67
Қызыл жебе
– «Ә бәлем, жатырсың ба!» – дегендей жарықты жоғары
көтеріп терезедегі темір торды табалдырықта тұрып, көзбен
тінткіледі. Темір тор мызғымапты. Енді бұрылып кете берейін
дегенде, әлденеден секем алған адамша, сәулені тұтқынға қайта
түсірді. Күйіктің қансығын сезгендей, бір-екі рет танауын
желпілдетіп иіс тартты.
– Мынау ненің иісі, ей? – қабырғаларды айнала тінткілеп
тұрып.
Рысқұл ұйқысыраған кейіп танытып:
– Иіс пе? Ненікі болушы ед, мырза. Күндіз-түні желдемейтін
қапаста не иіс болушы еді? Белгілі ғой, – деді.
Қабырғада көлеңкесі ебедейсіз сорайған қарауыл аңырып
тұрып-тұрып, ақыры шығып кетті. Шығып бара жатып:
– Шыда, енді бірер сағаттан кейін таза ауаға шығарамын, –
деп өзінше рақым білдірген болды.
«Бірер
сағат деді, ә?».
Қарауыл әдетінен жаңылмаса, енді қайтып сол «бірер сағатқа
дейін мазаламас».
«Түу, дәйістің иісшілін-ай! Құдай бір сақтады-ау. Топырақтың
зәгін сезіп қалғанын қарашы. Бірақ қарабасқыр ненің иісі екенін
ажырата алмады. Менің де көрер сәулем бар шығар, бұйырса».
Қарауылдың қарасы батты-ау деген шамада, Рысқұл
көртышқанның тірлігіне қайта кірісті. Қары талып қалжырағанын
елең қылмай ақ керішті үңги берді, үңги берді. Бір кезде
топырақтың жылуын сезіп, іші-бауыры да елжірей жылып сала
берді. Бұл жылу оның қуатын еселеп жібергендей, дүлей қара
күш тұла бойын кернеп, қабырғаны енді иығымен итеріп-ақ
құлататындай екпін алып кетті.
Енді бір сүт қайнатым уақыт болды-ау деген шақта сапсыз
пышақтың ұшы кедергі кездеспей, сопаң етіп әрі өтіп кетті...
Иненің көзіндей тесіктен бозала бірдеңе жылт етті.
Бұл жарық дүниенің елесі еді. Тұтқын өзінің қақпақтай
жауырыны мен екі кісі мінгендей екі иығының кендігін бұрын
медет етсе, енді бұған өкінді-ақ. Тесіктен сыймай пұшайман
болды. Ақ керіш шықты қайта-қайта қашап жатып, иығының
қанын сорғалатып, өз етін өзі жыртып, қақпанға түсіп өз аяғын