179
Қызыл жебе
– Қой, – деді. – Сен жылағанмен Бердіқұл қайтып тұрмайды.
Көз жасынан өлгендер қайтып тірілер болса, Әлімбек батырды,
кешегі Соқыр батырды тірілтіп алмас па едік?!
Сонда бізге
жуандар жуандығын қылмас еді. Амал не?! Жылама. Барайық
болысқа. Жөн айтысып, құн сұрайық. Оның алдында суға түскен
кесектей мүжіліп, тозып тұрғанымыз келіспейді. Аз атаның
баласы болсақ та, азбайық. Азға айбын керек. Айбыны жоқты
анау да, мынау да айналдыра береді, тәлкек етеді. Жұбымызды
жазбай барып, жауап алайық. Не дейді – болыс өзі біледі. Арғы
жағын көре жатармыз.
Болыстың ауылы төскейде. Елдің жатқан-тұрғанын
алақандағыдай көріп-біліп отыру үшін болыс қонысты өрлеуден
әдейі тіккізген сияқты.
Тал-дарақтың сарғая бастаған жапырақтарын тозаң тұтқан.
Күз де болса күн ыссы. Көбелектердің өзі ыстықтан, ыңқылдап,
шөп басында әрең отыр. Жолда келе жатқан адамдардан сескеніп
жалбаң етіп үркіп ұшса да, лезде жалп етіп барып қайта қонады.
Тек қарлығаштар ғана ащы күнді елең қылмай көнетоздау бола
бастаған көгілдір аспанда қайқаңдап ұшып, қалықтап жүр.
Рысқұл
бағанадан бері байқап келеді, бір ұя қарлығаш
бұлармен қапталдай қабаттасып, ілесті де отырды. Мұны кәнігі
аңшы Рысқұлдың жіті көзі ғана шалды. Басқалар мән берген жоқ.
Қарлығаштар жабылып келіп қаралы топқа құс тілінде шиқылдап
көңіл айтқандай. Қарлығаш жөнінде адам не біледі? Ұшып
жүрген көп мақұлықтың бірі дей ме? Оның басқа құстардың
бәрінен бөле жарылып, адамдармен жақындасып, адам мекеніне
ұя салатынында не сыр бар? Ұясын өзге құстар құсамай балшық
пен қыл араластыра өріп, бекем жасай алатынында не мән бар?
Балапандарын құлап кетпесін
деп аяғынан тұзақтап қоюды
қайдан біледі? Демек, ол адам жан-күйін білмейді, түсінбейді
деп айта аламыз ба? Осы келе жатқанында мына Алсайлардың
қайғысына ортақтаспасына кім кепіл?
Құс екеш құс та мейірлі. Ал адам адамды өлтіре алады.
Әйтсе де, қазіргі кәнігі аңшы қарлығаштар – адамдардың
қайғысына ортақтасудан гөрі
өз құлқын қамын ойлап келе
жатқанын да сезіп еді. Шөп басқан қара жолдың үстімен жүрген