Шерхан Муртаза. Тауекел той:: Тәуекел той



Дата19.05.2023
өлшемі21,49 Kb.
#94836
Байланысты:
Шерхан Муртаза Тәуекел той әңгімесі


http://www.www.elarna.net/kitap_kk.php?id=2408&oku=13889
Шерхан Муртаза. Тауекел той::Тәуекел той әңгімесі
Аталас ағайыны Төкеннің үйіне Керімқұл жетіп келді. Жүрісі алқын-жұлқын. Терлеп кетіпті.
Байғұс-ау, тыныштық па? Әлде қатының ұл тапты ма? — деді төсекте сырқаттанып жатқан Төкең.
— Ұлды таба-таба қартайды ғой. Енді сол ұлдардың үлкенін үйлендірмекшімін.
— Әй, әлгі Нұркенің бе? Ол әлі студент емес пе еді?
— Е, студенттің шыбығы сыздамай ма екен? Он үшінде отау иесі деген. Кәзір жиырмаға келді.
Ағайыны ойланып қалды. Өзінің әкесі жарықтық Құттыбекті баяғыда он үшінде-ақ үйлендірген екен Есей бай. Мына Керімқұлдың әкесі Қарағұл мен Есей бай бір атадан — Тоқсанбайдан туған.
«Мұныкі де дұрыс-ау, — деп қойды ішінен ағайыны. — Адам бейшараның ғұмыры қысқа, жүзге келсе де аз ғой. Қарға екеш қарға да үш жүз жыл жасайды дейді. Менің Ботаханым отызға таяды. Әлі бойдақ. Жоқ, бұл Керімқұлдікі де дұрыс бір жағынан».
— Тойды қайда өткізбексің? Үйіңде ме?
— Жоқ, — деді Керімқұл шоқ басып алғандай шошып кетіп. — Үйге кім сыяды? Мен бес жүз адам шақырамын.
— Не дейді? — деп жайшылықта сабырлы Төкең жастықтан басын көтеріп алды. — Бес жүз ағайын, жегжатты қайдан таптың?
— Таптым. Мына жағы — Жасылкент, мына жағы — Мәуелі. Сен сияқты үйде омалып отырып алмаймын. Үш облысты аралап жүріп, ағайын, құда, жегжат — бәрін таптым. Тоқсанбай бабамыздан тараған үрім-бұтақтың өзі жүзден асады. Біз өніп-өскен тұқымбыз ғой. Енді сол үрдісті ары қарай дамыта беру керек емес пе? Әрі десе той шашырап кеткен туыстың басын біріктіреді. Ей, Төке, бұл той деген дәнекер, біле білсең.
— Байғұс-ау, қарға тамырлы қазақта не көп, жегжат көп. Санай берсең, мыңнан асады. Маған десең, мың адам шақыр. Бірақ ақшаны қайдан табасың? Әлде баяғы Есей байдың Қыршынды тауына тығып кеткен алтынын тауып алдың ба? — деп Төкең күйіне бастады.
Күйінбей қайтеді, бес жүз адам ең кемі екеу арадан бір бөтелке арақ ішеді. Басқа ішіп-жемін айтпағанда. Бес жүзіңе сонда, шамамен, екі жүз елу бөтелке арақ-шарап керек.
— Былай өзі, есебін шығардың ба? Калькулятор деген болады.
— Ой, Төке-ай, — деп Керімқұл сасырдың сояуындай қолын бір-ақ сілтеді. — Бес жүз адам әрқайсысы ең құрығанда бес мыңнан теңге әкелмей ме? Қайта, менің есебім бойынша, ресторанның төлемінен артылып, өз қалтамда қалады.
— Ау, сонда сол тойға шақыратын ағайынның бәрі бай деп ойлайсың ба?
Керімқұлдың сояудай сидан қолдары ербеңдеп кетті. Құрықтай мойнының тамыры білеуленіп:
— Байы да бар, бақуаты да бар. Сорлы емес. Мысалы, ана Жасылкенттегі Жеңіскүлді ал. Үш баласы үш фирма ұстайды. Бір келіні банкир. Жеңіскүл өзіміздің жиен қарындасымыз ғой. Жақында Лондонға барып қайтты. Меккеге қажылыққа барып келген. Ол үшін бір мың доллар, пішту, шемішке шаққан ғұрлы емес. Соның өзі-ақ ресторанның жарты ақысын атқарады... — деп екіленіп, екпіндеп барып әрең тоқтады.
Бір-екі жас үлкендігі бар, майдангер немере ағасы Төкең қатты ойланып, басын ұстап, отырып-отырып:
— Қайдам, — деді. — Қай ресторанды алмақшысың?
— Қай ресторан болушы еді — «Аспантау»! Қаладағы ең мықтысы сол.
Төкең басын шайқады.
* * *
Зеңбірек көшесіндегі «Аспантау» рестораны шаһарға көрік беріп, шырайын кіргізіп тұратын бірегей ғимарат. Алды-арты зипа терек, жасыл шырша. Кемеліне келген раушан гүлдің хош иісінен бас айналып, ішпей-жемей масаң тартқызғандай. Іргесінен Талас өзенінің бір саласы ағып жатыр. Өзенді жағалай тігілген қызыл-жасыл шатырлардың астында сыра ішіп, кекіріп отырған адамдар. Сексеуілдің шоғына қақталған кәуаптың иісінен сілекейің шұбырғандай.
Күндізгі ыстықтың аптабы қайтып, өзеннен жаныңды жай тапқызар леп ескенде, алғашқы қонақтар келе бастады.
Сидаң бойлы, сіріңке қоңыр реңді, бурыл шашты Керімқұл ақ костюм, ақ көйлек, қара галстук тағып алып, егде тартқан жасына қарамай, ұшқыр аттай лыпылдап, жайраңдап, құрметті меймандардың алдынан шығып, аймаласып, құшақтасып, құрмет көрсетіп- ақ жүр.
Кейбір сәті — өзен жағасында кәуап пісірген жерді торып, әркімнің аузына жаутаң-жаутаң қарап, құйрығын бұлғаңдатып, көздері мөлие қалатын, өмірі бүйірі томпаймайтын, сұрғылт сидаң қаншықты көзге елестеткендей.
Керімқұлдың құшақтасып, құтты болсын айтқан адамдардан болар-болмас көз қараспен әлдене дәметкендей кейпі бар.
Алыстан:
— Ассалау-ма-ға-лей-кум! — деп дауыстай сәлемдесіп, ақсаңдай басып, майдангер жездесі Төрегелді келді. — Той құтты болсын, Керімқұл шырағым!
Керімқұл екеуі тос түйістіріп, ұзақ құшақтасты. Жездесінің ішкі төс қалтасы томпақтау екен. Керімқұлдың бүйрегі бүлк етіп, мол дүниеден дәм етіп қалды. Жездесі бір қолымен бурыл шоқша сақалын сипалап, бір қолын ішкі қалтасына салды.
— Шырағым Керімқұл, жаман жездеңнің тойыңа қосқаны осы. Сенен аярым жоқ. Пенсионердің бергенін азырқанбассың. — Осыны айтып Төрекең кіршеңдеу томпақ конвертті Керімқұлдың қойнына сүңгітіп жіберді.
Риза болған Керімқұл қаншырдай шағын шалды құшырлана құшақтады.
— Жанашырдың жақсылығы осындайда сыналады, жездеке. Баяғыда әпкемді қалыңмалсыз алып кетіп едің. Мына бергенің соның есесі ғой деймін, — деп Керімқұл жездесін қағыта күліп алды.
— Оның рас. «Ер мойнында қыл арқан шірімес» деуші еді. Мойнымдағы қарызымнан құтылдым-ау деймін. Енді риза шығарсың. Әпкеңнің қалыңын енді дауламассың.
Қаншырдай қара шал қутыңдай күліп, аяғын сылти басып, басқа кісілерге қарай бұрылды.
Қазақтың тойы әзіл-қалжыңмен жарасымды. Қонақтардың алды сол қалжың көркімен қауқылдасып, өзен жағалай өскен сүмбіл шаш өрімталдың көлеңкесіне топтана бастады.
Ала көңіл Керімқұл жездесі беріп кеткен конверттің ішінде қанша барын біле алмай, білгісі келіп қипақтап, жұрт көзінше ашып қарай алмай, оңаша шығып та кете алмай, тыпырши берді.
Таластан бөлініп аққан ботана су сылқ-сылқ күлді.
Жақындағы жегжаттан біраз дәмесі бар еді. Бірақ бұл қаланың қақатұяқтары, биттің қабығынан биялай тоқыған әккілер жарытпады. Көбісі бір-бір уыс гүл ұстап келді.
— «Ата дәстүрін білмеген албастыпар, — деді ішінен Керімқұл, — қай қазақ бұрын тойға гүл ұстап келуші еді? Гүл дегенің кәдімгі шөп. Аш сиыр болмаса, мұндайды мал да жемейді. Бірер күннен кейін өрт шалғандай бүрісіп, қарайып қурап қалады. Көп қабатты үйден шығарып, қоқысқа тастап құр бекер әуре боласың».
Сөйтіп сырты бүтін, іші түтін болып тұрғанда, ресторанның алдына шаң-шаң болып бір грузовик тоқтады. Шофердің қасынан қоңқақ мұрын, тыртық тақыр бас, балуан тақілеттес, гүржиген біреу түсіп, шоферға:
— Кузовты аш, — деді екпіндей сөйлеп. Шофер кузовтан төрт аяғы шандулы бір қойды түсіріп жатқанда, әлгі дәу Керімқұлды бас салып құшақтап, құтты болсын айтты. Бұл сонау Ойпаңбелдегі нағашы Сарыбай көкпаршы еді.
Керімқұл дәудің құшағында тұншығып бара жатты. Дәу терлеген екен. Теке сасықтан демі тарылып, мұрнын басайын десе қолы босамай, пұшайман болды. Ақ костюмге қара май жұғып қалғандай:
— Оу, нағашы, босат енді, — деп бұлқынды.
— А, жиен, тойың құтты болсын. Сенен немді аяйын, тойыңа құнан қой әкелдім, қабыл ал, — деп күркіреді Сарыбай.
Құйрықты қазақы қой екен, Керімқұл ішінен: «Он мың болып қалар» деп есепке салды. Ораза кезі болса, бағасы одан да жоғары көтерілер еді, бірақ Ораза айы әлі алыста.
Керімқұлдың ішінде ызғар. Іші уілдейді. Шақпақтың боранындай. Жұрт алдында көңілді көрінген болады. Бірақ көңілі түскір аласапыран. Тыпырши береді. Адамдар оны өзінің алақұйын, алыпқаш мінезіне балап қойды. Қаланың шетінде тұратын базаршы Күләй қарындасы қазақбайшылап леген көтеріп келіпті. Онысы бірер уыс өрік-мейіз, бірер уыс бауырсақ, бірер уыс арзан кәмпит.
— «Осыларды да бауыр, жанашыр дейді-ау, — деп күйінді Керімқұл. — Атаңа нәлет саудагер. Жұмыртқадан жүн қырыққан иттер. Бұларды туысқан деп несіне шақырдым?»
Керімқұлдың ендігі үміті, ендігі зарыға күткені — Жеңіскүл. Жасылкенттен жеткенше біршама алыс жер. Кешігіп жатқан шығар. Керімқұл кешкі аспанға қарады. Қаланың аспаны тозаңданып, сұрғылт тартып тұр екен. Аспаннан ақ періште бейнесінде Жеңіскүл ұшып келіп, той тобына топ етіп түсе қалатындай, аспаннан алтын жаңбыр жауатындай жаутаң-жаутаң қарады.
Керімқұлдың ауылынан шыққан әнші, облыстық филармонияның артисі, аталас болып келетін Сәтек серіні той иесі тамада боласың деп шақырған. Бадырақтау бақа көз, бұйрабас Сәтек сері Керімқұлға:
— Қонақтар тұрып қалды. Бастамаймыз ба, көке, — деп сыбырлады.
Керімқұл оны танымай қалғандай бір түрлі таңдана қарап барып, лезде есін жиып:
— Кісілер келіп болған жоқ. Сен ән салып, домбыра тартып, жұртты алдаңқырата тұр, — деді.
— Көке, өзіңіз айтқан соң екі әншіні ерте келіп едім, әрине ақысын жемейсіз ғой.
Күйіп тұрған Керімқұл:
— Миды ашытпай қоя тұршы, — деп тағы да аспанға қарады. Аспаннан алтын артып келе жатқан керуен көрінбеді.
Керімқұл мына кешкі қапырықтың өзінде жаурағандай қалтырай бастады. Той емес, әлдекімнің жаназасын шығарып жатқандай түтігіп кетті. Бірер конверт түскен қалтасын сипалай береді.
Ол конверттердің ішінде қанша ақша жатқаны белгісіз. Жұрттың көзінше санай алмайсың ғой. Былайырақ шығып, туалетке кіріп кетіп санап алайын десе, оның ретін таппады. Санағанда алтын мен күміске қолы малына қалмайтынын көңілі түскір сезеді. Жездесі берген томпақ конверт болмаса... Қырғыздан темекі тасып, соны стакандап сатып жүрген майда саудагерде қай бір ірі ақша болады дейсің. Бұл заман — сигарет заманы. Баяғыдай газетке орап шылым тартатындар бар дейсіз бе. Сигаретке қанбайтындар болмаса...
Су бойында бақалар бақылдай бастады. Олардың бақылдағаны әлдекімдердің сақылдап күлгені сияқты боп естіледі. Даладан бақалар да безіп кетіп, қалаға келген бе? Несі бар мұнда?
Ауылдағылар қалаға қарай ағылып жатыр. Олардікі, бәлкім, жөн шығар. Ал, бақаға не жоқ? Оларға да жұмыс табылмай қалған ба? Әне ана бір бала жүр адамдарды жағалап. Шашы өсіп кеткен. Сірә, үшінші, төртінші сыныптың баласы-ау. Үсті-басы подвалда түнеп шыққандай мыж-мыж. Әркім-әркім сол баланың өзіндей мыж-мыж болған жыртық-жыртық үш теңгелік, бес теңгелік бірдеңелерді берген болады да, әлгі көзі мөлиген міскінге тура қарауға дәті шыдамай, теріс айналып кетеді. Жас баласы қайыр сұраған елдің тойы да жарасымсыз шығар.
Бала Керімқұлға жақындап келді. Той иесі екенін қайдан білсін. Шырттай ақ киінген соң бардам мырза деп қалған шығар. Үні шықпай, ерні ғана жыбырлап, алақанын ашып та жаймай, алақанға салғанды түсіріп алатындай, қолын қусыра созады. Күйіп тұрған Керімқұл:
— Кет, әйда! — деп бұрылып кетті.
Шырыштай болып тап-таза киінген үлкен кісіден мынандай сөлекет сөз есітемін деп ойламаған жас бала жүрегіне қалмақтың оғы тигендей қатты назаланып қалды. Қайыршы болма. Қайыршы болсаң — арсыз бол. Мың түрлі адам бар — мың түрлі мінез бар. Соның сорақыларына мән бере берсең, жауқазыныңнан жайрайсың.
Бала көше бойындағы зипа терекке арқасын тіреп, жүрелеп отыра кетті. Әлгі жекуді көтере алмай қалды. Әлдекім тұмсығынан тепкен күшіктей ішінен қыңсылады.
Дәл осы сәтте алды-арты жарқылдаған, пошымы бөтен, өңкигендеу бір машина келіп, тура қайыршы баланың қасына тоқтай қалды. Сөйтсе бұл көлікті «Джип» деп атайды екен. Шомбал шопыр қарғып түсіп, асыға басып, артқы есікті ашты. Ай мен күндей жарқ етіп, ар жақтан бір әйел алтын білезікке білегі толы қолын соза беріп еді, шомбал шопыр, қап-қара қолымен алтындаған ақ білектен ұстап, әлгі ханымды сүйемелдеп жерге түсірді.
Керімқұл мойнына іштей алабұршақ салып, Алладан тілеген Жеңіскүл осы еді. Көк терекке сүйеніп, бүкіл әлемді жек көріп отырған қайыршы бала орнынан атып тұрды. Жеңіскүлдің жүрегінің тұсынан құлпырма күн шыққандай әлдене жарқ ете қалды. Оның не екенін бала түсінген жоқ, тек көзі қарыққандай болды.
Жеңіскүл табанын жерге тигізерін не тигізбесін білмей перламутр туфлиінің өкшесімен ғана тұрып қалды. Қасиетті Әулие-Атаның көшелері күнде сыпырыла бермейді ғой, сәл шаң-топырақтау еді. Әттең Керімқұлдың есіне келмегені-ай, әйтпесе Жеңіскүлдің жолына кілем төсеп тастауы керек еді ғой.
Керімқұлдың сидаң сирағы шегірткенің серпініндей ыршып кетіп, жиен қыздың қасына бір-ақ қарғып жетті. Бара бас салып құшақтап, жиенінің бетінен ары да сүйді, бері де сүйді.
Женіскүл қанша қарсыласса да болмай, өліп кетердей өңмендеді. Шіркінде сезім болсашы, өзінше жағынамын дегені. Оны Жеңіскүл жақтырмайды. Өйткені Жасылкенттің «Арулар залында» үш сағат отырып жасатқан прическасы, макияжы құрыды ғой. Сілекейден беті айран жаққандай айғыз-айғыз болып қалды.
Керімқұлдың арынын әрең басып:
— Немене, нағашы, тегі... жүдә сағынып қалғансыз ба, — деді жыламсырап. — Тойыңыз құтты болсын! Тойыңызға қосқан скромный тарту, — деп туфлиі түстес перламутр сөмкеден бір конверт алып, нағашысына ұстата берді. Құтылдым ба, құтылмадым ба дегендей, бұрылып ала жөнелді.
Керімқұлдың кеудесіне күдік кірді. Конверт жұқа, «скромный» деп жиен қыздың өзі айтты. Соңғы үміт осы жиен қызда болатын. Әлде доллар шығар деп жуатты өзін. Әрине, доллар. Жеңіскүл теңгені не қылсын. Доллардың қағазы жұқа, бағасы қалың. Шымалдай жұрттың көзінше, конвертті ашып қарай алмай көзімен көріп, қолымен ұстап, саусақпен шытырлатып санай алмай, көңілі сенбей, қатты қиналды. Туалетке кіріп кетіп, санамаққа тағы батылы бармады.
Әлгінде ғана Керімқұл Жеңіскүлді құшақтап, құшып-құшып сүйген жерге қайыршы баланың көзі қайта түсіп еді, көзін шағылыстырып, әлдене тағы жарқ еткендей болды. Талдың түбінен былай шығып сол жарқылдаққа жақындады.
Бұл кезде той бастаушы айқайлап жұртты ресторанның ішіне шақырған.
Бала барып топыраққа шала батып жатқан әлгі жылтырауықты алып, алақанына салып көрді.
Жеңімен шаң-топырағын сүртті. Алақанында күн күлгендей болды. «Алуаға апарып берейін» деп қалтасына сала салды. Алуа қарындасы еді, өзі сияқты киімі жоқтан мектепке де бара алмай қалған. Шешесі екеуі бүгін базар жаққа кеткен. Сірә, Алуа да базарда әркімге алақан жайып жүрген шығар. Қайыршы қызға әсем тана не керек деп, бала судың жағасында, ақсақ иттің қасында тұрып, қалтасындағы жылтырақ затты өзенге лақтырып жібергісі де келді. Алуаның кір-кір жамау көйлегіне жараспайтын да шығар.
Қалтасынан шығарып, күнге тосып, қасындағы ақсақ иттің көзіне шағылыстырды. Ит шошып түсіп, шойқаңдай басып, әрірек барып отырды. Итке гауһартастың керегі жоқ. Онан да анау кәуап, сыра сіміріп отырғандар бір түйір ет лақтырса, сол олжа. Кәуап шайнап отырғандарға мөлие қарайды. Қаңғыбас иттің көзінде адам түбіне жетпес тұңғиық терең мұң болады.
Той қыза бастаған тұста алғашқылардың бірі саналып, Жеңіскүлге сөз берілді. Тойбасы да құйқылжытты-ау:
— Түп-тұқиянынан бері асыл затты, ақсүйек, тектілердің тұяғы, ай мен күндей ажарлы, жүрген жері құт-береке базарлы, қазақ әйелдерінің эталоны десе де болғандай Жеңіскүл ханымға сөз кезегін аса бір құрметпен ұсынамын!
Мұндай қолпаштаудан кейін жиналған жұрт бәрі де Жеңіскүлге жаппай қол шапалақтап, бәрі де соның аузынан алтын төгілетіндей, сілтідей тынып, назар аударды. Мұндай мол ықыласқа масаттанған Жеңіскүл өзіне қадалған сол көздерді құлағындағы, мойнындағы, омырауындағы меруерт, лағыл, гауһар тастармен қарықтырмақ болып, жан-жағына бұрылды.
Жайшылықтағы гу-гу әңгіме, абыр-сабыр қимыл, жүріс-тұрыс сап тыйылды. Шымылдық тұтылған төрдегі жас жұбайлар орындарынан атып түрегеліп, генерал көрген солдаттай қалшия қалды.
Жеңіскүл ән салатын халық артистеріндей алтын-гауһары жарқыраған жұдырығын аузына тақап, бір жөткірініп алды да тарғыл-тарғыл ащы дауыспен сөз бастады. Жәмпеңдеген тамада микрофонды аузына тосты.
— Ардақты нағашым Керімқұл, — деді Жеңіскүл, — тамағын тағы да кенеп. — Менің аяулы анам Әсемгүлдің ағасы... — Осы арада даусы дірілдеп бара жатты. — Анам тірі болғанда осы тойға өзі қатысатын еді-ау, — деп барып, жарқ-жұрқ еткен шағын сөмкеден аппақ бәтес орамалын алып, көзін сүрткендей болды. Оған сол қимылдан бетіне қалың жағылған опа омырауына түсіп, жұтап қалғандай көрінді де, әлгі орамалмен кеудесін сүрте беріп... мелшиді де қалды.
Сөйлей алмайды. Кенет тілі күрмелгендей. Албыраған ақсары жүзі қуқылданып, боп-боз болып, тіпті көгістеніп бара жатқандай көрінді.
Жан-жағында, қарсы алдында отырғандар, бүкіл зал үрпиіп, не болғанын біле алмай дал.
Жеңіскүл омырауын қайта-қайта сипалай берді. Еденге қарады. Одан үңіліп, үстелдің астына қарады. Одан микрофон ұстап мелшиіп тұрған тамадаға қарады. Көк-жасыл-сары көздері зәрленіп:
— Сен алған жоқсың ба? — деп зірк етті.
Ана байғұс сасқалақтап:
— Ойбай, апай, нені ? — деп ыршып түсті.
— Мына омырауымдағы бриллиант тананы.
— Ойбай, апай, не деп тұрсыз, тана көрсем, мені тана тұрмақ өгіз ұрсын!
— Жаңа маған микрофон ұсынғанда қолың омырауыма тиіп кеткендей болған...
— Тана деп тұрғаныңыз не тана ол?
— Бриллиантовые подвески на пятьдесят тысяч долларов! Ақымақ!
Көк-жасыл-сары көздері енді ақшиып бара жатты. Тамада шын сескеніп, кейін шегінді.
— Ұстаңдар ананы! Нағашы, ана сұмырай қашып кетпесін! — деп баж-баж етті Жеңіскүл.
Тойдағы жұрт орындарынан өре түрегелді.
Керімқұл жан ұшырып, не қыларын білмей, тозақтың отына түсіп кеткендей:
— Әй, жетпегір, алсаң бере ғой, әшейін ойнап алған шығарсың, — деді тамадаға.
— Әу, көке, не деп тұрсыз, неғылған бриллиант? Мә, қара! Тінт! — деп тамада екі қолын екі жаққа жайып жіберді.
Сонда Жеңіскүлдің қарсы алдында отырған жуантық қазақы қара кемпір:
— Ау, Жеңіскүл қарағым, мен бағанадан бері сенің шашыңдағы, құлағыңдағы, мойныңдағы, білегіңдегі, саусақтарыңдағы алтын, гауһарларыңның бәрін сан қайтара санап шықтым. Екі көзім сенде. Бірақ омырауыңнан гауһар тана көрген жоқпын. Көрсем оны да қызықтар едім ғой, — деді.
Салиқалы кемпірдің сөзі салмақты шықты.
— Тойдан той көріп жүріп, мұндай концерт көрген жоқпын, — деп қарқылдады әлдекім. Жұрттың бәрі үстерінен зіл қаратас түскендей, қауқылдасып, күлісіп, орындарына қайыра жайғаса берейін деп еді...
Жеңіскүл қайта қозды. Үні тарғылданып:
— Әй, нағашы, — деді. Орнынан былай шығып, Керімқұлға қарай кетіп бара жатып, артына қайта бұрылып, орындықтың арқалығына іліп қойған перламутр сөмкесін ала салып, Керімқұлға ымдап: сыртқа шық дегендей ишара жасады.
Ресторанның дәлізіне шыға бере:
— Нағашы, мен сізді жұрт көзінше ұялтпайын дедім. Тойыңыздың шырқы бұзылмасын десеңіз, беріңіз! — деп қатқыл бұйыра сөйледі.
Керімқұлдың көзі шарасынан шыға жаздады.
— Нені, байғұс-ау?
— Нені, нені? Бриллиант тананы!
— Шырағым, шалықтап тұрсың ба? Бірләнт деген бәлені қашан беріп едің маған?
— Жаңа мен машинадан түскенде мені неге құшырланып құшақтады десем, омырауымдағы тананы алып қойған екенсің ғой. Бер, бере ғой енді, мен ешкімге айтпай-ақ қояйын.
Керімқұл не дерін білмей, тілі байланып мелшиді де қалды.
Бұл кезде жұрт ошарылып қалмасын деп, тамада жігіт анекдот соқты.
— Бір өзбек, бір орыс, бір қазақ болыпты. Үшеуі де арманшыл екен. Өзбек: шіркін, Айға барып, базар ашсам дейді. Орыс: орасан арақ зауытым болса деп армандайды. Қазақ: әйелім ұл тауып, шілдехана тойын жасасам; одан сәл өте бере бесік тойын жасасам; одан өте бере тұсаукесер тойы болса; одан өте бере сүндет тойын дүркіретсем; одан өте бере мектепке барған тойын, мектеп бітірген тойын; академияға түскен тойын, оны бітірген тойын өткізсем. Содан соң үйлену тойын бес жүз адам шақырып шуылдатсам... Не керек, қазақтың арманы: той, той, той.
Жиналғандар қотыраш қана қол шапалақтады.
Әлден уақыттан кейін Керімқұлға тіл бітіп:
— Мүмкін, сен машинадан шыға бергенде, мен сені нетіп... құшақтаған жерге түсіп қалған шығар, — деді.
Жеңіскүлдің шатынап тұрған тарғыл көзінен үміт оты жылт етіп:
— Жүр, онда қарайық, — деп есікке беттеді.
Дала күңгірттеніп, іңір сөніп бара жатқан кез екен. Қаланың көшелері қап-қараңғы. Ресторанның алдына ілінген жалғыз шамның жарығы бозалаң. Ал, өзен бойындағы сырахана әлі гуілдеп жатыр. Бақалар да той тойлағандай мәз-мейрам. Олардың бриллианты жоқ, сондықтан жанжал да жоқ. Рақат теңізінде кезек-кезек ән салады.
Алагеуім қараңғыда не іздеп мандырасың. Нағашы-жиен бір-бірімен сағыныса көріскен жерді Жеңіскүл перламутр-седеп туфлиінің істік тұмсығымен ары түрткіледі, бері түрткіледі. Седеп туфли әбден шаң-топырақ болды. Жеңіскүл оны да елеген жоқ. Бриллиант табылса, туфли садақа, оның тұмсығымен кеніш қазуға да пейіл.
Жандарына сержант погонды милиционер келді:
— Не іздеп жүрсіздер?
— Бағана осы жерге бриллиант танам түсіп қалыпты, — деді Жеңіскүл омырауындағы тананың орнын сипалап тұрып, жыламсырап.
Неге екенін кім білсін, оған осы милиционер мейірімді періштедей көрінді.
— Бағана болғанда қай сағатта? — деп милиционер уақыт дәлдігін талап етті.
— Сағат кешкі сегізден өте бере... — сөзге араласты Керімқұл.
— Одан бері бұл жерден сан-сапалақ адам өтті, бәрі соқыр емес қой...
— Айналайын, өзің бір иманды бала екенсің, көмектесіп жіберші, жаным, — деп Жеңіскүл әлгіге жата кеп жалбарынды дейсің.
— Оу, өзіңіз қызық екенсіз, сонда мен қайдан іздемекпін? Мүмкін, мына тойға келгендердің біреуі алған шығар.
— Онда қайтеміз, той тарқамай тұрғанда, солардан сіз сұрап, нетіп, тергеп, тінтіп... — деп күмілжіді Жеңіскүл.
— Не деп кеттің, ойбай, — деп Керімқұл баж ете қалды. — Тойға шақырылған қонақтарын Керімқұл милиция шақырып тінткізіпті деген масқараға қалдырмақшымысың мені?!
Бұл кезде қонақтар да біртіндеп сыртқа шыға бастаған. Оларды алдарқатып анекдот айтып, артистерге ән салдырып, жұртты ұстап тұруға тырысқан тамаданың жандалбасынан да ештеңе шықпады. Жұрт тарай бастады.
Керімқұлдың:
— Ау, ағайын, бұларың қалай, шыдай тұрмадыңдар ма. Кәзір қыздырамыз. Той қызығы алда, — деп әркімнің алдына бір шығып, елпеңдегені де ешкімді тоқтата алмады.
— Басқа ешбір тойда болмаған қызыққа баттық, рақмет, — десіп қайырылмай кете барды.
Тамада келіп, Керімқұлға:
— Аға, ана артистер ақы талап етіп жатыр, — деп еді, Керімқұл шарт кетіп:
Ой, әртістеріңнің... — бақырып жіберді.
Ресторанның завзалы келіп:
— Той тез тарқады ғой, бізге де жақсы. Қолымыз ерте босайтын болды. Давайте, расчитаемся, — деді.
Керімқұл, амал жоқ, ішке кіріп, қалталарындағы конверттерін ақтара бастады. Жездесі берген ең қалың конверт қолына алдымен ілікті. Конверт қамырмен желімделген екен, желімі оңай ажырай қоймаған соң саңылау тесікке саусағын сұғып, кіршең конвертті дар еткізді.
Жүрегінің аздаған дімкәсі бар еді, сол құрғыр шаншып-шаншып алып, артынша сыздап қоя берді.
Конверттің іші тола шылым орауға арналған газет қиындылары. Арагідік арасында кілең бір теңгеліктер. Бір тілім ақ қағазға:
«Керімқұл қайным!
Той құтты болсын.
Пенсионер шалдың кәсібінен табылған табыс осы. Риза бол.
Жездең Төрегелді»
деген қисық-қыңыр жазуды оқыды да, орындыққа сылқ етіп отыра кетті.

ماقالانىڭ كەلۋ قاينارى: http://www.www.elarna.net/kitap_kk.php?id=2408&oku=13889#ixzz6M1ccJ1k3


ەل-ارنا كەسكىندەر ايماعى: http://www.elarna.com/video.php

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет