Қызыл жебе
«Атасына нәлет, мен қу жанымды қуырдақ қылып қашып-
пысып күнелтермін-ау. Қатын-бала не болады? Аз үй Сәлік-Сары
не болады? Нағыз қуырдақ солар болмай ма?».
Құбыладан ызғырық ескек жел шығып, тырбық тал, бұта
басын бұлғақтатты. Бұта басын жел шайқағанда, жүні қобыраған
шымшық бірге ырғатылады. Қанатын жел кеулейді. Шымшық
тырнағын бұтаққа қадай түсіп тырмысады. Не көрсем де, мына
қураған жапырақтармен бірге көремін деп қасарысып отырған
сияқты. Әйтпесе ұшып кетіп, ықтасын табуына болады.
Рысқұл бағжиып, әлгі бұтаға көпке дейін қарап қалды.
«Атасына нәлет, шымшық құрлы жоқпын ба? Жоғарғы Таласы
да, төменгі Таласы да бар болсын. Ер басына күн туса, бұта түбі
үй болар, қашып-пысқанша алысып өлемін!».
Ол хош иісті көк пішеннің арасында ала бөтен қоңырайып
тұрған атқұлақтың сояуын суырып алып, саусағымен шарт
сындырып лақтырып жіберді.
Көк тәңірге жалынышты қол созған шоқыларды қайтадан
бұлт қаптады. Шоқылардың арызына аспан ақ боранмен жауап
бергендей, жел қатайып, қар жапалақтап жауа бастады. Бұта
басындағы шымшықтың қос қанатын қобыратып, жел кеулей
түсті. Рысқұл жерден берданканы көтеріп алып, шекпеннің
жеңімен дүмін сүрткіледі.
«Әттең, осындай мылтық Шыныбекте болса, Қорғанда болса,
Молдабекте болса... Қарауымда қарулы жүз сарбаз болса... Бірақ
жүз адам кімді қиратар? Станицадағы Қара Иван да қосылар ма
еді? Кім біледі?». Ол әйтеуір жолыққан сайын ақ патшаның әке-
бабасын, тұқым-тұқиянын түк қалдырмай сыбап отырады. Қара
Иван да Рысқұл сияқты осыдан отыз жыл бұрын Ресейден ауып
келген. Бір тоқымдай жер іздеп, күн көрістің қамы – ата-мекенін
тастап, жел аударған қаңбақтай домалап, жеткен жері осы Талғар.
Бетінде шешектен қалған қалың қорасан дағы бар, қоңырқай
кісі. Содан да оны қазақтар Қара Иван атап кеткен. Онымен
Рысқұл тамыр. Аңшылықтың арқасында танысқан. Бірде үш-
төрт қырғауыл сыйлап мына мылтықты сол Қара Иваннан алған.
Сөйтіп, бұрынғы ескі шиті мылтықты тастаған.
95
Қызыл жебе
«Орыстарын жинап, Қара Иван жүз қол көтерсе, мен бір жүз
қолды атқа мінгізсем. Алматыны алар ма едік? Бірақ зеңбірегі бар-
ау, дәйістердің... Зеңбірек болса... Шіркін-ай, баяғы Байзақтың
қол астында жүзбасы болған Әлімбек бабамдай шайқаста жүріп
шейіт болғанның арманы бар ма! Қоқанның тағын қалтыратқан
сол батырлардан бізге мұра болған қасиет қалмағаны ма? Бірақ
Қоқанның ханы мен орыстың патшасы тең бе? Пішту... Қайда ол!
Арасы жер мен көктей. Орыстың патшасы жердің жүзін билеп
тұрған жоқ па? Әй, халық қаһарланса, кім біледі... «Көп түкірсе
– көл» деген. «Халықты көтеретін күш қайда, құдай! Ал патша
құлады. Одан ары не болмақ? Атасына нәлет!».
Одан ары не болары мына қар аралас бұлыңғыр сияқтанып
кетті де, Рысқұл селк етіп, төмендегі жол бойына үңілді.
Бұл отырған тұстан төменде кетіп бара жатқан аттының үстіне
қарғып түсуге болар еді. Ара жақын, мылтық мүлт кетпейтін,
таяқ тастам жер. Бір қаупі бар. Болыс бұрынғы салты бойынша
өзге топтан ат бойы алда жүре ме, әлде шоғырдың ішінде бола
ма? Шоғыр-дүрмектің арасында болса – қиын.
Шамалайды, түс ауып кетті. Күннің көзі көрінбейді. Арғы
беттегі қарағай, шыршалар ақ жамылған әруақтардай боп тұр.
Табандағы алқынған судың сарыны да бәсеңсігендей. Әлде
құлаққа әбден сіңісті болған соң солай шығар.
Жел саябырлап, қар енді қалбаңдамай, біркелкі мамырлап
түсіп жатты. Күні кеше күн жылы еді. Сол жылу әлі бойынан
қашпаған бұталар қарды лезде ерітіп, жұтып жіберіп жатыр.
Бұл тәпе-тәннен жауған қар Алланың алғысы ма, қарғысы ма –
беймағлұм. Оң қол жақтағы жалаңаш жартасқа қар жұқпай, беті
суланып, қарауытып, қалың ойға кеткендей мелшиіп қалған.
Қар түскен сайын шөп сыбырлайды. Миллион сыбыр, ұлан-
ғайыр ұран дауысқа ұласқандай әсер етеді. Дүние күңіреніп
бара жатқандай көрінеді. Болмашы сыбыр көбейсе боз боран
тұрғандай екен.
Қар толастар емес, мая шөбі сансыз сыбдырмен сыбызғы
тартып, жүрек жылататын мұңлы бір ұзақ күйге ұласты. Алда
күтіп тұрған ажалды оқиғаның азалы батикасы сияқты. Бұл күйден
кейін Рысқұл бір мезгіл мылтықтың өңешінен оқты суырып алып
|