Қызыл жебе
тиіс емес. Қатын деген жарықтықты өзің білесің. Мына шөмеле
шөпке кіріп жатасың. Жылы. Елеусіз. Таңертең малға шөп алған
болып, жейтін бірдеңе әкеліп берермін. Байқайық, не хабар болар
екен. Содан арғысын тағы ақылдасармыз. Әбден қалжыраған
көрінесің. Жат та, ұйықта. Саспа, – Қара Иван шөмеленің іргесін
кеулеп-кеулеп Рысқұлды кіргізіп жіберді де, кеуектің аузын
қайта бітеп, шашылған шөп-шаламды жиып-теріп сезіктенер із
қалдырмай, үйіне оралды.
* * *
Тастай батқан, судай сіңген, сілесі қатқан қалың ұйқыға кеткен
екен... Бас Қараштың бауырындағы бір мая шөптің түбінде
жатқан екен. Төбеде жалғыз қыран қалықтап жүрді де қойды. Өзі
суат жолында арқар аңдып жатырмын-ау дейді. Жалғыз қыран
қалықтап кетпейді. «Арқарларды үркітпесе, неғылсын» деп
қояды. Сөйткенше бірінің ізіне бірі түсіп тізіліп, суатқа арқарлар
келе жатады. Бұл мылтығын алып, оқтала бергенше, әлгі қыран
аспаннан тастай зымырап құлап, мүйізі шаңырақтай құлжаның
дәл милығына болат тырнақтарын салып жібереді. Құлжа
құлайды. Құлжа бірде үйдей үлкен қара бұқаға айналып кетеді.
Қыран лезде оның көздерін шұқып тастайды. Бірақ бас сүйекке
кіріп кеткен тырнақтарын қайтып суырып ала алмай, кезқұлаш
қанаттарын дауыл тұрғандай қатты қағып, көкке ұмтылады. Аяғын
арқардың басынан ажырата алмай шаңқ-шаңқ етіп, көздерінен от
шашырайды. Сол оттан Рысқұл жатқан маяға ұшқын түсіп, кенет
өрт шыққан екен. Рысқұл тұрайын десе тұра алмай, аяқ-қолы
өзіне бағынбай, жан-жағын от қамалап, жанып бара жатқан екен.
Бір кезде шырылдаған бала дауысы естіледі. Тұрар екен. Жалаң
аяқ екен. Көкесіне қолын созып, жалаң аяғымен от кешіп, тұра
жүгіреді. «Күйесің, Тұрар, қайт кейін!» – дейді Рысқұл. Бірақ үні
шықпайды. Тұрар жүгірген жердің өрті шегініп, жол ашылғандай
болады. Тұрар жеткенше Рысқұлдың тұла бойы лапылдап жанып
бара жатады. Жан дәрменде ышқынып айқайлап жіберіп... оянып
кетті.
Оянса, қайда жатқанын пайымдай алмай, қолын ербеңдетіп
еді, шөп екен. Саңлаудан Қара Иван сыбырлап:
– Ойбай, неге айқайлайсың, өшір үніңді! – деді.
111
Қызыл жебе
Өң мен түстің арасын ажырата алмай, әрі-сәрі халде қалған
Рысқұл Қара Иванның дауысын естіген соң есін бірден жиып
алды. Өң мен түстің арасы алшақ емес екен.
– Мә, – деді Қара Иван кішірек құмыра мен бір түйіншек
ұсына беріп. – Әлденіп ал.
– Не хабар? – деді Рысқұл ауқатты алып жатып.
– Хабар жақсы емес. Тамақтанып ал. Қазір қайтып келем... –
деп Қара Иван бір қолтық шөпті алып, мал қора жаққа кетті.
Әлгіде Қара Иван қатынынан жасырып, кішкентай қыш
құмыраға сүт құйып алып жатқанда Марфа көріп қойып:
– Ваня, оны қайтесің? – деген таңданып.
– Бұзауға беремін, – деді күйеуі сасқанынан.
– Бұзауға бергені несі? Балаларыңды қайтесің? Екі сиыр
сауып отырғандай сөйлейсің-ау, мырзам. Жалғыз сиыр, оның
өзі суалып бара жатыр. Ешкінің сүтіндей ғана сүт береді. Енді
көрші Кузьмихаға барып жалынып бір қасық ағарған берші деп
тостағанымды тосып тұрғаным қалып еді, Кузьма құсап сен де
екі сиыр ұста, содан кейін бере бер бұзауға да, торайға да, тіпті
итіңе құйсаң да өзің білесің. Екі сиыр ұстайтын шамаң жоқ, баяғы
құтаймайтын қу әдетіміз. «Байимыз, байлыққа батып қаламыз»,
– деп Россиядан ауып келгенде, міне, Жетісуға келіп кенелдік те
қалдық. Ішсек – асқа, кисек – киімге жарымай, жарық дүниеден
өтетін болдық...
«Енді бұл жуық арада тоқтамайды. Сөз деген шіркін қайдан
шыға береді бұдан? Қатындарда сөздің қазынасы қалған ба?»
– деп Қара Иван қарсыласып жатпастан, қатыны бұрқылдап
жатқанда, жылыстап, үйден шығып кетті. Ширек бөлке нанды
қоса ала шықты.
Қара Иванның қолынан келген жақсылығы осы еді. Жан-
жақтан қасқыр қамалағанда, шөмелесіне тығып пана болды.
Шиеттей балаларының аузынан жырып алып, дәм ұсынды. Кейде
осылай, өз туысқаныңнан, қарындасыңнан көрмеген қайырымды,
қаны басқа, діні бөлек орыстың мұжығынан көресің.
Бұған Рысқұл дән риза, екі дүниеде де ұмыта алмас. Бұл
жақсылық өзінен қайтпаса, құдайдан қайтар. Бірақ Рысқұлдың
Қара Иваннан күткені бұл ғана емес еді. Қару-жарақ тауып берсе,
112
Достарыңызбен бөлісу: |