіну керек. Орфоэпиялық сөздіктерде ондай жағдайда дауыстылар түсіріліп (шартты белгімен) жазылады: дәр'гер‚ қат'нас‚ тәж'рибе‚ аң'зақ‚ ад'раңдау‚ бад'рақ‚ ед'реңдеу‚ и'рім‚ қас'рет‚ жұд'рық‚ көб'рек‚ жұм'лу‚ көк'рек‚ түк'рік‚ мәк'рүк‚ құд'рет т.б. А.Байтұрсынұлы оларды алғаш түсіріп жазғаны белгілі.
Метатеза (гр. орын ауыстыру)– сөз ішіндегі іргелес дыбыстардың не буындардың өзара орын ауысуы. Бұл – айтуды жеңілдетуден туатын құбылыс. Қазақ тілінде қатар келген пк‚ пқ дыбыстары кп‚ қп түрде орындарын ауыстырып айтылады. Мәселен‚ әпке‚ тепкі‚ тепкішек‚ шапқыла‚ түпкір‚ әпкел түрде жазылатын сөздер айтуда әкпе‚ тепкі‚ текпішек‚ шақпыла‚ түкпір түрінде де кездеседі. Бұлай айту ауа жолына орналасқан дыбыстау мүшелерінің жұмысын жеңілдетеді. Содан да өкпе (өпке)‚ өрекпі (өрепкі)‚ секпіл (сепкіл)‚ қақпа (қапқа)‚ қақпан (қапқан)‚ қақпақ (қапқақ)‚ кәкпір (кәпкір) сөздері айтылуына орай жазылады. Орфоэпиялық сөздікте лағынет және нағылет түрде жарысып жүрген варианттар да метатезаның ісі. Бұлар ләнет‚ нәлет болып та кетеді.
Гаплология (гр. haploos – жеке‚ жай-логия) – сөз ішіндегі біркелкі (ұқсас) буындар бірінің түсіп қалуы. Мысалы айтуда: балдар (ба-ла-лар)‚ арластыр (а-ра-лас-тыр)‚ минералогия (минералология)‚ трагикомедия (трагикокомедия). Бұл ықшамдаудың нәтижесі.
Бұрынғының шалдары, Өтіп кеткен хандардай.
Бүгінгінің шалдары, Ойнап жүрген балдардай (Кердері Әубәкір).
Аферезис – қатар тұрған сөздердің арасындағы көрші тұрған дыбыстардың өзара ықпал етуі. А. құбылысында алдыңғы сөздің соңғы дыбысының әсерінен кейінгі тұрған сөздің бастапқы дыбысы жоғалады (түсіріліп айтылады). А. элизияға қарама-қарсы құбылыс. Бұл қазақ тілінде сирек кездеседі‚ Оның өзінде алдыңғы сөз бір буынды әрі ашық буынды болу керек. Мұндай сөздер санаулы-ақ: де‚ же‚ бұ‚ (л)‚ о (л)‚ не шылау – да‚ де‚ та‚ те…
Элизия (лат. elision – жаншу, итеріп шығару) – 1. Келесі сөздің басында тұрған дауысты дыбыспен қатар келуіне байланысты бастапқы сөздің соңында тұрған дауысты дыбыстың түсіпқалуы, айтылмауы. Мысалы: қарала (қара ала)‚ алалмады (ала алмады)‚ айталмады (айта алмады)‚ жоғаріл (жоғары іл)‚ жақсөнер (жақсы өнер)‚ жақсөлең (жақсы өлең)‚ жыйырмалты (жиырма алты)‚ екайғыр (екі айғыр)‚ мынадам (мына адам)‚ алешкі (ала ешкі). Мұны контактілі элизия дейміз. Ал осы уақытқа дейін редукция түрінде танып келген орны (орын-ы)‚ ерні (еріні)‚ мұрны (мұрыны)‚ қарны (қарыны) сияқты құбылысты контактісіз элизия дейміз. Өйткені дауыстылар арасында дауыссыз бар.
Диэреза – сөйлеу кезіндегі дыбыстардың бір-біріне әсері, ассимиляция негізінде пайда болады. Диэрезаның нәтижесінде дыбыстар түсіріліп айтылады. Мыс.: қалмады – қамады.